Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған кентінде №169 Н.Илялетдинов атындағы мектепке апарар жолды жаңғырту жұмысы басталды. Оқушыларға арналған жаяу жүргіншілер жолы құрылысының тұсаукесер рәсімі өтті. Аудан ақсақалдары ақ батасын беріп, мердігер мекеме іске кірісті.
Бұл жолды жаңа мектептің оқушылары 3 айдан бері күтіпті. Әсіресе, Шанхай аумағы, яғни М.Көкенов, Амангелді, Ақмешіт және Нақыпов көшесінің балалары аяқ жол салынып бітсе мектебіне алаңдамай жетер еді. Қыста қар, көктем мен күздің жаңбырлы күні жолсызбен қатынаудың қиындығын ескерген аудан басшысы ертерек қамдануды тапсырыпты. Тапсырма дер кезінде қолға алынып, мердігер компания білек сыбанып іске кірісті. Карта бойынша орталықтан қатынайтын оқушылар Байкенжеев көшесі арқылы жүрмейді, Жеңіс паркімен өтіп, көлдің бойымен мектептің қақ алдынан шығады. Екінші жол базардың артқы жағы және «Арнайы» балабақша жанымен жүретін жол арқылы стадионды айналып мектепке барады. Алдымен кент тұрғындарына әкім Асқар Ибрагимов карта арқылы барлық жағдайды баяндады. Ұсыныс-пікірді де тыңдап, ақылдасуға уағдаласты.
«Жалпы көлемі 1400 метрді құрайтын бұл жолдың жалпы жоба-сметалық құжатына 36 млн теңге қаралған болатын. Мердігер 22 млн 117 мың теңгеге ұтып алып, қызметіне кірісті. Жолдың ені 1,5 метрді құрайды, тапсырыс беруші кент әкімдігі. Құрылысты бітіру кезеңі мамыр айының 8-не деп келістік. Айта кететіні, бұдан бөлек Бекмахан Дүйсенбаев көшесінде жолдың қос бетінен тротуар жүргізулде. Сол секілді биылғы жобада Байкенжеев және Нақыпов көшесіндегі жаяу жүргінші жолының құжаты дайын. Бюджеттік өтінімге ұсынылатын болады» дейді кент әкімі аппаратының бас маманы, әрі осы салаға жауапты қызметкер Бақытжан Мұзапаров.
Жеңімпаз мекеменің директоры Жасұлан Бердиев Жаңақорғанның тумасы. Сондықтан әкімнен бастап ата-аналар сапалы қызмет жасауға талап қойып отыр.
«Құдай қаласа қазыналы қариялардың ақ батасымен жұмысты бастадық. 1400 метр қашықтықты абаттандыру жұмысы жүргізуді міндеттеп алдық. Алдымен жолды реттейміз, содан соң жарық түсіріп, демалатын орындарды да жасайтын боламыз. Қоқыс тастайтын урна, яғни жәшіктерді де орнатамыз. Мекемеміз тәжірибесі мол, бұйырса 2 айдың ішінде құрылысты толық аяқтаймыз» дейді «Рустрой» ЖШС директоры.
Базардан стадионға барар жолды байланыстыратын кішкене көпірді реттеу де осы мекеменің мойнында. Бұл жолдың игілігін тек оқушылар ғана көрмейді, Стадион жақтағы көше тұрғындары орталыққа осы жол арқылы өтетін болады. Бұрынғыдай шаң-тозаң, шөп-шалаңның арасымен емес, заманауи абаттанған жолмен қатынайтын болады.
«Басталған істі сүйіншіледік, қайнаған жұмыс ортасында, біткен соң лента қию рәсіміне келуді бұйырсын» деп тілек білдірді тұрғындар.