Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында әрбір ауылға апарар жолдың жайы жақсарып келеді. Сыр беткей мен тау беткейдегі, Төменарық аймағындағы ауылдарға кіре беріс күретамыр жолдар жыл соңына дейін толық жөндеуден өтеді. Тек көше асфальттары ғана жөндеу күтетіні болмаса, қалған жолдар жүйеленуде. Сол секілді кейбір елді мекен кіретін көпірлер де биыл жөндеуден өткізілуде. Соның ішінде М.Нәлібаев ауылы мен Екпіндіге кіреберіс көпір бар. Енді, барлығы да жаңарып, жөндеуден өтті.

 Жалпы көпірдің қажеттілігін, әсіресе, өзен-көлдердің жағасындағы жұрт жақсы біледі. Яғни, көпірсіз өрісің тарылады. Біздегі көпірлердің маңызы ауылдан кіріп-шығатын көліктердің қатынауынан туындаған. Қалай десек те, көпірдің маңызы ауылдағы ағайынға аса маңызды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерінде «Көпір салу – сауапты істердің ең үлкені» делінген. Міне, бұл біріншіден, жауапты атқамінерлерге міндет болса, екіншіден, өте сауапты іс.

Алдымен Екпіндіге барар көпірдің ахуалына тоқталайық. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бардық.

«Самара-ШымкентЕкпінді» аудандық мәндегі автомобиль жолындағы көпірді реконструкциялауға 2021 жылы республикалық бюджеттен 45000,0 мың теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жұмыстарды орындауға «Ремстрой» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Келісім шарт құны 107 348,5 мың теңге. 2021 жылы келісім шартқа сәйкес, айналма жолды салу, ескі көпірді бұзу, темірбетон қазықтарды қағу жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы облыстық бюджеттен тиісті 59985,0 мың теңге қаралып, плиталарды орналастыру, арматура тоқып, бетон құю жұмыстары жүргізілді. 2022 жылдың тамыз айында жұмыстарды толық аяқтауға облыстық бюджеттен 6457,1 мың теңге қаралды», – деді жауапты маман Дәулет Оразалыұлы.

– Бұл көпір 70-жылдары қашыртқы қазылған кезде салынған болатын. Алайда осыдан бірнеше жыл бұрын тозығы жетіп, жүруге жарамсыз күй кешті. Ауыл ақсақалдары бар, біріге отырып мәселені көтеріп келген едік. Міне, биыл шешімін тауып, көпір ел игілігіне берілді. Ауыл тұрғындары көпір қайта жөнделгеніне қуанышты. Енді көшелерімізді реттеп алсақ болғаны, – деді ауыл әкімі Қайрат Қожамжаров.

Сол секілді Ақжол ауылына кіре беріс аудандық мәндегі автомобиль жолындағы көпірді реконструкциялауға 2022 жылы облыстық бюджеттен 32 454,0 мың теңге қаралып, сатып алу жұмыстары бірнеше рет жүргізілген. Нәтижесінде «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС-мен келісім шарт жасалынып, осы уақытқа дейін құрылысқа қажетті материалдар жинақталып, темірбетон бағаналарды қағу, айналма жолды жасау, ригель құю жұмыстары жүргізілді. Келісім шарт бойынша 2022 жылға қаралған 31098,1 мың теңге көлеміндегі жұмыстар 2022 жылдың қазан айының 20-сында орындалуына байланысты қосымша қаржы қаралғанша тоқтатылды деді бөлім қызметкерлері. Бұл көпірлер сыр беткейдегі ауылдарды аудан орталығымен байланыстыратын. Сонысымен маңызды-тұғын. Көпір берілгенге дейін айналма жол пайдаланылды. Айналма қара жол уақытты ұстаса, екінші жағынан, ондағы ескі көпір де жарамсыз күйге түсті.

1972 жылы салынған көпірдің ұзындығы 20 метр, ені 12 метрді құрайды. Көпірде жарықтар пайда болып, жүк көтергіш қабілетті болмай, жарамсыз күйге түсті. 2018 жылы тәуелсіз сарапшылар «апаттық» деген қорытынды берді. Соның негізінде жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Жалпы сметалық құны – 214 миллион 547 мың теңге. Бұл жөнінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мәлім етті.

– «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында көпірді күрделі жөндеу жұмысына қаржы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Мердігері – «МСФ Мұнай кұрылыс» ЖШС. Қосалқы мердігері – «Нұрай-Ақжол» ЖШС. Келісім-шарт құны – 183,9 миллион теңге. Техникалық қадағалушысы – «SM ORDA GRUPP» ЖШС. Авторлық қадағалаушысы – «ТЕКА-Проект» ЖШС. Жыл басында Жаңақорған кенті мен ауылдық округтерді байланыстаратын маңызды көпір пайдалануға берліді, – деді сала маманы Жасұлан Мінжанов.

Көпір салу – сауапты іс, халыққа берері мол игілікті жұмыс десек, Сыр мен қырды, аудан орталығы мен елді мекендерді жалғайтын көпірдің біткеніне ел дән риза.

– Айналма жолмен қыс мезгілінде, жауын-шашын, қолайсыз ауа-райы кезінде қатынау қиын болды. Яғни жаңарықтықтардың ғана емес, Қыркеңсе, М.Нәлібаев, Өзгент, Қожакент, Аққорған, Келінтөбе, Қаратөбе, Қандөз, Көктебе ауылдық округі тұрғындарының ортақ мәселесі еді. Шынында, қатты қуандық. Енді көлік қозғалысы қалпына келіп, аудан орталығымен байланыс реттелді, – деді Жаңарық ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мәжит Әліпбеков.
ХХ ғасырдың 70-80 жылдары пайдалануға берілген көпірлер ескіргені анық. Сондықтан кейбір ауылдарда көпірді жөндеу мәселесі түйінді мәселеге айналған-ды. Аудан басшысы бұл мәселені жетік білгендіктен, кезең-кезеңімен шешімін табатынына сенеміз. Ескі көпірден жаңа көпірдің ерекшелігі жаяу жүргінші жолы қосылды. Әрі сапалы дейді мамандар.

Жалпы алғанда, ауыл ішіне апарар жолдағы көпір көп ауылда жоқ. Санаулы ғана елді мекендер көпір қызметіне мұқтаж. Былтыр Сыр беткейдегі Жаңарық ауылының тұсындағы облыстық маңыздағы жол толық ретке келген. Енді биылдың өзінде екі ауылдың көнерген көпірі көгере бастады. Бұл да әлеуметтік мәселенің шешілгенін білдіреді. Тек, сапасы сын көтеруі тиіс. Бұл қадағалауды қажет етеді.

Тағы да оқыңыз: