Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданы орталығындағы №169 орта мектебінде қазақ прозасының хас шебері Дүкенбай Досжанның туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Ел руханиятының еңселі болуына зор үлесін қосқан қарымды қаламгер Қаратаудың етегінен бастау алған Ақүйік өзенінің бойындағы Құланшы деген жерде дүниеге келген.
Жазушы – адамзатқа ортақ тұлға десек-дағы әрбір жазғанынан ортақ атамекенімізге деген алапат аңсар құйылып тұруымен жанымызға жақын туған жердің төл перзентін еске алу шарасына жазушы, драматург, тарихшы, филолог-ғалым, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұматтың қатысуы кеш иесінің тұлғалық табиғатын тірілткендей болды.
Бір топырақта өсіп-өніп, қасиетін бойына сіңіріп, Тәңір тарту еткен табиғи таланттарының арқасында айдай әлемге ақиқат сөзін айтудан жаңылмаған қос қаранар тіршілігінде сан рет тоқайласқан болар, бүгінгі сәтімен орайласқан жүздесуді де жолымыз болдыға жорыдық. Жас кезінен Дүкенбай ағасының ізін алып, інілік жолынан жаңылмаған, жазушы қаламынан туған әрбір шығармасының шындығын жүрек көзінен өткерген, сөзге тұйық болса да мінезге бай аға болмысын терең тани білген әріптестің естелігі осынысымен құнды.
Дүкенбай Досжанның қаламынан көркемтілді 11 роман, 24 хикаят, 100-ден астам әңгіме 7,7 тиражбен оқырман қолына тиді. Оның кітаптары әлемнің негізгі тілдеріне аударылды. Кешегі кеңестік кезеңнің қатал қысымына қарамастан «Отырар», Фараби», Жібек жолы» сынды тарихи шығармаларын жазған ол ұлы даланың төсінде жұлдызды шаһарлар болғанын жалпақ әлемге жария етті. Абай, Мұхтар сынды алыптар салған түренді түріп, қараңғы қапаста тұншыққан тарихқа тіл бітіріп, Алаш азаматтарына тағылған айыптың жуылып, ар-намысының ақталуына жанкешті үлесін қосты. Осы еңбектері үшін Мемлекеттік сыйлықтың және Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық сыйлықтың иегері атанды.
Бүгінгі кеште мектеп кітапханашылары Ақбота Оспанова мен Камшат Жораева жазушының баспа бетін көрген түгелге жуық кітаптарынан көрме жасақтап, оқырман назарына ұсынды. Жазушы өмірбаянынан бейнесюжет көрсетілді. Кештің келесі бөлімінде жазушыны тереңнен білетін талантты тұлға Жолтай Әлмашұлы жас оқырмандардың сауалына жауап берді. «Солардың ең алғашқысы: «Бала Дүкенбай қандай еді?» деген сауалға қаламгер төмендегіше жауап берді: «Мен Дүкенбай ағамен көп араластым. Оның шығармаларының көбі Қаратау етегіндегі туған жерімен тікелей байланысты. Өзі Құланшыда дүниеге келді. Әкесі Досжан жылқышы болды. Жылқышының ұлы болғандықтан табиғатқа жақын өсті. Таудың ішінде, бұлақтың басында, торғайлардың шырылы, судың сылдырына құлақ түріп, Қаратаудың әрбір тасынан сыр ұғып, тұғырында тұнып тұрған тарихты тани білді. Ол өзі қабілетті болған, жазушы болсам деп армандап, он үш жасынан бастап әңгіме жазыпты. Алғашқы өлеңі 1964 жылдары жарық көрген, – деп одан әрі студент кезінен бері өзінен он бес жас үлкендігі бар жазушы ағамен дос болғанын айтты. КазГУ-дің журналистика факультетінде оқып жүрген кезінде аға шаңырағына барып, саяжайында бірге тал еккенін, жақын сырлас болғанын, тіпті әрбір жаңа шығармасының сыншысы болғанын жасырмады. Дүкеннің өзі біртоға, сөзге сараң, досқа беріктігін айтты.Жазушы Жолтай Әлмашұлы қазақ әдебиетінің классигі Д.Досжанның тарихи шығармалармен қатар заманауи тақырыпта да өміршең туындылардың авторы екенін айтты.Оқушылардың келесі сауалы Жолтай Жұматтың жеке өзіне арналды.
«Балалық шағым мына іргедегі Қыраш ауылында өтті. 1957 жылдың ақпан айында дүниеге келдім. Қаратаудың етегінде Қайнар деген бұлаққа жалаңаяқ баратынбыз. Қазақтың жазушыыларын оқып, бөлек әлемге балайтынбыз. Бірде Дүкенбай ағамыздың кітабы қолыма түсіп, анама бауыр болып келетін жақын адамымыз осындай кітап жазғанде мен неге жазбаймын деген ой келді. Мен алғаш осы кісіге және Қосүйеңкі ауылынан шыққан Тынымбай ағама еліктедім. Содан бері қырық жыл өтіпті. Қырық жылда отыз кітап жазыппыз», – деді Жолтай Әлмашұлы.
Жас оқырмандар жазушыға «Өз бойыңыздағы бес қасиетті атап беріңізші» деп адамға аса қажет құндылықтарға өз беттерінше ой жіберуге талпынды.Келесі кезекте, кешке арнайы шақырылған жазушы-журналист апамыз Баян Алаудинқызы жазушы туралы өз толғамымен бөлісті. Әдеби кештен оқырмандар үлкен ой түйіп тарқасты.
