Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған кентінде алғаш жеке «Айгерім» медицина орталығы ашылды. Бұл күнде жұмысы бірыңғай жүйеленіп үлгірген медицина орталығына арнайы бас сұғып, жұмысымен танысқан едік. Мекеме жұмысын табанынан тік қойып, үйлестіріп отырған тұлға Балжан Ильясованың мамандығы терапевт дәрігер. 

Көп жылдар аудандық денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет етті. Жүйеге алғаш ендіріле бастаған жаңа технологиялардың қатарында УДЗ аппаратын ауданда алғашқылардың бірі болып меңгеріп, сырқатты анықтау мен зерттеу саласында да мол тәжірибе жинақтады. Осы ізденістерін өмір жолында кәдеге асыруды мақсат еткен маманның ел денсаулығын оңалтуда функциональды қызмет көрсететін орталық ашуға да көптен ықыласы ауып келіпті. Көп жылдар медицина саласында бірге тер төгіп келе жатқан қосағымен кеңесе келе дәрігерлер жанұясы әріптестік әлеуеттерін жалпының денсаулық жағдайын оңалтуға арнаған жарқын жобаға жұмылдыруға шешім қабылдапты. Нәтижесінде бес қаруы сай, көрсе көз қызығатын екі қабатты ғимараттың құрылысы кенттің бел ортасынан бой түзеді. Нағыз соқпақты да, соқтықпалы қадам содан соң басталғанын айтады кәсіп иесі. Өйткені бізде қай салада да жеке кәсіп бастауға талап болғанымен оны аяққа тұрғызудың сабақты механизмі толық қалыптасып болмаған екен. Іс бастаған адамның қолында бұрын-соңды сыннан өткен дайын үлгінің болмауы да тәуекелді батылдыққа келіп тірелді. Өз қажыры мен қайратына арқа сүйеп, маркетинг пен менеджерлікті жете меңгеруге тереңдеп кіріскен ынта-ықыласының арқасында елдік міндетті арқаланған ақниетті жобасы өз арнасын тапқан секілді.

Бүгінде басым көпшілігі өз аймағындағы тұрғындарды қамтитын «Айгерім» емханасы емделушілердің көңілінен шығып отыр. Негізінен жаңа емхананың заманауи үлгіде, жергілікті жерге әлі келіп үлгірмеген жаңашылдықтарды ендіруге мүдделілігі аңғарымпаз көңілге ә дегеннен байқалып тұрғандай. Емхана меңгерушісі Балжан Дүйсекенқызы кабинеттерді түгел аралатып көрсеткен кезде бұған толығымен көзіміз жетті. Клиниканың бірінші қабатында орналасқан флюорография тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді екен. Сондай-ақ терапевт, эндокринолог, травмотолог, гинеколог, кардиолог дәрігерлер алдын ала белгіленген сағат бойынша тегін консультациялық қызмет көрсететінін білдік. Емхананың екінші қабатында оңалту орталығы ашылыпты. 

Онда қандай бір науқас түріне ыңғайлы жеке кабинеттер жасақталыпты. Әр бөлмеге функциональды кроваттар жеткілікті қойылыпты. Тәулік бойы емханада жатып, ем қабылдайтындарға барлық жайлы мүмкіндіктер қарастырылыпты. Арнайы душь, әжетханасы бар. Емхананың бір ерекшелігі, арнайы құрылғылармен жабдықталған физка-бинеттер жұмыс жасап тұр.

Олар санамалап айтсақ, вертикализатор (тірек-қимыл қозғалысын демеуге арналған аппарат), артромат (түрлі жарақат алулар, инсульт немесе отадан кейін қимыл-әрекетке жаттықтыратын құрал) қазіргі таңда іске қосылып, жоғары эффектісіне куә болғандардың аз емесін білдік. Тұзды шахта залы да Жаңақорғанға тұңғыш қоныс тепкен жаңалық десек болады. Терең және шипалы тыныс алумен өкпені демалдыратын эксклюзивті нысанның жүйке тамырыңды бөлекше баурап алатын көрінісі де тым әсерлі екенін сезіндік.

Ал күндізгі стационар шағымданушыларға қалыпты ем-дом жасаудың ережесіне сай жабдықталыпты. Логопед бөлмесінде ем-шараға қажетті жасөспірімдерге арналған құрал-жабдықтардың түр-түрі қойылыпты. Сонымен қатар емханада мамандандырылған стоматология кабинетінде тістің ақауын сол мезет бірден анықтап беретін компьютерлі рентген аппараты жұмыс істеп тұр. Ал УДЗ кабинетінің алды күнұзаққа бір босамайтынын байқадық.

Біз осы ретте осы емханадан ем алып шыққан кент тұрғыны, ағарту саласы ардагері Әдемі Дәрібаева апамызды әңгімеге тарттық. Ол кісі бізге былай деп жауап берді:

«Көктемнің әсері ме, ауырмайтын жеріміз қалмай дәрігерге келуіме тура келді. Мен өзім аймақ бойынша тіркелген осы «Айгерім» клиникасына келіп, қажетті емімді алдым. Шыны керек, мұндағылардың еңбегіне өте риза болдым. Мені келген күннен күндізгі стационарға жатқызып, жүйелі ем тағайындады. Алдымен УДЗ-ға түстім. Аяғымды баса алмай қиналып келген едім, физкабинетте істейтін Данияр және Сұлтан деген азаматтар арнайы креслода ем-дом түрлерін жасады. Табанның ұйығанын емдейтін жаңа аппарат бар екен, сонымен жаттығуды жалғастырдым. Бас-құлақ ауруына қажетті укол, система қабылдадым. Осы ем-домның барлығын толықтай тегін алып, медқызметкерлерге алғысымды айта-айта шығып барамын», – дейді ол ризалықпен.

Міндетті әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру қорымен келісім шарт негізінде кент қана емес, елді мекеннің тұрғындарына да тегін қызмет көрсететін емханада екпе қызметі де жолға қойылыпты. Алдағы уақытта тәулік бойы емделушілер үшін асхана залы іске қосылуға жақын.

Қазірде білікті маманның орнын озық технология басып, оны жетік меңгере білетін жас буынның асығы алшысынан түсуде. Осы орайда халықтың игілігі үшін төл нысанның тіршілігін ойдағыдай өрістетуде қолдағы барды аянып қалмай оны барынша заманауи тұрғыда жан-жақты жабдықтауға ұмтылған кәсіпкер ханым кадр мәселесіне келгенде аса талапшылдықты ұстанатынын айтты. Елдің ортақ мүддесіне келгенде ақыл-кеңесін аямай, іс-тәжірибелік тұрғыда да жанашыр болып келе жатқан әріптестерінің атына жылы-жылы лебіздерін жасырмады. Ия, көптің қызметіне жарасам деген жанды тірлікке жан-жақты тілектестіктің болғаны қандай жарасымды.

Тағы да оқыңыз: