maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Жеке кәсіпкерлік – бүгінгі күннің талабы.  2023 жылы ауданда қайтарымсыз қаржы көлемі 1 225 200 теңге болып бектілді. Ағымдағы жылы ауданымызда жастар практикасына-301, қоғамдық жұмыс орындарына – 403 адам, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға – 904 адам қатысып, оның – 167-і грант алды. Ал, қысқа мерзімдік курстан -8 жас өтіп, барлығы дерлік жұмысқа орналасты, әлеуметтік жұмыс орындарына – 25 адам қамтылған.

Бұл туралы жұмыспен қамту орталығының маманы Руслан Мұсатаев тарқата айтты.

«Жастардың «екі қолға бір күрек» таппай, қол қусырып жүргені көңілге қаяу салады. Бүгінде мемлекет тарапынан қаншама бағдарламалар қарастырылып жатыр, белгілі бір мамандықты оқытып та жатыр. Меніңше, адамда ниет болу керек. Білемін, ел арасында түрлі көзқарас бар. Шын мұқтаж адам тиісті қаражатты ала алмай, жағдайды орнықтырар мүмкіндікті пайдаланып жатыр деген пікірлер бар. Қазір 400 АЕК яғни 1 225 200 теңге қайтарымсыз грант алып жатыр. Бұл аз ақша емес, кәсіпті дөңгелетіп кетуге әбден болады. Осыған орай, талаптары да қатаңдатылып жатыр. Басым бағытты жастарға беруде. Сондай-ақ, грант алған адамды маниторингтік топ бір жылға дейін қадағаласа, енді үш жылға дейін тексеріп отырады. Осындай өзгерістерден кейін, кім көрінген бұл қаражатты ала бермейді. Негізі, кез келген адам қандай да істі бастауға ниет етіп, бірақ неден бастарын білмей жүрсе, бізге келіп, кеңес алса болады. Ең бастысы, оқу курсын тәмамдап, көпбалалы отбасы мүшесіне міндетті емес бизнес жоспарды қорғап шығу керек. Жоба қорғаушылар бастайтын кәсіп түрін жан-жақты зерттеп, керегінше ақпарат жинап, өзге де кәсіпкерлердің тәжірибесін көргені дұрыс. Сіздің ашқалы отырған кәсібіңіз нарықта қажеттілігі қаншалықты деңгейде. Егер өз-өзіңізге сенімді болсаңыз, аз ақшамен де кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады», – дейді маман.

Расында, кез келген ақпарат құралында «инновациялық жоба» дегенді естіп қаламыз. Бұл сөздердің жиі айтылатыны сондай, құлағымыз үйреніп кеткен. Дегенмен осы терминнің түп мәніне үңіліп қана қоймай шынайы қолға алсаңыз, жаңа іс бастап, қолданысқа енгізгіңіз келсе, бірақ істі неден бастап, қайда барып, қандай әрекет жасауыңыз керек екендігін білмей жүрсеңіз, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған ауданы филиалының директоры Асылжан Жолдасбеков инновациялық жобалар жайында мағлұмат беруге әзір.

«Біз «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша бизнесті бастау және кеңейту, іскерлік серіктестік құру және стратегиялық бастамалардың маңызы туралы жан-жақты түсіндіріп, жастарға креативті жобаларды ұсынамыз. Бірақ көпшілік бір-екі малға қанағат қылудан әрі асар емес. Инновациялық грант дегеніміз – экономиканың басым секторларында, яғни өнім өндіру мен қызмет көрсету салаларында шағын қалалар, моноқалалар және де ауылдық елді мекендерде өзінің кәсібін ашқысы келетіндерге мол мүмкіндік береді. Яғни, талапкер өзінің тұрғылықты жерінде жоқ кәсіп түрін ашуы қажет. «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында инновациялық жобаларға арналған гранттарға шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде ісін жаңа бастаушы кәсіпкерлер, жас кәсіпкерлер, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және 50 жастан асқан адамдар қатыса алады. Жобаға қатысушы үміткер мынадай құжаттарды жинақтауы қажет: заңды тұлғаны (дара кәсіпкерді) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі, кәсіпкердің ағымдағы шотында грантқа қатысу барысында ұсынып отырған жоба құнының 10 пайызы көлемінде қаржысы бар екендігін дәлелдейтін банктен алынған анықтама, өтінім берілген кездегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы басшының қолымен және өтініш берушінің мөрімен (болған кезде) расталған анықтама, бизнес-жоспары және «Бизнес кеңесші немесе бастау бизнес» оқу курсынан өткендігін дәлелдейтін сертификаттың көшірмесі, өтініш берілген күнге дейін кемінде күнтізбелік 30 күннен кешіктірілмей берілген бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша берешектің жоқ екені туралы анықтама, сонымен қатар мемлекеттік грант беру бойынша конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінім, міне осы құжаттар конкурстық комиссияға ұсынады», – дейді сала басшысы.

Бұл жөнінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаевтан сұрап білген едік.

«Ауданда кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктер өте көп. Осыған орай «жаппай кәсіпкелікті дамыту» аясында іске асырылатын жаңа жобаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту, салықтық базаны көбейту және басқа да кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жұмыс жасап жатырмыз. Ең бастысы, халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау басты бағытымыз. Инновациялық бағытта полистерон бетон шығаруды қолға алған Сәкен Сыздықов деген азаматымыз, Ресей елінен құрал-жабдықтары әкелді. Осы азаматты қолдап, «Қарапайым заттар» эконормикасы бағдарламасы бойынша 2 деңгейлі банкке құжаттарын өткізіп, жағдай жасап жатырмыз. Одан кейін, ауласында жылыжай өсіретін Шолпан Сүлейменова деген кәсіпкердің бала-шағасы кәде сыйлар дайындап келген кәсібін кеңейтіп дәретхана қағазын шығаруды қолға алып, өңірлік инвестициялық орталыққа құжаттарын тапсырып, 7 млн теңге қаржы алды. Қазіргі уақытта керекті құрал-саймандарын орнатып, жұмыс жасап жатыр. Бұл аудандағы ең үлкен жаңалық деп есептеймін. Ал, 29 жасқа дейінгілерге тиесілі қайтарымсыз грант – 5 млн теңгені Қыраш ауылдық округінен Рақымжан есімді азамат алды. Ол комбикорм шығаратын цех ашуға жұмыс жасап жатыр. Сейдахмет Сарбасов деген азамат мебель цехын ашып, цифрландыру жүйесін қолға алды. Бұрын-соңды бұндай өзгеріс біздің ауданымызда болмаған. Одан бөлек, Жайылма ауылдық округінде Мұхтар есімді азамат ірі қара, уағ малдарға жем шығаратын цех ашып, жұмысын жүйелендірді», – деді Қаржыбек Тәжібайұлы.

Қазір әлем қарқынды дамып келеді. Соңы ескеруіміз тиіс. Біз әлемдік өркениет көшінен қалмауымыз үшін цифрландыру, IT, ауылшаруашылығы саласында биотехнология енгізу, жекеменшік медициналық пунктер, білім орталықтары және т.б дамытуға мән беретін кез келді. Бизнесті осы бағытта өркендетудің артықшылығын түсінуіміз керек-ақ. Жастардың түрлі идеясы бар, ойы өте ұшқыр, олар қазіргі заманауи технологяларды меңгереді, ойларында түрлі бизнес-идеялары да жетерлік, соны қалай жүзеге асыруға болады, қалай қаржыландыру керек немесе соны іске асырудың жолын біле беремейтін секілді. Байқағандарыңыздай, мемлекет кәсіп ашам деушілерге осындай ұтымды мүмкіндіктер беріп отыр. Ендігі жерде белгілі бір кәсіпке икемді немесе бизнес жоспары бар жастар осындай қолдаудың шарапатын сезініп, жұмыссыздардың санын азайтып, өзіндік жұмыстың өзгенін жандандыруы қажет-ақ.

Кез келген мемлекеттің экономикалық дамуында шағын және орта кәсіптің алар орны ерекше. Шағын кәсіп түрі дамыса халықтың әл-ауқаты жақсарып, елдің экономикасы қарқынды қарыштайтыны сөзсіз. Оған озық елдердің тәжірибесі дәлел. Міне, біздің мемлекет те осы бағытқа басымдық беріп, қайтарымсыз гранттар тағайындады. Осы орайда мемлекеттің қолдауына ие болғандар кәсібін қаншалықты дамытты? «Қайтарылмайтын қаржы» екен деп мақсатсыз жұмсамайтынына кім кепіл? Біз осыны саралап көрдік.

Мемлекеттің жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға берген қаржысын кімдер алып, қандай кәсіппен айналысып жатқанын білмекке алдымен аудандық жұмыспен қамту орталығына ат басын бұрып, орталық маманы Руслан Мұсатаевпен тілдестік.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант беру біздің ауданда 2018 жылдан бері жүзеге асып келеді. Мысалы, 2018 жылы 100 тұрғын грантты жеңіп, оған 24 млн 050 теңге қаржы бөлінді. Ал, 2019 жылы 662 адамға 250 млн 240 мың теңге берілді, 2020 жылы 649 грант иегері 324 млн 692 мың теңге алса, 2021 жылы 673 тұрғынға 396 млн 628 мың теңге қаражат берілді, 2022 жылы 800 тұрғынға 1 252 000 миллион теңге берілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш екі есе жоғары шығып отыр», – дейді Руслан Алдабергенұлы.

«Жалпы өткен жылы мемлекеттік грант беруге жыл басында 600 адам жоспарланып, республикалық бюджеттен 350,040 млн теңге қаржы бөлінген. Қажеттілікке байланысты қараша айында тағы да 73 адамға 42,588 млн теңге қосымша қаражат бөлінді. Нәтижесінде 673 адамға грант тағайындалып, жоспар 112 пайызға орындалды», – дейді маман.

Өткен жылы қайтарымсыз грантты алған 673 тұрғынның 339-ы бағдарлама аясында «Бастау-бизнес» кәсіпкерлік негізінде оқыса, 62-сі қысқа мерзімді кәсіптік даярлаудан өткен. Оның 285-і жастар, 337-сі әйелдер, 17-сі мүмкіндігі шектеулі азаматтар және 8-і пробациялық есептегілер. Ал, көпбалалы отбасы мүшелері қатарында 160 адам және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын 52 отбасының мүшесі бағдарлама аясында заңнамаға сәйкес кәсіпкерлік оқу қажет етілмей грантқа жобасын ұсынып ие болды.

Орталықтан білгеніміздей, қазір мемлекеттің қолдауына ие болған азаматтар кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын тауып отыр. Біз шағын кәсіп иелерімен де әңгімелестік.

– Бұрыннан әкем көлік аккумуляторларын жөндейтін ұста. Бірақ ол кісілерге казіргідей жағдай жасалмаған ғой. Мен мемлекеттің берген мүмкіндігін жіберіп алмай қайтарымсыз грантты жеңіп алу үшін осы істі қайта жандандыруға бел байладым. Нәтижесінде комиссия мүшелері тың идеямды қолдап, грантты жеңіп алдым. Қазір аудан халқына қызметімізді ұсынып жүрміз. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр, – дейді жас кәсіпкер Әбілақ Мұнархан.

– Қайтарымсыз грантты алып, кәсібін ілгері жылжытып отырғандар аз емес. Мемлекеттің бұл бағдарламасы жұмыссыздықтан арылудың таптырмас жолы болды деп ойлаймын. Мәселен, осы грантты жеңіп алған азамат Дидар Ибрагимов машина жөндеу орталығын ашса, Мәди Айдарбеков желімдеу орнын, Ақсұлу Мұсатаева құс шаруашылығын, Айман Мамбетова жылыжай, Назира Серікбаева компьютерлік қызмет түрін ашып, жұмыстарының жемісін көруде, – дейді комиссия мүшесінің төрағасы Қуандық Қарақожаев.

Иә, мемлекеттің берген мүмкіндігін игілігіне икемдеп, нәтижелі еңбектеніп отырған тұрғындардың аз емес екендігін көрдік. Жұмыстарымен таныстық. Десе де, Руслан Мұсатаевпен әңгіме барысында орталықтың жүргізген мониторингінің нәтижесінде грант жеңімпаздарының қаржыны мақсатсыз пайдаланған деректердің тіркелгенін де білдік. Мәселен 2022 жылы қаржыны мақсатсыз пайдаланған 5 азаматтың ісі сотқа өтіп, мемлекет қаржысын қайтару туралы сот шешімі шыққан. Қазір сот орындаушылары сол азаматтардың ақшасын қайтарып алу бойынша жұмыс жасауда.

Қайтарымсыз қаржыны кімдер ала алады?

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 200 АЕК көлеміндегі қайта¬рымсыз қаржыға жұмыссыз жастар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтар, оралмандар үміткер бола алады. Грантты алуға қатысатын азамат бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған немесе «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізінде оқыту курсынан өткен болуы керек. Сонымен қатар бұрын-соңды мемлекеттік бағдарламалар аясында грант алмаған болуы шарт.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқу дегеніміз – түрлі мамандыққа қысқа мерзімді курстардан өту. Оларға шаштараз, аспазшы, жиһаз құрастырушы, дәнекерлеуші, ауыл шаруашылығы (мал, құс, ара өсіру, жылыжай), тамақ өндірісі (нан және кондитерлік өнімдер), тамақтандыру орталықтары, құйылмалы балмұздақ), автокөліктерге техникалық қызмет көрсету (техникалық жөндеу орталығы, автожуу), құрылыс, тігін өндірісі, цифрлық техника және технология сияқты сұранысқа ие мамандықтар жатады.

Қаржыны алу үшін қандай құжат қажет?

Бүгінде қандай құжат дайындауымыз керек болса да табанымыздан тозатынымыз бар. Осы ретте аталмыш грантты алу үшін тұрғындар қандай құжаттарды түгендеуі керектігіне де тоқтала кетсек. Бірінші, жұмыспен қамту орталығына келіп, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алу үшін өтініш жазады. Екінші, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі керек. Салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын міндетті түрде апару керек. Үшінші, өз ойыңызда жүрген бизнес-жоспарыңызды қа¬ғазға түсіріп ұсынасыз. Яғни, бастапқы бизнес-жоспар. Төртінші, кәсіпкердің бағдарлама шеңберінде оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі. Бесінші, кәсіпкердің атынан өтініш беру құқығына сенімхат, сенім білдірілген өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттың (заңды тұлғаның атынан – заңды тұлға куәландырған) көшірмесі. Алтыншы, тұратын тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекен¬жай анықтамасы немесе ауыл әкім¬дерінің анықтамасы) болуы шарт.

Бұл – құдалық шақыратын немесе кредит жабатын қаражат емес. «Қайтарымсыз екен» деп мақсатсыз жұмсауға тағы болмайды. Өйткені алған ақшаңыздың қай бағытта жұмсалып жатқаны тексеріледі. «Жеке кәсіпкер» атанған соң мемлекетке салық төлейсіз. Іс бастауға технологиялық жабдықтар алсаңыз сатып алған түбіртекті, мал алсаңыз оның құжатын міндетті түрде көрсетесіз. Олай болмаған жағдайда ақша мақсатсыз жұмсалған болып, мемлекетке қайтарып беруге тура келеді. Нақтырақ айтсақ, бағдарламаға қатысушы мемлекеттік грантты алған күннен бастап үш ай ішінде оның нысаналы пайдаланылуын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы растайды. Кәсіпкерлер палатасы шарт жасасқан күннен бастап он екі ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді және жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қызмет көрсетуге (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері) жәрдемдеседі. Грант иегері мониторинг барысында грант қаражаттарын мақсатсыз пайдаланып, басқа бағытта жұмсалғаны анықталса, бағдарлама талаптарына сәйкес ол жөнінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне грант қаражаттарын қайтару бойынша тиісті шешім қабылдау үшін жолданады. Өз кезегінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі грант қаражаттарын бюджетке қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарады.

P.S.: Жалпы, экономиканың түр¬лі саласында инновациялық бас¬тамаларды қолға алуға мүмкіндік мол. Кәсіп бастағысы келген жанға салалар бойынша шектеу жоқ. Тынымсыз ізденіс пен қажырлы қайратты серік етіп, өз қолыңнан келетін істі бизнеске айналдырып, тың идеясын ұсынған адамға мемлекет қолдау көрсетуге дайын. Тек жобаны жақсылап жоспарлап, әрекет етсеңіз болғаны. Әрекет түбі – берекет.

Тағы да оқыңыз: