Kyzylorda-news.kz. Жастарды спортқа баулу – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан бұл тұрғыдағы атқарылар жұмыстарды жандандыру аса маңызды. Есесіне мемлекетіміздің атын әлемдік ареналарда асқақтатып, көк байрағымызды биіктетіп жүрген жампоздарымыз да баршылық. Десе де, әрбір тәрбие ең бірінші туған топырақ, отбасынан басталатыны белгілі.

Бұл ретте, әртүрлі санаттағы топтар арасында жастардың мәдени-спорттық белсенділігін арттыру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру, демалу, тынығу үшін емес, рухани қажетін өтеуге, ойлау қабілетінің жетілуіне, жалпы жан - жақты болуына арналған «Жастар спартакиадасы» өтті. Басымдылық NEET санатындағы жастарға беріліп, «Жастар спартакиадасын» ұйымдастыруда спорттың бірнеше түрлерінен кіші футбол, баскетбол, үстел тенисі, дартс, гір тасын көтеру, арқан тарту, ләңгі тебу түрінен Аудандық Іріктеу туры жүргізілуде. Бұған дейін ауылды елді мекендерде де спорттық шаралар ұйымдастырылып, бірнеше түрінен сайыс өткізілген болатын.

Бұл мәселені жас топтары тұрғысынан қарастыру орташа тенденцияларға қатысты кейбір айырмашылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ заманауи жастардың бос уақытын зерттеу жастардың денсаулығын немесе құндылық бағдарларын арттыруға жағдайлар қарастырылды. Дегенмен, бос уақытты өткізу ерекшеліктері жастарға үлкен әсер етті.
Қазақ ұлттың сөздік қорында "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" деген сөз тіркесі бар. Бұл – саңлақ спортшылардың болмыс-бітімі мен қабілет-қасиетін ашатын оймақтай ой. Расында, спортшы жүйрік болмаса қалай дараланады? 

Халықтың бұқаралық спортпен айналысуы дені сау ұрпақтың қалыптасуына ықпал етеді. Ал сау денелі, сапалы ұрпақ қана Мәңгілік ел мұратын орындай алады. Атаулы жастар спартакиадасында ауданның спорт майталмандары өрелі сөз сөйлеп, спорттық өткен тарихынан сыр шертті. Атап айтсақ, ауыр атлетикадан бірнеше дүркін чемпион атанған Серік Ибрагимов жастарға үлгі боларлық ойын білдірді.

–  Мемлекет басшысы салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен шұғылданатын қазақстандықтардың санын 30 пайызға  жеткізуді талап етті. Жаңақорған ауданында осы бағытта тындырымды тірліктер бар. Оның дәлелі, ауданның көптеген спорт түрлерімен даңқы шықты. Соның ішінде еркін күрестің бәсі биік. Олай болмаса 2008 жылы өткен Пекин Олимпиадасына Жасұлан Мұхтарбекұлы, 2012 жылы байрағы көтерілген Лондон Олимпиадасына Дәулет Ниязбеков, 2016 жылы төрткүл дүниенің саңлақ спортшыларының бабы мен бағын сынаған Рио-де-Жанейро Олимпиадасына Ғалымжан Өсербаев қатысар ма еді?! Әрине, ауданда еркін күрестің даму жолы болғандықтан балуандар елдің намысын төртжылдықтың басты бәсекесінде қорғады. Біздің жігіттер Олимп шыңына шыға алмағанымен Әлем, Азия чемпионаттарында сәтті өнер көрсетіп, елдің байрағын биік көтеріп, аудандағы күрес залдарына жүздеген жасөспірімдердің келуіне септігін тигізіп жүр. Ауыл жастарының биіктен көрінуінде Әбутәліп Амановтың еңбек жолы таңқалдырмай қоймайды. Ол аудан және облыс орталығында жүріп-ақ "Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы" атанған санаулы бапкердің бірі. Әбдісаттар Садықов жаттықтыратын белбеу және дзюдо күресі балуандарының атақ-даңқына қанықпыз. Әсіресе, Мереке Құдайбергенова, Арайлым Қанзада, Меруерт Әбубәкір Диана Ғайбулла мен Алиса Нұртас және т.б балуан қыздардың есімі көпке белгілі. Сонымен қатар, Параолимпиадада дзюдодан чемпион атанған тұңғыш қазақ баласы Олжас Оразбайұлы біздің мақтанышымыз.

Жаңақорған ауданында бокс өнері тарихын тереңнен алатынын жақсы білемін. ХХ ғасырдың 80 жылдары Құрбаш Сарқұлов ағамыздың жетекшілігімен қалыптасқан бокстың бүгінгі жарқын жұлдыздары Олжас Мүтән, Азамат Бектас, Қуандық Жүсіп республикалық, халықаралық айтулы аламандарда лайықты өнер көрсетіп, жеңісті жолын жалғастырып келеді. Халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі Дінмұхаммед Абайханның да жетістіктерінен хабарым бар.

Жаңақорғандық футболшылардың бірнеше буыны қалыптасуында Тұрсынхан Мұсаев ағамыздың еңбегі сіңгенінен хабардармын. Бүгінде Тұрсекеңнің шекпенінен шыққан Ерболат Рүстемов, Нұрхан Байзақов, Абай Жамалдин елдегі кәсіби футбол клубтарында өнер көрсететіні қуантады. Тұрсекеңнің төл шәкірті Ерлан Аптаевтің да ойын өрнегі көптің көңілінен шығатынын естіп, біліп жүрмін.

Ардагерлер арасында Еуропа және Әлем чемпионы атанған Серік Ибрагимов ағамыздың жетістігімен мақтануға болады. Бүгінде даңқты спортшының ізін басқан гір тасын көтеру және қол күрестен жастар буыны қалыптасты. Шыңғыс Азнабаевтың қол астында жаттығатын білекті жігіттердің әлеуеті жоғары.Ұлттық ат спорты түрлері бойынша жаңақорғандық шабандоздар облыс құрамасын құрайтынын мақтанышпен айтуға болады. Оның ішінде, Ислам Борамбаев баптайтын көкпар, аударыспақ, жамбы атудан біздің жігіттердің өресі биік, – деп жалындаған жастарға ерік-жігер берерлік сөз сөйледі.Сонымен қатар, аудандық спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Махмут Рахымжановта ауданның жеткен жетістіктеріне тоқталды.

– Жаңақорған ауданында гандбол, баскетбол, волейбол, ауыр атлетика және т.б спорт түрлерінің қалыптасу кезеңі, даму межесі бар. Облыстық деңгейде өтетін Спартакиада мен Алтын күз спорттық мерекесінде Жаңақорған ауданының құрама командасы үздіктердің қатарынан тұғырлы орны бар. Содан болар Жаңақорған ауданының спорт және денешынықтыру бөлімі республика бойынша 2015 жылы, Сыр өңірінде 2016, 2017, 2018, 2019 жылдың қорытындасымен "Үздік спорт бөлімі" атанды. Жаңақорған ауданында бұқаралық спорт түрлері қарқынды дамып, алдағы жылдары бұқаралық спортпен айналысушылардың саны Тұңғыш Президент белгілеген 30 процентік межеден де артып, чемпиондардың жаңа буыны шығатынына сенемін. Бұған бізде толық мүмкіндік бар. Неге десеңіздер, Сыр өңірі бойынша Жаңақорған ауданы спорттық кешендерді пайдалануға беру жөнінен көш бастайды. Мәселен, 2019 жылдың басында Сүттіқұдықта спорт кешені ашылып, онда еркін күрес, әйелдер күресі, тоғызқұмалақ, бокс, гандболдан жасөсіпірімдер спорттық шеберлігін шыңдауды бастаса, Жаңақорған кентіндегі "Айсұлу" мейрамханасы спорт кешеніне бейімделіп қайта жасақталып, онда дзю-до, қазақ күресі, ауыр атлетика, шахмат, таэквон-до бойынша жасөсіпірімдерге тәлім беруде. 2019 жылдың аяғында пайдалануға берілген Қожакент пен Сунақата ауылдық округіндегі қос спорттық нысанда балалар спорттың 5 түріне қатысуда. Мәселен, Қожакенттегі спорт кешенінде 350 жасөспірім спорттың 5 түрі – ауыр атлетика, қазақ күресі, самбо, бокс, волейбол, Сунақата ауылында 800 бала спорттың 4 түрі – самбо, қазақ күресі, таэквондо, волейболмен шұғылдануда, – дейді.

Осындайда классик жазушы Ғабеңнің (Ғабит Мүсірепов) "Дұрыс жолға қойылған дене шынықтыру ойындары оқу-білім алуға бөгет емес, қайта бойды сергітіп, ойыңа жәрдем ететін нәрсе" дегені ойға келеді. Орыс педагогы Антон Макаренконың "Біздің жастарымыз төзімді, батыл болып өсуі керек, олар тек барлық футбол матчтарына баруға ынталанып және барлық рекордсмендердің аттарын біліп қана қоймай, сонымен қатар іс жүзінде дене шынықтырумен, спортпен шұғылдануы керек" дегені өте орынды сөз. Яғни жасөспірімдер спортпен шұғылдануы тиіс. Ал Анатолий Луначарский айтқандай, спорт – оптимистік мәдениетті, сергектік мәдениетін қалыптастыратын құрал. Елдік жолында бұқаралық спортты дамытуды басты назардан түсірмеуіміз керек.

Аталмыш бағыттағы шаралар Қоағамдық даму басқармасының бастамасымен және жастар ресурстық орталықтарының сүймелдеуімен ұйымдастырылып, ал спорттық іріктеу турларға «JASTAR дамыту орталығы» жастар қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өткізілді. Жеңіске жеткен жүлделі командалар (І-орын) және жеке ойын бойынша жүлделі орын иегерлері (І,ІІ-орын) облыстық кезеңге жолдама алып, облыс орталығында 2023 жылдың 10 тамызында өтетін облыстық додада бақ сынасады.

Тағы да оқыңыз: