Kyzylorda-news.kz  Көктемнің жайма шуақ уақыты, керемет көріністер мен жанға жылу сыйлайтын шаралардың бастау алатын кезі ғой. Жаңақорған ауданында «Әлем сұлу әйелмен» атты жас келіндер арасында керемет байқау болып өтті. Шараны ұйымдастыруға атсалысқан, Жаңақорған аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Жастар Ресурстық Орталығы Жаңақорған» белсенділік танытып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.  Аудан көлемінде ұйымдастырылған шараға 7 әулеттің келіндері қатысып, бақ сынасты. Байқаудың ережесі бойынша қатысушылар бірінші кезеңде «Әдептілік белгісі, иіліп сәлем бергені» тақырыбында өз отбасын, барған жерін таныстырса, екінші кезеңде «Дана әйел-дамыған ел негізі» атты сұрақ-жауап кезеңі өтіп, салт-дәстүр бойынша білімдерін ортаға салды. Үшінші кезеңде «Қол өнері-кілемде, сөз өнері-өлеңде» шартымен бойда бар өнерлерін ортаға салды. Соңғы қорытынды кезеңде «Әйелдің астанасы – асхана» қамыр жаю бойынша сынға түсті.

Алғашқы таныстыру кезеңінде қарасөзбен келістіріп жеткізген Манап ауылынан келген Ақбота мен Құттықожалық Жансаяның жыр жолдары мазмұнды, мәнді өрілсе, Айдана мен Ақниет бұл ережені әнмен әрлеп жеткізуге күш салды.

«Дана әйел – дамыған ел негізі» сайысында қатысушылар ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын сұрақтарға жауап іздеді. Оның ішінде әлі де қолданыста жүрген, ұғымға жақын, құлаққа таныс жөн-жоралғылармен қатар мүлдем естімеген көне заманмен бірге көміліп кеткен салт түрлері де кездесті. Көңіл көкжиегі кеңдігімен танылған келіндеріміз бұл сыннан да мүдірмей өтті. Соңғы сайыс қамыр жаю қарапайым болғанымен, үй шаруасының қазығы болуға тиіс қаракөздеріміз үшін әжептеуір сын болды.

Байқау қорытындысы бойынша, Құттықожа ауылынан қатысқан Қалдыбекова Жансая «Инабатты келін» номинациясы, Ақүйік ауылдық округінен Ғалымдоллақызы Ақниет «Дәстүрлі келін» номинациясы, Машбек ауылдық округінен Нұрлыбай Гүлзат «Өнерлі келін» номинациясы, Қыраш ауылдық округінен Хияшова Гүлдана «Парасатты келін» номинациялары бойынша марапатталды. Ал III орынды Машбек ауылының келіні Тасболатова Айдана иеленсе, II орынға Манап ауылының келіні Асанхан Ақбота лайық деп танылды. Үздік атанып, I орынды Төменарық ауылының келіні Тасболат Гүлшырын иеленді. А.Д.Романов атындағы 53-орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлшырын өнерімен, салт-дәстүрді жетік меңгергендігімен, үй шаруасына бейімділігімен қарсыластарын басып озып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Әділқазылар құрамы төрайымы «Жаңақорған тынысы» газетінің қаламгері Баян Үсейінова сөз алып, жүрексінбей байқауға қатысып, бар өнерін ортаға салған келіндерге шын жүректен ризашылығын жеткізді.

«Адам ұрпағымен мың жасайды», – деп халық тегін айтпаған. Осындай ұрпақ жалғастығы ақ жаулықты аналарымыз аман болсын. Әрбір ұлттың сан ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан ізгі мұраларын және ұлттық салт-дәстүрлердің құндылықтарын, ұлттың бойындағы ұлттық үрдіс пен ұлттық рухты жас келіндердің бойына сіңіру, жас келіндерге адамгершілік, ұлттық, ізеттілік, имандылық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған іс шараны ұйымдастырушыларға ел атынан үлкен алғысымызды білдіреміз», – деп жүлдегерлерді арнайы дипломмен және ақшалай сый-сыяпатпен марапаттады.

Байқау мақсаты – маңызды отбасылық құндылықты сақтайтын қазақ келіндерінің тәрбиесін, ізгілікті жолын сақтай отырып, болашақ ана, асыл жар, қазақ келіндерін ұлттық рухта тәрбиелеу, ана тілін, ұлттық мәдениетін құрметтеу, жас отау тәрбиесін ұғындыру, қазақ әйелдерінің қоғамдағы рөлін арттыру, қазақы қалыптарды сақтап, заман талабына сай жан-жақты дамыған тұлға етіп, болмысын қалыптастыру тақырыбында көздейді. Оған әр аймақтан қатысушы талапкерлер арасынан жерлесіміз Рауан Қалманованың мерейі үстем болып оралғаны бізді де қуантты.

Кейіпкеріміз Түгіскен ауылында көп балалы отбасында өмірге келіпті. Әкесі қарапайым күрішші, ал анасы сауыншы болып еңбек еткен. Отбасында сегіз қыз, бір ұл тәрбиеленіп, жастайынан  анасының жанында шаруашылықтың жайын толық меңгеріп шығады. Әйтсе де, әкесіне жақын болып, айтқан ақылын көкейіне тоқып, үнемі сырласатынын да айтып кетті. 2005 жылы Қосүйеңкі еліне келін болып түстім. Атам мен енем мені өз перзенттерінен кем қылмай, әулетінің ұрпағын жалғастырар, жанұя бағына жаралған жан ретінде қабылдай білді. Мен осы отбасына әкемнің ақ батасын алып келген жанмын. Жолдасым Жеңіс қой шаруашылығымен айналысады. Отбасылық өмірге араласып, үйренісуіме оның көп көмегі тиді. Қазіргі таңда Қосүйеңкі ауылында "Балбұлақ" балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс жасаймын. Қыз баланың арманы ана болып, бала тәрбиелеу ғой. Өз балаларыммен қоса баласын тәрбиелеп отырған бақытты жанмын. Аллаға шүкір жолдасым екеуміз үш ұл , екі қыз өсіріп отырмыз. Екі ұлым студент, ал қалғандары мектепте оқиды. Ал байқауға келетін болсам, кітапханашы Перизат апайдың айтуымен, сол кісінің ықпалымен қатыстым. Сайыстың шарты бойынша ауылдың тіршілігінен ролик түсірдік, сол арқылы іріктеліп өттім.

Үлкен сахнада таныстыру, қазақтың салт-дәстүріне байланысты психологиялық сұрақтарға жауап беруден сынға түстік. Өз өнерін көрсету, ұлттық тағам дайындау да кірістірілген екен. Бағым шауып бірінші орынға ие болдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік.Байқауда қазақы тәрбиені бойына сіңірген, өмірде тәжірибесі бар, болашақ жас келіндерге айтары, үйретері бар қазақ келіндері бар білгенімен бөлісті.

Қатысушылар салт-дәстүрі мен сәлем салу, орамал тарту үрдістерін көрсетті. Әрбірі төрт кезең бойынша сынға түсіп, бақтарын сынады. Байқаудың бірінші кезеңінде қысқаша бейнеролик арқылы таныстырылып, екінші кезеңде ұяшық таңдап, салт-дәстүрге байланысты және отбасылық өмірден логикалық сұрақтарға жауап бердік. Байқаудың үшінші кезеңінде келіндер өз өнерлерін ортаға салып, ән айту, би билеу, домбыра тарту, ақындық секілді қырларынан сынға түсті. Аталмыш байқауға қатысушылар қазақ келініне тән түрлі номинацияларда топ жарып, заттай бағалы сыйлық иегерлері атаныпты. Қазіргі таңда жас отбасылар арасында кездесетін қиындықтар, әсіресе, ене мен келін арасындағы келіспеушіліктер көптеп орын алуда. Шаңырақтың ұйытқысы саналатын әйел затының қарым-қабілеті мен білімін, танымдық көзқарасын шыңдап, әрбір шаңырақты үлгілі, өнегелі отбасы болуға насихаттауға арналған осындай шара дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп отырса құба-құп.

Бүгінгі қоғамда келіннің рөлін, мәртебесін көтеретін керемет бастама жалғасын таба берсе екен дейміз. Жалпы осындай қазақтың салтдәстүрлерін паш етіп, насихаттайтын байқауларды өткізуге билік тарапынан аялы қамқорлық қажет-ақ.
 

Тағы да оқыңыз: