Kyzylorda-news.kz.  Жаңақорған ауданында көлеңкелі экономиканың түрі аз емес. Атап айтсақ, салық пен кедендік алымдардан жалтарудан бөлек жалған шот-фактура жасау, астыртын ойын бизнесі, қаржы пирамидасы сынды сан алуан түрлері кездесіп жатады. Осы мәселе төңірегінде жауапты мамандар бас қосып, ұсыныстарын ортаға салып, тақырыпты жан-жақты талқылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сауда саласында тәртіп орнату өте маңызды. Көлеңкелі экономиканың ең жоғары деңгейлерінің бірі осы салада. Алыпсатарлық фактілері, тапшылықты қолдан жасау – заңсыздықтардың толық тізімі мұнымен шектелмейді. Мұның бәрі тауарлардың құнына үстемеленіп, азаматтар төлеп жатыр», – деді Президент.

Дерек көздерінде, «көлеңкелі экономиканың» салдарынан елде 2022 жылы бюджетке 617 млрд теңге көлемінде шығын келді. Санда бар, санатта жоқ қаржы айналымына тосқауыл қойылмаса, 2025 жылы мемлекет қазынасы 1,2 трлн теңгеден қағылуы мүмкін. Бұл қаржыға жүздеген әлеуметтік нысандар салып, мыңдаған шақырым жолды жөндеуге болар еді. Бірақ мүдделі топтар қалтаға басуға дағдылы.

Ақпараттарға сүйенсек, облыстағы шағын кәсіпкерліктің дамуы, саны жөнінен біздің аудан алдыңғы орында екен. Онда бөлшек сауда көлемі неге тым төмен? Бұл – біздің ауданда нөлдік көрсеткішпен есеп тапсыратындар азаймай тұрғандығын көрсетеді емес пе? Мәселен, үлкен сауда орындары сауда айналымын аз мөлшерде көрсетеді. Атап айтсақ, «Заңғар», «Бекере», «Ғани», «Қара Бура», «Магнит» және т.б ірі-ірі сауда орынына арнайы барып, мән-жайға терең қанығу үшін асықпай әрбір дүкен саудасын зерделеуге тырыстым. Бір ғана Хорасан ата көшесінде көлікке қызмет көрсететін орындар, автобөлшек сататын магазиндер, азық-түлік және құрылыс заттарын сататын сауда үйлері, кофе мен мейрамхана және т.б кәсіпкерлік нысандар бар. Тіпті кенттегі кәсібкерлік субъектілерінің басым бөлігі осы көшеде секілді. Бірақ бұл нысандардан кассалық аппаратты табу қиын. Міне, көлеңкелі экономика осыдан қалыптасады.

Бірақ кәсіпкерлер табысты жасырып, салыққа болмашы қаржы төлеп отырғаны анық. Біз соған көз жеткізе түстік. Біз бақылаған «Ғани» сауда орнында бар-жоғы 10 минуттың ішінде 3 кассада 10 адам сауда жасады. Оның әр қайсысы кемінде 5 мың теңгеге сауда істеді дейік. Сонда 10 минутттың ішінде жоқ дегенде 50 мың теңге сауда болды. Бір сағатта 60 минут десек, 300 мың теңге. Бір күнде 12 сағат жұмыс жасады дейік, сонда (12×300=3600000) 3 млн теңгеге сауда болды деген сөз. Мейлі 2 млн теңгенің саудасын жасасын. Ал, қолдағы бар дерекке сүйенсек, бұл сауда орны 6 айға 10 млн теңге салық төледі. Енді, өзіңіз болжай беріңіз, біздің еліміздегі экономикалық ахуалдың жайын. Бұл бір ғана емес, барлық кәсіпкерлік нысандар оңай олжаға осылай әрекет етуді әдет қылды. Президент бизнесті тексеруге мораторий жариялады. Өте дұрыс шешім, байыпты бастама.

Көлеңкелі экономиканың көлемін төмендету – ел алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Яғни әлдекімнің қалтасына түсіп жатқан жасырын табысты анықтап, мемлекет қоржынына түсіру маңызды мәселе. Осы ретте, ауданымыздағы кәсіпкерлердің жай-күйін білу мақсатында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Тәжібайұлымен тілдесуді жөн көрдік.

– Облыс бойынша кәсіпкері ең көп біздің аудан. Өзге өңірлерде бізге қарағанда әлдеқайда аз. Солай бола тұра, олардағы кәсіпкерлік нысандардың басым көпшілігі «ЖШС» болып тіркелген әрі табыс көзін жасырмайды. Бір ғана мысал, бізде ірі-ірі сауда орындары болғанымен халқы шамалас Қазалы, Шиелі ауданынан бөлшек сауданың көлемі көп емес. Неге? Себебі сауда үйлері кассалық аппаратты қолданбайды, әрі тұрғындар да оны талап ете бермейді. Көлеңкелі экономика деңгейінің артуынан экономиканы құлдырап, елдің келешегіне кері әсер ете¬ді. Біздің ауданымыз «Береке», Заңғар-1», «Заңғар-2» «Ғани», «Қарабура», «Магнит» ірі сауда үйлері бар. Бұлар¬дың барлығы да жеке кәсіпкерлер ре¬тінде тіркеліп, алты айда бір рет қана есеп тапсырады. Сондағысы 6 айда 10 млн теңге көлемінде қаржы құяды. Егер осы сауда орталықтарының бар¬лығы жеке кәсіпкерліктен «ЖШС-ға» өтсе, ай сайын есеп беріп, салық төлейтін еді. Әрі қызметкерлерінің әлеуметтік төлемдер (зейнетақы және медициналық сақтандыруға қоры) жүргізеді. Бұл – жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да өте тиімді. Осы бағытта кәсіпкерлер арасында түсіндірме жұмысын жүргізудеміз. Одан басқа қолдан келетін шара жоқ. Өйткені, 2023 жылдың қаңтарына дейін мараторий жарияланды. Осыны негізге алған кәсіпкерлер өздеріне оңтайлы шешімді оңынан пайдалануда. Енді 2023 жылдан бастап мараторий аяқталады. Сол кезде барып салықтың көлемі артып, ауданның бюджеті нығая түседі, – деп көкейіндегіні көпке жария етті.

Иә, мемлекеттің қуатты болуында салықтың шешуші рөл атқаратыны белгілі. Қай елде салықтың түрлерін жинау ұтымды, ұтқыр ұйымдастырылса, сол елдің қазынасы толып, әлеуметтік мәселелерді шешуге қауқарлы болады. Осы тұста, экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевтың «Елімізде былтыр «көлеңкелі экономи-каның» үлесі 20,23 пайыз болған. Меніңше, «көлеңкедегі нарықта» басым үлеске ие сала – арақ-шарап саудасы. Бұл тізімге бала бағу, көліктік қызмет түрі, репетитор ретінде сабақ беру, құрылыс жасауда көрсетілетін қызмет түрлерін қосуға болады. Осындай қызметтерден салық түспеген соң, мемлекеттік қазына ең кемі 1,4 трлн теңге түсімнен қағылып отыр. Бізде бюджетке салықтан түсетін түсімдер аз. Себебі, бюджеттік шығын-ның жартысы ғана салықтан жабылады. Дүниежүзіндегі 170 мемлекеттің экономикасы салық есебінен «өмір сүріп» отыр. Президент те кезінде «біздің елдің шығыны табысына сай емес» деген еді. Ол үшін «көлеңкедегі экономиканы» есепке алу қажет. Бұған дейін азаматтардың алатын табысына сай салық мөлшері бекітілуі тиіс деген мәселе көтерілген-ді. Мысалы, 20-30 млн айлық алатын адамдардың жеке табыс салығын 15 пайызға көтеру керек. Бұл бастамаға құзырлы органдар да, депутаттар да ешқандай пікір білдірген жоқ. Ал зейнетақы қорынан берілген қаражат елдегі 2 пайызға ие дәулетті адамдардың «оң жамба¬сына тура» келді. Тек жеке тұлғалардың емес, кәсіпорындардың да табыс салығын 20-30 пайыздан 40 пайызға көтеру керек деп есептеймін», – деген сөзінің жаны бар.

Осындай «көлеңкелі» эканомиканың салдарынан аса ірі көлемдегі қаржы көздері бақылаудан тыс қалып, ел эканомикасына айтарлықтай қиындық туғызып отырғаны сөзсіз. Яғни, кәсіпкерлік нысандардың салықтан жалтаруы ортақ қазынаның ортайуына әкеледі. Егер әрбір азамат жауапкершілікпен қарап, мемлекет алдындағы міндетке бейқамдық танытпаса игі. Осы ретте, аудан тұрғындары салықтық міндеттерін орындауға қаншалықты ат салысуда. 2022 жылы салықтық төлемдер қалай орындалып жатыр? Бұл сұрақтарға аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Талғат Мұстафаевтан сұрап көрдік.

– Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасымен 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің жоспары 15066353,8 мың теңге болса, жалпы 18656160,3 мың теңге түсіп, 123,8 пайыз орындалды. Оның ішінде, аудандық бюджетке 2067415,9 мың теңге түсім түсті.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда түсімнің өсу қарқыны 137,1 пайызды құрады. Аудан көлемінде кәсіпкерлік субьектілерімен жүргізілген түсіндірме жұмыстары барысында салық есептілігін 0-дік көрсеткішпен тапсырған 35 салық төлеушіге 2019 жылдың 1,2 жартыжылдығына 17 053,0 мың теңге айналым сомасына қосымша салық есептілігі тапсыртылып, жергілікті бюджетке қосымша 255,8 мың теңге салық түсімдері түсті. Камералдық бақылау бойынша 3 тоқсан 2021 жылы 115 тұлғаға 142748,4 мың теңгеге хабарлау қалыптастырылған. Оның 300,0 мың теңгесі нақты ақшамен өндірілген.

Сондай-ақ 3 тоқсан 2023 жылы 115 тұлғаға 2 909 009,0 мың теңгеге хабарлама қалыптастырылып 23 386,0 мың теңге нақты ақшамен төлем жасалған. Ал 76 440,5 мың теңгеге артық ақшаның есебінен өндірілген. Камералдық бақылау бойынша 4 тоқсан 2022 жылы 13 тұлғаға 123 163,4 мың теңгеге хабарлама қалыптастырылды. Оның ішінде 7 тұлғаға 63 714,1 мың теңгеге хабарлама қолмен шығарылды. Алдағы уақытта да, бұл бағытта қосымша кіріс көздерін іздестіру мақсатында жұмыстар жалғасын таба береді. Жаңақорған ауданында 01.10.2022 жылға 676 заңды тұлға, 4 224 дара кәсіпкер және 991 шаруа қожалығы, барлығы 5 891 салық төлеуші тіркеу есебінде тұр. Қазіргі таңда кәсіпкерлік саласына тексеруге рахымшылық бергендігіне байланысты салық есептілігін мерзімінде тапсырмау жағдайы жиілеп кеткен. Бір ғана 1 жартыжылдық 2022 жылы 1438 кәсіпкерлік субьектілеріне хабарлама шығарылған. Яғни тіркелген кәсіпкерлер саны 4157 болса, 34,5 пайызы кеш тапсырған. Сонымен қатар қәзіргі таңда 12.5 көрсеткіші бойынша бір жыл ішінде кірістер бойынша нөлдік немесе бос декларацияны (911.00, 910.00, 912.00, 220.00 СЕН ) ұсынған дара кәсіпкерлер бойынша жұмыстар жүргізілуде. Талдау барысында салық төлеушілердің басым бөлігі кәсіпкерлігін ашқанымен нақты табысы болмағандықтан салық есептілігін 0-дік көрсеткішпен тапсыруға мәжбүр болуда. Алайда салық кодексінің талаптары бойынша 0-дік көрсеткішпен салық есептілігін тапсыруға тиым салынбаған. Осыған байланысты камералдық бақылаумен немесе уәкілетті органдардың мәліметіне сәйкес табысын жасырып отырған салық төлеушілер тізімі алынып бағалау көрсеткіші осы арқылы белгіленсе деген ұсынысымыз жүзеге асса нұр үстіне нұр, – дейді жауапты маман.

Дұрыс-ақ, салық түсімі артып, аудандық бюджет толыға берсің. Бірақ одан асыра орындауға мүмкіндік мол ғой! Мәселен, көлік салығын 300 пайызбен орындайтын елді мекендерге мониторинг жүргізіп, жоспарлауы қаншалықты шынайы жүргізілетінін анықтауға болады. Жалпы, салыққа байланысты мәселе көп.

Расында, «Көлеңкелі» экономиканың салдарынан аса ірі көлемдегі қаржы көздері бақылаудан тыс қалып, мемлекеттің экономикасына үлкен қауіп төнері сөзсіз. Дамыған елдерде салық жүйесі жолға қойылған, экономикасы тұрақты, Ұлттық қорындағы қаражаты бүгінгі күннің қамы үшін емес, келер ұрпақтың еншісіне деп сақталатынын көреміз. Байыбына барып қарасақ, салық – айналып келгенде өзімізге қайтатын капитал. Көшелердің жарықтандырылуы, құрылыстардың қарқын алуы біз бен сіздің салып отырған салықтан жүзеге асырылады. Бізді мақсат осыны түсіндіру, ұғындыру ғана...

Тағы да оқыңыз: