Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары дала өрті, яғни, ормандағы төтенше жағдайлар жиілеп барады. Әсіресе, Солтүстік өңірдегі алапат өрт қаншама қазақтың қабырғасын қайыстырып, өте өкінішті жағдайға дейін душар етті. Бұл сындарлы сәтте сабақ болды десек те болады, сондықтан осындай жағдайлардың алдын алу, болдырмау үшін дайындық жұмысын пысықтау аса маңызды болып тұр. Өткен аптада қос облыстың бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтіп, жауапты сала мамандары бір күн аудан аумағында бас қосты. 

Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына және Төтенше жағдайлар министрінің №24 аппараттық кеңесінде орындауға берген тапсырмаға сәйкес, Жаңақорған ауданының аумағында Қызылорда облысы мен Түркістан облысының шекара аралық орман-тоғай өрттерін сөндіру бойынша бірлескен өрт-тактикалық  оқу жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығу Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты Ақтас орманшылығының №27 айналымының №10 оралымында ұйымдастырылды. Негізі бұл жиын жыл сайын өткізіліп тұрады. Бір жыл көрші өңірде болса, келесі жылы біздің аумақта кең көлемде дайындық жұмысы пысықталады. 
Жиынның мақсаты – Төтенше жағдайларды жою кезінде азаматтық қорғау қызметтері мен облыс аралық азаматтық қорғау органы бөлімшелерінің өзара жедел әрекет ету іс-қимылдарын жетілдіру. 

Оқу жаттығуға басшылық жасағандар тізімінде Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары, подполковник Б.Әбдіқадыров, Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары, полковник Е.Сарыбаев, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Б.Шәріпбеков.Оқу жаттығуға азаматтық қорғау қызметтері мен облыс аралық азаматтық қорғау органы бөлімшелерінен 150-қызметкер, 32-техника қатыстырылды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Берікбай Омаров модераторлық жасап, жиынның мән-мазмұнын, тақырыбын түсіндірді. Аудан әкімінің орынбасары Бекболат Жүнісәліұлы жиынды ашып, сақшыларға сәттілік тіледі.

– Былтыр Түркістан облысы аумағында дәл осы оқу жаттығу жұмысы жүргізілді. 2021 жылы осы Жаңақорған төңірегінде ұйымдастырылған болатын. Бұл оқу-жаттығу тек ғана өрт жағдайында ғана емес, кез келген төтенше жағдайға тосқауыл ретінде дайындалуда Әрине, апат айтып келмейді, сондықтан сақтықта қорлық жоқ дейтін қазақпыз ғой. Ел ортақ, жер ортақ, біз әрқашан бірлікте болуымыз керек. Әрбір апаттың алдын алып отыруымыз өте қажет, – деді Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары. 

Сонымен арнайы дайындық жұмысы пысықталды. Дала өртке оранған жағдайдағы әрекет іске қосылып, алдымен, өрт сөндіруге жедел топ аттанды. Өрт сөндіру кезінде көршілес отырған қойшы қауымның үйіне құтқару жұмысын жүргізді. Яғни, өрт орын алған жағдайда эвакуациялау орын алды. Құтқарылған тұрғындарға алғашқы көмек көрсетіліп, әлеуметтік желі арқылы хабарландырулар жіберілді. Сарбаздар сақадай сай қимылдаудың тәсілдерін тағы бір түйіндеп алды. Мұндай оқу-жаттығу ірі табиғи өрттер кезіндегі іс-қимылдарды жетілдіру үшін қажет. Өткізудің барлық шарттары нақты жағдайға жақын. Жатығу орман шаруашылығы, арнайы бөлімшелерінің табиғи өрттердің туындауына дайындығын бағалауға мүмкіндік береді. Күштер мен құралдарды арттыру қалыптасқан жағдайға, күштер мен құралдарды тарту жоспарларына сәйкес жүрді.  Осындай ауқымды жаттығуды өткізу азаматтық қорғау жеке құрамы мен құтқарушыларға, орман және дала өрттерін елді мекендерге төнген қауіп-қатерді ескере отырып, орман және дала өрттерін сөндіруде өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Берікбай Омаров.

Жаттығулардың басты мақсаты - орман шаруашылығы мен азаматтық қорғау органдары арасында орман және дала өрттерін сөндіру бойынша өзара әрекеттесуді іс-жүзінде өтеу. Жануды дер кезінде анықтау, жедел және үйлесімді әрекет жасау – біріккен жаттығуларға қатысатын қызметкерлердің негізгі міндеті. Өртті барлық орманға таратпау мақсатында ауыр техника минералданған жасақтар салады.Өрт сөндіру командасының және орман қорықшыларының үйлесімді, нақты іс-әрекеттерінің арқасында жану ошағы тез арада жойылды.

Өрт қауіпті кезінде орманда тыйым салынады:
- алаулар жағуға, тамақ әзірлеу үшін мангалдарды және т.б. құралдарды пайдалануға;
- темекі шегуге, жанған сіріңкелерді, темекі тұқылдарын лақтыруға, темекі шегу трубкасынан ыстық күлді шашуға;
- оқ ататын қарудан атуға, пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға;
- орманда майлы, бензин, керосин немесе өзге жану заттары сіңген сүрту материалдарын қалдыруға;
- жұмыс істейтін ішкі жану қозғалтқыштарының бактарына жанар-жағар май құюға, қозғалтқыштың жарамсыз қуаттандыру жүйесімен техниканы жұмыс істеу үшін шығаруға, сондай-ақ, жанар-жағар май құйылып жатқан көліктің қасында темекі шегуге немесе от жағуға;
- күн сәулесі түсіп тұрған ашық алаңдарда шөлмектерді, шыны сынықтарын, өзге қоқыстарды тастауға;
- егістіктерде шөпті, сондай-ақ егілген егіннің орнын жағуға.

Бірлесіп өткізілген өрт-тактикалық жаттығудың нәтижесі бойынша анықталғаны, барлық қызметтер қойылған міндеттерді орындап шықты. Иә, апат айтып келмейтіні рас, оның үстіне біздің елде төтенше жағдайға аса қатты дайындық жоғы да білінді. Оны кешегі дала өрті көрсетіп берді. Міне, сол олқылықтың орнын толтыру үшін осындай жиындар жиі өтіп тұрады дейді басшылық құрам.

Оқу жаттығуға Қызылорда және Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті, сондай-ақ, қос өңірдің «ӨСжАҚЖҚ», аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №14 өрт сөндіру бөлімі, аудан әкімі аппараты, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінен аудандық көп бейінді орталық ауруханасынан мамандар жұмылдырылды. Аққорған, Келінтөбе және Талап ауылдық округінің әкімі аппаратынан, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, «Арал» СЖКБД филиалы «Жаңақорған ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесі, Жаңақорған аудандық электр тарату торабы мекемесінен де жауапты мамандар қатысып, өрт тактикалық оқу жаттығу өз деңгейінде өтті.

Тағы да оқыңыз: