Kyzylorda-news.kz  Соңғы үш жылда елімізде 869 адам зорлық-зомбылықтың құрбаны болса, 2086 әйел мүгедек, 32835 отбасының шаңырағы ортасына түскен. Осы көрсеткіштен-ақ, қоғамда жуанқол жауыздарға тоқтам салуға қоғам да қамқорсыз екенін көреміз. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» немесе «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп үй ішіндегі дау-жанжал жантүршігерлік қылмысқа айналғанға дейн жайбырақат жүре береміз бе? Бұл жөнінде заң нормалары, одан қалса шариғат талаптары не дейді? Осы сауалдарға дөңгелек үстелде бас қосқан құрметті қонақтар мен түрлі сала өкілдері өз пікірін білдірді.

Нұржігіт СЫЗДЫҚ, наиб имам:

– Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, өзін имаммын деген сақалдылар халықтың ойын, санасын улайтын дағбырт сөзімен көптің есін алуда. «Әйеліңді қамшымен күнде ұр, сайтаны қашады», «Әйелді кұңдей көр, табаныңа езіп сал» деуден ары аса алмайтындар көп. Осындайлар-ақ халықтың миын су етіп, ажырасқандар санын арттырып жіберді. Бұрын соңды тарихта болмаған қасіретті кешіп жатқанымыз рас. Ажырасуды ар санамайтын арулар да, шаңырағын шайқалтуға құмар ерлер де осындай дүдәмал дүмшелердің иірімінен шыға алмай келеді. Ал, асыл дінімізде отбасы құндылығы қалай дәріптелді? Дәстүріміз нені аманаттады? Бұл жайында шариғат не дейді? 
Ер азамат жұбайына, балаларына үлгі болғысы келсе, алдымен өзін түзеуі керек. Егер әйелінің кемшілігін көрсе, оның жақсы істерін еске алып, кешіріммен қараса, қайта жақсы көріп кетеді. Кемшіліктері үшін жек көріп кету күнә. Ал еркектің әйеліне зорлық көрсетуі неден басталады? Соған үңіле қарасақ, кінә бір жақтан болмайды. Көбіне әйел адам сабыр сақтамай, жанжалға ілікті өзі табатыны анық. Ондай жағдайда еркек сабыр сақтап, мәселені анықтап, шешімін тапқаны дұрыс, қол жұмсамау керек.
Бұл мәселеге қатысты шариғат талабын орындаған жөн. Бірінші, насихат, уағыз айту. Екінші, төсек қатынасын біраз уақытқа тию. Ол да – тәрбиенің бір түрі. Әйел ренжігеніңізді біліп, кешірімге келу керек. Ал кішкене қол тигізу арқылы еркек өзінің наразылығын білдіреді. Бірақ ол – көкала қойдай қылып сабау дегенді білдірмейді. Әйел адам түсініп, өзі бір тоқтамға келуі тиіс. Өйткені әйел адам көбіне тілінен табатыны белгілі.
Шариғатымызда біреуге тілімен де,қолымен де зиян бермеуді аманаттады. Мұны тереңінен түсіндірсем, мұсылман баласы біреуге қол көтермек түгілі, бір ауыз артық сөз айтуға тиым салынған.
Рас, «Ниса» сүресінің отыз төртінші аятында әйелге қол көтеру жайында айтылған. Аятта Ұлы: «Әйелдеріңнің мойынсұнбауынан (күнә істеуінен) сезіктенсеңдер, алдымен, оларға ақыл айтыңдар. Кейін (ақыл айтқаннан нәтиже шықпаса,)жатарда іргеңді бөл. Сонан кейін (онда да қоймаса,) ақырындап ұрыңдар. Егер бағынса, оларға жамандық жасаудың жолын іздемеңдер» дейді. Аяттағы «мойынсұнбау» сөзі – арабша «нушуз» деген сөзбен берілген. Бұл сөз күйеуінің ар-намысын аяққа таптаған, мүлде сөз тыңдамайтын, қашанда күйеуіне қарсы келіп, үнемі ұрыс-керіс шығаруға дайын тұратын көк долы әйел деген мағынаға келеді. Демек, әйел осындай сипатта болғанда ғана оны тәрбиелеу мақсатымен қол көтеруге рұқсат етілген. Бірақ мұндай жағдайдың өзінде бірден ұру емес, тәрбиені ақыл-кеңес пен насихаттан бастау керектігі айтылған. Оған көнбеген жағдайда тіс тазалауға арналған мисуакпен таяқтауға рұқсат еткен. Мәдениеттен де, діннен де бейхабар азаматтарақылдан бұрын, асыл дінімізге сай емес қылықтар көрсетіп, өлімші етіп сабауды мақтан көруде.
Замандастарыма айтарым, еркектің қандай екені оның әйелінің ре-басынан аңғарылып тұрады. Әйелдің ұқыптылығы ердің жағасынан байқалады. Отбасына сұлулық пен жылулық сыйлау сақа азаматтың сипаты. Ал, адам баласына қол көтеру – Құдайдан қорықпайтындарға тән қылық дер едім.

Самат СЫЗДЫҚОВ: 
Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция майоры

– Жыл сайын зорлық-зомбылық көрген азаматтардың құқын қорғау ісі жетілдіріліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында осы тақырыпты тілге тиек етуінің астарында нәзік жанды қыз-келіншектерге деген құрмет-қолдауы жатыр. Айталық, биыл 15 заңнамаға, оның ішінде 7 кодекс пен 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Президент қабылдаған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң, шын мәнінде, мемлекеттің теңдік пен заң үстемдігі қағидаттарына басымдық беріп, құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруда. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң  аясында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазалау шаралары күшейді. Атап айтқанда, қазір денсаулыққа қасақана орташа және ауыр зиян келтіргені үшін 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру туралы бап та қатаңдатылды: 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделеді.Сонымен қатар қазір бұл қылмыс үшін әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Осы қылмысты ауырлататын мән-жайлар болған кезде 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салуды не 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе шектеуді көздейді. Сондай-ақ ұрып-соғу үшін 80 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза көзделген. Ұрып-соғу ауырлататын жағдайларда 200 АЕК-ке дейін айыппұл салуға не 50 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады. 
Сонымен қатар азаптау үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді 2 жылдан 3 жылға дейін, ауырлататын жағдайларда 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделуде. Осылайша, тіпті соққы алу жағдайында көлемді айыппұлдарды немесе ұзақ мерзімге қамауға алуды қамтиды. Бұл азғындаған тараптың әйелдері мен жақындарына қатысты агрессиясын айтарлықтай тежейді. Сонымен қатар айыпталушы белгілі бір лауазымдарды атқару және 3 жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін. Балаларды ұрлағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 7 жылдан 12 жылға дейін), ал заңсыз бас бостандығынан айыру үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 5 жылға дейін) көзделген.
Аудандағы ақуалға келсек, 181 қолайсыз отбасы, 131 өгей бала бар. Өткен жылы отбасында тұрмыстық жағдайда жасалған қылмыс тіркелген жоқ. Әйтсе де, отбасының берекесін алатын ерлер де, әйелдер де табылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуін соққыға жыққан әйелдің үстінен іс қозғалып, сот шешімі шыққан болатын. Осыдан-ақ, агрессиясы басым нәзік жандылардың да наразылығынан ушыға түскенін байқайсыз. Тәртіпке көнбейтін  жан сөзге ермейтін, ардан безген біріне-бірі лайық бірнеше отбасы бар. Жағымсыз жұрттардан шыны керек мезі болатын кезіміз бар. Олар бір-біріне қол көтермесе де, тату-тәтті өмір сүру үрдісін жете ұқпайды. Мұндайда дін өкілдерін де шақырып насихатына ден қоямыз. Әрине, полицей өкілдері мұндай іспен айналысуға міндетті емес, біз мұны өз жерлестерімізге қамқорлық деп түсінеміз.

Назия ОПАБЕКОВА, ардагер ұстаз:

– Бүкіл қазаққа төбе би болып билік айтқан Төле би “Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел» деп келінін өзі таңдауға бекінген екен. Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қын түбінде жатпайды деген. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу – әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды. Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел», – деп келінді өзі таңдауға бекінген екен.
Осындай ой құшағында жүрген Төле биді бір күні Түркімен еліне билік айтуға шақырады. Аттары болдырып, шөлдеп-шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты қыз-келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы да бар еді.
«Әй, қыздар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғарыдан бір қатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтпейік, арасында ер бастаған батыр бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар, батасын алып, алғысына бөленейік. Атты кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетерміз, – дейді Данагүл. Төле би мұны алыстан көріп, қыздарды шақыртады. Данагүлдің бұйрығымен қыздар аттан түсіп, жаяу келіп сәлем береді. Данагүлді сөзге тартып, даналығын байқаған Төле би кейін құда түсіп, өзіне келін еткен екен. Сол Данагүл өз ауылына сыйлы, ақылды, дана келін ретінде ел есінде жатталып қалған.
Міне, осындай дана келін болуға әр қыз-келіншек талпынса, ерінің намысын ойласа, отбасында артық іске жол болмайды. Өзім бір әулеттің үлкен келіні болып, ізімнен ерген келіндерге үлгі өнеге көрсетіп, ерді сыйлауды үйреттім. Жолдасым Манасбайдың ел алдында беделі болды, үлкен қызметте жүрді, әділділі мен тазалығын ел білді. Ерімінің еңсесі биік болуы үшін бар ғұмырымда ақылды-дана келіннің үлгісін көрсеттім деп санаймын. Міне, халық алақаны салып аялайтын ардақты анаға айналдым. «Еріңді патша етіп, өзің патшайымдай өмір сүр» дейтін ұстанымды әр әйел ұстануы керек.

Ұлтуар АЛДАБЕРГЕНОВА, «Қазақ аналары –Дәстүрге Жол»  Республикалық бірлестіктің мүшесі:

– «Анасын көріп, қызын ал» деген сөзде үлкен тағылым жатыр. Өмір бойы таяқтан көз ашпай, үреймен күн кешсе де, «балаларым әкесіз өспесін» деген жалған намысты ұстанған ананың қызы зорлыққа қарсы тұра ала ма? Әкесі шешесін ұрып-соғатынын көріп өскен ұл өзі үйленгенде күйеу болудың жөні осы деп, жұдырығын ала жүгіруге бейім болатыны да рас.
   Біз зайырлы мемлекетпіз. Елімізде ерлер мен әйелдердің құқықтары тең. Әйтседе бүгінде қоғамдағы өзекті тақырып − әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық. Отбасының берекесі неге сөгілді? Жауапкершілік жүгін көтере алмаған ерден бе? Әлде әлсіз әйелден ба? Қоғамда жоққа жұтамайын десе жеткізе алмай, қиындыққа қажымайын десе қауқарсыз, көнбейін десе кетер жері жоқ, жарияға жар салайын десе елден ұят деп тұрмыстық зорлыққа шыдап жүрген әйелдер күн санап артып барады.
        Отбасында әйелдің орны ерекше. «Бір үйді он еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» деген. Иә, қырық жанды қазақ қызы − мықты. Үйдің шаруасына, қызметіне де үлгеріп жүрген солар. Алайда отбасында ерінен қолдау сезінбесе, жары ретінде махабатына бөленіп, қамқорлығын көрмесе әйел әлсірей түседі. Жар, келін, ана ретіндегі рухы түсіп, жан дүниесі ашу-ызаға, өкпе мен ренішке толады. Әйел мықты көрін¬генімен жан дүниесі бос болса, әйелге тән шынайы тартымдылықты күтпе. Жылдар бойы жиналған реніш бір күні үлкен отбасылық жанжалға айналады. Себебі нәзік жан өзі үшін шыдаса да, балалары үшін зорлыққа көнбейді. Ер адам қайтеді, қой дейін десе, өзі қауқарсыздық танытты. Тыныштал деуге көк тиын үйіне әкелмеген. Немесе тапқанын болмашы нәрсеге құртып отбасын ұмытқан. Әр отбасында әртүрлі тағдыр, оқиға бар.  Әйелді қол көтеру − ерге сын. Бүгінгі күні елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау басты назарда.
Қоғамдағы осындай келеңсіздікке жол бермеу үшін ең алдымен ұлттық салт-дәстүр жаңғыру керек деп санаймыз. Осы бағытта алғаш рет ауданда мыңдаған аналар жиналып, ұлттық киімімізді ұлықтап, аналар шеруін атқардық. Басшымыз Раушан Назарованың идеясы мен жоспарын қолдап, қолдан келгенінше қоғамдық көзқарасты қалыптастырып келеміз.

Жазира РАМАНҚҰЛОВА, орталық инспекторы:

– Бүгінде елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қолдайтын 68 орталық қызметі бар. 2019 жылдан бастап пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып, кейін әр облыста ашылды. Міне, биылдан бастап, аудан орталығында қызметін бастады. Көмекке мұқтаж адамдарға «бір терезе» ережесі бойынша жәрдем беріледі. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасайды. Тек биылдың өзінде мыңнан аса отбасыға кеңес берілді. 
Елімізде зорлық-зомбылық құрбандары үшін «Бақытты қазақстандық отбасы» интерактивті құралы әзірленді. Ол бейнеролик ретінде «Электрондық үкімет» жүйесінде орналастырылады. Жаңадан шаңырақ көтеруге бекініп, некені онлайн тіркеуге өтініш берген жастар бейнекөріністі көріп шығуға міндетті. Осылайша үйленуге шешім қабылдағандарға бақытты отбасы болудың негіздері түсіндірілмек. Аталған интерактивті құрал да отбасы құндылығын дамытуға, жас отбасын үлкен өмірге даярлауға бағытталған.
Біздің шағын орталыққа шағым айтып келушілер саны артуда. Олардың біразы уақытша пана сұрайды. Бірде бір әйел есігімізді қақты. «Ұрыс-керіс мезі етті. Жолдасым маған да, балаларыма да күн көрсетпеді. Төркінім баламен қабылдамайды, барсам қайта қосып жібереді. Маған дағдарыс орталығының адресі керек» деді. Расында, ол отбасыны құзырлы орган өкілдері жақсы біледі. Бір жылда бірнеше рет әкімшілік жаза қаралған абюзердің екпінін басар түрі жоқ. Сондықтан біздің аудан халқыныы санын ескеріп, дағдарыс орталығын салу керек деп айтар едім. Себебі, қолайсыз отбасындағы 181 баланың бақытты балалық шағы болмайтыны жүрекке ауыр. 

Жайна ЖИЕНБАЕВА , аудан әкімдігі жанындағы «Әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат» жөніндегі комиссиясының хатшысы

– Еліміз егемендігін алғалы бері әйелдердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауда және тұрмыстық қылмыстардың алдын алу саласында оң нәтижеге қол жеткізді. 1997 жылдан бастап әйелдердің ар-намысын қорғайтын, құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін, бірдей конституциялық қағидаларды жүзеге асыруды көздейтін, әйелдердің жағдайларын жақсарту туралы мемлекеттік саяси Концепциясын іске асыруда. 1998 жылы 29 маусымда еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы» Конвенциясына қосылды. Осылайша, өзіне Қазақстандағы әйелдерді кемсітудің барлық түрінен қорғауға міндеттеме алды. Дәл осы жылы 22 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті жанынан әйелдер және отбасы істері жөніндегі Ұлттық Комиссия құрылып, жүйелі жұмыс жасап келеді.
Шаңырақ шаттығы саналатын нәзік жандыларды тұрмыстық зорлықзомбылықтан қорғау мемлекеттің басты назарында. Бүгінде әрбір отбасында әйелдің рөлі айшықталып, айрықша жағдай жасалуы тиіс. Кез-келген уақытта әйелдің құқығы шектелмеуін қамтамасыз ету керектігін ескерген жөн. Түрлі сипатта өзге біреуден жәбір көретін олардың еркін өмір сүруіне қолайлы орта жасай отырып, бойындағы ауыртпалықты аз-кем болса да арылта аламыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 14 бабында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтындығы айқын көрсетілген. Десек те, жасыратыны жоқ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әйел заты көбірек ұшырайды. Бізде аудандық сотта зорлық зомбылыққа қатысты 23 іс қаралған. Оның 19 іс аналарға қатысты екен. Оның 5-еуіне ескерту жасалса, 14-і медиация тәртібімен татуластырылды. Осы статистикадан-ақ, аудандағы ахуалдың күрделілігін аңғарамыз. Міне, осы бағытта жылдық жоспар түзіліп, аудандық әйелдер кеңесі, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен ауқымды шаралар өткізілуде.
Әйел аналардың рухани-мәдени жаңғыруына бағытталған әр түрлі деңгейлі шаралар, басқосулар, кешдесу кештері тұрақты өтеді. Өнегелі отбасы байқаулары, ардагер аналарды дәріптеу кештері соның бір айғағы. Біз дәстүрлі түрде «Құрметтеуге лайық жан» атты іс-шараны тұрақты өткізіп келеміз. Бұл кәсіп бастаған аналардың жұмысын насихаттауға бағытталған. «Жас келіндер» сайысы, «Әл кәнекей, әжелер» байқауы әр маусым сайын ауыл-аймақтарда өтуде. Іскер әйелдерге арналған ғылыми конференциялар да тұрақты дамудың бір тетігі. Облыс орталығында ашылған «Анаға тағзым» кешенінде өтіп жатқан рухани кештерге жергілікті жердің аналарын үздіксіз қатыстырып, пікір алмасуға мүмкіндік бар. Мұның бәрі де мемлекеттің аналарға жасап отырған қамқорлығы дер едім.

Қоғамда белең алған қатыгездік, безбүйректік, жаналғыштықтың тамыры – отбасы құндылығының құнсыздануы дер едік. Бала көзінше балағаттау былай тұрсын, жұдырық жұмсайтын жанұяда қандай мән қалды?Абюзерлігін ар көрмей, әлімжеттілігін тыймаған жандар өмір бойы опық жейтінін сезбей, желі жұлдызы болуды биік қоятынын қайтерсіз? Қолдан жасап жатқан қасіретке тоқтам салар күн қайда? 

Фото: kazislam.kz
 

Тағы да оқыңыз: