Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданы №286 орта мектепте  «Әкелер бізде қонақта» атты байқау болып, төрт отбасы бақтарын сынады. Жарысқа қатысуға ниет білдіріп, аламан алаңына төрт әке ұлымен көтерілді. Сайран Ділманов ұлы Бекжан Молдабекпен, Бегзат Байхонов перзенті Ерзат Мадиярмен, Айдар Асқаров баласы Жеңіс Әбдіқадірмен және Айбек Мәлкаждар ұлы Қайсар Сәбитханмен бірге бақтарын сынады.

Құнанбайдың дастарханы болмаса, Абайдай дана шықпас еді деген ел арасында әңгіме бар. Рас, Құнанбайдың қонысына келген қазақтың маңдайына біткен би-шешендерден, мәдениет майталмандары, тарихи тұлғалар, ғалымдардың ғибратынан бала Абай сусындап өсті. Міне, әкенің перзент болашағына жаққан жарық шамы. Тағы бірде “Құнанбайдай әке болмаса, Абайдай ұл қайда?” деген де бар. Осының өзі әке мен баланың сабақтастығын көрсетіп тұр. Тіпті, Төле би де ес білгелі әке тәлімінде болып, 15 жасында елдің дауын шешуге мінберге шықты. Бұл жерде де әке мен баланың тәлімі бар. Бұл байланыс қазіргі қоғамда жойылып кетудің алдында тұр. Нәтижесінде, жастар жүгенсіз кетіп барады. Қос тараптың арасындағы мейірім мен бірлікті, сырласу мен сыйластықты сақтап қалу аса маңызды. Осындай дәстүрді жалғау мақсатында жуырда №286 мектепте керемет кештің куәсі болдық. “Әкелер бізде қонақта” атты байқауға барып, рухани азықтандық. Ол әке мен ұлдың ортақ мүдде жолындағы үндестігі.
Алдымен әке мен бала жайында қысқаша монолог, яғни театрландырылған көріністі тамашаладық. Қазақтың ер-тоқымы мен садағы, зергерлік бұйымы таныстырылды. 

Сайыс ережесі бойынша төрт қатысушы төрт кезең бойынша тартысқа түсті. Қазылар алқасында аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Ізәтілла Нәрзілдаев, меценат, жас кәсіпкер Асан Әлкеев, мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнара Пернебекова және өзім болып, әділ шешім шығаруға тырыстық. Бірінші таныстыру кезеңі бойынша қатысушылар командаларының аты мен өздері туралы қысқаша тоқталды. Екінші, өз өнерін көрсету сайысында Сайран және Айдар ағайлар әнімен әрлесе, жас қатысушы Қайсар спорттағы өнер ортаға салды. Ал, Ерзат оқушы өзінің ғылыми жобасын қорғап шықты. Бір емес, екі бірдей жобаның авторы оның туындысы керемет шықты. Бірінші, көлден фильтр арқылы таза су алу, екінші, адам ағзасы туралы зерттеуі. 

Үшінші кезеңде спорттық сайыспен әкелер бақ сынады. Алдымен қол күрестен кім мықтыны анықтаса, одан кейін гір тасын көтеруден жарысты. Қос кезеңде де Бегзат әке ешкімге дес бермеді. Ал, соңғы төртінші сайыста ситуациялық сұрақтар болды. Әсіресе, әкелердің бала алдындағы тапқырлығын тыңдадық. Баланың әкеге деген құрметін, мейірімін сезіндік. Жалпы сайыс нәтижесі бойынша бас жүлде Байхоновтар әулетіне бұйырса, бірінші орын Ділмановтардың еншісінде, күмісті Асқаровтар, ал, қоланы Мәлкаждар отбасысы иеленді. 

– Қазақта “бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды” деген тәмсіл бар. Рас, әкенің тәлім-тәрбиесінен асқан мектеп болған емес. Бұл алапат күш, сондықтан әкелердің беделін түсірмей, бала алдындағы міндетін, олармен қарым-қатынасын сабақтастыра білу келешекке деген нық сенім болады. Осындай игі дәстүрді қолға алып, өзгелерге өнеге болып жатқан мектеп басшылығына, ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Мұндай рухани кездесулер жиі өткізіліп тұруы тиіс. Әсіресе, баланың болашағына бағдар болатын бастамалар әрқашан қолдау тауып отырса абзал болар еді. Бүгін өнерін ортаға салып, көптің көзқуанышына айналып жатқан алдымен әкелерге рахмет, – деп Ізәтілла ағамыз жылы лебізін білдіріп, үздіктерді марапаттады. 

Ал, Асан кәсіпкер ғылыми жобаны сәтті қорғап шыққан шәкіртке және әкесіне, сондай-ақ, ең жас қатысушыға қаржылай сый-құрмет көрсетті. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүльнара Әлібекова орамды ойын жеткізіп, барлық қатысушыларға  мектеп атынан тағайындалған шәкіртақыны табыстады. Ұстаз сөзінде бұл шәкіртақы ошақ қасында отырып, перзентіне тәрбие берген аналарға деген құрмет деп түйіндеді. Иә, осы жерде бір мысал айта кету керек, әке мен бала арасындағы байланыстың беки түсуіне баланың анасының да қосатын үлесі зор. Мәселен, Құнанбай мен Абай арасындағы ғажап байланыс қара орман қазаққа мәлім. Құнанбайдай әкенің сыншылдығы мен қаталдығының өзінен балаға деген мейірім көрінеді. Ал жас Абай оқудан ауылына келгенде әуелі анасы Ұлжанға амандаспақ болғанда, Ұлжан ананың баласына әкесі Құнанбаймен бірінші амандасуы керектігін айтуы да өмірдің ұлы сабақтары болса керек. Бүгінгі таңда ұлтымыз үшін өзекті мәселенің бірі ұрпақтар сабақтастығының өзегін жоғалтпау болып отыр.

Керемет шараны директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүльнара Пернебекова түйіндеп, мектептегі “әкелер кеңесі” туралы қысқаша айта кетті. “Әкелер кеңесі келесі міндеттерді шешеді: Тәрбие процесін ұйымдастыруда және басқаруда мектепке көмек көрсету. Отбасылық тәрбиенің жақсы жақтарын насихаттау. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде және білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін сақтау шараларын ұйымдастыру. Осы жобаның жетекшісі Өркен Жолдасбекұлына ұжым атынан алғысымызды айтамыз” деді ұстаз.

Біз де өз кезегімізде №286 мектеп ұжымы, директоры Ләззат Нәлібаеваға және Ерлан Райымбекұлы мен Ханзада Дошанға ризашылығымды жеткіздік. Бұл шара енді аудан көлемінде кең аталып, әкенің беделін қайта қалыптастыруда қызмет етсе нұр үстіне нұр.

Тағы да оқыңыз: