Kyzylorda-news.kz. Жаңақорган ауданындағы бірнеше айға созылған, "ТazaLike" жобасының қорытындысына арналған шара өтті. Бұл шараның негізгі мақсаты, кентте тазалық мәдениетін қалыптастырудыды негізге алып отыр. Өйткені, табалдырығынан бастап төріне дейін таза болуды ұрпағына өнеге еткен текті ұрпақтанбыз. Шүкір, соңғы жылдары кент келбеті келісті көріне бастады, әсіресе көшелер көркі кіріп, мұнтаздай тазалыққа тұрғындар сергек қарап, сәнін келтіре бастады. Алайда, мұнымен таза болып кеттік демейміз, бұл мәселеге қырын қарайтындар көп.

Жобаның ұйтқысы болған аудандық "AMANAT" партиясы Жаңақорған аудандық филиалы және партия филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдары ұйымдастырды. Мақсаты: көршілердің ауызбірлігін, туған өлкені аялауды насихаттаушы нағыз қазіргі күнде қажеттілікті үндеуші. Аталған шараға Аудандық маслихат хатшысы Сопбеков Ғалымжан Жарқынбекұлы, Аудан әкімінің орынбасары Нуридинов Бектас, кент әкімі Ибрагимов Абдрасил, "AMANAT" партиясының Атқарушы хатшысы Мажитов Арман Әбілпейсұлы және аудан тұрғындары қатысты.

Халқымыз әрқашан тату көршілікті жоғары бағалаған. Жақсы және жаман күндерде біз көршілерімізбен бірге иық тіресіп еңсеріп келгенбіз. Сондықтан «Алыстағы туыстан жақындағы көрші артық» және «Үй сатып алма, көрші сатып ал» - деген мақал-мәтелдер туындады. Қазақ халқы «Көршіні Құдай қосады» - дейді. Жаңа орынға көшіп келісімен ерулік беріп, қоныс тойын жасау дәстүрінде де ең әуелгі ниет – көрші қолаңдармен танысу болған. «Адам күні – адаммен» демекші, күнделікті өмірде әркім-ақ көршіні қажетсінеді. Өйткені, бір іс туып қинала қалғанда да, бір нәрсе қажет болғанда да, ең алдымен, көршілерден көмек сұрап жатамыз.

Көршімен сыйластық – елдің сыйластығын, көршімен татулық – қоғамның татулығын ұқтыратындықтан, Ислам діні көршімен жарасымды сыйластықта болуға шақырады. Ұзақ жылдар бойы тұрып, бір-біріне жақын болған көршілер біртіндеп туыс болып кетеді. Тіпті тұрғылықты жері өзгерген кезде де, сүйіспеншілік байланысын үзбеуге тырысады. Нәтижесінде басқа іс түссе, қысылтаяң шақта, алыс-берісте, көмек пен жәрдем, қуаныш пен қайғыда, тіпті атқан таң мен батқан кеште бірінші куәгер болатын да көрші. Демек, жақсы көрші бола білу көңілдің әрін, тіршіліктің нәрін, өмірдің сәнін келтіріп, адам жанына шуақты сезім ұялатады.

Міне осы мақсатта аудандық «АMANAT» партиясы көршілер арасында ел-жұртпен жарасымды сыйластық өмір сүруге деген құштарлықты арттыруда «ТazaLike» жобасын ұйымдастырды. Жобаның мақсаты көршілер арасындағы татулық құт екенін, жақсы көрші тынысың екенін насихаттау. Ендеше бүгін осы жоба аясында байқауға қатысуға ұсыныс білдірген 10 көше арасындағы тартысты бәсеке өз мәресіне жетті.

Жобаға қатысушы көшелердің мұқтаждығына қарай марапаты бар, тың идеяларды белге буып, тәуекел етуші бастама, ауызбірлікке, көршінің татулығына, еңбекке баулуға, салауатты өмірді шын көрсетуші жобаларды толық қуаттайды, әрі қолдауға дайын!!!

қорытынды күннің бағдарламасында:
- таза көше;
- көгалды көше;
- ұйымшыл көше; номинациялары бойынша ерекше мотивация қойылып отырған жоба.

Расымен де, осындай игі жобалардың дәстүрлі түрде өтіп тұруы керек-ақ. Өйткені, адам – табиғаттың төл перзенті. Міне, көктем де келді.Табиғаттың оянуы қардың еруімен, құстардың жылы жақтан ұшып келуімен және бәйшешектердің алғашқы гүлдеуімен жалғасады. Осы кезде қыстың аяқталғанын білдіргендей қардың астынан қыс бойы жиналған қоқыс қылаң беріп, кенттің сәнін кетіреді. Сондықтан да көктемнің алғашы айларында тазалық жұмыстары кеңінен жүргізіледі.

«Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деген тәмсілдің астарында қаншама мән-мағына бар десеңізші. Тек, ісіміз бен сөзіміздің үйлеспей тұрғаны көңілге қаяу салады. Өткен жұма күні Қорасан ата көшесін бойлап келе жатып, шашылған қоқыстарды, желмен ұшып жүрген қызылды-жасылды пакеттерді көзім шалды. Ұяласың! Сенбі күні қайта орталыққа бет алып едім, айнала мұнтаздай тап-таза, көз сүйсінеді. Өйткені кентте кезекті сенбілік өтті. Аудан көлемінде жүргізілген қызу тазалық жұмысына барлық мекеме қызметкерлері жұмылдырылды. Бұл – керекақ! Бірақ тазалық кент тұрғындарына емес, мемлекеттік қызметкерлерге ғана керек сынды. Осы сенбілікте көкейге осындай ой қонды. Апта сайын өткізілетін сенбілік шарасы тұрғындардың табиғатқа деген жанашыр қарым-қатынасын қалыптастыруға және кенттің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталып-ақ келеді. Себебі қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Тазалық табалдырықтан басталады десек, кенттің келісті келбетінің ажарын ашатын тек сәулетті ғимараттар мен жасыл-желек жамылған гүлзарлар ғана емес, бірінші кезекте, оның тазалығы. Шыны керек, ала жаздай қоқыспен алысып, күзде қайта ластанған кейіпке енетініміз рас. Оның міндеті мен ауыртпалығын тазалық мекемесі мен жауапты қызметкерлерге ысырып тастау қисынға келмейді. Әрине олардың бұл тікелей міндеті шығар, бірақ әрбір тұрғын туған өлкеге жанашырлық танытуы тиіс емес пе? Ортақ істе бөле-жарылмай, міндетті жауаптыларға ғана арқалатпай, кент тазалығына тұрғындар болып ортақтасатын кез келді. Еш болмаса үй сырты мен аула тазалығына мән берсек, мүмкін болса көшеге де көз қиығын тастап қою нағыз азаматтық іс болар еді. Бұл сөзімізді кент әкімінің орынбасары Жасұлан Бейсенбиев те қуаттай түсті: – Кенттің тазалығын ұдайы қадағалап, тиісті жерлерге жауапты адамдарды белгілеп, тұрғындарды бір кісідей тазалықты сақтауға шақыру керек. Осындай нақты іске көшетін болсақ, ауданымыз көркейе береді. Ол үшін мекеме мамандары мен көше комитеттері бірлесе жұмыс істесе деген тілегіміз бар. Өздеріңіз де білесіздер, кент келбеті көркейіп, көшелер кеңейтіліп, орташа жөндеуден өтіп, жарықтануда. Кент тазалығы бірдің емес, көптің ортақ міндеті.

Тағы да оқыңыз: