Kyzylorda-news.kz. Жаңақорғандық су мұрапы Жұмабек  білікті маман ретінде су тапшылығын болдырмаудың сан алуан жолын көрсетіп берді. Яғни, «Ауданға тоспа салу керек. Үрмелі тоспа бізге жарамсыз. Себебі дарияның табаны құмшауыт, су екпінмен қопарып, өте береді. Көлік өтетін қымбат тоспа қажет емес. Ұлтанын көтеріп, реттегіш қондырғы арқылы басқару тиімді» дейді.

Жасыратыны жоқ, су – тіршіліктің негізгі көзі. Жұмыр жер бетінің жалпы су қоры 1 500 000 00 шаршы шақырымды құрайды, яғни біздің планетамыздың 70 пайызын су басып жатыр. Статистикалық дерек сөзіне сенсек, ауыл шаруашылығы саласында егін өсірумен айналысу үшін әлемнің 70 пайыз су қорын қажет етеді. Ал, жай өнеркәсіпке 22 пайызы ғана керек. Түйінді мәселе сол: «Кім суға тапшы, соның арбасы ақсап тұр?».

Рас, жаратылыстағы барлық тірі жануар мен өсімдіктер суға қатты зәру. Өйткені жануарлардың ағзасы – 75%, балық – 75%, медуза – 99%, картоп – 76%, алма – 85%, қызанақ – 90%, қияр – 95 %, қарбыз – 96% судан тұрады. Тіпті адам денесінің басым бөлігін су құрайды. Жаңа туған нәресте денесінің 86 пайызы су болса, егде жастағы адамдікінде 50% -ға дейін су болады. Міне, судың қажеттілігі қанша мөлшерде екені осыдан-ақ белгілі.

Сыр бойында ежелден күріш шаруашылығы дамыған, онсыз диқанның күні жоқ десек болады. Сол күріш сумен жетіледі. Басқа дақылға қарағанда күріш мол суға тәуелді. Оны екпесек топырақтың тұздануы еселене түседі. Жер пайдалану айналымнан шыға бастайды. Осы мәселе қашаннан қатты толғандырады. Мамандармен ұдайы ақылдастық, жұмысшы топ кеңесімен кеңестік, олардың ұсынысы бойынша облыс басшылығына, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне, Су ресурстары комитетіне бірнеше рет хат та жолданып, аудан әкімінің орынбасарлары да арнайы Нұр-Сұлтан қаласындағы жауапты мекемелерде болып, тиісті мәселені жан-жақты қарап, шешу жолын талқылап келді. 

Күні кеше де дәл осындай кеңес өткіздім. Өткен жылы аудандық бюджет есебінен су арнасын тазалауға алғаш рет 69 млн. теңге қаржы қаралды. Мұндай көлемде жергілікті бюджеттен соңғы 30 жылда қаражат бөлінбегенін айтуым керек. Мақсат – су тапшылығына ұрынбауға барлық мүмкіндікті қарастыру болатын. Мемлекетаралық мәселе өз үстемдігін көрсетіп бақты, бізге қолдағы бар су қазынасын тиімді пайдалануға тура келіп отыр.Қазір су ресурстарын дамыту мәселесін алдыңғы кезекке қойған абзал. Суға деген сұраныс сапалы түрде және қажетті мөлшерінде қамтамасыз етілмесе, онда ауыл шаруашылығының даму үрдісі кері кетеді. Жасыратыны жоқ, 15 жылдай Қазақстанда су ресурстарын басқаратын орган болмады. Осының салқыны қазір тиіп жатыр.

Бүгінде 4 мемлекет пайдаланып отырған Сырдария өзеніне қатысты мәселені қалай тиімді шешуге болады? Жалпы, Сырдарияның жылдық қоры – 37 млрд. текше метрді құрайды. Бұл суды пайдалану Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан мемлекеттерінің еншісінде. Ал 1975-1990 жылдары Сырдарияның суы осы төрт мемлекеттің мұқтаждығын қамтамасыз ете алмады. Себебі, былайғы қажеттілікті ысырып қойғанда, Сырдарияның бойындағы суармалы жер көлемі 3,5 млн. гектарды құрайды. Қазіргі кезде су жетіспеушілігі салдарынан осы төрт мемлекет дренаж, коллектор сынды қайтарымды суды пайдалануға мәжбүр. Су төрт мемлекетке де жетпей жатыр. Кеңестік заман тұсында Сырдарияның бойында салынған гидротехникалық ғимараттар синхронды жүйеде жұмыс істеді. Ал бүгін бұл тәртіп бұзылды. Біріншіден, келісілген тәртіп бойынша әр мемлекет өзіне тиесілі суын алуы керек. Екіншіден, суды басқарып, реттеп отыратын мемлекетаралық ұйым болуы керек. Осыдан 20 жыл бұрын мемлекетаралық ұйым құрылған еді. Ол ұйым бүгінгі күннің талабына сай өз қызметін атқара алмай отыр. Судың тапшылығының тағы бір себебі, Қырғызстанда газ бен мұнай жоқ. Бұрынғы Кеңестер тұсында мұнай, газ және көмірді Қазақстан мен Өзбекстаннан Қырғызстанға жеткізетін. Ал Қырғызстан қыс бойы су қоймаларында су жинап, сол суды жазды күндері жіберетін. Ал бүгінгі күні отын энергетикасының барлығы дерлік жекеменшік қолында. Міне, содан жазда алқаптарымызға су таппай отырамыз. 

Еліміздегі негізгі су көздері Ертіс, Сырдария, Іле, Жайық, Шу, Талас өзендері – мемлекетаралық өзендер. Халықаралық судың Заңы бойынша, әр мемлекет өзінің аумағынан өтетін су көздерінен өз үлесін алуға мүдделі. Десекте 60-70 пайызы шөлейтті жерлерден құралған Қазақстан үшін су тапшылығы әр дәуірде де сезіліп отырды. Оның үстіне Сырдарияның төменгі ағысында отырған Қызылорда облысында қашанда су өзектілігін жойған емес. Ғалымдардың анықтауынша, XX ғасырда дүниежүзіндегі халық саны 4 есе өссе, су пайдалану мөлшері 15 есе артып, 400 текше шақырымнан 6000 текше шақырымға жеткен. Міне, мәселе қайда?

Бізге мәлім болғандай, Шардараға келетін судың көлемі көбеймесе, вегетацияға дейін Шардара су қоймасын ғана толтырауға тура келеді. Ал, Көксарай су реттегішіне су мүлдем жиналмай қалады деген қауіп бар. Бұл жағдайда күріш егісінің көлемін қысқартуға мәжбүрміз. Осы орайда Жаңақорған ауданының 30 мың гектар егістігін кепілді сумен қамтамасыз ету үшін Сырдария өзеніне су тоспасын салу мәселесі де көтерілді. Нұрлан Жанұзақұлы өз кезегінде Жаңақорған ауданында болып, мәселені өз көзімен көрді, тоспаға байланысты тұщымды ой тарқатылды. Бұл мәселенің түйіні де кезең-кезеңімен шешіледі деп ойлаймын.

Білікті маман кімге қажет емес, «Проект Дизайн Құрылыс» ЖШС арқылы ұзындығы 10 шақырымды құрайтын «Ала сиыр» каналын қазу жұмыстарын жүргізу жобасына жәрдемдесіп жатса керек. Атақты Алдаберген Құлбаев басқаратын «Қызылдихан» ЖШС егістігіне су жеткізу мәселесі Жұмекеңнің жанашырлығымен жүзеге асқан секілді. «Нұрбек» ферма қожалығы үшін «Ала сиыр» каналының бойынан 350 гектар күріш, 80 гектар жаңа жоңышқа егіп, 130 гектар ескі жоңышқаны күтімге алуға мүмкіндік туды.

Енді қазір Жаңақорғанға қайта оралған кезеңде жиі жүздесуге кезек келді. Біз егіс, суға қатысты жағдайларға байланысты үнемі ақылдасып отырамыз. Арасында өзі туралы, өмір жайлы да өнегелі ойларды бүкпесіз ақтарады. Сондай сәттің сыбағасы мына бір ойлар болатын.- Мен 1 маусым 1948 жылы Екпінді ауылында туғанмын. Анам Жадыра Қосдәуірова 1905 жылғы, ол Қожамберді ауылында бақуатты отбасыдан шыққан. Арабша сауатты болған, орыс әрпін үйретудің қысқа курсынан өткен. Компартия мүшесі еді. Екпінді ауылында мал фермасының меңгеруші бола жүріп, колхоздың экономикалық есебін жүргізген кісі. Кейін бала бақша меңгерушісінен зейнетке шықты. Сөзі өтімді, өнерлі, адуынды кісі ретінде ел құрметіне бөленген бедел иесі болды. Біз шешемізге ұқсауға тырысып, оның тағылымды тәрбиесімен жетілдік, - дейді өткеннің өнегесін өзектеген Жұмекең.

Еңбек жолын студент кезінен бастап, ол 1968 жылы Қызылорда қаласында «Гидростроитель» газетінде әдеби қызметкер болған. Кейін 1977 жылы Жамбыл гидромелиоративтік су-құрылыс институтында өндірістен қол үзбей оқып, инженер-гидротехник мамандығын алды. 1969 жылы гидротехникумды бітірісімен, жолдамамен Жаңақорған ауданы ПМК-34 жылжымалы мехколонна мекемесінде шебер, прораб, участок бастығы болып, Түгіскен тыңын игеруге белсене қатысты. Біліктілігіне байланысты 1973 жылы Жаңақорған аудандық ауылшаруашылығы басқармасында бас инженер, гидротехник қызметіне тағайындалды. Ал, 1975-1980 жылдары «Жаңақорған су шаруашылығы» басқармасының бөлім бастығы, бас инженері, «СОКП ХХІV съезі» атындағы совхозда партия комитетінің хатшысы, Жаңақорған аудандық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, Жаңақорған аудандық агроөнеркәсіптік мекемесінде (РАПО) жетекші инженер-гидротехник, облыстық мемлекеттік инспекциясында бас маман - жер инспекторы, АӨК Жаңақорған аудандық кәсіподағы комитетінің төрағасы болды. Қазір «Проект Дизайн Құрылыс» ЖШС проектілік жобалау мекемесінде жобалаушы – маман. Еңбектен әлі қол үзген жоқ. 

- Жұмабек аға, «Су патшасы – мұрап, түн патшасы – шырақ» дейді. Аудан көлемінде қандай белгілі мұрапты атай аласыз?

- Жоғары білімді Раушан Әбенқожаев, Жолдыбайдың Ысқағы, Нартай, Бекен, Мәмбет Әшірбеков ата секілді мұраптар болған. Әрине, ел ішінде мұнан басқа да кісілер өтті. Келінтөбе магистралды каналын қазу ісінде Зұлпыхар Мұсахановтың еңбегі ерекше. Сол Келінтөбе каналы 87 шақырымды құраған алып құрылыс еді. Оның игілігін ел көрді.

- Сіз Түгіскен массивін игеруге қатысқан маманның бірісіз. Сол тыңды түлетуге Мәскеуден пәрмен болғанға ұқсайды. Бұл қалай жүзеге асты?

- Бұл мәселе 1965 жылы СОКП Орталық комитетінің наурыз пленумында қаралды. Сырды табиғаттың өзге бөлшегіне бағындырмай, тікелей Арал теңізіне тұрақты су құю әлеуетін тоқтатпау жағын ескерді. Негізінен дарияның арғы бетінде оншалықты халық жоқ болатын. Келінтөбеден жоғары жағында жоқ есебінде еді. Сол кезеңде Сыр диқандары мен Арал теңізі үшін 8,7 млрд текше метр су қажет болса, онда мол суды қалай ұстау қажеттігі туындады. Содан Шардара су қоймасын салу басталды. Оның сыйымдылығы 5,7 млрд. текше метр еді. Ал, судың тапшылығы бұрын да болған. Мысалы 1974-1975 жылдары дәл бүгінгідей жағдай орын алды. Сол кездері дариядан сағатына 400 текше метр су өтіп тұрды.

Жалпы, Жаңақорған жерінде су шығыны көп. Оның бірнеше себебі бар. Жер су деңгейінен биік, топырақ құмшауыт, сосын климаттық жағдайдан булану процесі жоғары. Су жолдарын қамыс секілді табиғи шөптер де бөгейді.Өзіңіз білесіз, Кейден ауылының тұсынан канал тартуды ұсындым. Ол төте жол, су Бөріойнақтан Жетітөбеге қарай еркін шығады. Ал, Тайпақкөл болса 200 метр батысқа бұрылып кетті. Қашанда су өзінің арнасын өзі табады. Мына дарияның ағысы жоғары, өйткені әрбір 10 шақырымға 200 см төмендей береді. Бұл су жылдамдығын күшейтеді.

- Осы жерде бір шегініс жасайық. Қазіргі Хорасан ата кесенесі кезінде үлкен су арнасының бойына салынғаны белгілі. Сол арна бүгінгі Сырдария өзені ма?

- Мен Сумағар каналын қаздырған адаммын. Сондықтан ескі арналарды ептеп білемін. Негізінен Балтакөлдің тұсынан канал шығады, ол құм ішін аралап, Құмиянға соғып, аяғы Хорасанның үстінен өтеді. Оның ізі әлі бар.

- Суармалы жерлердегі мелиоративті жағдайды бағалауда, суару жүйелерін жобалау және қайта жөндеуде, сондай-ақ оларды қолдану және пайдалану жағдайының тиімділігі бойынша ойыңыз қалай?

- Айталық, Қаратөбе ауылдық округінің 26 шаруа қожалығы 1992 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырады. Оның 390 га күріш, 166 га күздік бидай, 114 га мақсары, 60 га тары, 30 га дәндік жүгері, 1072 га жоңышқа және 160 га картоп, көкөніс, бақша дақылдары. Ал, 47 гектар агроаймақта бақша, көкөніс, тары дақылы егіледі.Келінтөбе ауылдық округінде 95 шаруа қожалығы бар. Диқандар 6142 гектарға егіс егеді. Атап айтқанда, 1154 га күріш, 888 га күздік бидай, 163 га жаздық бидай, 50 га жаздық арпа, 406 га мақсары, 51 га жүгері, 3176 га жоңышқа және 254 га картоп, көкөніс, бақша дақылдары өсіріледі.

Аққорған ауылдық округінде тіркелген 89 шаруа қожалығы еккен 7344 гектарға, 1700 га күріш, 1279 га күздік бидай, 12 га мақсары, 4158 га жоңышқа және 195 га бақша дақылдары орналастырылды. Қазақбай өңірінде жаңадан іске қосылған суармалы жерлерде бақша, көкөніс, картоп дақылдары егіледі.

Қожакент ауылдық округіндегі 68 шаруа қожалығы 5937 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын, яғни 1350 га күріш, 675 га күздік бидай, 139 га мақсары, 10 га дәндік жүгері, 3643 га жоңышқа және 120 га картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілді. М.Нәлібаев ауылдық округ бойынша 13 шаруа қожалығы 1783 гектарға егіс егеді. Оның 237 га күріш, 297 га күздік бидай, 70 га мақсары, 10 га тары, 10 га дәндік жүгері, 1084 га жоңышқа және 75 га бақша өнімдері.

Өзгент ауылдық округінде 18 шаруа қожалық болса, бұлар 1494 гектарды пайдаланып отыр. Яғни, 167 га күріш, 233 га күздік бидай, 31 га жаздық бидай, 60 га мақсары, 10 га дәндік жүгері, 933 га жоңышқа және 60 га картоп деген сөз. Қыркеңсе ауылдық округінде 46 шаруа қожалық бар. Олардың несібесіне 4078 гектар есептелген. Мұныңыз 750 га күріш, 502 га күздік бидай, 30 га жаздық бидай, 100 га мақсары, 10 га тары, 20 га дәндік жүгері, 2566 га жоңышқа және 100 га бақша өнімі болып тұр. 

Жаңарық ауылдық округіндегі 43 шаруа қожалық 2376 гектарды пайдаланып келеді. Олар 626 га күріш, 347 га күздік бидай,100 га мақсары, 10 га тары, 50 га дәндік жүгері, 1173 га жоңышқа және 70 га бақша дақылдарын егеді.

- Жер шарының су қабатын гидросфера деп атаймыз. Гидросфераға дүние жүзілік мұхит, жер асты және жер беті сулары жатады. 

- Бұл жерде біздің өңірдің климаттық белдеуі ыстық, сондықтан су булануға бейім. Ауа қабатында судың мөлшері айтарлықтай дәрежеде деп ойлаймын.

- Белгілі ғалым И.В.Стеблева байырғы түріктердің дінін наным-сенім шеңберінде қарастыра отырып, оларды көп құдайлыққа алып барған. Олар, ең жоғарғы дәрежеде Тәңір, одан төменгісі Ұмай, одан соң Иер-сув (жер-су), төртінші дәрежедегісі Ата-баба аруағы (культ) деп бөліп қарастырған. Демек, жер-суды биік тұғыр санаған. 

- Енді тіршіліктің негізі көзі тікелей су мен жерге байланысты. Бұған ауаны да қосқан жөн.

- Жұмеке, бізді тығырыққа тіреген су тапшылығынан құтылудың жолы қайсы?

- Тоспа салу керек. Үрмелі тоспа бізге жарамсыз. Себебі дарияның табаны құмшауыт, су екпінмен қопарып, өте береді. Көлік өтетін қымбат тоспа қажет емес. Ұлтанын көтеріп, реттегіш қондырғы арқылы басқару тиімді.

Тағы да оқыңыз: