Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданы аграрлы аудан. Өткен жылы дихандар қызанақтан мол өнім алды. Биылғы жылы да жер анадан ризық күтіп отыр. Биылғы жылы қызанақты баптайтындардың саны артқа. Шиелілік диқан А.Кимнен естідік. Расында, қызанақтың пайдасы көл-көсір. Жә, кәсіптің бұл түрін біздің ауданда өрістеткен адам бар ма? Бізге осы сұрақтың жауабы қызық болды. Ауылшаруашылығы бөліміне хабарластық. Жауапты мамандар гектарлап қызанақ егетін диқандар аз екенін, тек 20-30 сотық игеретіндер басым екенін алға тартты.

Дәл қазір қызанақтың бір келісінің бағасы 270-280 теңге. Қыс мезгілінде 1600-1800 теңгеге дейін қымбаттайды. Адамның тәбетін арттырып, астың дәмін кіргізетін қызанақтың құрамында В1, В2, В5, В6 және А, Е, С сияқты дәруменге бай. Жалпы, Шиелі ауданы Қызылорда облысын қызанақпен қамтамасыз етіп отыр. Мұның мәнін әлгі Кимнен сұрадық. Сөйтсек, қызанақ қып-қызыл ақша екен.

– Қазір жасым алпысқа таяды. Өмірлік тәжірибемде түрлі дақылды ектім. Алайда қыруар табыс таптым дей алмаймын. Соңғы 10 жыл көлемінде тек қызынаққа басымдық беріп келемін. Оның сыры – қызанақ қып-қызыл ақша. Ерте көктемде тұқымын тастап, көшет дайындаймыз. Өзімізге қажеттісін алып қалып, қалғанын сатамыз. Көшетті сатып бітеміз дегенше қызанақ та шыға бастайды. Маусым айында қызарған қызанақты қазан айына дейін базарға шығарамыз. Құтты сауын сиыр секілді. Уақтылы суарып тұрсаңыз өнім беруді күн суытқанша тоқтатпайды. Ең соңғы өнімді көктей жинап аламыз. Оның өзі қыстай азық болады. Бұрын 2-3 гектар жерге қызанақ еккенімізде Шиелі ауданынан артылмайтын, қазір 10-12 гектарды игереміз. Қызылорда қаласынан алдын ала тапсырыс беретіндер көп. Тіпті Жезғазған жақтан келіп әкетеді, – дейді ол.

Оның сөзінше, жерді өндеудің сыры көп, жылда шіріген көңді егістікке тастайды. Сосын зиянкестер мен ауруларға қарсы ем шараларды атқарады. Көшет мол өнім беруде төменгі жапырақты, өгей бұталарды кесіп, өз баласындай қарайды. Осындай аз-маз күтім жасалған қызанақтар табысқа кенелтеді.

Әлем елдерінің тәжірибесін зерделедік, Түркияда жылыжайдың 88 пайызында қызанақ өсіріледі екен. Халқының саны бізбен шамалас болса да, жері әлдеқайда кіші Нидерланды алдына ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау әлеуеті таңғалдырады. Бұл жөнінде Нидерландының алдына тек АҚШ ғана шығады. Миллиард тұрғыны бар Қытай өз-өзін қамтып, тіпті алыс-жақын елдерді азық-түлікпен жарылқап отыр.

Хош! Озық елдер түгілі көрші тұрған Шиелі ауданының тәжірибесінен сабақ ала бермейміз. Қызанақ алқабы туралы білмекке ауылшаруашылығы бөлімінің бас агрономы Дәурен Абибуллаевты сөзге тарттық.

– Жасыратыны жоқ, біздің ауданда қызанақ өсіруге ынта-ықылас төмен. Биыл 2-3 гектардан жекелеген адамдар екті. Олардың басым көпшілігі Жайылма ауылына тиесілі. Онда да әр диқанның қызанақ алқабы 10 соттықтан аспайды, – деді бас агроном.
Содан Жайылма ауылындағы диқаншыларға хабарласып, егіннің жайын сұрадық. Әлбетте, ондағы жұрт қарбызға бейімделген. Ал, Асылжан Жапеков, қызанақ егуді қолға алыпты.

– Сырт көзге қызанақ өсіру жеңіл көрінгенімен, машақаты ауыр. Негізі, қызанаққа қарағанда картоп өсіру әлдеқайда оңай. Екі гектар жерге қызанақ егіп отырмыз. Негізінен, қызанақ күн шуағы мол түсетін ашық, тың жерде жақсы өседі. Өскінге тіреу қажет, сондықтан да ағаш қадалар, керілген сым темір не ескен жіптер тартылады. Топырақ ылға
түскенше өнім бере береді. Пісіп үлгермегендерін тамыр сабағымен қоса жұлып алып, қалқа жерге іліп қойса, сапасын жоғалтпай, өз жемісін қыста да береді, – дейді ол.

Күзде қызанақты консервілеп, қыста пайдасын тағы көреді. Қысқасы, ауданда қызанақ өсіруді дамыту өте маңызды. Мақала жазу барысында санада осындай ой саңылау берді.

«Өзін ауылшаруашылығы өнімдерімен толықтай қамтамасыз еткен ел нағыз тәуелсіз мемлекет саналады. Біз аграрлық елміз ғой. Әлі күнге дейін өнімдердің басым бөлігін сырттан алып отырмыз. Ет өндіреміз, шұжықты сырттан аламыз. Жеміс-жидек, көкөністі де тасымалдаймыз» деп Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа қарата айтқан сөзі еріксіз ойға оралады. Расымен ауылшаруашылық өнімдерін тұтынуда импортқа тәуелдіміз. Аудан орталығындағы базарларда бағасы «ұшып» тұрған жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің дені Өзбекстан мен Қытайдан келеді.

Ал бізде ше? Базар барсаң 500 теңге деп тұрған қызанақ, ертең 600, екі-үш күннен кейін 700 теңгеге шығып, қарапайым халықтың қалтасын қағып тұр. Себебін сұрасаң, келу бағасына қарай қосқанын айтады. Бұл бір. Ерте көктемде қолына күрегін алып, бақша дақылдарын өсіруге ниет еткен жұрттың көбі қауын-қарбыз бен асқабақ еккенді қолай көреді. Ал мына көрші Шиелі ауданы облыс көлеміне, тіпті елдің түкпір-түкпірін қызанақпен қамтамасыз етіп отыр.

Қызылорда қаласына баратын көлікке жайғасқан Ким мынадай қызық цифрларды айтқанда еріксіз бас шайқадым.

– Қызанақ егуді қолға алғаныма жеті жылдан асты. Әсілі қызыл жемісте қасиет бар. Өнімін шілде айының басынан қарашаға дейін пұлдауға болады. Кәсіптің бұл түрінің пайдасы көл көсір. Былтырғы жылы 30 миллион теңге таптым, – дегеніне таңдана қарадық. Әңгімесі қыза түскен соң жолаушылар жан-жақтан сауалдарын төпелетіп қоя бастады. Байыппен жауап берген ол: – Жоғары сапалы көшет егу қызанақты өсірудің маңызды кезеңдерінің бірі. Көшетті отырғызғаннан кейін суаруды, қопсытуды тұрақты жүргізіп тұру қажет. Содан кейінгі тыңайтқыш сеуіп, зиянкестер мен ауруларға қарсы ем шараларды жасау қажет. Бұл процесте көшет дұрыс өсу үшін де төменгі жапырақты, өгей бұталарды алып тастау қажет. Аздап еңбекті қажет етеді. Пайдасы еңбегіңе тұрарлық, – деді.

Біле білгенге, қызанақ пайдалы витаминдерге бай. Ересек адамдарда жиі кездесетін варикоз, гастрит, жүрек қан тамыр аурулары мен қанайналым жұмысын жақсартады. Асқазан ішек жолдары, іштің қатуы кезінде аса пайдасы көп. Өтті тазартады, несеп айдағыш, ісік ауруларынан қорғайды. Зәрдің шығуын тездетеді. Қантты диабетке және семіздікке шалдыққан науқастар үшін құнды тағам. Сондай-ақ, қызанақ иммунитетті көтереді. Ара шаққанда, дене күйіп қалған кезде екіге бөліп басса, ара уын денеге жаймайды және күйіктің ыстығын алатыны бар.

Ойда жоқта ұшырасып қалған кәріс ұлтының өкілінен біраз мағлұмат алған біздер расында жергілікті егінші қауымның бұл көкөніс дақылын егуге неге құлықсыз екенін зерттей бастадық.

– Кәсіпті дамытып, Жер-ана ырыз¬дығын молынан пайдалануда тәуекел қадамдар қажет. Ауыл шаруашылығы саласы бүгінгі таңда бұрынғыдай дәстүрлі егіншіліктен ғылым мен білімді пайдалана отырып дамуға көшті. Нәтижелі жұмыс болу үшін де бұл өте қажет. Жылыжай шаруашылығы да осындай әлеуетті талап етеді. Қазіргі кезде бұл кәсіптен нәсіп көріп, шаруашылықты дамыту үшін дұрыс жер таңдап, оны өңдеуде, егіп өнім алуда жан-жақты ізденіс пен еңбекқорлық қажет, – деді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.

Бұл жайлы «ТОО Қызылорда Агроплюс» басшысы Серғазы Есенбаев Жаңақорған аумағына қандай тұқым қолайлы екенін зерттеп жатқанын жеткізді. Биыл су насостары қойылып, жер өңделуде. «Даму» қорының қар¬жылай қолдау болса келесі жылы 1000 гектар жерге қызанақ егуді жоспарлауда екен.

Жалпы өткенге көз салсақ, аудандағы Юбилейный, Алмалық совхоздары көкөніс егумен айналысқан. Қияр мен қызанақ, қырыққабат егіп мол өнім алып, аудан жұртын өзіміздің өніммен қамтыған. Біздің айтпағымыз, аудандағы елдімекендердің бірі көкөніс өнімдерін өсіруге ден қойса тұрғындары алыстан арбалатпай, елдегі өнім ерінге тиер еді.

Олай деуімізге себеп бар. Көрші мемлекеттен 300-350 теңгеден алынған тауардың бағасы, алушының қолына тигенде екі еселенеді. Ауданға тікелей Түркістан мен Сарыағаштан жеткізілетін тауар бағасы күн сайын құбылып тұр. Базардағы көкөніс сатушысына жақын барып себебін сұрадық.

– Негізгі бағаны түркістандықтар қояды. Ауылдағылар келу бағасына қарай 50-70 теңге қоямыз. Көбіне жол шығынын, төлейтін орынды есептеп кәсіпкер сатылатын затының бағасын шығарады, – деді.

Жаңақорған кентінен шыққан көлік жарты сағатқа жетпей еңбекқор адамдардың қасына әкелді. Бізді Тұрсынай Жұмашева мен оның ұлы Мейіржан Байжанов қарсы алып, үй іргелік қосалқы шаруашылықпен таныстырды.

– Үй іргелік жер 70 соттықты құрайды. Ақпан айында үйдің ішінде арнайы құтыларға дән тастап, күтіп, баптап, дайын көшетті осында отырғыздық. Қазір жаппай өнім беруде. Қызынақтың екі түрі бар. Жаңақорған кентіндегі орталық базарға күніне 300-350 келі қызанақ шығарып, базар бағасынан төмен сатудамыз. Қызанақтан бөлек болгар бұрышы мен қиярдан өнім алудамыз, – дейді диқан.

Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы ша¬руақор адамдардың қаркетінен қуаттана сөйледі.

– Міне, еңбек! Сайрамнан осындай тәжірибені көріп, қатты таңғалған едім. Олар ұлтарақтай жерді кәдеге жаратып, мол табыс тауып отыр. Содан кейін көрген берекелі тірлік осы! – деген әкім терең ойға берілді.

Әрине, аудан басшысы не ойлағаны өзіне ғана мәлім. Біздікі – жатыпішер жалқаумыз, істің көзін таппаймыз деген ой ғой! Жоқ. Олай емес екен. Біздің ауданда да үй іргелік жерден табыс табуға талпынған тұрғындар бар екен. Бізді осы қарекет қуантты.

– Қандай мәселе бар? Біздің тараптан қандай көмек керек? – деді әкім

– Ешқандай мәселе жоқ. Кетпенді сайлап, жерге тер төксеңіз, еңбегіңіз еш кетпейді.

Алдағы жоспарымыз – жылыжай құрып, ерте көктемде көшет дайындап, нарыққа қызынақ пен қиыр шығарсақ дейміз. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін қайтарымсыз грант алып, жылыжай құрсақ дейміз, – деп жауап қатты диқан.

Сөзге араласқан жұмыспен қамту орталығы жанынан құрылған комиссия мүшесі, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров:

– Тұрсынай апай, комиссияға мал шаруашылығына байланысты жобалар көп келеді. Біз отбасылық бизнестің сан-саланы қамтып, қалыптасып, дамығанына мүдделіміз. Креативті жобаларға қолдау білдіреміз. Әсіресе, өнім өндіретін салаға басымдық береміз. «Бастау-Бизнесті» оқып, сертификат алып, комиссияға келсін. Тіпті жеңілдетілген несие алуға көмектесуге дайынбыз, – деді.

– Сайрам ауданымен тәжірибе алмасу үшін арнайы делегация бастап барып, ілкімді істер мен өміршең жобаларды көріп қайттық. Келген бойда мамандардың басын қосып, «Бір ауыл – бір жылыжай», «Бір аула – бір қойма» жобасын жүзеге асыруға басымдық беруді құптадық. Бір жағы – өз-өзімізді табиғи өніммен қамтамасыз етуге, екінші жағы – базардағы бағаны тұрақтандыруға әсер етеді. Үшіншісі – бизнестің дамуында шешуші рөл атқарады. Біздің тараптан қандай көмек керек, ұялмай айтыңыз. Біз жұмыс істеуге ниетті адамдарға қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді аудан әкімі

Дәл қазір қызанақтың бір келісінің бағасы 270-280 теңге. Қыс мезгілінде 1600-1800 теңгеге дейін қымбаттайды. Адамның тәбетін арттырып, астың дәмін кіргізетін қызанақтың құрамында В1, В2, В5, В6 және А, Е, С сияқты дәруменге бай.Шиелі ауданы Қызылорда облысын қызанақпен қамтамасыз етіп отыр. Тіпті, Шымкент, Жезқазған, Ақтау, Атырау қаласына дейін асады.

Бұл турасында ауданның төл басылымы – «Жаңақорған тынысы» газетінде «Қызыл жемісте қасиет бар», «Қызанақ қып-қызыл ақша», атты мақала жазып, онда: «Маусым айында қызарған қызанақты қазан айына дейін базарға шығарамыз. Құтты сауын сиыр секілді. Уақтылы суарып тұрсаңыз өнім беруді күн суытқанша тоқтатпайды. Ең соңғы өнімді көктей жинап аламыз. Оның өзі қыстай азық болады» деп ой түйген едік.

Бұл ойды өзгенттік диқандар да растап, қызанақтың тілін тапқан мол табысқа кеңелетінін жасырмады.

– Ауылдың әйелдеріне қызанақ егудің қыр-сырын үйретудемін. Қызанақ алқаптың арам шөбін жұлуға және теруге адам жалдаймын. Күнделікті келіскен ақшасын беріп тұрамын. Сырт көзге қызанақ өсіру жеңіл көрінгенімен, машақаты ауыр. Ол күн шуағы мол түсетін ашық, тың жерде жақсы өседі. Қара күзге дейін өнім береді. Пісіп үлгермегенін тамыр сабағымен қоса жұлып алып, қалқа жерге іліп қойса, сапасын жоғалтпай, өз жемісін қыста да береді. Консервілеп, қыста сатуға да болады – дейді Тұрсынай Жұмашева.

Бұған дейін Шиелі ауданының диқандарын мысалға алып, қызынақ қып-қызыл қаржы екенін жазған едік. Мұндай бейнеткеш, қызылдан қаржы айырып отырған арамызда да бар екен.

Түйін. Қалай десек те үздіксіз өнім беретін қияр мен қызанақты егетіндер күзде сатылғаннан артылған өнімді консервілеп, қыста пайдасын тағы көреді екен. Бұл ретте ала жаздай атыз жағалаған диқан еңбегінің таразысы ауырлап, тынымсыз тірлігі табыспен аяқталады.

Тағы да оқыңыз: