Kyzylorda-news.kz. Егер жұмыс іздеп солтүстікке көшкіңіз келсе, тұрғылықты жердегі Жұмыспен қамту орталығына барып, кеңес ала аласыз. Мекеме мамандары сізге кеңес беріп, көшіп барғыңыз келетін солтүстік өңірден жұмыс қарастырады. Өңірмен танысу сапары, көшіп-қону шығыны, жұмыс беру және баспанамен қамту мәселесін түгелдей көшіп баратын өңір өз мойнына алады. Сізден тек өміріңізді өзгертуге деген батылдық қана талап етіледі.

Осы ретте біздің ауданның үлесі қаншалықты? Бұл жөнінде аудандық жұмыспен қамту бөлімінің маманы Ханзада Ахметовадан «Солтүстікке көш» бағдарламасының орындалу барысын сұрап білген едік.

– Осы уақытқа дейін біздің ауданнан 13 отбасы ниет білдіріп, солтүстікке көшкен болатын. Бірақ өткен жылы бірде-бір қозғалыс болмады. Былтыр «Ордакент» жастар мен ардагерлер ресурстық орталығында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері ұлттық жобасының қоныс аудару бағдарламасы бойынша солтүстік өңірлерден келген жұмысшы тобының бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Отырысқа өз ауданымыздағы жауапты мамандардан бөлек, Успен ауданы, Ольгино ауылдық округінің әкімі Айнаш Егімбайқызы, Ұлытау ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры Баянкүл Құрманғалиұлы, Семей қаласының жұмыспен қамту орталығының маманы Ерасыл Тоқтасынұлы және Жаңақорған кентінің тұрғындары және солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуға ниетті аудан тұрғындары, соның ішінде жұмыссыз, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығын азаматтар қатысты. Аудан аймағында бір емес бірнеше мәрте тиісті мамандармен кездесулер өткізіп, жан-жақты кеңес берілген болатын. Осындай кездесулерде 675 адам қамтылып, ақпаратқа қанықса да бірде-бір адам көшуге ниет білдірмей отыр. Бірақ осы уақытқа дейін көшкен 13 отбасы жұмыспен қамтылып, тиісті көмектерін алды, – дейді жауапты маман.

Иа, ұсыныс көп. Бірақ өтініш білдірушілер тым аз. Әлеуметтанушылар оның себебін әлеуметтік пакет¬тер тиімділігімен, өзектілігімен байланыстырады. Неге десеңіз, оңтүстіктің жылымық ауа-райына бейімделген азаматтар қысы алты айға созылатын аймаққа жерсінуі қиын. Сондықтан жылы жақтан барған азаматтарды буын аурулары жиі мазалайды. Көш бағдарламасының әлеуметтік пакеттеріне денсаулығына қосымша сыйақы төлеуді қарастырған дұрыс. Бастысы, онда көшіп барушылардың жалақысы мен жәрдемақы көлемін арттыру маңызды. Бүгінде Қандөз, Көктөбе, Қаратөбе ауылдық округінің жастары Ресейде жұмыс істейді. Тіпті ауыл жастары тұтастай көрші елге көшіп кеткендей әсер қалдырады. Олар сырт елде неге жұмыс істейді? Себебі біреу ғана – жалақы жоғары. Онда айына теңгеге айналдырғанда 500-700 мыңға дейін табыс табады. Егер Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысында сондай көлемде жалақы төленсе, жастар тұрақтап, өз елінде қызмет етер еді.
Бұдан аңғаратынымыз, көш-қон бағдарламасында біздің азаматтарды нақты қызықтыратын ұсыныс аз.

Жұмыс күші тапшы, халық саны аз теріскейдегі тұрғын санын ішкі көші-қон арқылы реттеу Қазақ¬станның территориялық тұтастығын сақтауға, ұлттық салт-санадан ажырамауға, тіл мәселесінің оң шешілуіне ықпал ететіні белгілі. Осы ретте ауданымыздан қо¬ныс аударған отбасылардың бірқатарымен сөйлесіп, жағдайларын білуге тырыстық. Қоныс аударған Шалқия кентінің тұрғыны Азамат Әбдіқадыровтың жайы төмендегідей.

