Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында 2023 жылдың маусым айының 21 күніне бастап 24 күні аралығында аса қауіпті Конго Қырым геморрагиялық қызбасы (әрі қарай-КҚГҚ) ауруының нақтыланған 4 жағдайы есепке алынды.
Тіркелген науқастарды елді мекенге бөлгенде: Құттықожа ауылында - 2 жағдай, Жаңақорған кентінде-1 жағдай, Қожакент ауылынан -1 жағдай есепке алынды. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық зерттеу жұмысы жүргізіліп анықталғаны: 2 науқасты кене шағу, 1 науқаста кенені жалаң қолмен езу болған, науқастар кенені денеде алғанда жергілікті емдеу орнына қаралмаған, медицина мамандарына кеш қаралып 3 науқас ауыр жағдайда, 1 науқас орташа ауырлық жағдайында ауруханаға жатқызылған. Жаңақорған ауданы аса қауіпті табиғи ошағында орналасқан, яғни КҚГҚ қоздырғышын тасымалдаушы кенелер біздің аумағымызда өмір сүреді.
Бұл аурудың аса қауіпті аталуы егер науқас дер кезінде дәрігерге көрініп емделмесе қанның көп кетуінен өлімге әкелуінде.Бұл ауру адамға вирусты тасымалдайтын кене шаққанда, сондай-ақ малдағы кенені жалаң қолмен жұлғанда, езіп өлтіргенде, қой қырқу кезінде, кенені қырқып тазартқанда, кененің қаны шашырағанда жұғуы мүмкін. Сондай-ақ науқас адамға күтім жасау кезінде оның қанымен жанасу болғаннан кейін жұғады. Аурудың жасырын кезеңі 1-7 күннен бастап, 12-14 күнге дейін созылуы мүмкін. Адам ағзасында жалпы улану белгілері пайда болып, науқастың басы қатты ауырады, әлсіздік пайда болып, бұлшық еттері, сүйектері сырқырап ауырады. Ұйқысы бұзылып, дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Науқастың белі, іші ауырып, құсу жағдайы да болады. Ине шаншыған жерлер көгеріп, көзі қызарып, ауыз, мұрын қуыстарынан 7-8 –ші күндері қан кетуі мүмкін. Дер кезінде емделмеген жағдайда науқастың қан анализдерінде қанның ұю уақыты ұзарып,қан көп кету жағдайына әкеліп соқтырып, кеш келген науқасты аман алып қалу жағдайы мүмкін болмай қалады. Егер науқас дене қызуы көтерілісімен емдеу орнына қаралып емін дер кезінде алса , науқас қан кету жағдайына жетпей жазылып кетеді де науқаста 5 жылға дейін иммунитет пайда болады.
Бұл індетті болдырмас үшін басты жағдай кенелерді жою шараларын жүргізу, мал қораларды көңнен қидан таза ұстау арқылы кенелердің мал қорада ұялап көбеюінің алдын алуды ұйымдастыру қажет. Кенелер малдың қанымен қоректенетіндіктен малға кене жабыспау үшін дәрілеп отыру қажет. Табиғат аясына шыққанда ақ түсті жеңі ұзын киім киіп, балақты шұлықтың ішіне салу қажет.
Егістікке, табиғат аясына және мал қораға барып келген соң сыртқы киімдерді шешіп денені кенеге мұқият тексеру керек;
Індетке шалдыққандардың басым көпшілігі - мал күтімімен, мал союмен, егін, ауылшаруашылығымен айналысатын тұрғындар. Сәйкесіншеер адамдардың үлесі65,5% құрап, баксымдық үлесті алып отыр. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шараларының бірі – кенелерге қарсы залалсыздандыру. Облыс бойынша кенелерге қарсы улау жұмыстары ағымдағы жылы сәуір айынан облыстың оңтүстік аудандарынан басталады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, наурыз айының 2-онкүндігінензоопаразитологиялық топпен кене жинау, зерттеу жұмыстары басталады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының айналымы иксод кенелерінің өсіп-жетілу циклына тікелей байланысты. Ауру осы кенелер жаппай табиғатқа шыға бастаған уақыттан бастап тіркеле бастайды. Табиғатта ауру қоздырғыштары дала тышқандары, кірпі, торғайлар арқылы сақталады. Олар вирустарды қансорғыш кенелерге, ал кенелер басқа жануарларға, адамдарға жұқтырады. Бір ерекшелігі - адам кененің шаққанын сезбейді, себебі кене шаққан кезде қадалған жерін жансыздандыратын сұйықтық бөліп шығарады. Тек 1-3 күннен кейін ғана кене жабысқан жер қызарып, ауыра бастайды. Сондықтан табиғат аясында, немесе егіндікте жүргенде денеде кененің бар-жоғын арагідік тексеріп тұрған жөн.Конго-Қырым қанды қызбасы асқынған жағдайда адам организімінде қанның ұю қасиеті төмендеп, денеде бөртпелер, көгерулер пайда бола бастайды, осыған байланысты халық арасында бұл ауруды «көкала» деп те атайды.
Аурудың жұғу жолдары:
- кене шаққанда, мал қырқымы кезінде жүннің арасындағы кенені қайшымен қиып жіберген кезде кененің ішіндегі биологиялық сұйықтықтармен жанасқанда;
- мал сойғанда, малдың етін жіліктеу, қақтау кезінде, малдың үстіне жабысқан кенені жалаң қолмен жұлып алғанда, мыжығанда кененің ішіндегі сұйықтықтарымен жанасқанда;
- қан кетіп ауырып жатқан адамға көмек көрсету кезінде науқастың қанымен жанасқанда ;
- зертханаларда қанмен жұмыс жасау кезінде техника қауіпсіздігін сақтамаса, ауа арқылы (өте сирек кездеседі) жұғуы мүмкін.
Аурудың алдын алу шаралары:
- табиғатқа шыққанда ауылшаруашылық малдарына, үй жануарларына күтім жасағанда мейлінше ақшыл түсті жабық киім кию, шалбардың балағын етік ішіне немесе шұлық ішіне салып, жеңді түймелеп, кене кірмеу жағдайын жасау;
- мал қырқымы кезінде қорғаныс киімдерімен жұмыс жасау, ұзын резеңке қолғап, алдына резеңке алжапқыш және ұзын қоныш етік кию;
- кенелердің жабысуын болдырмауға арналған түрлі жақпа майлар, аэрозольдер түріндегі үркіткіш заттар (репелленттер) пайдалану.
- Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу.Бұл ретте алдымен мал ұстайтын қораларды көңнен қоқыстардан тазарту қажет. Себебі көп жылдан бері жиналған қи, көң жиналған орындар, күл-қоқыстар - аналық кенелер үшін жұмыртқа тастауға өте қолайлы. Маңыздысы бір аналық кене 800-ден 10 мыңға дейін жұмыртқа тастайды және ауру қоздырғышы вирусты тікелей жұмыртқа арқылы 100 пайыз өз ұрпағына береді. Сол себепті жұмыртқадан жаңадан өрбіген кенелер түгелдей осы ауруды денесінде сақтаушы әрі тасымалдаушы болады, яғни жаңадан аурудың табиғи ошағы пайда болады.
Аурудың негізгі белгілері:
Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамаққа тәбеттің жоғалуы, құсу, жүрек айну, бұлшық еттердің ауыруы, бүйрек тұсының ауыруы, бастың, іштің ауруы байқалады. Осы белгілер байқалған жағдайда адам шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінбесе, әрі қарай қан кетумен асқынып, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін.Аталған белгілер байқалса міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.
Кез келген ауруды болдырмаудың басты шарты – сақтық шараларын орындау. Сондықтанұсынылған кенеден қорғану, аурудың алдын алу ұсынымдарын орындау арқылы Сіз өз денсаулығыңыз бен қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ете аласыз. Өз денсаулығыңыз - өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз!