Kyzylorda-news.kz. «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дегенді Абай бір жарым ғасырға таяу уақыт бұрын айтса да, күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Осы мақсатта, ауданымыздағы «Алты ата» мешітінің ұйымдастыруымен «Имани жаз – 2023» жазғы діни сауат ашу лагерьі 3 апта бойы 40 жасөспірім қызға рухани азық беріп, маусымның 23 жұлдызында қорытынды кеші ұйымдастырылды. Аз ғана уақыттың ішінде жас шәкірттерге мешіт ұстазы Мұзаппархан Бибіхадиша діни сауатпен қатар қайырымды, адал, елімізге қызмет ететін азамат пен азаматшаларды қалыптастыру әдептерін үйретті. Ақиқатында мешіт жанынан ашылған діни сауат ашу курстарының берері мол.
Өйткені, мешітте дәріс алған жас жеткіншектің тәлім-тәрбиесі көзге көрініп тұрады. Шәкірттердің сыпайылығы, кішіпейілдігі, үлкенге ізеттілігі, кішіге құрметтілігі, ата-анаға деген қамқорлығы. Бізде рухани лагерьдің қорытынды шарасына арнайы барып, куә болған едік.
Бұл игі шараның негізгі басты мақсаты – жазғы демалыс мезгіліндегі балалар мен жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдаланып, Алла Тағаланы таныту, имани тәлім-тәрбиені бойға сіңіру болатын, оларды діни сауаттылыққа бағыттап, имандылықтың іргетасын қалыптастырып, жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелеуді ниет етіпті. Қорытынды кеште, лагерьге қатысқан қыздар имандылық нәрімен сусындап, тәлім-тәрбиенің негізін бойына сіңіргендері көрініп-ақ тұр. Ұстаздарының қойған әрбір сауалдарына жарыса жауап беріп, сүрелерді бірінен кейін бірі іліп әкетіп жатқа айтып тұрған сәтте көзімізге еріксіз жас келді. Аз ғана уақыттың ішінде жас шәкірттерге мешіт ұстаздары діни сауатпен қатар қайырымды, адал, елімізге қызмет ететін азамат пен азаматшаларды қалыптастыру әдептері де айтылыпты. Алды небәрі 5 жаста, үлкені 13 жастағы қыз балалар Алла тағаланың 99 көркем есімін мүдірместен айтып, мұсылманның парызын жатқа айтып тұрғаны көрер көзге сондай кемерет көрініс екен.
Осы тұста, «Жас та болса, бас болып», бар білгенін шәкірттеріне үйретіп жүрген Мұзараппархан Бибіхадиша ұстаз өз сөзін былай сабақтады:
«Қазір мешітте қырыққа жуық жасөспірім дәріс алды. Екі жылдан бері өткізіп келе жатырмыз. Баларды рухани құндылығын арттыру, жүректеріне иман дәнін егуге ықпал етсек деген ниеті қой. Қазір балалардың көпшілігі телефонның шырмауына түсіп кеткен. Өздеріңіз де білесіздер, онда жақсыда жаманда дүниелер бар. Ал, оны бала таразылап жатпайды. Сол үшін көкірек көзін ашып, оң мен солын ажыратуды кішкентай кезінен үйретіп тәрбиелеуге ат салысу керек. Ата-бабаларымыз, «Ер бұзылса отбасы бұзылады, ал қыз баласы бұзылса ұлттың қауіпі ғой» сол қыз балаларды тура жолдан таймайтындай сабақ беру біздің міндетіміз. Менің қуанатыным, қыздардың барлығының ынталары жақсы. Мұнда Қасиетті Құран-кәрімді түпнұсқасынан оқуға мүмкіндік жасаймыз. Яғни, Құран әліппесін ежіктеп бастап, уақыт өте емін-еркін оқитын деңгейге жетеді. Өздеріңіз де білесіздер Құранның алғашқы аяты «Оқы» деп түскен. Бұл бұйрық тек Құранды ғана емес, әлемді оқу, адамды оқу, әлемнің жаратылыс сырларын оқып, ғаламды зерттеп – зерделей білу деген сөз. Пайғамбарымыз (с.а.с) «Ілім үйрену-әрбір мұсылман ер кісіге де, әрбір мұсылман әйелге де парыз» деген. Сонымен қатар, дәріс барысында имандылық жөніндегі ғибратты әңгімелер мен мағынасы мол насихат. Үлкенге ізет-кішіге құрмет, ата-анаға қамқорлық, Отанға деген сүйіспеншілік тақырыптарында имани әңгімелер өрбітеміз. Дәріс аламын деушілерге Алла үйінің есігі әрдайым ашық. Тек ынта мен ықылас болса болғаны. Қазіргі таңда 3 аптаға ғана созылды болашақта оданда көп уақыт арнауға тырысамыз деген ниет бар», – дейді ұстаз бізбен әңгімесінде.
Сондай-ақ, қорытынды шараға ата-аналары да келіп, балаларының аузынан шыққан әрбір сөзге қуанып, көңілдері шалқып, қуанғаннан көздері жасаурап отырғандарын айтпай кетуге болмас. Тіпті, алыс-жақын ауылдардан қыздарын тасып оқытқан ата-аналар да бар екен. Шара барысында, осындай ананың бірі Гүлсім Әсләмқызы ұстаздарға шексіз алғысын білдірді.
«Осында отырған аналардың барлығы да Хадиша ұстаз сізге ризашылығымыз шексіз. Расымен де, балаларымыз күн ұзаққа телефонын қолынан тастамай, уақыттарын текке өткізіп жатыр еді. Үш апта болса да, үлкен ілім алды деп есептеймін. Менің қызым 6 сүрені, Алланың 99 есімін жатқа айтып тұр. Шыны керек, қызымның қасында өзім ұялып қалдым. «Жастай алған білім тасқа қашап жазғандай» деп үлкендер айтқандай, өскелең ұрпақтың санасы білімге ашық кезінде ұлттық дүниетанымымызбен сусындауы өте дұрыс деп санаймын. Себебі, осы кезде ұл баланы да, қыз баланы да ертеңгі жауапкершілікке дайындап, өсірсек онда қоғамда орын алып отырған жауапсыз әкелер мен безбүйрек аналардың пайызы біршама азайған болар еді. Осы тұста, «Имани жаз» сауат ашу лагерьі биыл қаншама қыз балаларға ерекше білім берді деуге әбден болады», – деп көңіліндегі қуанышын осылай жеткізді.
Осы тұста, айта кетейін бұл лагерьдің ерекшелігі 40 үйден келген қыз балалар небәрі 3 аптаның ішінде бір үйдің балаларындай, бәрі де бірдей дәрежеде өте ынтықамты уақыт өткізіпті. Бір-бірлеріне бауырмал, үлкендері кішілерін жанына алып, білмеген жерлерін үйретіп жатса, кішілері үлкендеріне бастарын изеп ілтипат білдіріп отыр. Тіпті, қоштасар уақытта, қимастықпен қол алысып, «Келесі жылы қауышайық» деп ілтипат білдірісіп жатқандары қандай тәлімді.
Қорыта айтқанда, адам баласына «тал бесіктен-жер бесікке дейін ілім іздену парыз». Әсіресе, жас өрендерді тура жолға салып, дұрыс бағыт беру біздерге парыз. Қазіргі таңда әлемді алаңдатқан түрлі ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жастардың басым көпшілігінің діни сауаты таяз. Оны сала мамандары да мойындайды. Ағымдармен қарсы күресте біздердің әрбіріміздің діни сауатымыз мықты болуы тиіс. Осы тұрғыда дүниелік ілім мен діни ілімді сабақтастыра отырып, өмірлік ұстанымын айқындай білген жанның адаспасы хақ.