Kyzylorda-news.kz Жаңақорған ауданына қарасты Қандөз ауылдық округінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды нысан – жаңа өрт сөндіру бекеті салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл бастама аудан аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Салтанатты шараға Жаңақорған ауданының әкімі Мажит Самитов, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, азаматтық қорғау полковнигі Ерлан Төрегелдиев, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Мырзагелдиев, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, ауыл ардагерлері және жергілікті ауылдарда құрылған ерікті өртке қарсы құрылым мүшелері қатысты.
Іс-шара барысында аудан әкімі мен Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы құттықтау сөз сөйлеп, жаңа бекеттің маңыздылығына ерекше тоқталды. Аудан басшысы өз сөзінде азаматтық қорғау саласының ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші рөлін атап өтті.
– Азаматтық қорғау саласы – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тетік. Бүгін пайдалануға беріліп отырған өрт сөндіру бекеті – ел қауіпсіздігін нығайтуға қосылған сүбелі үлес. Бұл бекет тек Қандөз ауылы үшін ғана емес, оған жақын орналасқан бірнеше ауылдық округтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етіп, адам өмірі мен мүлкін сақтауға жағдай жасалады, – деді Мажит Самитов.
Өз кезегінде Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Абылайұлы жаңа нысанның ашылуы өңірдегі өрт қауіпсіздігін күшейтіп, кәсіби қызметкерлердің жұмысын жеңілдететінін айтты. Сонымен қатар ол бірқатар төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындарына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Алғыс хаттарын табыстап, жаңа ғимаратқа теледидар сыйға тартты.
Салтанатты шара барысында ауданның Құрметті азаматы Серхожа Ыдырысов өрт сөндіру қызметкерлеріне ізгі тілегін білдіріп, ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтарға ақ батасын берді.
Шара аясында қонақтар жаңа өрт сөндіру бекетінің ғимаратын аралап, оның техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Арнайы талаптарға сай салынған нысан барлық қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, бекетте «Урал» маркалы заманауи өрт сөндіру көлігі, жеке құрамға арналған жатақхана бөлмелері, асхана және қызметкерлердің тәулік бойы жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған.
Жаңа өрт сөндіру бекетінің іске қосылуы Қандөз ауылдық округі мен оған іргелес елді мекендердің қауіпсіздігін арттырып, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Бұл – мемлекет тарапынан азаматтардың өмірі мен тыныштығын қорғауға бағытталған нақты қадам.

