Kyzylorda-news.kz. Бүгін «Prime Park» орталық саябағында Ұлттық домбыра күніне орай мерекелік шара өтті.
Домбыра – қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық музыкалық аспабы. Домбыра – қазақ халқының рухани құндылығы, қасиетті қазынасы.
Төрт мың жылдай тарихы бар домбыраның қоңыр үні кім - кімді де тамсандырмай қоймайды. Бүгінде ол өзінің ерекшелігімен Гиннес рекордтар кітабына еніп, ЮНЕСКО-ның сертификатын алып үлгерді.Елімізде шілде айының бірінші жексенбісі - Ұлттық домбыра күні болып 2018 жылдан бері аталып өтіліп келеді. Ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол екені белгілі. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды даңқты күйшілерден мирас болып қалған күй өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.Киелі Жаңақорған топырағында да күйші Әлшекей, Құлан, Құтбай сынды жыршы - жыраулар, қазақ аңызына айналған Төлепберген Әбдрашев пен Қазақстанның Халық ақыны Манап Көкенов, күйші Бәден Айсынов ағаларымыздың домбыра үнін кейінгі ұрпаққа жеткізудегі еңбектері ерекше екені даусыз.Шара барасында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нуридинов Бектас Балғабайұлы аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, Сыр еліне белгілі «Әлшекей» халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің ұжымына домбыра тарту етті. – Құрметті жерлестер! Сіздерді бүгінгі «Ұлттық домбыра» күнімен құттықтаймын!Ұлттық домбыра күні– еліміз үшін ерекше мейрам. Оны ел болып атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ, ұлы дала дәстүрлерін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз. Шын мәнінде, қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың бойтұмары. Оның үні әрқайсымыздың жүрегімізге жақын. Өйткені, қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым. Ұлттық аспабымыздың бүгінде заманауи музыка өнеріне бейімделіп, дүние жүзінің сахнасында қазақ өнерін танытуға үлкен үлес қосуда. «Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Өзіндік үні қайталанбас адам бойына рух беретін, ішкі жан дүниеңді әдемі нұрға бөлейтін домбыраның үніне жетер жер бетінде ешқандай аспап жоқ. Төрт мың жылдай тарихы бар домбыраның қоңыр үні кім - кімді де тамсандырмай қоймайды. Ұлттық құндылығымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол екені белгілі. Құрманғазы мен Дина, Махамбет пен Жамбыл, Ақан мен Біржан, Балуан Шолақ, Әміре сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда да бұл күннің алар орны ерекше. Ардақты әлеумет, құрметті өнер сүйер қауым!», – деп жылы лебізін білдірді Бектас Балғабайұлы.
Ұлттық домбыра күні – рухани жаңғырудың бір парасы. Мемлекет басшысы шілде айының бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күнін белгілеп, барша қазақстандықтарды ұлттық мерекені тойлауға пәрмен берді. Дүбірлі думан ауданда ерекше нақышта өрбіді.Орталық алаңға жиналған халық ұлттық аспаптың үнін есіп, саябаққа бет бұрды. Аудандық «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің ұстаздары шалқытқан әуен шартарапқа тарап, тыңдармандарын тарта білді. Домбыра үніне қобыздың дыбысы қосылғанда тыңдармандардың демі іштен тынып, әуен ырғағына елтіп, ұйып тыңдады. «Көңілашар», «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Ерке сылқым», «Қаражорға», «Айда былпым», «Кісенашқан», «Қайран шешем» және тағы да басқа күй көкке қалықтады. Күйдің кереметтілігі көз алдыңда жүйріктің шабысы, аққудың қанат қағысы, шашбаудың сылдыры, өзеннің гүрілі елес береді. Бұл базынадан баяндайтын халық тарихы іспетті. Бірде көңіл көтеріп, бірде мұңға батырады. Осындай кеш сыйлаған өнер ұжымына халық та ризашылығын білдіріп жатты. Айман Асқарқызы: «Бүгін балаларымды қыдыртып, орталық алаңды аралауға келгенмін. Біздің жолымыз болған екен, балаларым күй тыңдап, рухани азық алдық. Ұлттық құндылықты ұлықтаушыларға ризашылық білдіремін», – дейді кент тұрғыны.Тыңдармандар қатарында өзге өңірден келгендер де болды. Солардың қатарында Мухиддин Табылдиев: «Біз Шымкент қаласының тұрғындарымыз. Рақымжан Оразымбетов пен Батырбек Сейтов менің әріптестерім. Біз №65 мектеп-гимназиясының ұстазымыз. Ұлттық домбыра күні Жаңақорғанда қалай аталатынын көрмекке арнайы атбасын бұрдық. Шипажайдағы санаулы сағаттан уақыт тауып, орталық алаңға келіп, Ұлттық мерекені өз көзімізбен көрдік. Жаңақорған – ұлттық құндылыққа толы тарихы терең киелі мекен. Бүгінгі шарасы тіпті, керемет өтті», – деді.
Ұлттық рухты асқақтатқан шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов:
– Елбасы Ұлттық домбыра күнін белгілеудің астарында терең тарихи тағылым, елдік мүдде, ұлттық рух жатыр. Бұл мереке барша қазақстанның төл мерекесіне айнады. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, қолына домбыра ұстап, ұлттық аспапты ұлықтап жүрген жандардың еңбегі өлшеусіз. Бүгінгі шарада өнерін көрсеткен аудан өнерпаздарына халық атынан алғыс білдіремін, – деді.
«Әлшекей» атындағы өнер мектебінің директоры Қалдыбай Қошқарбаев:
– Біз ұлттық аспаптың насихатшысымыз. Өскелең ұрпаққа төл өнерді үйретіп, домбыра мен қобыздың құнын арттырып, қасиетін дәріптейміз. Енді Ұлттық домбыра күні біздің жұмысымызға жаңа серпін бермек. Бұл мереке тек бір күндік емес, жыл бойы жалғасын табуы тиіс, – деді.
Айта өтуіміз керек, Ұлттық домбыра күні елімізде тұңғыш тойланып отыр. Алғаш рет орталық алаңда ұйымдастырылған ұлттық шараға өнерпаздар өз еркімен, жүрек қалауымен келген. Тынымсыз тіршіліктен бірауық ұлттық өнерге бет бұрған жерлестер ұлттық рух атойлаған сәтте жеке мүддеге орын жоқ екенін айтты.
Иә, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп жеткен асыл қазынаның бірі – домбыра қазақ халқы үшін қашанда киелі саналады. Ұлттың мәдениеті мен әдебиеті, толғамы терең тарихы осы музыкалық аспаппен үндесіп жатқандай. Расында, тарлан тарихпен үндесетін домбыра тілінде қазақтың қаншама сыры жатыр. Сондықтан, Мемлекет басшысы шілде айының бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні деп белгілеп, барша қазақстандықтарды ұлттық мерекені тойлауға рұқсат берді. Бұл тойдың жалғасын Қаратау етегінде қоныс тепкен Құттықожа ауылындағы «Тау самалы» тынығу лагерінен де естідік.
«Күмбірле, күміс домбыра» атты тақырыпта өрбіген кеш демалушыларға рухани азық сыйлады. Тынығушыларға киелі аспапты насихаттай отырып, өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында өткен шараға өнерлі жастар ат салысты.Сонымен, балалардың асыға күткен концерттік бағдарламасы басталды. Алдымен, салтанатты шара қазақша бимен ашылды. Алғы сөз алған «Тау самалы» тынығу лагерінің директоры Болат Шерімбетов жас тынығушыларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Күмбірлеген күйлер шертілді. «Әлшекей» өнер мектебінің домбыра жетекшісі Гүлжазира, оқушылар және лагерь тынығушылары Құрманғазының күйі «Балбырауынды» нақышына келтіре орындады. «Жезкиік», Дәулеткерейдің күйі «Көріғұлы» және Абдулхамит Райымбергеновтың «Әлқисса» күйі көпшілікке тарту етілді.Кешті қорытындылаған Болат Шерімбетов өнерпаз балаларды марапаттап, қошемет көрсетті.Құндылығымыз артып, ел жүрегінен қоңыр күйімен орын таба білген домбырамыздың қашанда мәртебесі биік болып, әрбір қара шаңырақтың төрінен табылып, жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіре берсін!Баршаңызды тағы да Ұлттық Домбыра күнімен құттықтай отырып, бақытты да баянды өмір, зор денсаулық, жемісті еңбек, шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш, құт-береке тілеймін.Сондай-ақ шарада 100 домбырашы бір уақытта Құрманғазының күйі «Адай» мен «Балбырауын» шығармаларын орындап, аспаптың асқақ үнiн аспанға әуелеттi.
Одан бөлек, әуелетiп ән де шырқалды.