Kyzylorda-news.kz. Нақ бүгінгі күндері еліміздің түкпір-түкпірінен әлеуметтік парақшасындағы жарнамасы арқылы құлақтанып, өзін іздеп келушілерді тәжірибелік аймақта будандастырған бақшалығының жаңа сортымен таңқалдырып келе жатқан бағбан әлеуметке баптап отырған тұқымдығын ботаникасымен қоса ұсынып, қалай егіп, өсіруді егжей-тегжейлі түсіндіріп беруге даяр екендігін айтты. Жаңақорғанның күншығысында МАИ бекетінен арыдағы 130 гектар аумақ¬ты алып жатқан Амантай Бектайұлы¬ның шаруашылығына бардық. Онда алманың 20 дана аса түрі өсіріледі екен. Біз барғанда Маңғыстаудың Жаңаөзен қаласынан әдейілеп келген ағайын грек жаңғағы, миндаль, бамбук тұқымы бар дегенді естіп, сыр-сипатына терең үңілу үшін осында екі-үш күн аялдайтындарын білдік.

Өңірімізді былай қойғанда облыста тұңғыш тұқымбақтың тұғырын тіктеген бұл азамат биыл бесінші жыл алған бетінен таймай, табысты нәтиже жолында табанды тер төгіп келеді.

Хош, сұхбаттасымызбен әңгімеміз өзі таңдаған кәсібінің табиғатын зерделеуден басталды. Кәсіпкер бұл салаға қашан, қалай бет бұрды?Көктөбедегі ол кезде сегізжылдық мектепті бітірген ол аудан орталығындағы №17 кәсіптік-техникалық училищеде оқып, «Күріш өсіру маманы» болып шығыпты. Егінжай шаруашылығы бұдан бұрын, бала кезінен де жанына жақын екен. Бүкіл Көктөбеде ең үлкен апорт бұлардың бақшалығында өсті. Шие, өрік, алхорыдан анасы тәтті тосап дайындайтын.

Қордайдағы совхоз техникумында оқып, одан әрі әскер қатарына алынады. Еңбек жолын №56 мектепте еңбек пәнінен мұғалім болып бастайды. Қатарында жас түлектерді спортқа шыңдауға белсене атсалысады. Он жылдай Шорнақтағы мектеп интернатында шаруашылық жөнінде меңгеруші болып та жұмыс атқарыпты.

2009 жылдардан бастап туған жердің табиғатына үйлесетін үйреншікті кәсіпке көңілі ауып, Қандөз бен Қаратөбенің ортасында 65 градуста ағып жатқан жылы суды пайдаланып, 70 соттық жерге жылыжай орналастырыпты. Содан бері бір маусым да құрғамай, қияр мен помидордың жемісін жиып алып отыр екен. Бұның қабатында Үкіметтің «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 149 бас мал алып, жеті жылда алған несиесін толық өтеп болыпты. Есесіне мал төлі есебінен ойда жүрген бірталай тірліктің тетігі тарқатыла бергенге ұқсайды.

Мына жайқалып тұрған тұқым бағы да, 1 гектар аумақта темір қадасы тікейтіліп, еңсе түзеген екінші жылыжай құрылысы да осы шаруақорлықтан түскен тиын-тебеннің жемісі екенін айтады кәсіп иесі. Бір әттегенайы, жарты миллиардқа жуық қаражатты қажет ететін тұтас жылыжай кешені құрылысы толығымен бітпей тұрғанына биыл үшінші жыл екен. Бұған өңірлік деңгейде инвестициялық қолдау қажет сынды.

2017 жылы ең алғаш тұқымбақты өсіруді қолға алып, құжатын рәсімдеу¬ге кіріскенде ереже бойынша өсімдік зерттеу институты мамандарымен келісімшартқа отыру міндеттеледі екен. Осы мақсатпен Алматыға Қазақ Ұлттық агротехникалық университетіне баруға тура келді. Жұмысын бітіріп береді деген проректор мұның сол кезде өздерінде болып жатқан семинарға қатысуын дұрыс көреді. Жан-жақтан 45-тей ғалым келіпті. Солардың алдында өзіне де сөз тиді. Мінберге көтеріліп, алдымен бүгінге дейін атқарып жатқан кәсібінің қам-қарекетімен таныстырды:

«Кәсіпкермін. Үйрек-қаз асыраймын, мал бағам, тұқымбағым бар, балық өсіремін» деді. «Соның барлығын бір мезгілде атқарасың ба? Балық та бар ма» деп таңқырқасты бәрі. «Балық та бар», – деді бұл, – Африканың лақасын бағып жатырмын. Өзбекстаннан әкелгенмін. Ұрық шашып, көбейген сайын питомниктегі судың тыңайтқыш ретінде пайдасы зор. Өсімдікке ағызып жіберемін. Қолдан тыңайтқыш төгіп әуре болмайсың. Өзі табиғатта барлық нәрсенің бірімен-бірі байланысты үрдісін үзбесек химияға жүгініп, топырақты аздырып-тоздырмас едік» деп экологиялық таза өнім алуда биологиялық сабақтастыққа өзіміз сына түсіріп отырған жағдайларымызға біраз мысалдар келтірді. Сөйтіп протокол бойынша кәсіби агрономия алқасынан ақыл-кеңес алмасқалы барған адамымыз ғалымдардың аузын аштырып қайтты.

Ал енді, қарауындағы иелікте бес жылда бой көтерген бақшалықтағы жеміс түрлеріне келейік:

Алманың 20 сорты бар екен. Өрік, шие, шабдалы сынды жеміс-жидектерден бөлек грек жаңғағы, миндаль, бамбук дегенді өзге жақтан әкеліп біздің топыраққа жерсіндіріпті. Американың «Аладар» деп аталатын жүзім сортын егіпті, ұзындығы шырпының шиіндей болады екен, кептіріп алса киш-миш мейізің сол. Миндальдың дәнегінің адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз. Бұдан өзге 25 градус суыққа төзімді, көмуді қажет етпейтін жүзім сортын тауып әкеп отырғызыпты. Павлония деген өсімдік бар екен, ағашын мебель жасауға, музыкалық аспаптың қабығын, қасық-тостақ, сейф материалына пайдаланады. Жеп-жеңіл, 450 градуста ғана жанады. Осы ағашты біздің жерімізге жерсіндіріпті. Шиповник, роза гүлінің 14 сорты будандастыру нәтижесінде қатар түзепті.

«Шабдалы ағашы 7-8 жылда қурап, жеміс бермейді,– дейді ол. Осы ағашты жабайы миндальмен будандастырып, өмірін 35-40 жылға ұзартуға болады. Айва, алмұрт, алманы бір-бірімен будандастырдым. Өрікті жабайы өрікке, алшаға өрікті будандастырдым. 4-10 метрге дейін ылғалсыз құрғақ жерге миндаль мен алша ағашы төзімді келеді. Қандай жемісті бір-біріне будандастыруға болатынын ғылыми негізде зерттеп барып, іске кірісемін. Жылыжайдың 30 соттық – тай аумағын іске қоса алсам лимон жемісін өсіргелі отырмын» – дейді ол.

– Алған өніміңізі қай жерге өткізесіз?

– Жыл сайын өнімдерімізді Түркістан қаласына апарып, көтерме бағамен сауда орындарына жеткізіп беремін. Сол жерден ары қарай Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарайды. Әрине, өз ауданымыздағы жекеменшішк және қоғамдық тамақтандыру орындарын тұтас қамтамасыз етуге де қауқарымыз жетеді. Бірақ, білесіздер ғой, тендер деген механизм бар, біз одан тыс қаламыз. Сөйтіп екі жаққа да тиімді, тасымалдау шығыны аз өндірісті жолға қоя алмай келеміз. Бұған аудан басшылығы, кәсіпкерлік бөлімі жанашыр көзқарас танытса деймін.

Кәсіп өрісін кеңейтіп, ойдағы жобаларымды жүйелі жолға қою өз алдына, менің мақсатым барша іс-тәжірибемді жас буынға үйретуге қатты ынтықпын. Сол бағытта үнемі ізденіп жүремін, – дейді тәжірибелі бағбан.

Бір бағбан бір ауылды гүлдендіреді

Өткенде Қызылорда қаласына жолы түскен Әбекең бір меценат жігітті кездестіріп қалыпты. Ол жігіт қаладағы 70 қамқоршысы жоқ балаға арналған «Атамекен» интернатына жылыжай салып беріпті. Мұны естіген Әбекең балалар қалашығына ауылдан 2500 көшет апарып, айналасына түгел отырғызып берді. Ересек балаларды қасына ертіп жүріп, кәсіптің көзін танытып, әр қатарына әрбірін еге етіп, үлкен сауапты іс атқарып келгенін айтады. Бұл әрі балалар мекенжайының болашақ ырзығына негіз қалайды. Әрі қанша көкөрімнің бағбандыққа көкірек көзі ашылып, қызығушылығы да оянып, еңбекке ынтасы артады. Айнала табиғатқа қамқорлыққа бейімделеді. Өзі осыған қуанулы.

Біз ойладық, жергілікті жерде ауылшаруашылық саласына оқытатын агроколледжіміз бар, орта мектептер бар, білімгерлерді осы тұқым баққа жиі әкеліп тұрса көп нәрсені үйреніп, шынайы тәжірибе алып маманданар еді-ау.

Амантай Сарбасов Қорқыт Ата атындағы университеттің өз ұлы оқып жатқан агрономия факультетімен келісімге отырып, өндірісте студенттерді іс-тәжірибеден өткізбек екен. Түлектер үшін бақшалық басына кең сарайдай үй салып қойыпты.

– Жиырма бес баланың бесеуі кәсіпті жетік біліп шықса да қуанар ем. Бір бағбан бір ауылды гүлдендіреді, – дейді ол.

«Қоғамға экологтар қажет. Жерді игеріп және тыңайтқыштардың табиғатын танып, табиғатты тірілтетін адамдар аз». Бұл әлем ғалымдарының бүгінгі бас ауруына айналған мәселе. Жаһанды қайдам, Жаңақорғанның жері Көкше сынды шұрайлы болмаса да, тыңайтқышын төсесе жеміс ағашы көктейді. Тек «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз өз өміршеңдігін көрсете алмауда. Яғни, экологиялық тәрбие тұралап тұр. Тал отырғызғаннан гөрі, нарықтық заманның бейіміне ілесіп, теңге тапқанды тәуір көреді. Десе де, бұл күнде бабын тауып, атшаптырым аумаққа түрлі жеміс ағашын жайқалтып, өнімін игілігіне пайдаланып отырған жандар кездеседі.

Мұндай жанашыр экологтардың қатарына жаңақорғандық Амантай Сарбасовты жатқызуға болады. Ол – республикадағы санаулы, Сыр өңіріндегі жалғыз тұқымбақтың иесі. Соданда болса керек, жақында «Ордакент» үйінде Амантай аға басшылық ететін «7 KZ Сыр Табиғаты» ЖШС-не қарасты тұқымбақ аясында «Жеміс ағаштарын тәлімбағында тыңайтқыштарды қолдану жүйесі» тақырыбында семинар өтті. Алқалы семинарға Қазақ Ұлттық аграрлық университетінен ғалымдар келіп, Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында білім алып жатқан ынталы кәсіпкерлерге дәріс берді.

Алқалы басқосудың алғы сөзін алған Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директоры Марлен Нұртазаев:

«Бағбан болсаң, бақ өсір, балама деп тағы өсір» демекші, нәтижелі жұмысқа қол жеткізу үшін жергілікті жастар жермен айналысқаны дұрыс. Оның ішінде, бақ өсіріп, бақша өнімдерін көбейтудің ауданға аса қажеттігі бар. Бұл – экологиялық проблемамен күресудің ғана емес, табысты кәсіпкер болудың да негізгі шешімі. Біздің өлкеде экологияны меңгерген кәсіби мамандар аз. Сондықтан бүгінгі семинардан мол тәжірибе аласыздар деген сенім мол», – деді.

Мұнан кейін мінбеге көтерілген ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «Топырақтану және агрохимия» факульетінің профессоры Айгүл Жаппарова «Ағаш тұқымдығына тыңайтқыш себу» тақырыбында теориялық бағдар берді. Профессордың айтуынша, бүгінгі таңда ағаш егу, жеміс ағаштарын көбейтудің мәні зор. Сондай-ақ ол Қытай мен Тайвань елінде ағаш егу мерекесі мемлекеттік мәртебеге ие екенін жеткізді. Ал алып мұхиттың ар жағындағы АҚШ-та ағаш егу 1872 жылдан бастау алған екен. Сол тұстағы АҚШ-тың ауыл шаруашылық министрі, белгілі саясаткер Стерлинг Мортон ағаш отырғызу акциясына мемлекеттік мәртебе берген десе-ді.

«Жалпы ағашты отырғызып қана қоймай, оны тыңайтқыштармен жетілдірудің орны бөлек. Минералдық тыңайтқыштар ағаштарға нәр беріп қана қоймай, құрт-құмырсқа сынды зиянкестерден сақтап, мол жеміс алуға мүмкіндік туғызады. Органикалық тыңайтқыштар құрамында топырақтың ең маңызды органикалық қасиеттеріне қажетті макро және микроэлементтер бар. Топырақты қарашірікпен, қажетті химиялық элементтермен байытуға, оның ылғалдылығын молайтып, ауа мен су режимінің реттелуіне, физикалық қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік береді. Органикалық тыңайтқыштар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін жоғарылатып, сапасын арттырады», – деді Айгүл Жаппарова.

Профессордың пайымды баяндамасынан соң, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты А.Сәрсенова «Сыр өңірінің сұр топырағына мелиоративті препараттар мен тыңайтқыштарды қолданудың тиімділігі» тақырыбында баяндама оқыды. Ал «Агрофлорин» ЖШС басшысы О.Жәнібеков «Жеміс ағаштарына арналған тыңайтқыш» тақырыбында кеңінен, «Казфосфат» ЖШС бас менеджері Ақмарал Кенжебаева «Минералды тыңайтқыштарды қолдану» турасында сөз өрбітті.

Осылайша отандық ғалымдардың иннова¬циялық жаңалықтарынан соң, конференция делегаттары Амантай Сарбасовтың «7 KZ Сыр Табиғаты» тұқымбағына барып, экологтың практикалық тәжірибесіне қанықты.

Қонақтар алдында сөз бастаған Амантай Бектайұлы Қазақстанда мұндай тұқымбақтар аз екенін жеткізді.

– Негізгі мақсатым – жаһанды жайлаған эко¬логиялық проблемға тосқауыл қою арқылы жеміс ағаштарын көбейтіп, ортаны жасыл желекке айналдыру. 2016 жылы негізі қаланған бұл тұқымбақта биылғы жылы 65 000 мың көшет сатылымға дайын. Оның ішінде, алма, алхоры, өрік, шие, шабдалы, алмұрт сынды жемістердің түр-түрі бар. Ал келесі жылға 120 мың көшет сатуды жоспарлаудамыз. Бір ғана алманың «Голден», «Семирианка», «Мельва», «Жаздық алма» сынды сорттары өсіріледі. Сол сияқты өзге жемістерді де будандастыру арқылы көшет алудамыз. Бұйыртса, келешекте 3 облысты көшетпен және жеміспен қамтамасыз етуге қауқарымыз жетеді, – деді Амантай Бектайұлы.

Тәжірибе алмасу барысында белгілі болғандай, өңірде дара саналатын тұқымбақтағы топырақты құнарландыру, жеміс ағаштарын нәрлендіру үшін сырттан ешқандай минералды тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмектер алынбайды екен. Көз ашқалы тіршілікті танып, өсімдік өсірудің сырына қаныққан тұқымбақ басшысы мұнда үйректер мен қаздарды көптеп асырайтын-ды. Үйрек-қаздар жуынған сумен көшеттерді суғару арқылы мол өнім алуға жол ашса, лобия егіп, топырақты табиғи түрде азоттандырып отыр. Мұнда ақ, қара, қызыл түсті элиталық сортқа жататын лобия да көптеп егілген. Елімізде сирек кездесетін бұл сорттарды кәсіпкер ерте көктемде Түркиядан арнайы алдыртқан.

Сондай-ақ тұқымбақтың тынысымен танысу барысында шаруашылықтың бас агрономы Айдын Ибадуллаева да өз пікірін ортаға салды.

– Егін егу ережесіне сай тұқымбақта ең бірінші қатарға итмұрын егілуі тиіс. Одан соң 2 метрден соң қараөрік немесе шие, ал содан кейін терекпен қоршалу керек. Өйткені, алыстан соққан аңызақ желге бұл өнімдер қалқан болады. Жаңақорғанда жиі жел соғуының негізгі себебі – ағаштардың аздығы, жасыл желектің жоқтығы. Біз мұны басшылыққа алып, бәрін егін егудің ережесіне сай орындадық. Бүгінде 14 адам тұқымбақтың маусымдық ішкі жұмыстарын үйлестіріп отыр, – деді бас агроном.

Айналаны жасыл желекке айналдырған алып тұқымбақты аралау барысында кез-келген ынталы кәсіпкер үшін пайдалы ақпаратқа қанықтық. Зер салып, оқыңыз. Бәлкім сіз іздеп жүрген мәлімет болуы әбден мүмкін.

Заңды түрде мемлекеттен сертификат алып, заңдастырылған кәсіпкерлік нысанынан көшет сатып алған адамға «Ауылшаруашылығы бөлімдері” арқылы қайтарымсыз субсидия беріледі. Яғни ынталы кәсіпкер жеміс ағаштарын өсіріп, көбейтетін болса «7 KZ Сыр Табиғаты» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, мемлекеттен жеңілдетілген қаржы алуына мүмкіндігі бар. Бүгінде 50 гектар жердің 20 гектарына көшет егілсе, өзге аймағы бос тұр. Кәсіпкер келешекте мұны да игеріп, көшет егу қарқынын көбейткісі келеді екен.

Практикалық семинар соңында «Жас кәсіпкер» жобасы аясында курсқа қатысып жатқан шәкірттерге сертификат табысталды. Мұндай маңызды семинарлар көптеп ұйымдастырылса жұмыссыз жастарға мол бағдар беретіні айқын.

Тағы да оқыңыз: