Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде отбасылық құндылықтардың жандануына, дәстүрлердің жаңғыруына, түрлі буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңейтуге ықпал еткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шара өтті.
Марапат биігінен көрінген үлгілі отбасыларды аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы құттықтап, аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тлеумбетовтің алғыс хатымен, естелік сыйлықтарын табыстады.
– Халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп, қоғамдағы отбасының құндылығына ерекше назар аударған. Мықты мемлекеттің қалыптасуы үшін әрбір үйдің, әрбір шаңырақтың береке бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы керек. Үлкенге ізет көрсету, кішіге құрмет қылу – қазақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Ықылым заманнан қазақ ұғымында отбасының орны ерекше. Себебі, тескейде малын жайып, түстікте егінін орған қазақ қоғамы отбасы институтының беріктігі мен татулығына мән берген. Балиғат жасына жеткен жігіт пен бойжеткен қыздың ата дәстүр салтымен неке қидырып, үлкендердің ақ батасын алып, шаңырақ көтеруін үлкен қуаныш көрген. Бұл жағдайда қазақ елі «керегеміз кеңейді» деп шаттанған. Отбасын құрған жас жұбайлардың мызғымас татулығы үшін екі тарап та барынша жас жанұяға қолдау көрсеткен. Міне, бұл жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған кешегі қазақ қоғамының қалыптасқан үрдісі. Бүгінде, елімізде жыл сайын сан мыңдаған жастар бас қосып, ақ некесін қидырып, шаңырақ көтереді. Бір өкініштісі, соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек жыл сайын елімізде шаңырақ көтергендердің үштен бірі ажырасып кетеді екен. Сәтсіз некенін болуыын түрлі себептерге жоруға болады. Бұлар ең алдымен материалдық теңсіздік, сәби сүю бақытын көре алмауы, мінездің үйлесім таба алмауы және т.б. белгілі жағдаяттар екен. Бұл ретте қазақ даналығында «Тәрбие – тал бесіктен» деген тәмсілін тілге тиек ете отырып, ұл мен қызға бірдей тағылым тәрбие беру мәселесінайту керек. Иә, ешкімде ұлы мен қызын жаман болып өссін демейді. Дегенменде, бүкіл жауапкершілікті мектеп пен қоғамға итеріп тастап, баланың тәрбиесіне бей-жай қарап, соңында сан соғып қалып жатқан ата-аналар аз емес. Осы ретте «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөздің астарына үңіліп, ақиқатын ақтарып көрсек, бала ата-анасына қарап бой түзейді. Сондықтан ең алдымен баланың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын десеңіз, өзімізді тәрбиелеп, баланы ата-дәстүр салтымен, рухы асқақ азамат етіп тәрбиелеуіміз қажет. Сондықтан елімізде жанұяға маңызды орын берілген, өйткені адамзат пен мәдени құндылықтардың бұлжымас ұясы отбасы болып табылады. Бүгінгі сахна төріне шыққан барлық отбасын құттықтаймын, – деді аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы.
Аудандық байқауға қатысуға 39 отбасы өтініш тапсырған болатын. Оның ішінде 29 отбасы аудандық кезеңге жолдама алды. Комиссияның шешімімен іріктеуден өткен 7 отбасы түрлі номинация иегері атанса, 15 отбасы алғыс хатпен марапатталды.
«Мерейлі отбасы» - Жаңақорған кентінің тұрғындары Қалдыбаевтар отбасы;
«Өнерлі отбасы» - Сунақата ауылының тұрғындары Қалымбетовтер отбасы;
«Ұстаздар отбасы» - Жаңарық ауылының тұрғындары Оспановтар отбасы;
«Еңбекқор отбасы» - Аққұм ауылының тұрғындары Мекебаевтар отбасы;
"Жарасымды отбасы"- Кейден ауылының тұрғындары Әбжаппаровтар отбасы;
"Салауатты отбасы"- Қожакент ауылының тұрғындары Пәрімбетовтер отбасы;
"Берекелі отбасы"- Аққорған ауылының тұрғындары Палымбетовтер отбасы марапатталды.
Марапаттау рәсімінен соң ауданның өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, береке-бірлігімен, өнегелі тірлігімен дараланған отбасыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.