Kyzylorda-news.kz. Дамыған мемлекеттің басты ұстанымы – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Ал білімнің қазығы мектепте қаланады. Бүгінде мемлекеттік оқу орындарынан бөлек жекеменшік мектептердің көбейгеніне куәміз. Баланы қай мектепте оқытамын десе де ата-ананың өз еркі.
Сәуір айы туысымен жаппай мектептерде даярлық тобы мен 1-сыныпқа келетін оқушылар тізімін тиянақтау жұмысы жан-жақты жүріп жатыр. Мұндай жағдайда мұғалімдер үй аралауға мәжбүр. Бала саны толмаса сынып жабылып қалуы мүмкін. Бұрынғыдай оқушы таңдап отыру қайда, қайта ата-ана мұғалім таңдайтын болған. Ұстаздардың бірі ұзақ жылдық жұмыс өтілін алға тартып, терең тәжірибесіне сендірсе, енді бірі байқаудан топ жарған біліктілігін бұлдап, ұпай жинағысы келеді.
Хош. Әңгіменің әлқиссасын елдегі мектептер санынан бастасақ. Оқу-ағарту министрлігі ақпараттық порталының мәліметіне келсек, елде 7550 мектеп бар. Оның 2753-і шағын жинақты мектеп. Аталған білім ошақтарының 5279-ы ауылдық жерде орналасса, қалаларда 2271-і жұмыс жасайды. Оның ішінде жекеменшік мектеп саны 400-ден асады. Ел бойынша 3 млн 600 мың оқушы бар. Ал осы мектептерде 366,6 педагог жұмыс істейді. Жаңақорған ауданында барлығы 44 мемлекеттік, 7 жекеменшік мектеп жұмыс жасап тұр.
Мемлекеттік мектепте оқу бағдарламасы тегін. Десе де ата-аналар баланың қабілетін жан-жақты шыңдау үшін қосымша ақы төлеп арнайы курстарға апарып жүр. Мәселен, бастауыш сыныпта оқитын оқушылар ағылшын тілін аптасына екі мәрте өтеді, айналдырған екі сағатта баланың белгілі бір деңгейді меңгеріп шығуы қиын. Осыны ескерген ата-ана баланы ақылы негізде қосымша курста оқытуға мәжбүр. Өйткені мектептің рейтингін білікті оқушы айқындайды.
Мемлекеттік мектеп пен жеке мектептің білім берудегі арақатынасы алдымен ұстаздардың сапалық құрамына тікелей тәуелді. Бұл туралы тәжірибесі толысқан білікті мамандармен тілдесуді жөн көрдік. Солардың қатарында аудан орталығындағы №163 мектеп директоры Мұхтар Шалысбаев былай дейді:
– Мемлекеттік мектептер елдегі орта білім алу жасындағыларды түгел қамтитын, бюджет арқылы қаржыландырылатын арнайы мекеме. Мемлекеттік мектеп оқушыны әлеуметтік жағдайына қарап бөліп-жармай, барлығына бірдей базалық орта білім береді. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушылары толықтай бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Мәселен, біздің мектепте 1500-ге жуық бала бар. Оларға 183 мұғалім білім беруде. Мектептің негізгі ұстанымдары: тегін оқыту, білім берудің әртүрлілігі, инклюзивті оқыту және мемлекеттік стандарттардың сақталуы. Бізде еңбек ететін ұстаздардың білім деңгейі тест арқылы таразыланады. Ұзақ жыл шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаздарымыз аз емес. Мектеп қабырғасында түрлі үйірме жұмыс істейді.
Бүгінде жекеменшік мектептер қатары да артып келеді. Айырмашылығы, балалар таңнан кешке дейін бір орында оқиды, үй тапсырмасын орындап кешке бір-ақ босайды. Жұмысбасты ата-ана үшін бұл ыңғайлы болар. Бірақ балаға үздіксіз сабаққа үңіліп, күнұзақ аяқ киімін шешпестен қадағалауда болу психологиялық тұрғыдан ауыр, өсіп келе жатқан ойын баласының еркін шектеу, – дейді ол.
Иә, мектеп басшысының сөзінің жаны бар. 1-сыныптың табалдырығын енді аттаған балаға оңайға түспесі анық. Дегенмен «Балаңды аясаң – аяма» деген ұстанымды қазық еткен келесі азаматтың пікіріне құлақ түріп көрелік:
– Баланың білімді игеруі оның қабілетіне де байланысты. Бірақ ата-ана соған дем бере алуы керек. Меніңше, мемлекеттік мектеп пен жекеменшік мектептің айырмашылығы – уақытты пайдалану тетігінде. Өзіміз мемлекеттік мектепте оқыдық. Бірақ қазіргідей бос уақытымызды гаджетке арнамадық. Қазір баланы ата-ана емес, телефон тәрбиелеп жатыр. Бүгінгі біздің басты жұмысымыз баланы телефоннан алыстату болып тұр. Ол үшін не істеу керек? Түске дейін мектепке барып келген бала түстен кейін телефонға телміреді немесе доп қуады. Баланың гаджеттен не көріп жатқанын біз білмейміз. Қазақ «Асық ойнаған – азар, доп ойнаған – тозар» дейді. Сондықтан баланы құр сандалтпай жекеменшік мектепте оқытқан дұрыс. Түске дейін сабағын оқиды, түстен кейін үй тапсырмасын тиянақтап, арнайы үйірмелерде жаттығады. Ұстаздардың көз алдында бақылауда болады. Тәртіпке бағынған құл болмас. Бала бос уақытында қараусыз қалмай ұстаз алдында тәлім алғаны дұрыс деп ойлаймын, – дейді кент тұрғыны Әсем Шораева.
– Жеке мектеп – заман талабы. Әлем елдерінің білім беру жүйесінің тарихын зерттесек, дамыған мемлекеттерде жеке мектеп осыдан бірнеше жыл бұрын қалыптасқан. Бізге ол енді келіп жатыр. Біздің ел де бәсекеге қабілетті мемлекеттермен иық тіресіп, еңсесін тіктеп білім саласының жаңа әдіс-тәсілдерін ендіруде. Осы бағытта көшімізді түзеп, ауданда жеке мектеп қазығын тіктедік. Біз аудандағы алғашқы мектептің бірі болғандықтан бастапқыда түрлі сын айтылды. Ол дұрыс. «Сын түзелмей – мін түзелмейді». Биыл 3-ші оқу жылын аяқтап жатырмыз. Оқушыларымыз өте алғыр, республикалық, халықаралық білім додаларында сайысқа түсіп жүлделі орындармен қуантуда. Қазір мектепте 494 оқушы бар. Оларға 69 жоғары білімді педагог білім беруде. Мұғалімдердің барлығы жаңартылған білім бағдарламасы бойынша біліктіліктен өткен. Балалардың уақытын барынша тиімді пайдалануға тырысамыз. 5-сыныптан бастап оқушыларды кезеңмен ҰБТ-ға дайындаймыз. Шәкірттерді 8-9 баладан топқа бөліп, ағылшын, математика, орыс тілі сынды маңызды пәндерді қосымша тереңдетіп оқытамыз. Мектеп бір ауысымда оқиды. Балалар түске дейін сабақ оқып, түстен кейін қалаулары бойынша үйірмеге қатысады. Сергіту сәттері болады. Бастауыш сынып оқушыларына арналған тынығу сыныптары бар. Балалар бір мезгіл аяқ киімдерін шешіп тынығады. Үш мезгіл тамақтанады. Алдағы уақытта білім сапасын жоғарылату мақсатында арнайы жобалар бойынша жұмыс жасаймыз, – дейді Өскенбай Жұмаділлә атындағы дарынды балалар мектебінің директоры Айнұр Шакидуллақызы.
Бұл жеке мектеп басшысының пікірі. Ал көп балалы ана Махаббат Әбенова өз ойын былай жеткізді:
– Көп балалы ана ретінде айтарым, ұстаздарға ешқандай өкпеміз жоқ. Менің балаларым жеке мектепте де, мемлекеттік мектепте де оқиды. Ең бастысы, баланың ұстазы мықты болу керек деп ойлаймын. Ұстаздың алдындағы балаға деген сүйіспеншілігі басым болуы керек. Әсіресе, бала бастауыш мектепте өзіне дәріс берген кісіге көп еліктейді. Бастысы – ана мен баланың, ұстаз бен оқушының арасындағы қарым-қатынас маңызды. Көп ата-ана «жеке мектепке баламды берсем, мәселе шешіледі» деп ойлайды. Олай емес. Мектепті емес, мұғалімді таңдау керек. Ұстаз бен оқушы арасында байланыс жақсы болса, бала білімді болып өседі.
ХХІ ғасырда өсімнің 80 пайызы адами капиталға тәуелді. Ал, адами капиталдың көрсеткіші – білімде. Яғни, білімді қару етіп, еңбек майданында белсенділік таныту. Дамыған елдердің озық тәжірибесінен осыны көруге болады. Білім саласында бәсекелестік орта қалыптастыруда – жекеменшік мектептер көбірек салына бастады. Дерек көздеріне қарағанда, Қазақстанда жекеменшік мектептер Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ құрыла бастапты. Біздің өңірде 5-6 жылдың көлемде алғашқы жеке мектеп ашылып, жыл өткен сайын саны артып келеді. Ауданда 43 мемлекеттік, 8 жеке мектеп бар әзірге. Әлбетте, жеке білім ордалары еліміздегі мектеп тапшылығын шешуге де оң ықпал етері анық. Жекеменшік мектептерге баратын кейбір балалар үшін мемлекет арнайы субсидия бөліп, мектеп ашамын деген инвесторға жағдай жасап отыр. – Мемлекет үшін, бұл – бюджетке түсетін жүктемені төмендету, орын тапшылығын азайту, білім беру сапасын жақсарту, педагог мәртебесін арттыру. Инвестор үшін, бұл – тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақ мерзімді бизнес-жоба десек артық емес.
Бүгінде ауданда не көп жеке мектеп көп, әлі алда ашылатыны тағы бар. Бәрі бірінен өткен, заманауи үлгіде, әрі балалардың қызығушылығы артуда. Жалпы ашылғаны дұрыс, конкуренция пайда болған жерде сапа да болады. Айтайын дегенім бұл емес еді, жалпы білім саласындағы кейбір мәселе жөнінде өз ойымды жеткізгім келеді. Білім сапасы жылдан жылға нашарлап келеді дейміз, неге, өйткені жалақы әлдеқайда көбейді, бүгінде мұғалім болуға әркімнің де таласы бар, ұмтылыс жоғарылады. Мектепте бұрыңғыдай тереңдетіп оқыту, азанда оқитын оқушыларды түстен кейін қосымша сабаққа дайындау бүгінгі таңда жоғалды десем артық емес, өйткені мұғалімнің уақыты жоқ. Жеке мектептерде біршама сағаттары бар болғандықтан мектеп басшылығымен келісіп сабақ кестесін ыңғайлы уақытқа қойып алған. Екі арада зыр жүгіріп жүргені сол. Ал балаға қосымша сабақ қажет пе ата - ана ақы төлеп қосымша білім алсын, репетитор жалдасын. Қазір ешкім тегін кеңесте бермейді.
Осы сөзіміздің айқын дәлелі, білім сапасы бойынша облыста ең соңғы орыннан көрінуіміздің өзі сөзіміздің дәлелі болса керек. Үш жылдық білім сапасына мониторинг жасаған білім бөлімінің әдіскері Жанна Нұрмаханбетова әр мектептің әлеуетіне жеке-жеке тоқталды. Аудан бойынша 43 мемлекеттік мектеп, 8 жеке мектеп білім беруде. Жалпы 18465 бала білім алып жатса, оның 3490-ы үздік, 5244-і жақсы, 727 оқушы орташа. Соңғы үш жылда білім сапасы күрт төмендегені байқалады. Тарқата айтсақ, 2021-2022 оқу жылында 4 мектеп, 2002-2023 оқу жылында 2 мектеп, 2023-2024 оқу жылының бірінші тоқсанында 9 мектептің көрсеткіші көңілді көнжітпеді. Мұны әдіскер Жанна Нұрмағанбетова да мәлімдеді.
– Үш жылдағы білім сапасының мониторингі 16 мектептің көрсеткіші төмендегенін көрсетіп отыр. Бұл пән мұғалімдерінің әр баламен жұмыс жасауды жетілдіру керектігін білдіреді. Халықаралық стандарттар негізінде жүргізіліп отырған оқу процестеріне ілесуді әрі нәтижелі дәріс берудің жолын қалыптастыру маңызды. Облыстағы үздік мектептердің оқытушы педагогтарымен тәжірибе алмасып, сабақ берудің тың тәсілдеріне мән беру керек-ақ, – деді әдіскер.
Осы тұста, елімізде жекеменшік мектептер орта білім беру саласын дамытуға үлкен үлес қосқанымен, соңғы жылдары мектеп ашуда ақша табу мақсатын ғана көздейтін кәсіпкерлер қатары көбейген оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев "Хабар 24" арнасының "Бетпе-бет" бағдарламасында тілге тиек етті. Министрдің айтуынша, соңғы кездері кей кәсіпкерлер жекеменшік мектеп салу ісін бизнеске айналдырып, оған білім беру ісі емес, табыс көзі ретінде қарай бастаған.
– Жалпы, жекеменшік мектептердің елдегі білім жүйесінің дамуына үлкен үлес қосқанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, соңғы кездері кей кәсіпкерлер жекеменшік мектепті бизнеске айналдыра бастады да, ақша табу жағына кетіп қалды. Мектеп немесе білім саласындағы нысандар бизнес деп аталмауы керек. Ол – әлеуметтік сала. Ұйым жекеменшік болғанымен, бала жекеменшік емес қой. Сондықтан мемлекет мұны міндетті түрде бақылауда ұстауы керек. Жекеменшік мектептер іске кіріспес бұрын Оқу-ағарту министрлігінің сапаны қамтамасыз ету комитетінен лицензия лицензия алғаннан кейін мектептердің оқу бағдарламасы біздің бақылауымыздан тыс қалып келген. Өйткені, кәсіпкерлік туралы кодекске байланысты мораторий жарияланып, тексеруге тыйым салынған. Бұл бағытта Прокуратураға және Ұлттық экономика министрлігіне тексеруді қайтадан жандандыру туралы ұсыныс бердік, – деп түйіндеді Ғани Бейсембаев.
Расында, жекеменшік мектеп ашуды ойлаған адам алдымен пайданы емес, өзге жекеменшік мектептерден қандай артықшылығым болады деген сұрақтың жауабын ойлауы керек. Себебі жекеменшік мектептер барлық елдерде қолданыстағы білім жүйесінің кемшілігін толықтырып тұратын үлкен күш. Қазіргі уақытта, елімізде ресми лицензиялы 632 жеке меншік мектеп бар.Онда 200 мыңнан астам бала білім алады. Мемлекеттен қосымша жан басына қаржыландыру шеңберінде әр оқушыға жылына орташа есеппен 722 мың теңге айналасында ақша төленеді. Бұдан тыс, егер ғимаратты реконструкциялап мектеп ашсаңыз әр балаға жылына 47 АЕК (162 мың теңге), ал, мектеп ғимаратын жаңадан салып мектеп ашсаңыз әр балаға жылына 96 АЕК (331 мың теңге ) ақша төленеді. Ең көп жекеменшік мектеп Алматы және Шымкент қалаларына орналасқан. Әр қайсысында 100 ден аса жеке меншік мектеп бар. Ең аз жеке меншік мектеп Ұлытау обылсында бір ғана жеке меншік мектеп бар екен. Үлкен облыста бір мектеп болса, біздің ауданда 8 мектеп бар. Ойланарлық мәселе...
Осы тұста аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушы Бекжан Есенбаевпен тілдесіп, жеке мектептердің жайын білген едік.
– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2015 жылғы 17 сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің аймақтардағы бақылау департаменттері білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының сәйкестігіне қарай лицензия береді. Еліміздегі барлық білім беру ұйымдарындағы оқу процесін ұйымдастыру ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 «Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» Қаулысы бойынша әзірленетін және іске асырылатын жұмыс бағдарламаларымен және оқу жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Яғни, барлығында бірдей оқу процесі жүреді. Жекеменшік мектептерде білім берустандарты ҚР білім беру министрлгібекіткен талаппен жүзеге асады.
Мемлекеттік мектептер бола тұра, жылына жүз мыңдаған ақша төлеп, баласын жекеменшік мектепте оқытып жатқан ата-аналардың бірі – Асем Дүйсенова. Оның айтуынша, мемлекеттік мектепте оқыған оқушының қосымша репетитор жалдауына тура келеді. Мұндайда бәрібір оқыту шығыны жекеменшік мектеппен бірдей болады. – Жекеменшік мектепте қосымша үйірмелер де, спорт секциялары да қамтылған. Бала таңертең мектепке кіргеннен 3 мезгіл тамағын ішіп, үй тапсырмаларын сонда орындап қайтады. Мектеп бағдарламасының ішінде шахмат, робототехника сияқты салалар бар. Бір сыныпта 15-18 оқушыдан отырады, ал мемлекеттік мектепте – 25-30 оқушыдан. Сондықтан қай жағынан алып қарасақ та, бізге жекеменшік мектеп тиімді, – дегенді алға тартса, енді Саят Ержанов есімді азамат қызының жеке мектепке бергеніне өкінетінін жткізді.
– Байқасам, соңғы уақытта ауданда көркі көз тартар білім ордаларының қатары көбейіпті. Меніңше, жалтыраған мектептер салу міндет емес. Бастысы, білім саласындағы кем-кетіктерді саралай, зерделей отырып, сол қомақты қаржыны мықты мұғалімдер даярлауға, сапалы білімге, технологияларға жұмсаған әлдеқайда тиімді болар еді. Өткен аптада ауа райының суытуына байланысты 1 апта сабақ онлайн режимге өтті. Менің үлкен қызым мемлекеттік мектепті, кішкентай қызым жеке мектепте оқуды. Себебі, қызым кішкентай болғандықтан жеке мектеп тиімді деп ойлағанбыз. Бірақ, онлайн оқу барасында жеке мектепке бергеніме өкіндім. Оқушыларда белгілі бір тәртіп, ұстазды сыйлау, айқанын істеу деген ұғым жоқ екен. Апайлары ынты-шынтысымен тапсыра беріп жатыр, мына жақта оқушылар небір қисық сөздерді айтып, бір-бірімен салғыласып отыр. Оған ұстаз шіркін бір қой демейді-ау. Болмағасын өзім оқушыларға ұрсып, артық сөзді доғаруын талап еттім. Оған оқушылар пысқырып жатқан. Демек, мұғалім оқушы мектептен кетіп қалмаудың қамын жасап отыр деген сөз. Қазақта тәрбие мен білім егіз демей ме? Меніңше, жеке мектептерде балаларды көтермелеп, жоғары баға қойып, ұрыспай, мақтап, мадақтап өсіріп жатыр десем өтірік айтпаған болар едім, – дейді ата-ана.
Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Жапон азаматтарына қарасаңыз, үлкені де, кішісі де иіліп тұрады. Бәрі тәлімнен. Кішкентайдан алған білімнен екені анық.
Дегенмен, жекеменшік мектеп басшыларының айтуынша, мемлекеттік жалпы орта мектептерден ондағы оқыту әдісінде біршама өзгерістер бар көрінеді. Яғни, мұнда пәндер бойынша қосымша сабақтар өткізіліп, білімді тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибемен ұштастыруға көбірек мән беріледі екен. Бұл сөзімізді «Заңғар» интелектуалды мектебінің өкілі Әбдісамат Әбіштің айтуынша, жеке мектептердің артықшылығы бар. Біріншіден, ауылдық жерде робототехника үйірмесі мен ментальді арифметика үйірмесі бар. Екіншіден, білімге ынталандыру мақсатында оқушыға степендия бөлінеді. Озат оқушылардың санына қарай, құрылтайшылар ішкі бюджетті бағамдай отырып, ортақ бір сумма белгілеп, үздік оқушыға табыстайды.
– Интеллектуалдық мектеп болғандықтан, оқушының креативті, сыни ойлау қабілетін дамытуға күш саламыз. Телефоннан көріп жүрген роботтарды қолмен құрастыруға мүмкіндік беретін, бір данасы 250 мың тұратын арнайы алты техника алдық. Жаңақорғандағы жеке жеті мектептің ішінде біздің білім ордасында ғана мұндай мүмкіндік бар. Бұл бәсекелстікті арттырады. Бүгінде отыз оқушы робототехниканың қыр-сырын үйреніп жатыр, – дейді Әбдісамат Әбіш.
Осы ретте аудандағы білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Аллаберген Ахметовтың ойын білгенді жөн көрдік.
– Нарық заманында бәсекелестікті қарылтастырып жатыр ғой жеке мектептер. Оған қос кент орталығында мемлекеттік мектептерде бала санының сыйымдылығын төмендету мақсатында ашылып жатқан жеке білім ордалары. Жеке мектептердің техникалық базасына, ұстаздардың біліктілігіне бақылау департаментінің жұмысы жүйелі болуы керек. Ол мектептерде білім сапасы жоғары болуы тиіс.Өйткені, мемлекеттік мектептерде 1 сыныпта 25-30 бала отырса, жеке мектептерде бала саны аз. Бұл жерде мектеп құрылтайшысы ұстаздың біліктілігіне, білім мазмұнына ерекше назар аудару керек. Өйткені, мықты мектептің негізі мықты мұғалімде деген қағида бар ғой. Яғни, мұғалімнің біліктілік деңгейіне, білімсапасына талап қатаң болуы керек. Білуімшемемлекеттік мектепте жұмыс істейтін ұстаздардың бірсыпырасы қосымша жеке мектептерде жұмыс істейді екен. Сол мұғалімдер қалтаның қамын ойламау керек. Оның алдында қазақ елінің болашағы, қазақ елінің ұрпағы отыр. Ертеңгі күні білімді, тәрбиелі ұландарды өсіріпотырғанын ойлауы керек. Мемлекеттік мектепте жұмыс істеп келіп, жеке мектепте әйтеуір уақытымды өткіздім деген мақсатта барса, онда ол мұғалімдер болашақ ұрпақ алдында жауапкершілігі төмен екенін көрсетіп қояды. Меніңше аудандық білім бөлімі тарапынан да жеке мектеп екен деп шеттетпей, ұдайы қадағалап, білім сапасына мониторинг жүргізіп, зерделеп отыру қажет. Өйткені, ол жерде білім алып жатқан өзіміздің балаларымыз. Меніңше, мемлекеттік мектепте білім деңгейі жоғары, талап деңгейі мықты, баланың оқуға деген құштарлығы артып жатса мемлекеттік мектептен ешқандай ата-ана баласын жеке мектепке алып кетпейді. Сондықтан, мемлекеттік мектептің басшылығы, ұстаздары сол талап деңгейінен шығуға жұмыс жасау керек. Мемлекеттік мекемеде білім алған сапасының дәрежесі әрқайытта жоғары болады, – дейді ардагер ұстаз.
Қорытындылай келе, қазіргі кезде жекеменшік мектептерді ашу науқанға айналып кетуі мүмкін деген қауіп те жоқ еместігін байқадық. Осы орайда білім беру үрдісіне қатысты тиісті мекемелерге бағынбайтын жекеменшік мектептердің ішкі мәселесі де қатаң бақылауда болуға тиіс. Сала мамандары қауіптің алдын алуға, бала тағдырына немқұрайды қарамауға қатысты талаптардың қатаң бақылауда болуын қадағалаудың маңызды екенін айтты. Сондықтан жекеменшік мектептер жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстарды іске асыру қажет-ақ.
Еліміздегі жекеменшік мектептер олимпиадаларда ғана бақ сынаумен шектелмей, олардың мемлекеттік білім ордаларымен тәжірибе алмасуын дұрыс жолға қою да өзекті. Мектепішілік шараларда ата-аналардан белсенділік талап етіледі. Жекеменшік мектептер қоғамды жікке бөлудің емес, білім кеңістігінде ықпалдасудың үлгісіне айналуға тиіс. Оқушылардың, мұғалімдердің жетістіктері, әлеуметтік белсенділігі мемлекеттік және жекеменшік мектептердің арасындағы бәсекелестік емес, сапалы білімнің экожүйесіне айналуға тиіс. Ал білім беру ісі бизнес емес, елдің болашағы екенін қаперде ұстасақ екен.
Иә, қай мектептің болмасын балаға берер мүмкіндігі мол. Өйткені барлығының илегені бір терінің пұшпағы. Қайсысын алсаңыз да елдің ертеңі болатын болашақты тәрбиелеп жатыр. Әр мектептің өзіндік артықшылықтары мен айырмашылықтары бар. Баласын қандай мектепке оқытса да ата-ананың өз еркі. Тегін оқытсаңыз да, ақылы оқытсаңыз да өз болашағыңыз. Оларға жасалған әр игіліктің соңы береке, әрі ардың ісі. Сондықтан үкілеген үмітіміздің білімді болуына қандай жағдай жасасақ та артық емес. Бастысы, ең тиімді инвестиция – білімге құйылған инвестиция екенін естен шығармайық
Айсұлу АЛДАНАЗАР