Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында жыл басынан бері тұрғын үй бағасы 25 пайызға қымбаттады. Алдымен, еліміздегі тұрғын үйлердің бағасына зер салсақ, бір жылда қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы – 26,4%, жаңа тұрғын үйлерді сату 19,6%-ға өсті. Тұрғын үйді жалға алу төлемі 2022 жылғы шілдеде 20,8% артты. Өңірлер бойынша жаңа салынған тұрғын үйлер нарығында Қызылорда облысы көш бастайды. Одан кейінгі сатыда Ақтөбе қаласында – 32,5%, Астанада – 27,6%, Өскеменде 26,1% қымбаттаған. Осы тұста өз өңіріміздің көрсеткішін үдетіп тұрған Жаңақорған ауданы деуге негіз бар.
Соңғы жылдарда «ОЛХ Жаңақорған» жарнамасында заманауи үлгіде салынған үйдің құны 150 млн. теңгеге дейін бағалануда. Ал «Krisha.kz» платформасында Жаңақорған кентінде орналасқан 3 үйдің құны 180 млн. теңге деп көрсетілген. «Жаңақорған жарнама» фейсбук парақшасында 3 бөлмелі баспана 25-30 млн, 4 бөлмелі баспана 40 млн, жаңа үйлер 55-75 млн. теңге көлемінде бағалануда.
Ал, көршілес жатқан Шиелі ауданындағы үйлердің бағасын сөз етсек, «Шиелі ОЛХ» парақшасында 10 соттық жер 1 млн. теңгеден аспайды. Ал, шағын отбасыларға 5 млн. қаржының төңірегінде баспана алуға болады. Бүкіл жағдайы жасалған жаңа үйлерді 15 млн. теңге көлемінде қаржыға алуға болады. Сонда біздің Жаңақорғанның үйлері неге қымбат? Мұны қадағалауға болмай ма? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Әлеуметтік желі қолданушысы Ай¬герім Асыл «Жаңақорғандағы үйімді 15 млн теңгеге сатып, Түркиядағы Анталия қаласы Бебек ауданынан 3 бөлмелі үй алдым. Үйдің аумағы кең әрі заманауи жабдықталған» деп көпшілікті таңқалдырды. Осы тұста Жаңақорған¬ның үй нарығын халық күнкөрісіне сай қалай ретке келтіре аламыз? Біз осы тақырыпқа жауап іздеп көрдік.
Расында, соңғы бес жылда ауданда үйлердің бағасы тұрақталмай тұр. Пандемия кезінде де үй бағасы түспеген. Қымбаттату қарқын алып, мегақалалардағы үйдің құнына жетті. Үй жарнамалаған жандар жанар-жағар майдың қымбаттағаны бағаға әсер етіп отырғанын сылтау етеді. Ал, Krisha.kz жылжымайтын мүлік агентінің пайымдауынша, баспана құнын қолдан қымбаттатып отыр деп есептейді. Себеп – зейнетақы қорындағы қаржыны кәдеге жарату. Оған қоса жас мамандарға арналған бағдарлама аясында шағын үйлердің бағасы өскен. Айта кетейік, баспана іздеген қауымнан өз үлесін көретін делдалдар да бағаның шарықтап кетуіне себепші. Осы мәселені сөз еткен кент тұрғыны Ербол Сыдықов: «Үй бағасын мемлекет тарапынан қадағалаудың тиімді жолын табу керек. Себебі, ең біріншіден қарапайым халықтың орташа айлығы жергілікті жерде 100 мыңнан аспайды. Бұл айлықпен жер алудың өзі мұн. Екіншіден, салынған үйдің құ¬нын бағалау мекемелерінің талаптарын нақты көрсету керек» – дейді.
Ал, Jer.kz жылжымайтын агенттігінің мәліметінше, жаңа жылдан бастап пәтер бағасының үстіне 7-10%-ға дейін ақша қосу басталған. Мысалы, үйін 30 млн теңгеге бағалағандар қазір 33 млн теңгеге сатып жатыр. Айта кетерлігі, қойған бағаға сай үйді сатып алатындар аз. Себебі нарықтағы бағаны белгілейтін – сатып алушы. Ал бірінші нарықтағы үйдің бағалары доллар бағамына сай көтеріліп жатыр. Десе де, бірінші тұрғын үй нарығында 2018 жылдан бастап қымбаттау байқалады. 2018 жылы бір бөлмелі 40 шаршы метрлік үй 7,2-7,5 млн болса, қазір 10-18 млн теңгенің арасында.
Осының салдарынан Жаңақорғанда мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алу мұңға айналды. Оған қоса үйді бағалау талабына сай үй жоқтың қасы. Мемлекеттік бағдарлама талабына сай үйлерді иесі арзан бағаға сатуға құлықсыз. Неге? Себебі, құрылыс материалдарының қымбаттауы шығынын өтемейді. Шағын үйлерді салып, оны жас мамандарға ұсынып жүрген кәсіп¬кер Арман Жаңабай: «Жаңақорғанда 2018 жылға дейін бірнеше баспананы мемлекет бағдарламасына сай бағада сатып, одан едәуір табыс таптық. Ал, қазір ол бағаға орталықтан жер ала алмайсыз. Сондықтан кәсіп түрін өзгертуіме тура келді. Қазір баспаналарды жалға беріп жүрмін», – дейді.
Баспана салып жүрген жерлестер құрылыс материалдарының қымбаттауымен қатар жанар-жағар майдың да тапшылығы баспана нарығына әсер ететінін айтады. Тәжірибелі кәсіпкерлер алдағы уақытта баспана бағасы одан әрі қымбаттай беретінін жасырмады.Екі адамның басы қосылса айтылатын әңгіменің бірі «Баспаналы болғым келеді» деген пікір. Бұл түсінікті де. Мына заманда пәтер алып, үй иесі атануға көптің қолы жете бермейді. Тіпті Жаңақорғанның өзінде жер үйдің бағасының шарықтап кеткені қашшан. Анда тартса мұнда жетпейтін қол қысқа қоғамда баспананың қымбаттауына не себеп? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.Әуелі еліміздегі тұрғын үй нарығындағы жағдайға тоқталсақ. Оны білуде біраз деректерге қанық болдық. Тіпті жылжымайтын мүлік нарығындағы мамандармен пікір алмастық. Әлеуметтік желідегі жарнама бағытында ашылған парақшалардағы сатылымға шыққан үй бағаларына да шолу жасадық. Нәтижесінде баға қалай қарай бет алғанын аңдадық.
Жалпы күн санап дамып жатқан өркениетті қоғамда адам көзінің жауын алатын қалашықтар саны көбейген. Шамасы келгендер бірінен-бірі асып, аспанмен астасып, көкпен таласқан зәулім үйлерді таңдап қоныстануда. Ал айлығы шайлығына жетпей үй жалдап, несібесін несие жеп жатқан қарапайым жандар өздері армандаған үйге қай уақытта қол жеткізбек? «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп, қара шаңырағында көсіліп жатуды кім армандамайды дейсіз! Әр қазақ азаматы баспаналы болса, кезек қызыл дәптердің бірінші тізімінде тұрған несиеге де келер еді. Ал «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, бір баспанаға қол жеткізсем деген арманы асқақ, жалақысы төмен отбасылардың саны бүгінде көбеймесе, азайған емес.
Мәселен биылғы жылы сатылымға шыққан ең қымбат үйлер Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан және Ақтау қаласында тіркелген. Олардың бағасы 582 млн мен 3 млрд 700 млн теңге аралығында бағаланған. Бұл рейтинг бойынша елімізде тіркелген ең қымбат зәулім үйлердің бағасы. Ал мұндай бағадағы баспананы иеленуге екінің бірінің шамасы келмейді, тіпті армандамайды да.
Осындай жағдайдан кейін мемлекет тұрғындарға «Отбасы банк» АҚ арқылы «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «7- 20-25» және «Ұмай» мемлекеттік бағдарламасы аясында үй кезегіне тұрып, баспаналы болуға жол ашты. Бағдарлама бойынша несие мерзімі – 25 жылға дейін. Баспаналы болу үшін жергілікті атқарушы органдарында пәтер кезегіне тұратындар мен соған қам жасайтындар бар. Алайда мемлекеттік баспана кезегіне кез келген азаматтың тұра алмайтынын бірі білсе, енді бірі білмейді. Бағдарламада мемлекеттік баспананы алатындар санаты да айқын көрсетілген. Ешбір санатқа жатпайтындар сонда не істемек? Мұны тұрғын үй секторы мамандары жоғарыдағы категорияға жатпайтын отбасылар мен жергілікті атқарушы органдарында жер, баспана кезегінде тұрғандар үшін үйлі болудың ең тиімді жолы «Отбасы банкінде» депозит ашу керек екенін алға тартады.
Кезегің келіп, керекті қаражатты жинаған күннің өзінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана алу мүмкіндігіне қол жеткізген жанға 10 миллион теңге беріледі. Алайда нарықта тұрғын үй құнының өскені бәрімізге белгілі.
Аудандағы баспана бағасының шарықтауы үйдің орналасқан жеріне байланысты. Мәселен, Орталық, Ипподром, МАИ бекеті, Саяжайдан үй аламын десеңіз қалтаңызда кемі 15-18 миллион теңге болуы керек. Бұл аумақтағы баспаналар өзге көшелерде тұрғызылған үйлерге қарағанда едәуір қымбат. Мәселен теңгеміз құлдырап, доллар күн сайын құбылып тұрған қоғамда сіз екіүш бөлмелі времянканы 5-6 миллион теңгеге тапсаңыз қуаныңыз. Ал үлкен үйлер 30 миллион теңгенің үстінде. Былтырғы жылы ауданда екі қабатты үйдің 70 миллион теңгеге бағаланып, сатылғандығын естігенбіз. Ал биыл тамыз айында 85 миллион теңгеге сатылатын үйді жарнамадан көргенде біздегі баға мегополис қала саналатын Алматы, Шымкент, Астанадан да қымбат екен ғой деген ойға келдік. Сол жарнаманың астында жазылған пікірлерді оқысаңыз тіпті жағаңызды ұстайсыз. Шыны керек, мұндай бағадағы үйлер аудан орталығында бар деп ойламаппыз.
Биыл тұрғын үй бағасының шарықтап кетуі көңіл-күйді түсіргені рас. Бағасы мен үйдің сапасы сәйкес келмейтінін жарнама егесіне айтсаңыз өзіңіз сөз естіп қаласыз. Негізі бағасы көңілге қонымды 15-18 миллион теңге көлеміндегі үйді іздесеңіз Саяжай мен №110 мектептің айналасынан табуға болады. Қаржыңыз одан аздау болса Алтыкрант, Шипажай маңы, Жаңауыл, Қорғантоғайдан іздегеніңіз жөн. Бұл аумақтарда үйдің бағасы қолжетімді, сәйкесінше сапасы да сол бағаға сай келеді. Бұл сөзімізді үй іздеп аяғынан тозған кент тұрғыны Әсет Жомартұлы да құптайды.
– Жаңақорған кентінен үй алу соншалықты қиын деп ойламаппын. Мен «Отбасы» банкі арқылы алқашқы жарнасын төлеп, үй алғым келді. Құжатты рәсімдеп болғаннан кейін, бір ай көлемінде алатын үйдің құжатын апаруым керек екен. Содан үй іздедім. Сатылады деген баспанаға барамын, алайда бағасы қалтаға сай келмейді. Дайын, жағдайы жасалған үй алайын десем, 15 миллион теңгеден жоғары. Бағасы көңілге қонымды баспаналарды қарасам, қосымша қаражат тағы керек. Сөйтіп, шарадай басым шақшадай болып, бір ай дегенде бір үйге әзер тоқталдым. Көңілімнен шықты дей алмаймын, банк оң шешім танытып тұрғаннан кейін, «алып қалайын» деген ой болды. Жұрттың барлығы үдере қоныстанып жатқан МАИ бекетінен 9 миллионға 4 бөлмелі үй алдым. Айналасы қоршалмаған, газы мен суы кірмеген. Қыруар қаржыны қажет ететіні көрініп-ақ тұр. Бұйырғаны осы болар! – дейді жас отбасының егесі.
Ел арасында «25-30 миллионның үйін кім ала береді дейсің, әлі де болса баға түсетін шығар» деп әліптің артын бағып отырғандар жетерлік. Бірақ, қымбатшылық заманда үй арзандайды деген бекершілік. Оған себеп көп. Мәселен Facebook-те 18 мыңға жуық оқырманы бар «Жаңақорған жарнама» парақшасына күніне 10 жарнама жарияланса, соның 4-5-еуі тұрғын үйге қатысты. Оған қоса «OLX Жаңақорған» парақшасы да жарыса үйдің сатылымын оқырмандарына жеткізіп, нарықтағы бағадан хабардар етіп отырады.
Тіпті, әлеуметтік желілерде эстрада жұлдыздары мен қалталы азаматтардың Түркияға қоныс аударып жатқанын көріп те, оқып та жүрміз. Олардың қатарында жаңақорғандықтар да бар. Себеп неге? Өйткені түрік ағайындар қоныс тепкен мекенде баспана бағасы бізге қарағанда едәуір арзан. Үй сатып алу жағынан да еш қиындық жоқ. Тек 3 пайыз мүлік салығы, 3 пайыз риэлтор қызметі үшін ақы төлейсіз болды.
Осыдан-ақ Түркия мемлекетінде баспана бағасы біздің Жаңақорғанның бағасынан әлдеқайда арзан екенін топшыладық. Мәселен Саяжайда салынған көпқабатты үйден 1 бөлмелі пәтер алғыңыз келсе 11 миллионнан жоғары ақшаңыз болуы керек. Ал бұл бағаға Түркиядан сіз 2-3 бөлмелі пәтерді ала аласыз.
Жә, шетелді қойып, өзімізге оралсақ, баспаналы болудың қандай тетіктері бар. Ең дұрысы, «Баспана-хит» және тағы басқа бағдарлама арқылы талай азамат пәтер кілтін қолына алуда. Біздің ауданда да бұл бағдарламаны кәдеге жаратып жатқандар бар. Бұл жөнінде «Отбасы» банкінің аудандағы өкілі Жазира Жапардан білдік.
– Екі жыл бұрын 10-15 миллион теңгеге жақсы үйді алуға болатын. Доллардың қымбаттауына байланысты қымбатшылық сезілуде. Әсіресе, құрылыс материалы шарықтап кетті. Қазір нарықтағы үйдің бағасы 20-25 миллион теңгеге бағаланады. Оны қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Бізге көбіне 10 пайызын төлеп, қалғанын несиеге рәсімдеу мақсатында 10 миллион теңгенің үйін алуға ниетті жандар хабарласады. Жаңақорған ауданы тұрғындарына тиімдісі «Бақытты отбасы» бағдарламасы. Оған көп балалы, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен, толық емес отбасылар қатыса алады. Дегенмен, биыл өзгерістер орын алды. Кім бірінші үйдің кезегіне тұрады, сол кісі «Отбасы» банкіне электронды түрде өтінім беріп, бағдарламаға қатыса алады. Бұл бағдарламада 2 пайызбен 10 миллион көлемінде несие береді. Алғаш 10 пайыз жарнасын төлейді. 2019 жылы 20 отбасы, 2020 жылы 25 отбасы, 2021 жылы 30-ға жуық жанұя жеңілдікпен баспанаға қол жеткізді, – дейді маман.
Баспана бағасының өсуіне құрылыс материалының қымбаттауы да ықпал етті. Қазір құрылыс материалдарының бағасы ай сайын емес, күн сайын құбылуда. Бұл сөзімізді құрылыс базарының иелері де жоққа шығармады.
– Қазір үй салу оңай болмай тұр. Біз алып сатармыз ғой. Қажетті жабдықтарды сырттан алдырамыз. Мысалы, бір апта бұрын цементті 1800-2000 теңгеден алдырсақ, бүгін 2000-2500 теңгеден сатылуда. Барлық құрылыс заттарының бағасы былтырғымен салыстырғанда 45- 55 пайызға қымбаттаған, – деп уәждерін жеткізді.
Иә, біздің нарықта қазір ағаш, қаңылтыр, шифр, кірпіштің құны былтырғы бағамен салыстыруға келмейді. Сол секілді пластикалық терезе де 1,5 есеге қымбаттады. Мәселен, былтыр 50 000 тұратын терезелер қазір 75-85 мың теңгеден кем емес. Ұсталар да шикізат сырттан келетін болған соң, баға ырыққа көнбейтінін алға тартады. Шыны керек, біздің ауданға құрылыс тауарлары өзге өңірлер мен Ресейден келеді. Осы екі арада делдалдар, алыпсатарлардың жүретіні заңдылық. Сондықтан, нарыққа тосқауыл болмай тұр. Бағаны нарық реттейді дейді, оны да уақыт көрсетеді. Бұл алқымнан алған қымбатшылық барлық салада дендеп барады. Еліміз күн санап, қарыштап дамып жатқан заманда бұл цифрлар тағы өзгере түсуі бек мүмкін.
Түйін. Тоқетерін айтқанда, баспа¬на нарығына тоқтау салатындай жаңа бетбұрыс қажет. Бұл бағытта осы саланың қазанында қайнап жүрген агенттік мамандарының ұсынысын тыңдаған артық етпейді. Бағаның аспандап бара жатқаны жанымызға батады. Бұлай жалғаса берсе, халықтың баспаналы болуы қолжетпес арманға айналмақ. Тығырыққа тірелген жұрттың аузынан «Түркияда үй арзан екен, сонда көшеміз» дегенді жиі естиміз. Меніңше,жайлы өмір сүру үшін ең алдымен ұлтарақтай жерің мен кең сарайдай болмаса да өз үйің болғанына не жетсін.