Kyzylorda-news.kz. 2023 жылы ел Үкіметінің бастамасымен «Ұлттық-рухани жаңғыру» жобасы қайта бекітілді. Жобаның мақсаты – ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңарту, рухани құндылықтар мен дәстүрді насихаттау арқылы қоғамның мәдени деңгейін көтеруді көздейді. Бұлбағдарлама жергілікті жердегі өнер және мәдениет ошақтарының жұмысына да тың серпін, жаңаша мазмұн дарытуда.
18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылған «Музейге сый тарту» акциясы Жаңақорған аудандық тарихи өлкетану музейінде де жанды өрісін тапты. Маңызды шараға арнайы келген мәдениет жанашырларының қолдарында бар құнды бұйымдарын алып келіп, мұражай қорын толықтыруға талпынысы қуантты. Шараны ашқан аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Нұрымжан Бұлдырықов:
«Жаңақорған аудандық музейінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Ғасырлардың куәсіндей музейде сақталған әрбір зат өлкеміздің өткен тарихын зерделеуге жетелейді. Музей қорында 1992 жылдан бастап 11000-ға жуық экспонат жинақталған. Қазірге соның 900-і ашық сөрелерге қойылып, көрерменге ұсынылып отыр. Ең құнды жәдігерлер қатарында Сығанақ, Өзгент қалалары орнынан табылған, сол заманда халық тұтынған тұрмыстық бұйымдар, қару-жарақ сынықтары, басқа да қолөнер бұйымдары бар» дей келе, музей қорын толықтыруға бағытталған акция мақсатының мәресіне жетуіне дем беріп келген мәдениет жана¬шырларына өз атынан рахметін айтты. Одан әрі осы музей жұмысының тізгігін алғашқы күннен қолға алып, осыншама қордың жасақталуына жан-тәнімен еңбек еткен руханият жанашыры Нәбихан Шалапов сөз алып, өзі басқарып келген ұжымның келешек жұмысына сәттілік тіледі. Таяу уақытта жаңа мекенге қазық қадап, құрылысы басталғалы тұрған шығыс стилінде бой көтеретін музей үйі әлемде даңқы жайылған Ахмет Яссауи бабаның ескерткішін тамашалауға бағыт алған туристержолындағы көз тартар тарихи орын болғалы тұрғанын жеткізді. «2015 жылы ауданға келген өнер жанашыры Татьяна Бурмистрованы біз ең алдымен осы музейге алып келдік, деді ол Ол барлық бөлімдерді асықпай аралап көрді. «Өзге ауданда барған бойда бірден бізді әкімдікке қарай бастайтын. Ал сіздер тура осы мекенге жол бастап, ә дегеннен туған жер тарихынан біраз мәлімет түйдік. Ау¬дан тарихы, арғы-бергі адамдарының еңбек шежіресі жөнінде әжептеуір мағлұмат алдық. Бұл ең үлкен байлық. Бұл жерде тіпті қатты сөйлеуге де болмайды. Бұл кешегінің мұңы мен сырын тілсіз толғап тұрған киелі орын, қасиеті қанымыздан өтіп, санамызға жеткендей. Қазір осыдан шығып, Манап атамыздың басына тәу етіп, ары қарай Сығанақтың топырағына табанымыз тисе деген тілегіміз бар» деп еді. Міне, өткенге тағзымның көрнісі. Сондықтан музей қызметі қашанда өз деңгейінде болуы тиіс» деп сөзін қорытындылады.
Осындағы әрбір жәдігерді енапат еңбекпен жинақтауға күш салған қазірде зейнеткер Рахима Әбсаттарованың еңбегіне де айрықша тоқталып өтті.Облыстық тарихи-өлкетану музейі хатшысы Асхат Сайлау киелі мекеннің өркениетті даму мәселелерін сөз етті. Келесі кезекте сөз алған журналист, тарихшы Асан Сақұлов Сыр өңірі тарихи тұнған шежірелі өңір екендігін, бір ғана Сығанақ қаласының даңқы осында өмір сүрді деген Хуссамеддин бабамыздың есімімен тікелей байланысты, 2019 жылы осы өңірді көзбен көріп, баба ұрпақтарымен жүзбе-жүз кездессем деген тілекпен ауданымызға Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, Египет-Араб республикасының азаматы Мохаммел Жинди мырзаның арнайы келгенінде осы киелі қала орнынан табылған жәдігердің әрбірін ұрпаққа ұқыптап ұсына азаматтарға аса ри за болғанын жеткізді. Осы орайда нумизматик, жергілікті ғалым, тарихшы Ержан Рахметұлының ерекше еңбегіне тоқталып өтті. Ол Сығанақ қаласынан табылған теңге атауларын зерттеп, монетаның қай хандықтың тұсында соқтырылғанын анықтауға күш салып келеді. Теңге мемлекеттің дербес қуатын айғақтайтын атрибут, олай болса музейде сақталған құнды жәдігерді жан-жақты зерделеуде күш-жігерді біріктірудің маңызына тоқталды. Осындай жұмыстарды тегін, қоғамдық негізде атқарып, жасөс¬пірімді патриоттық рухта тәрбиелеуге күш салып келе жатқан Әлімжан Ержановтың еңбегі тарихтан бағасын аларына да дауымыз жоқ. Оның Бүркіт Аяғанның елге келген әр сапарында жолбасшысы болып, тарихшы ғалымның өндіре жұмыс жасауына жәрдем беруі, сайып келгенде туған тарихты түгендеуге қосқан перзенттік парызы болса керек. Келесі кезекте сөз алған мәдениет жанашыры, қол¬өнер шебері Пахриддин Садықовтың ұлттың ұлы мұрасын насихаттаудағы еңбегі өз алдына бір төбе екенін ешкім жоққа шығармаса керек. Осы күні акцияға арнайы келген кент тұрғыны Әлия Аблаеваның қолында 1996 жылы Алматыда қызмет барысында қарақшылар қолынан қаза тапқан бауыры, полиция қызметкері Мұхамеджан Әуелбековтың соңында қал¬ған барлық құжаттары, наградалары, суреттері, баспасөзде жарияланған марқұмның ерлігі туралы естеліктер, барлығы музейге табысталды.
Ұжым қызметкерлерін бүгінгі атаулы күнмен құттықтаған ішкі істер саласы ардагері Мәди Мырзахметов¬тың пікірінше, әркім өз тарихын өзі жасайды. Әркімге дүниеге келген соң жым-жыртөтіп кету бір басқа, соңына айта қаларлықтай із қалдыру парыз. Осы орайда ол ауданда ең алғаш құрылған артельге төрағалық еткен өз әкесі туралы деректер келтіріп, ол кісінің кейін шаруашылық іріленген кезде Қосүйеңкі ауылын басқарғанын айтты. Одан соң Бірлік шаруашылығын асыл тұқымды қой совхозына айналдырудағы еңбектерін атады. Сол жылдары ВЦСПС-тің арнайы марапатын иеленгені, облыстық кеңестің депутаты болғанын да айтты. Бүкіл өмірін елге арнаған әке өнегесімен зейнетке шықса да жарғақ құлағы жастыққа тимей, болашақты жақсы жолға бағыттауда қоғамдық шаралардың басы-қасынан табылып жүретін ел ағасының музей жәдігерін толықтыруда да еңбегі көп екен. Аудандық мұсылман әйелдер қоғамының төрайымы, мешіт дәріскері Қыздығой Сәруарова апамыз бұл күні музейге өзінің енесіне арғы енелерінен жеткен үш аяқты мосы мен қазанды тарту етті. Шараға арнайы шақырылған қаламгерлер және қоғам белсенділері – Пахмаддин Айнақожаев, Файзулла Сахиев, Серқожа Ыдыырысов, Сырғакүл Болғанбаева, Ерғали Оразбековтер де өз ой-тілектерімен бөлісті.
Маңызды шараны әсем ән-күй¬мен әрлеген өнерпаздар қатарында «Әлшекей атындағы өнер мектебінің шәкірттері, «Шаттық» би тобының өнері көп көңіліне шуақ шашты.Түсіне білген адамға, музей – елдің рухани қоры, мәдени мәйегі. Жаңақорған ауданындағы тарихи өлкетану музейінде ықылым заманнан бері бүгінгі күнге мұра болып жеткен көне жәдігерлерді көріп, тарихи кезеңдерді кезіп, оқиғаларға ой жүгіртіп, белгілі дәуірдегі тұрмыс-салтпен танысып, тағылым алуға, келешекке кемел көз жүгіртуге әбден болады.Өлке тарихын келешек ұрпаққа жеткізу жолында бабаларымыздан қалған құндылықтарды жинап, көздің қарашығындай сақтап отырған бұл ғимарат қоғамның рухани дамуына орасан үлес қосып келеді. Әсіресе, жазиралы Жаңақорған өңірі талантты азаматтар мен құнды мұраларға бай өлке. Осындай баға жетпес жәдігерлерді жиып-теріп, мұражай төріне қойып қана қоймай, оны ұзақ жылдар сақтауға әрі жаңаша кейіпке енгізіп, ескі ғимаратқа әдемі өң беруге күш салған Ажар Жанаева мен аудандық музей қызметкерлерінің еңбегі қашан да биік.
Әуел баста, 1904 жылы екі жылдық мектеп ретінде пайдалануға берілген қыш мектептің ғимаратында орналасқан музей үйінің жағдайы соңғы кезде сын көтермей кеткені рас. Өлке¬нің тарихын танытатын мекемеге ең бірінші заманауи келбет керек уақытта, мекемеге жаңадан басшы болып келген Ажар Жанаева осыны қолға алып, аудандағы ірі кәсіпкерлерге өтініш айтып, игілікті іс жүзеге асыпты.Музей толықтай жаңғыртылып, жаңа жиһазбен жасақталыпты. Шынымен қапталған арнайы тақырыптық бұрыштар қайта жүйеленгені байқалды. Туған жер табиғатына арналған алдыңғы залда облыстық музейден жеткізілген қасқыр, бүркіт, қаршыға сынды өз жерімізде мекендейтін аң-құс, жануарлардың табиғи мүсінінің қойылуы танымдық орталықтың сән-салтанатын арттыра түскен.«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жібектей сусыған өмірде кейде жаныңда жүрген жайдары жандардың игі істерін де елемей жататынымыз рас. Дана халқымыз «Жаныңда жүр жақсы адам» деп көкірегі ояу, рухы биік, жүрегі таза тұлғаларды қашанда қолдап, мерейін арттырып отыруға игі ықпал еткен. Бізде Ажар Мәжитқызының еселі еңбегі мен іскерлігін, рухани мұраға деген қамқорлығын айта кеткенді жөн санадық.
«Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның жүріп өткен ғұмырындай», – демекші ол кісімен сұқбаттаса отырып, жаны жайсаң, көңілі ашық, мұражай саласына деген құрметі жоғары әрі аянбай еңбек етіп, өз жұмысына ерекше сүйген жан екеніне көзіміз жете түсті.
– Музей – кез келген елдің тарихи жадын жаңғыртушы қастерлі орын әрі тарихи жадының қоймасы іспетті. Ол ұрпақтар арасын жалғайды, мәдениеттер арасын жақындатады. Кез келген жерге барғанда алғашқы әсер мен түсінік оның тарихымен танысудан басталады. Сондықтан осы маңызды миссия музейге жүктелген. Жаңақорған ауданының бай тарихын түгендеу, дәстүрімен таныстыру, көнені бүгінге жеткізіп, қазіргі құндылықтарды қастерлеу үлкен міндет. Музей көпшілікпен бірге жас ұрпақтың да қызыға бас сұғатын сүйікті орнына айналды. Себебі, жұртшылық кітаптан оқыған жайларға қатысты деректерді мұнда көзімен көреді, қолымен ұстайды. Әсерге бөленеді. Егер музей өз міндетін атқарып, жас өркеннің ғибрат алатын орнына айналса, ойымыздың орындалғаны, – дейді рухани мекеннің басшысы.
«Қазақстан мәдениет министрлігінің 1992 жылы 2 мамырдағы №144 қаулысымен Жаңақорған аудандық тарихи-өлкентану музейі құрылды. Алғашқы көрмесі 1997 жылы аудандық мәдениет үйінің екінші қабатында ашылып, тұрақты орны болмай, әр жерге көшіп жүрген. 1905 жылы салынған бұрынғы қазақ-орыс қыш мектеп үйінің 4 бөлмесіне жаңа үлгідегі экспозициялық жұмыстарымен жабдықталып, орналасқан. «Мені музейге меңгеруші етіп тағайындағанда, рухани мол мұраның көне ғимаратта көңіл бөлінбей тұрғанына жаным ауырды. Содан ауданның ел ағаларына, белді кәсіпкерлеріне өтініш айттым. Сол айтулы азаматтардың арқасында 2022 жылдың 23 желтоқсанында музейдің жаңарған экспозициясының ашуы болды. Байқап тұрған боларсыздар, музейге күрделі жөндеу жасалды. Реставрация жүргізілді. Соның нәтижесінде бөлімдердің ауқымы бұрынғыдан да кеңейіп, мазмұны айқындала түсті. Залдар жаңаша жасақталды. Әрқайсысы өзінше дара, ел мақтанышына айналған тұлғалар. Олар қалдырған үлгі мен өнеге бүгінгі ұлттық тәрбиенің алтын арқауына айналуға тиісті. Келушілер осындай ардақты азаматтар жайында мол мәліметтер алады» – дейді Ажар апай.
Иә, мұражайдың жаңа кейіпке енгенін алғаш көріп, ерекше әсер алдық. Бұрындары бөлмелері қараңғы болғасын, онда тұрған ұлттық құндылықтарымыз көрер көзге көмескі тартып тұратын-ды. Бұл жолы тіпті бөлек. Ғимараттың сыртына қарап, іші осыншалықты өзгереді де кім ойлаған? Ақ сарайдай аппақ кейіпке еніп, бөлмелері кеңейіп, биіктей түскен тәрізді. Жәдігерлер қойылған сөрелер жалт-жұлт етеді.
«Қазіргі таңда музейде тұрақты 4 экспозициялық зал жұмыс істейді. Түрлі мазмұндағы коллекциялар көрерменге өлкеміздің ежелгі, ортағасырлық, жаңа және қазіргі заман тарихы мен мәдени мұрасы жайлы толыққанды мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Ауданның тарихы, археологиясы, этнографиясы, табиғаты бойынша музей жинақтамасы бүгінде 11277-нан астам жәдігерді құрайды. Үздіктері экспозициялық залда көрерменге ұсынылады. Музей жәдігерлерінің ішіндегі ең құнды, маңызды жинақтары ол – археология классификациясына біріктірілген, керамикалық қыш құмыралар. Қордағы қыш бұйымдар көне дәуірдегі шеберлердің ыдыс формаларының бірнеше түрін жасау технологиясын жете меңгергендігін көрсетеді. Қордағы осындай халқымыздың рухани байлығы, көне құнды жәдігерлерді зерттеп-зерделеп халық игілігіне ұсынып, ғылыми айналымға ендіру музей ісінің негізгі жұмысының бірі. Музейдегі жәдігерлердің салмағы мен маңыздылығы – көне тарихи құндылығында. Жалпы музей ісінің негізгі міндеті де сол, яғни өңіріміздегі жергілікті тұрғындардың қолында сақталған құнды, мәдени мұрамыз көне жәдігерлерді жинақтау. Көп жағдайда тұрғындар ата-аналары тұтынған тұрмыстық бұйымдарды өз еркімен музейге сыйға береді. Әсіресе, этнографиялық, ата-әжелеріміздің күнделікті тұрмыста қолданған заттар, кеуде белгілері, сурет, құжаттар, нумизматика классификациясына біріктірілетін экспонаттарды көптеп тапсырады. Ата-бабасының көзіндей болған бұл жауһар жәдігерлерді сақтау – біздің негізгі міндетіміз», – дейді өз сөзінде Ажар Жанаева.
Мұндағы әрбір қызметкердің өзіне жүктелген жұмысы бар. Жауапкершілік жүгін теңдей бөлісіп келе жатқан қызметкерлерінің әрқайсысына ерекше тоқталған меңгерушінің ұжымдастарын үлкен-кіші демей жоғары бағалайтыны қуантты.
– Біздегі қызметкерлердің бәрі нағыз өз ісінің мамандары, өте білімді азаматтар. Ғылыми қызметкер Мөлдір Дүйсенбаева, экскурсовод маман Бақдәулет Таждинов, әдіскер Құралай Дәрмен, зал қараушы Мира Әлиханова және Дәмеш Әбсаттар, хор сақтаушы Інжу Нәбихан есімді қызметкерлер бар. Ешқайысысын бөліп жармаймын, әрқайыссы өте білімді, нағыз мамандар, өз істерін жауапкершілікпен атқарады, – деп жеке-жеке тоқталды.
Әрбір істі айрандай ұйытып, тиянақты іс атқарып отырған Ажар Мәжитқызы ұрпаққа рухани азық болатын жәдігерлердің жаңғыруына, музейдің жаңаша жандануына өзіндік үлесін қосып келе жатқан жанның бірі. Бүгінгі таңда мақтанышымызға айналған рухани ортаның жұмысы жемісті, ісі оңды болуы да осындай қарым-қабілеті жоғары жандардың қажырлы еңбектерінің арқасы деуіміз керек.Сондай-ақ, Ажар Мәжитқызымен сұқбат барысында әр сөзінен музейге деген ерекше жанашырлық пен үлкен құрметті байқадық. Өйткені, ұлттық құндылықтарды жинауға, қолда жүрген жауқарлардың мұражайда тұруына ат салысып жатқанын аңғардық.
– Шыны керек, мұражай ауданның тарихы, баға жетпес байлығы. Байқасам, тұрғындардың қолында көп жәдігерлер бар. Бірақ, көпшілігі оны бізге беруді құп көрмейді. Өйткені, ата-анамның көзі, үйде тұрсын деп ойлады. Бірақ, үйде емес, мұражайда ғұмыры ұзақ болады ғой. Бұл жерде тұрған әрбір экспонатқа ерекше күтім жасалып, ай сайын толықтай дизенфекциясы жұмыстары жүргізіледі, – деген сөзінен мұражайға деген жанашырлығын байқадық.Қарап отырсаңыз, Жаңақорған өңірі тарихқа өте бай өлке екені даусыз. Сондықтан өлкетанушылардың да, тарихшылардың да ықылым замандардың қойнауына үңіліп, ізденістер мен зерттеулерді жалғастырып, болашақ ұрпаққа қалдырар мұралары әлі де көп.Алдағы уақытта музей жәдігерлері толыға түсетініне кәміл сенеміз. Ендеше, талай шаралар, болашақ ұрпаққа берер, көрсетер құндылықтары жетерлік тарихи музейдің айтар сыры әлі де көп. Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі бұған дейін де көрерменсіз емес, күн сайын түрлі шаралар, игі бастамалар өткізілуде. Енді мынадай жаңарған сәулетіне сай мұнда келушілер қатарының арта түскеніне көзіміз жетті. Өйткені, біз барған кездің өзінде онға жуық жас өрендер мұражайды тамашалап, өткеннің мұрасын көзбен көріп, қолмен ұстағанның әсерімен бөлісіп жүр екен. Алдағы уақытта ата-ана да ұл-қызын тарихи орынға әкеліп отырса, байланыс нығая түседі деген сенімдеміз.
Шара соңында сөз алған Жаңақорған аудандық тариха-өдкетану музейі филиалы меңгерушісі Ажар Жанаева музей – көне тарих пен бүгінгі дәуірді жалғастырушы алтын көпір. Халқымыздың асыл қазыналарын жинақтап, өлкеміздің өткені мен бүгінінжалғап, мәдени, тарихи құндылықтарымызды насихаттауда еңбегімізді жалғастыра береміз, – дей келе осы жолда өздеріне тілекші болып, жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан аға буынға өз атынан рахметін айтты. Бүгін акцияға арнайы ат басын бұрған азаматтарға Алғыс хаттарын табыс етті.
