Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметтеріне сүйенсек, биыл аудан шаруалары 37 781 гектарға егiс егуді межелеп отыр. Жалпы Жаңақорғанда ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысатын 781 шаруашылық құрылымы болса, соның 485-і егінмен айналысады. Оның ішінде 175 шаруашылық күріш өсіруді мақсат еткен. 

«Биыл жауын-шашынның мол болуы егінші қауымға оң әсерін тигізеді деп үміт күтіп отырмыз. Былтыр аяқ судың аздығынан күріш көлемін қысқартып тастаған едік. Биыл қайта көбейттік, аудан бойынша 8346 гектар күріш дәнін тастау жоспарланып отыр. Күздік бидай 3151 гектар, жаздық бидай 194, жаздық дәндік жүгеріні 700 гектарға жеткіздік. Былтыр 2 гектарға қант қызылшасын егіп көрдік, биыл 5 гектарға межеледік. Сондай-ақ, картоп 580 гектар, көкөнiс 616 гектар, бақша өнімдері 2095 гектарды құрады» деді бас агроном Дәурен Абибуллаев.

Жыл сайын әртараптандыру бағытына басымдық беріліп келеді. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мен бағаны тұрақтандыру мақсатында қосымша жерлер ашылып ұжымдық түрде 295 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Жалпы бақша дақылдарын егуден әлі де кемшін қалып жатқанымыз жасырын емес. Бұл өнімдерден пайда көп болғанымен, бейнеті де көп. Күріш пен мал азығы дақылдарына техниканың көмегі керек болса, бақша өнімдерінің күтімі аса маңызды.

«Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы жылдың егісі үшін 3151 гектар күздік бидай егуді және 7300 гектар сүдігер айдауды қамтамасыз етті. Сонымен қатар ағымдағы жылы бірқатар шаруашылықтар тарапынан тамшылатып суару әдісі мен жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге басымдық берілуде. Тамшылатып суару технологиясымен Талап ауылдық округінде «Қызылорда Агроплюс» ЖШС-де 5 гектар қызанақ егуді жоспарлауда. Жаңбырлатқыш суару технологиясымен Қожакент ауылдық округіне қарасты «Береке» шаруа қожалығы 30 гектар малазықтық дақылдарды егуді жоспарлауда» дейді бас агроном. 

Тамшылатып суару әдісі – ең алдымен судың ысырабын азайтудың, екіншіден өнім көлемін арттырудың бірден-бір жолы. Егін шаруасымен айналысатын кәсіп иелері осы тәсілдің пайдасын жақсы түсінеді. Бірақ көп қолдана бермейді. 

«Бақшаға тамшылатып суару – бұл биіктік айырмашылығы бар рельеф жағдайында жалғыз дұрыс шешім. Егер сіздің егістігіңіз көлбеу жерде орналасқан болса, онда шашыратуды қолдану тиімсіз, өйткені су сөзсіз ағып кетеді. Нәтижесінде биіктікте орналасқан учаскенің бір бөлігі құрғап, төменгі бөлігі су астында қалады. Екіншіден, тамыр астында суаруды қажет ететін өсімдіктерді өсіру кезінде қолданады. Мәселен, қызанақ, баклажан және бұрыш сияқты кейбір дақылдар жоғары ылғалдылыққа шыдамайды, сондықтан оларды тамшылату арқылы суғару керек. Жаңбырлатып суғару – бұл ауыл шаруашылық жерлерін суғарудың ескі технологиясы. Оның артықшылығы – табиғи жаңбыр суына барынша жақындығы. Сонымен қатар, технология ауаны ылғалдандыруды қамтамасыз етеді. Бұл көбіне қияр мен қырыққабатты суаруға таптырмас шешім. Сондай-ақ, әдіс өсімдіктерді шаңнан тазартады. Бұл фотосинтездің қалыпты жүруіне және тез өсуіне ықпал етеді. Жалпы бұл да тиімді тәсіл» дейді жауапты маман.

Жаңбырлату әдісі негізінен таңертең жүргізілуі керек екен. Себебі жаңбырлатып суару әдісімен өсімдікті күндіз суаратын болса, оның жапырақтарға түсетін тамшылары күйікке әкелуі мүмкін. Ал егер кешкі уақытта суарған жағдайда жапырақтардағы ылғал түнге дейін буланып үлгермей, бұл өз кезегінде жапырақты шірітуі мүмкін. Аудан бойынша осы жылдың егісі үшін шаруашылық құрылымдарының қолында 2087 тонна күріш тұқымы бар дейді агроном. 50 тонна жоңышқа тұқымы толығымен дайын, ал 50 тонна мақсары тұқымы қажет болса оның нақты 30 тоннасы дайындалған. Минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер дайындауда көлемі 4462 тоннаны құраса, оның ішінде 4226 тоннасы – азотты, 236 тоннасы – фосфорлы тыңайтқыш болса, қажетті гербицидтердің көлемі 3113 литрді құраған. Қазіргі таңда шаруашылықтар тарапынан минералдық тыңайтқыштардың 3290 тоннасы (73,7%) сатып алыныпты. Техника мен жанаржағар май жеткілікті ме? 

«Аудан бойынша көктемгі дала жұмыстарына 1 422 тонна дизель отыны бөлінді. «Жібек Жолы LTD и К» ЖШС – 524 тонна, «Жаңақорған ОiI» ЖШС-на 898 тонна қарастырылған. Көктемгі дала жұмыстарына 207 трактор, 38 соқа, 28 дән сепкіш, 21 автомашина, 52 трактор тіркемесі толығымен дайын» дейді Дәурен Серікұлы. 

Осы жылдың қаңтар айында елімізде 494,1 мың тонна бензин өндірілді. Бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 20,6%-ға көп. Дизель отынын шығару 13%-ға, 421,8 мың тоннаға дейін өскен. Дегенмен, баға түсетін емес, шаруаларға осы жағы сәл қиындық туғызады. Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл маусымдық ауылшаруашылық жұмыстарына дизель отынын бөлудің жаңа тетіктерін іске қосатынын хабарлаған болатын. Жалпы, біздің аудандағы дала дүбірі осылай басталыпты.
 

Тағы да оқыңыз: