Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясында «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты көш керуені өз жұмысын жалғастыруда. Осыған орай Жаңақорған ауданындағы Руханият орталығында Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегеновтің төрағалығымен этносаралық қатынастар саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Жиынға Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының Қазақстан халқы Ассамблеясы және этносаралық қатынастар мәселелерін үйлестіру бөлімінің басшысы Ерлан Сисенбиев, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Бақытжан Камалов, сондай-ақ аудандық ауыл әкімдері қатысты.
Кездесуде биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай облыс көлемінде жүзеге асырылған іс-шаралар мен алдағы жоспарлар кеңінен сөз болды. Ерлан Сисенбиев этносаралық татулықты нығайту бағытындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталып, өңірде жүргізіліп жатқан жобалар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жөнінде баяндама жасады.
Өз кезегінде Бақытжан Камалов Ассамблея құрылымдарының жұмыс тәжірибесін, этномәдени бірлестіктермен өзара ынтымақтастықты арттыру және қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытында қолға алынған бастамаларды тілге тиек етті.
Жиын соңында Әбілғазы Төлегенов этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтаудың ел бірлігі үшін маңыздылығын атап өтіп, ауыл әкімдеріне халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу, қоғамдағы татулық пен өзара түсіністікті нығайту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