– Солтүстікке көшіп, жұмыс істеп, нәпақа табуға болады. Осы бағдарламаны естіп, білген соң тәуекел еттім де жолға жиналдым. Павлодар қаласына қоныс аударып, үш жылға жуық жұмыс жасадым. Мен қоныс аударған уақытта үй беру болмады, бірақ қаржылай ақша берді, жұмысқа орналастырды. Жақында ғана жұмыс барысымен Астана қаласына көшіп келіп жатырмын, – дейді бүгінде солтүстік қазақстандық азамат.

Ал, кент тұрғыны Жалғас Байдолла Өскемен қаласына қоныс аударып, жеті жылға жуық уақыттан бері сонда қызмет етіп келеді.

– Мен Өскемен қаласына оқуға түсіп, осында жұмысқа қалып қойдым. Қазіргі уақытта үлкен кәсіпорында энергетик маманы болып қызмет етіп жүрмін. Ауылға барғанда маған жұмыс көзі табыла қоймайды. Үйде қол қусырып, ата-анама масыл болғаннан гөрі, жұмыс көзі табылған жерде еңбек еткен дұрыс деп есептеймін. Өскеменде жұмыс көзі өте көп, ауданның азаматтары да баршылық. Соңғы уақыттары жастар көптеп келіп жатыр. Өйткені ауданда жұмыс аз, бар болғанымен ақшасы мардымсыз ғой. Сондықтан да түрлі сылтауды желеу етпей, мүмкіндік бар жерде жұмыс жасаған дұрыс, – дейді.

Көші-қон дәстүрі ата-бабамыздан жалғасып келе жатқаны ақиқат. Бүгін осынау үрдісіміз жаңаша сипат алып, құлашын кеңге жаюы уақыт талабы. Нақ қазіргі таңда оңтүстік өңірлерге көшу үдерісіне үлкен қолдау қажет. Өйткені демографтардың сөзіне сенсек, 2050 жылға қарай солтүстіктегі халықтың саны миллион адамға қысқарып, тұтас ауылдар жойылып, иесіз қалу қаупі бар. Статистиканы сөйлетер болсақ, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысының 38 ауылы санаттан шеттеп қалған. Осы қарқынмен жалғаса берсе 118 ауылдың болашағы бұлыңғыр. Оңтүстік өңірлерде керісінше халық санының тым көптігі әлеуметтік өткір мәселелерге алып келуде. Яғни, тұрғын үй салатын жер кезегінің жылжымауы, жайылымды жерлердің азаюы және өзге мәселелер алдымыздан шықты. Енді не істемек керек? Әрине, солтүстікті игеру керек. Үкімет осы бағытта «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, қоныс аударған азаматтарға әлеуметтік жеңілдіктер қарастыруда. Осындай болжамға сүйенген Үкімет табиғи көшті оңтүстіктен солтүстікке бұрып отыр.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек экономикалық өсім халықтың шоғырлануы жоғары аудандарда ғана орын алады екен. Бұның астарында геосаяси бағыт жатыр. Ел астанасын Алатаудан Арқаға ауыстыруда осындай мүдде жатыр. 1989 жылғы санақ нәтижесі бойынша, Қазақстанның солтүстік және шығыс облыстарында славян ұлтының үлес салмағы 70-80 пайызды құраған болса, 1999 жылы олардың үлес салмағы 50 пайыздан аспайтын¬дай дәрежеге жетті. Бұл жетістікте Елорданың үлесі айқын. Енді солтүстік облыстарда еңбекке қабілетті адамдардың үлесін арттыру міндеті тұр. Себебі индустриялық аймақтар құрылып жатқан солтүстік облыстарда жұмыс жасайтын еңбек ресурсының тапшылығы қазірдің өзінде байқалуда. Әлбетте, бұл жергілікті тұрғындар санының азайып бара жатқанының салдарынан болып отыр. Себебі солтүстікте шағын ауылдар біртіндеп қаңырап, жұмыс күшінің азайғаны қазірдің өзінде сезілуде. Сондықтан солтүстік облыстарға қоныс аударған ағайынға мемлекеттік қолдау түрлері арттырылуда. Теріскейдегі демографиялық ахуалды ішкі көші-қон арқылы реттеу Қазақстанның территориялық тұтастығын сақтауға, ұлттық салт-санадан ажырамауға, тіл мәселесінің оң шешілуіне ықпал ететіні белгілі. Осы мақсатта, алғаш «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында тұрғылықты халқы сиреп, жұмыс күші азайған солтүстік өңірлерге ел-жұрты тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан тұрғындарды көшіріп, қажетті жағдай жасау жұмыстары басталды.
Иә, Қазақстанның жері бар қазаққа ортақ. Отанымыздың әр азаматы туған жердің топырағын түлетіп, ата-бабаның қара күшімен иеленген жерді жатсынбауы керек. Еңбек ресурсы мол өңірдің халқын ел саясатына сәйкес, солтүстікке көшіру осы идеямен үндеседі. Осыны түсінген жаңақорғандық жастар да Солтүстікке көшуді құптап, қоныс аударуға ниетті екендерін жеткізді. Соның бірі – кент тұрғыны Маржан Құдайбергенова. Мамандығы – жерге орналастыру. Қазір ақылы қоғамдық негізде жұмыс жасайды. Мамандығына сәйкес жұмыс табылып, лайықты қолдау болса, солтүстікке сапар шегуге ниетті. Ол өз ойын айтып, мамандардан кеңес алды.

– Егер менің мамандығыма сай жұмыс табылса, отбасымызбен Уәлиханов ауданына көшуге райымыз бар. Дегенмен, әлі де саралап, отбасыммен кеңесіп көремін. Негізі, мемлекеттің бұл бастамасы жас отбасыларға өте қолайлы деп ойлаймын. Өйткені, жұмыс тапшы аумақта бос жүргенше, мүмкіндік мол берілген аймақта кәсібіңді өркендеткенге не жетсін? – дейді Маржан Құдайбергенова.

Жәрмеңкеде 600-ден аса бос жұмыс орындары ұсынылды. Оның ішінде мемлекеттік қызметтен бастап, құрылыс мамандықтары бар. Әсіресе, дәрігерлер мен ұстаздарға, жүк көлігін жүргізушілерге сұраныс жоғары. Мәселен, Уәлиханов ауданына педиатр, фармацевт, терапевт т.б. мамандар аса қажет болса, Павлодар облысына мұғалімдер жетіспейді.

Солтүстіктен келген делегация мүшелері оңтүстіктегі іске епті, нарықтық қатынастарға бейімделген ағайынға бар жағдайды жасауға дайын екенін айтты. Оған себеп те жоқ емес. Бүгінде солтүстіктегі ауылдар бірінен кейін бірі картадан жойыла бастады. Ата-бабаның қанымен келген киелі жерлерді қараусыз қалдыруға, әсте болмайды!

Қазір оңтүстік өңірлерде бала туу көрсеткіші жоғары. Халық саны артуда. Соның салдырынан жұмыссыздар қатары артты. Мектеп пен балабақшаларда болмашы жүктемемен уақытын өткізіп, өзін-өзі алдап жүргендер қаншама? Сондай азаматтар солтүстікке бет алып, қазақтың дамуына үлес қосса ғой! Иә, бұған дейін де солтүстіктен шақырулар келген еді. Мүмкіндікті пайдаланып, солтүстік пен шығысты бетке алған жерлестер бүгінде табысты еңбек етуде. Мәселен, өңірден өткен жылы Петропавлға қоныс аударған Жайна Шерниязова солтүстікте журналистика саласында табысты еңбек етіп, берілген мүмкіндіктің арқасында жылдам сатылап өсуде. Ондай мысал көп…

Байқасақ, солтүстікке көшіп барған отбасылар¬дың жағдайы жақсы. Оларды сөзге тартқанымыз¬да, әлеуметтік жағдайларының толық шешілгенін және жұмыспен қамтылғанын алға тартады. Демек, солтүстіктегі шұрайлы жерлерді игеріп, елдігімізді, тұтастығымызды сақтау жолында атаулы бағдарламаның маңызы зор деуге болады. Мұның астарында үлкен идеологиялық мән жатыр.

Тағы да оқыңыз: