Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданының экономикалық потенциалы, әлеуметтік деңгейі өте жоғары. Соңғы жылдары Жаңақорған аймағы өзіндік даму жолын тауып, Сыр өңірінің аудандары арасында көптеген салалар бойынша көш бастап келді. Әсіресе, инвестиция тарту, мемлекеттік бағдарламаларды орындау, жастар саясатын жүргізу, кәсіпкерлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, спорт және т.б. салада айтарлықтай нәтиже бар. Яғни, тұрақты дамудың тиімді жолын көруге болады. Оны статистика да айғақтайды.

Біріншіден, кәсіпкерлік саласын алайық. 2023 жылдың 1 қаңтарында тіркелген кәсіпкерлер 3952-ға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 115,8 процентке артты. Бұл – Сыр өңірінде шағын және орта бизнес құрылымдарының сандық және сапалық даму деңгейі (белсенді кәсіпкерлер) жөнінде алдыңғы сапта екенін көрсетеді. Өзге аудандармен салыстырмалы түрде қарасақ, Жаңақорған ауданында бір жылда жаңадан ашылған кәсіпкерлік субъектісі 845-ке жетсе, екінші орындағы ауданда 788-ді құрайды. Мұнын бәрі әкімнің кәсіпкерлік саласының дамуына ерекше жағдай жасауының нәтижесінен. Яғни, апта сайын кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарды жеке қабылдап, ұсыныс-пікірін мұқият тыңдап, қолдаудың нақты шараларын көрсетуі оң әсерін берді. Мәселен, 2022 жылы аудандағы кәсіпкерлер 296 жобаға 2 млрд. теңге жеңілдетілген пайызбен қаржы алса, 19 жобаға 21 млн. 127 мың теңге қайтарымсыз қаржы және 2 үлкен жобаға 461 млн. теңге жеңілдетілген пайызбен несие алды. Осыдан-ақ Жаңақорған ауданының кәсіпкерлік саласындағы әлеуетін бағамдауға болатындай.

Ең бастысы, кәсіпкерлік саласын дамытуда орта тапты қалыптастыруға басымдық беріл-гені қуантады. Жүгеріден «Кәусар» сусынын өндіруші Әбжаппаров Сейдмұхаммед, лего кірпіш өндірісін жолға қойған Жомарт Шәуенов сынды кәсіпкерлердің жаңа буыны шығуы соның дәлелі.

Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы бірге шалғайдағы ауылдық округке барып, жастармен жүздестік. Онда Алматы қаласынан арнайы ІТ университетінің білікті мамандары шақырылып, тың идеялар талқыланды. Сарапталды. Содан кейін көзінде жалыны, бойында жігері бар жаңақорғандық жастар бағдарламаға белсенді қатысып, 160 жоба ұсынды. Нәтижесінде 69 жоба қаржылай қолдау тауып, жеңімпаз атанды. Қайтарымсыз 69 млн. теңге, оған қоса, жобаға қатысушы 247 жас 6 ай бойы 40-60 мың теңге көлемінде шәкіртақы алды. Бұл дегеніміз – аудан жастарына 149 млн. теңге инвестиция құйылды деген сөз. 

Қаржы саласында талай жылғы тәжірибемде аудан жастарына осыншалықты деңгейде инвестиция тартылғанын көрмеппін. Шыны керек, жастар корпусын дамытуға бағытталған жобаның келешегі кемел. Қызылорда облысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті (МЖӘ) дамыту бойынша елдегі бес үздік аймақтың бірі десек, Жаңақорған бағдарламаға белсенді қатысқан аудандар қатарында. Мәселен, былтыр әріптестік аясында ауданда 2 ФАП, 2 медпункт салынып, 2 спорт кешені пайдалануға берілгеніне куә болдық. Биыл бағдарлама аясында 38 жобаны іске асыру жоспарланып отыр екен. Оның ішінде, энергетика саласы бойынша – 8, білім саласы бойынша – 7, спорт саласы бойынша – 12, денсаулық сақтау саласы бойынша – 4, мәдениет саласы бойынша – 5 және әлеуметтік қорғау саласы бойынша – 2 жоба. Бұл – нақты жүзеге асатын жобалар. Мұны аудан басшысы есептік кездесулерде айтқан болатын.

Жалпы, Жаңақорған ауданы тұрғындары нарықтық қатынастардың заңдылықтары мен қыр-сырларын меңгеріп, біліктілігін арттыруда және қаржылық ұйымдардан қаржы тартуда белсенді екені белгілі. Нақты айтқанда, «Бастау Бизнес» және «Бизнес-кеңесші» жобасы аясында нарықтың заңдылықтарын зерделеуші тұрғындар саны артып келеді. Соның нәтижесінде, «Бизнестің жол қартасы 2020», «Өңірлік Инвестициялық Орталығы» микроқаржы» ЖШС, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы», ұлттық компаниясы» АҚ, «Қамқоршы» және т.б. қаржы институттарынан қаржы тартуда белсенділігі артып келеді. Сонымен қатар, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының игілігін тиімді пайда¬ланудың арқасында облыста ғана емес, республика бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді.

Ауданда атқарылып жатқан ауқымды бастамаларды ардагерлер кеңесі біліп, көріп жүр. Сондықтан өзіміздің «Ардагер мерейі» газетінде ауданның жетістіктерін арқау етіп, көпшілік жиналған жиындарда сөз етіп, елдің мерейлі мәліметтерін дәріптеп жүреміз.

Бір сөзбен айтқанда, Жаңақорған ауданы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа сатысына көтеріліп, еліміздің озық отыз елдің қатарына қосылуда лайықты үлес қосып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай игілікті істе біздің азаматтардың біліктілігі де, белсенділігі де жетеді.

Тағы да оқыңыз: