maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында һиссамеддин Сығнақи ескерткіші жанында «Тарихы терең, тағлымы ерен – тұлға» атты мәдени-рухани шара өтті. Шараның мақсаты, ұлттық рухты асқақтату, тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған бас қосуда аудан әкімі мен дауапты мамандар, абыз ақсақалдар мен ел ағалары қатысты. 

Ресми дерек көздерінде, 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес Ассамблеясы бекіткен ұйымға осы күні әлемнің 175 мемлекеті мүше. Оның ішінде, дүниежүзінің 122 елінен 754 тарихи құндылық атаулы ұйымның тізіміне енгізілген. Солардың қатарында Жаңа¬қорған кентіндегі Һиссамеддин Сығнақи ескерткіші де бар.

«Арман» кенттік мәдениет үйі мен кітапхана қызметкерлері және М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ескерткіштерді қорғау күніне орай ғұлама Һиссамеддин Сығнақи ескерткіші жанында «Тарихы терең, тағлымы ерен – тұлға» атты мәдени-рухани шара өтті. Шараға аудан тұрғындарымен қатар мектеп оқу-шылары қатысып, өңірдің тарихи-мәдени орындарымен, сәулет ескерткіштерімен танысып, тарихи тұлғаны тани түсті.

Аудандық шарада тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Құралай Дәрмен сөз алып, ескерткіштерді қорғау тақырыбында сөз етті. Жиналған қауымды туған жеріміздің тарихымен, қазіргі келбетімен, жетістіктерімен таныстырды. Сонымен қатар, «Сығанақ» ашық аспан астындағы музей жетекшісі Асан Сарқұлов пен аудандық тәрбие орталығының директоры Әлімжан Ержанов тарихи сананы жаңғыртудың маңызына тоқталды. Шара жүргізушісі Мәдениет Тотаев ескерткіштің бой көтеруіне академик Сұлтан Сартаевтың өлшеусіз үлес қосқаны, ақын Адырбек Сопыбековтың Һиссамединді насихат-таудағы еңбегіне тоқталды.

Одан әрі жиналған қауым «Арман» мәдениет үйінің кітапхана қызметкерлері жасаған «Ескерткіштер – тарих айнасы» атты кітап көрмесіне ұласты.

«Киелі жерімізде өткенімізден сыр шертетін, дара тұлғалар өмірінен тың мағлұмат беретін тарихымыздың өшпес бір бөлігі іспеттес ғимараттар мен ескерткіштер жеткілікті. Бұл – кейінгі өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беретін мәдениеттің қайнар бұлағы. Шараның басты мақсаты – жас ұрпақты тарихи құндылықтарымызбен таныстыру, тарихи ескерткіштеріміз бен мәдени мұраларымызды қастерлеп сақтауға, құрметтеуге шақыру», – дейді «Арман» кенттік мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова.

Әрбір ескерткіш пен тарихи орындар ата-баба дәстүрінің қазығы, ұлтты тану, тұлғаны дәріптеу құралы екені анық. Олай болса, ескерткіштерімізді қорғап, қастерлеуді жалғастыру маңызды. Жаңақорғанда тағлымды тарихтан сыр шерткен таңбалы тастар мен ежелгі мәдениеттің бейнесі баяндалған ескерткіштер, тарихи орындар көптеп кездеседі. Облыста 550-ден астам ескерткіш бар. Олардың 145-і археологиялық, 400-ден астамы сәулет және қала құрылысы, 21-і республикалық маңызы бар ескерткіштер. Барлығы да мемлекет пен облыстық деңгейде қорғалған. Жыл сайын, киелі орындардың бүгінгі тынысын білу үшін облыстан арнайы мамандар келіп, тексеру жүргізіп тұрады. Сыр өңірінде орналасқан осы ескерткіштер жайлы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің көрсеткіші атты кітап жарық көрген. Құнды мағлұматтар берілген оқу құралында облыстағы барлық тарихи орындар суретімен, хронологиясымен көрсетілген. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деген болатын. Расында да, туып-өскен жердің табиғи болмысы мен тарихи тіршілігін танып, білу әрбір адамзат баласына борыш. Біздің де туған өлкеміз Жаңақорған жері – өткеннен өнеге ақтарып, тарихты таңбалай білген, мәдени ескерткішін айтпағанда, қасиетті жерлер мен мұнардай биік төбелерге бай киелі мекен. Сонау 9 ғасырда күллі қазақтың астанасы болған Сығанақ қалашығы әлі күнге өзінің жұмбақ сырымен талайды таңғалдыруда.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ескерткіштерді қорғау жөніндегі маманы Ажар Ахметованың айтуынша, аудандағы 43 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген. Оның ішінде Ақтас мешіті, Айқожа Ишан кесенесі, Қарасопы кесенесі, Сығанақ қалашығы республикалық маңызда болса, Қорасан ата, Қылауыз ата, Қасым ата кесенесі, Төлегетай, Қылышты ата ескерткіш кешені, Қойлақы ата басындағы ескерткіш тас, Аққорған мазары, Аққорған қалашығы, Жалаңаш ата кесенесі, Құмиян және Өзгент қалашығы, Көккесене сағанасы, Бұрынғы орыс-қазақ мектебі, Жаңақорған темір жол стансасының үйі, Бесарық және Төменарық су қыспақты мұнарасы, Бесарық пен Майдамтал шатқалындағы жартасты бейнелер жергілікті маңызға ие. 2010 жылдан бері Сунақ ата, Бақсайыс ата кесенесі, Қарасопы кесенесі жанындағы мешіт, Сығанақ қалашығы жанындағы мешіт, Төменарық пен Бесарық стансаларының үйлері, кент орталығындағы Жеңістің 50 жылдығына арнап орнатылған ескерткіш, ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін орнатылған белгі мен Қатын-қамал үңгірі, Исатай Әбдікәрімов мүсіні мен А.Романов мүсіні облыстық маңызда. Ал, 2017 жылдан бері Мейрамтөбе, Келінтөбе, Абызтөбе қалашықтары мен Балапантөбе, Асарық қонысы, Көкен батыр мүсіні, Үш ата кесенесі алдын-ала есепке алынған тізімде тұр. 2019 жылдың ұсынысы бойынша Манап Көкенов мүсіні, Қожамберді батыр ескерткіші, Ордакент қалашығы алдын-ала есепке алынып, тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына ұсынылған. Мемлекеттік тізімге енген 33 ескерткіштің төлқұжаты заңдастырылып, қорғау тақтасы орнатылыпты. Тиісті орынға бақылау жасау үшін кент және ауылдық округ әкімдіктеріне бекітілген екен. Мұны сала маманынан білдік. Аудан бойынша 3 киелі жер «Жалпыұлттық қасиетті орындар» тізіміне енсе, 4 нысан «Өңірлік маңызы бар қасиетті орындар» ретінде бекітілген.

Біз қаншалықты тарихи орындардың бағасын біліп жүрміз? Осы сауалға тоқталсақ. Ардагер ұстаз Тоқтар Төлеуов:

«Ауданымызда қасиетті мекен көп. Елдің түкпір-түкпірінен келіп, киелі орындарды аралап жүрген адамдар да жетерлік. Алайда, біз өз жеріміздегі құндылықтардың бағасын біле алмай жүрміз. Біріншіден, қасиетті мекендерді аралап, зиярат етпейміз. Тарихын тануға, білуге ұмтылмаймыз. Екіншіден, көненің көзі, асылдың сынығы болған жәдігөр бұйымдарды дәріптеудің орнына, сыртын қоршалап-қорғаудың орнына үстінен жазу жазып, сана мәдениетіміздің төмен екенін көрсетіп жатамыз. Туған жердің тамаша туындылары тек аға буынды ғана емес, жастарды да қызықтырса екен», – деді.

Иә, ақсақалдың базынасы орынды-ақ. Тауға барғанда Қатын-қамал үңгіріндегі тасқа қашалған ескі жазбалардың үстіне, өз атын, туған жылын жазып, құнды дүниені ластап жүргендерді жиі байқап жүрміз. Қанша жерден мемлекеттік қолдауға алынса да, бұл мәдениет үлгілерін күндіз-түні бақылап тұру мүмкін емес. Сол үшін, ең бастысы әрбір тұлға ұлтжанды болып, өткеннің өнегесіне құрметпен қарай білуі тиіс.

Қорыта айтқанда, өткенді бүгінгі ұрпаққа таныту үшін жасалмақ іс қарапайым дүниеден бастау алуы тиіс. Осы тұста, тарихи-мәдени орындар жайлы қызылордалық журналист Бекзат Есқалиев редакторлық еткен «Туған жерге тағзым» патриоттық жобасын неге орталық алаңдағы ЛЕД экраннан көрсетіп тұрмасқа? Бәлкім, бұл да ұлт руханиятын кемелдендіруге, өзімізге тән құндылықтың бағасын білуге сеп болар.

Тағы да оқыңыз: