Kyzylorda-news.kz. 2023 жылдың 4 тамызында Жаңақорған аудандық кітапханасының мәжіліс залында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми сарапшылық тобының мүшелері Омаров Дәулет Кәрібайұлы, Сахиев Саулет Ерназарұлы және Үсенбаев Бауыржан Серікұлы арнайы келіп, дөңгелек үстел өткізді.
ҚР президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен II Құрылтайда көтерілген мәселелерді, Қазақстан халқы Ассамблеясының Жаңа Қазақстанды қалыптастырудағы орны мен елдегі этносаралық қатынастардың ахуалын түсіндіру мақсатында кездесу өткізді. Кездесуге ақсақалдар, дін өкілдері, жастар, этнос және БАҚ өкілдері қатысты. Кездесудің аяғы пікір алмасумен жалғасты. Кездесуде Үсенбаев Бауыржан Серікұлы модераторлық етіп, ассасблия тарихына тоқталып өтті.
Қазақстан Республикасы сан түрлі өзге ұлт өкілдерін кең құшағына сыйдырған достықтың отаны. Жалпы ХХ ғасырдың басынан бері қазақ жеріне Еуразияның сан алуан ұлт өкілі әртүрлі себептермен қоныс тепкенін тарихтан білеміз. Тың игеру, Ұлы Отан Соғысы кезіндегі босқындарға мекен болған. Жалпы қазақ – жатты бөтенсінбеген, өз туысындай қабылдаған қонақжай халық. Сол себепті біздің мемлекет ірі интернационалды мемлекеттің бірі болып табылады. Осы жайтқа орай мемлекетте Қазақстан халықтар Ассамблеясы құрылды.
Қазақстан халықтар ассамблеясын құру туралы алғаш 1992 жылы тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев айтқан болатын. Араға үш жыл салып, Қазақстан халықтар ассамблеясы 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылу туралы Жарлығына қол қояды. 24 жылдың ішінде Ассамблея ҚР Президенті жанындағы консультативті-кеңесші органнан мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті. 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды.
Осы арқылы ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты. Ал 2008 жылғы 20 қаңтарда Елбасы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Сөйтіп Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналды. Оның қызметінің нормативтік құқықтық негіздері айқындалды. Қазақстан Республикасында қазіргі таңда 130-дан аса ұлт өкілдері бар. Сол ұлт өкілдері 448 этномәдени бірлестігін құрды. Соның 29-ы республикалық, 331-і облыстық және 18-і аудандық болып табылатының тілге тиек етті.Шарада өңірдегі этномәдени бірлестіктердің және діни конфессия өкілдерінің ұсыныстары тыңдалды. Ең бастысы еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың, этносаралық келісім мен татулықты дамытудың маңыздылығы сөз болды.
– Жалпыұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу, мағыналы халық арасындағы келісімге негізделеді. Осындай өзекті мәселелер алдында Қазақстанның беті ашық, жүзі жарқын деуге әбден болады. Қазақ елінің тағдыры тауқыметті болғанымен, ешқашан өзгені өзегінен теппеген. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгелі этносаралық татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, олардың қауіпсіздігі мен бейбіт тұрмысын қорғауға бар күш-жігерін салып келеді. Этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне жіті көңіл бөлініп келеді. Қазақстан зайырлы мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарына баса мән береді, – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі, философия доктор деген Дәулет Омаров.
Мемлекеттегі ұлттық саясаттың басым бағыттары, қол жеткізілген этносаралық келісім және ұлт бірлігі, ынтымағы мен ауызбіршілігінің нәтижесі деп білетінін айтып өтті. «Біздің елді мекендейтін этностар тату-тәтті тірлігінің арқасында бір-бірінен көп нәрсе үйреніп, үлгі алды, осы үндестік мемлекет дамуының кепілі болды. Бірлікті ұстын етіп, оны берік сақтау біздің басты мақсат-ниетіміз» деді.Одан кейін, «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы Бауыржан Үсенбаев «Қазақстандағы этноконфессиялық келісім» тақырыбында баяндама жасады.
«Бүгінгі қоғамдағы түбегейлі өзгерістер халқымыздың ауызбірлігін, белсенділігін, әр азаматтың жеке басының жауапкершілігін талап етуде. Қоғамдағы келісім мен бейбіт өмір, саяси тұрақтылық үшін жан аямай қызмет ету, өз Отанына, отбасына, елі мен жеріне деген сүйіспеншіліктен ғана туындайды. Қазақтың ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы, өзге этнос өкілдеріне құрметі сияқты қасиеттері шет мемлекеттердің оң бағасын алды. Ел тыныштығына мән беру әрбіріміздің міндетіміз деп білемін. Ұлт бірлігінің дамуын қалыптастыру және болашаққа деген сенімді дамыту, негізгі тақырыптың түйіні осында. Яғни, кемел келешекке байыпты қадам жасау бүгіннен бастау алады. Сондықтан, Мемлекет басшысының пәрменін жіті түсініп, болашаққа дұрыс бағыт түзей алу қазіргі қоғамның нық қадамы деп есептеуіміз керек. Сондықтан, тек рухани тұрғыда дамып, тарихпен қайта жаңғырып, ертеңге сенімді қадам жасай білу отбасыдан бастау алатынын әсте естен шығармауымыз керек, – деді Бауыржан Серікұлы.
Иә, ұлтаралық татулық пен келісім – ұлттық идеяның негізгі өзегі болып табылады. Соңғы сөзді Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Дін істері бөлімінің» басшысы Сәулет Сахиев баяндады.
– Қазіргі таңда, қазіргі саяси аренада адамдар көп нәрсеге күмәнмен қарайтын болды. Ел арасында «Елу жылда ел жаңа» деген тәмсіл сөз бар. Міне, отыз жылды еңсердік, алда қалай болар екен деп алаңдайтыны анық. Өйткені, бүгінде ақпараттар ағыны өте көп. Сол ақпараттар рас па, өтірік пе аса мән бермейді, саралап жатпайды. Бұл кері әсерін тигізіп жатыр. Біз жер жаһандағы жер көлемі үлкен елміз. АҚШ-тың белгілі саясаткерлері айтқандай, «Біз үлкен дәмді пирог секілдіміз» барлығының жегісі келіп тұрады. Біз әлемде жер көлемінен 9 орын аламыз деп мақтанамыз. Сол 9 орынды сақтап тұру өте қиын. Тәуелсіздік алғаннан кейін осы шекераны бекіту, жерді сақтау оңай болмады. Статистикаға жүгінсек, әскерде 30 пайыз ғана қазақтар, қалғандары бауырлас елдер, өзге ұлттар екен. Кейіннен көпшілігі өз елдеріне қайтты. Бұл жерде біздің түйетініміз, біздің байлағымыз, біздің елді сақтап қалудағы идеямыз – кезінде бізге көшіп келген бауырлас өзге ұлт өкілдерінің бізге қоныстанып, бірге өмір сүруі үлкен рөль атқарады. Сондықтан да, достығы өнеге, халықтар достығы үлгі болған Қазақстан, Әлемдік аренада өзін бейбітсүйгіш ел ретінде таныта білді. Бейбітшілік пен келісімді айқындайтын Қазақстандық модель, БҰҰ мен ЕҚЫҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардың қолдауына ие. Осындай жағдайда Қазақстанда ұлтаралық қақтығыс болады деген пікір ойға сыймайды. Тарихқа жүгінетін болсақ, тәуелсіздік алған тұстан бастап елімізде бірнеше қылмыстық, бұзақылық іс-әрекеттерді ұлтаралық шиеленіс ретінде түсінгендер болды. Бірақ, әлемдегі теңдесі жоқ қоғамдық институт болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі ұлтаралық бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі бола білді. Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргі таңда тек қана ұлтаралық және конфессияаралық мәселелерге ғана емес, сонымен бірге елдің жан-жақты саясатына араласып, өзінің өміршеңдігін көрсетті, – дейді Сәулет Ерназарұлы.
Қорыта айтқанда, ұлттар арасындағы бірлік пен сенім – әділдіктің сипатын бейнелейді. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белес¬терге жетелейтін де біздің ауызбіршілігіміз, татулығымыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артпақ. Алуан ұлтты бауырына басқан, бейбітшілік пен татулықты әлемге үлгі еткен, достық пен ынтымақ елі. Бұл қазақ халқының бірлігін, кеңдігін, ұйымшылдығын, ынтымақтығын білдіреді.