Kyzylorda-news.kz Спорт жанашыры Асылхан Әбдірашитұлын еске алуға арналған қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық турнир кім мықтыны анықтады.

«Алпамыс батыр» атындағы дене шынықтырусауықтыру спорт кешенінде өткен турнирге аймақтың әр ауданынан 150-ге жуық жас балуан келіп, жүлде жолында барын салды. Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, облыстық белбеу күресі федерациясының президенті Мадияр Ахметов, Асылхан ағамыздың бауыры Ислам Шайыхов пен өзге де жақындар, спорт жанашырлары қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Алдымен спорт жанашырының қысқаша өмір тарихына тоқтала кетейік. Асылхан Шайыхов 1960 жылы Жаңақорған кентінде дүниеге келген. Мектепті бітіре сала еңбекке араласып, қызмет жолында жүрді. Қызылорда қаласындағы политехникалық техникумын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шығады. Тәуелсіздіктың алғашқы жылдарында кәсіпкерлік салаға бет бұрып, сауда-саттықпен айналыса бастайды. Туған өлкеге өзге өңірлерден тауар тасымалдай отырып, ауданның ішкі нарығын реттейді. Алғашқылардың бірі болып 400 орындық «Айсұлу» мейрамханасын, үлкен наубайхана, сауда орталықтарын, спорт кешенін халық игілігіне пайдалануға берді. Жаңа жұмыс орындарын ашып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқаны жерлестеріне аян. Халық қалаулысы атанған уақытта да ауыл-аймақты көркейтуге қомақты үлес қосқанын ел жақсы біледі. Көп жылғы еңбегі ескеріліп, түрлі марапаттардың иесі атанып үлгерді. Спорт саласына бүйрегі бұрып, демеушілік көрсетіп, жас балуандарды қолдады.

«Жақсының аты өшпейді» демекші, артына өшпес із қалдырған ағамыздың жүріп өткен жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, жерлестеріне зор мақтаныш болып қала береді. Сонымен тұңғыш жалауы желбіреген турнир көркін қыздырған балуандар барлық салмақ дәрежесінде тұғыр төрінен табылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің грамоталарымен, демеушілердің тағайындаған медальдарымен және ақшалай сертификаттарымен марапатталды. Марапаттау рәсімінде аудан спортының басшылығы мен Әсілхан Әбдірашитұлының ет жақындары, бауырлары, достары мен жан-жары болып, жеңіс тұғырына қонған балуандарға құрмет көрсетті. 

– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Бұйырса, келер жылы да ауқымы кеңейіп, жас балуандардың қатары артады деп сенеміз. Жалпы Сыр елінің қазақ күресі жылдан-жылға еңсе көтеріп келеді. Оның ішінде, біздің ауданнан да жас жеткіншектер өсіп келеді. Осындай тұғырлы турнирлердің нәтижесінде жастардың спорттық әлеуеті арта түсуде, – деді білікті бапкер Әбдісаттар Садықов. Жаңақорғанда қазақ күресінен

шоқтығы биік жарыстар өткізілуде. Мұның барлығы қазақ күресінің көкжиегін кеңейтіп, жастарға үлкен қолдау болуда. №7 және №8 спорт мектебінің шәкірттерінің ертеңіне үлкен үмітпен қараймыз. Қазірдің өзінде белбеу күресі шыңға шықса, қазақ күресінен соң дзюдо да жақсы нәтиже бере бастады.
 

Тағы да оқыңыз: