Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданының халқы бірігіп Хорасан Атаның басына жиналып, мазараттың айналасын тазалап, ағаш отырғызды. Қараша руы ағайындарының ұйымдастыруымен жайылған ақ дастархан басында ас ішіліп, әруақтарға құран бағышталды. Рухани жиынның тізгінін ұстаған баба ұрпағы Асылбек Айтжанов алыс-жақыннан асқа арнайы шақырылған қонақтарға сөз берді.
Солардың қатарында жұртшылыққа жан-жақты деректермен ақпарат бере алған ҚР Ветеринария ғылымдарының докторы, Академик, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Батырбек Досхожаұлының лебізі төмендегіше өрілді:
Құрметті қауым! Айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Бұл мереке – халықты біріктіретін, ауызбіршілікке шақыратын мереке. Еліміздің түкпір-түкпірінен, әр ұлттың, әр рудың өкілдері жиналып отыр. Бірақ барлығының жүрегінде бір мақсат, бір ой, бір тілек. Келешекке кемел қадам басып келе жатқан еліміздің арман-мұраты, асыл мақсаты, халқымызлың бейбіт те, тату-тәтті тіршілік етіп, тыныштықта өмір сүруі дер едім. Бейбіт те, ынтымақты өмір – береке-бірліктің бастауы. Ал халқымыздың салт-санасына сіңіп, өмірлік өлшеміне айналып, ұстанып отырған дініміз – Ислам діні адамзатты бейбітшілікке, татулыққа, береке-бірлікке шақырады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде Мұхаммед Пайғамбарымызға (С.Ғ.С) «Біз сені барша әлемге Рақым шуағы етіп жараттық» деген. Мейірімділікті тарату үшін түсірілген Ислам діні әрбір мұсылман баласын өз болмысымен, іс-әрекетімен, парасат-пайымымен, зейін-зердесімен бейбітшілік пен татулықты, береке мен бірлікті насихаттап, көрсете білуге шақырады. Шынында да Ислам - Бейбітішілік діні, түп тамыры «Салима», «Юслима», «Ислам» - бейбітшілік деген сөзден бастау алған. Ислам – Алла тағаланың Жәбірейіл періште арқылы сүйікті әрі соңғы Пайғамбары – Мұхаммедке жіберілген ең соңғы дін – бейбітшілік, ынтымақ діні. Алланың бізге бұйырған әрбір парыз-амалдарынан ауызбіршіліктің, татулықтың шарттарын көруге болады. Қасиетті Құранның «Әл-Имран» сүресінің аятында: «Алланың жібінен (кітабы мен дінінен) мықты ұстаңдар. Бөлінбеңдер» дейді. Ал осы сүренің 105 аятында «Бөлінгендер Алланың қахарына ілінеді» дейді. Шынында да бірлік пен ынтымақ рухын орната алмаған қоғам бірте-бірте жойылып, іздері де қалмай ыдырап кетіп жатады. Ата-бабамыздың «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деуінде үлкен мән бар. Әз пайғамбарымыз өзінің тағы бір хадисінде: «Алланың мейірімі – ауызбіршілікте, бөлінгенге қахары бар» дейді. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген қазақтың мақалы да бірлікте жасалған істің әрқашан оңды боларын білдірсе керек. Толеранттылық – Ислам дінінің негізгі кредосы болып табылады. Ислам басқа дінді ұстанушылармен де жақсы қарым-қатынаста болуға шақырады.
Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мүміндерге жақсы қарым-қатынаста болудың, адамдарға мейірімділік танытудың, туысқандық қатынасты үзбеудің маңыздылығын ескерте отырып,»Шын мәнінде Алла барлық істе жұмсақтықты, ізгілікті жақсы көреді» дейді. Алла Елшісі мұсылман еместерге өзінің өміріне бірнеше қауіп төндіргеніне қарамастан әрдайым кеңпейілділік, кішіпейілділік танытқан. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Бір-біріңе көреалмаушылық пыйғылда болмаңдар, бағаларыңды көтермеңдер, бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе арқаларыңды қаратпаңдар, бір-бірінің саудасының үстінен сауда жасамасын, бір-біріңе бауыр болыңдар. Мұсылман өз бауырымен үш күннен артық араз болмасын» деп анық түсіндіреді.
Қазақта «Отаны бардың тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» деген аталы сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлт пен ұлысты біріктіріп, бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында, Аллаға шүкір, мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.
Ұлан байтақ жері, көп ұлтты халқы бар, яғни 120-дан астам ұлттан тұратын қазақ елінде этносаралық толеранттылық бүгін жаңадан ғана пайда болған жоқ. Бұл ата-бабаларымыздың салып кеткен ұлы жолы. Біз сол ата-бабаларымыз салып кеткен ұлы жолына қиянат жасамауымыз керек.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (С.Ғ.С) өз үмметін ынтымаққа, ауызбіршілікке шақырып, араға іріткі салушы әрекеттерден тыяды. Тағы бір хадисінде «Сіздер бір кемеге мініп, жолға шыққан жолаушы сияқтысыздар. Араларыңда біреу қолына балта алып, кемені шаба бастаса егер сіздер оны тоқтатпасаңыздар барлығыңыз да суға батасыздар,ал тоқтатсаңыздар барлығыңыз бірдей аман қаласыздар» деген. Осы хадис біздің қоғам үшін де аса маңызды. Әрбір азаматтың тыныштық пен ынтымақта өмір сүруіне әрбіріміздің жауапты екенімізді ұғындырады. Еліміздің әрбір аззаматы өздері үшін және келешек ұрпақтың тыныштық пен ынтымақта өмір сүруі үшін үлес қосуы қажет.
Ислам адами құндылықтарға негізделген қазақы болмысымызды, дәстүріміз бен әдет-ғұрып, салт-санамызды әрқашан жоғары қояды.Өйткені ынтымақ пен бірлік – бақыттың бастауы.Бірлігі жарасқан елдің берекесі артады.Дана халқымыздың «Ынтымақсыз елді ұрысы билейді, ынтымақты елді дұрысы билейді» дейтіні осыған саяды.
Исламның игі қағидалар мен қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен біте қайнасып, үйлесімділік пен ұқсастық, сенімділік пен сыйластық сынды ізгі үрдістерді ұстанудағы қазақстандық моделі мен ұлттық формуласы елімізде өмір сүріп жатқан әртүрлі этностар мен конфессиялардың, ұлттар мен ұлыстардың бейбіт ынтымақта, ауызбіршілікте, тату-тәтті өмір сүруіне мүмкіндік береді. Діни көзқарастардың руханиятсыздануына, радикалдануына, сепаратизмге, діни экстрезимге жол бермей, конфессияаралық келісімдердің, діни диалогтардың үйлесімділігін нығайтып отыр. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» дейді дана халқымыз. Жалпы әлемге, оның іщшнде Мауреннаһр еліне бейбітшілікке негізделген Исламды таратуда Хусами ибн Аббас, Кутаиба, Ибн Муслим сынды тұлғалар көп еңбек сіңірді. Ал Орта Азия мен Қазақстандағы исламның дамуында Абдрахман баб, Әбдіжәлел баб, Ысқақ баб, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Абай, Шәкәрім бабаларымыздың орны айрықша.
751 жылғы Тараз маңындағы шайқаста жергілікті тұрғындар мен араб қолбасшысы Зихд ибн Салихтың Қытай басқыншысы Гао Сыньчжиді ойсырата жеңгені тарихтан мәлім. Бұл жеңіс Исламның еліміздегі беделін арттырып, сенімін күшейте түсті. Ислам ұғымының халықты біріктіретін факторлары ретінде қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, бүкіл түркі дүниесі пір тұтқан Қожа Ахмет Яссауидің маңында қазақтың қаншама хандары мен билері, бектері мен бекзадалары, елін жаудан қорғаған батырлары мен қолбасшылары жатыр. Бәрінде бір арман, бір сенім, бір мақсат, бір тілек.
Әбжәлел бап әулиенің жанында қаншама рудың өкілдері мәңгілік ұйқыда бірге тыныстап жатыр. Бабаға зиярат етіп барған талайлар қабірстанда жатқан мұсылман бауырларының баршасына дұға жасап, Алладан жарылқау тілейді. Исламда халықты біріктіретін, туыстастыратын жөн-жоралғы, салт-сана , дәстүр, береке-бірлік осылай жарасымды табады. . Міне, бүгінгі басқосуымызға сәйкес келіп жатқан Наурыз мейрамын алайық. Бұл мереке ауылдарды қойып үлкен қалаларда бірнеше ұлт пен ұлыстың басын біріктіреді. Ал қасиетті Қағба әлем халықтарының ой-тілегін бір арнаға тоғыстырады.
Осындай кие дарыған елде, имани руханият дамыған жерде халықты ынтымақ пен бірлікке , татулыққа шақыратын ізгі қасиеттер, осы елде өскен ұл-қыздар мен ұрпақтарына да дарыды деп айта аламын.Міне, соның бір көрінісі, бүгінгі күні баба басында арнайы ас беріп отырған Қараша ағайындардың асыл ниеті қабыл болсын. Баба рухына құрмет көрсету арқылы елдің бірлігі мен ынтымағына жол салған қайырлы әрекеттерінің нығметіне қауыша бергей деп тілеймін. Бүгінде бұл әулеттің басында отырған Бердібек ағамыздың кесенені қайта реставрациялау қажет болғанда қажетті материалдармен қамтылуына берген жәрдемі елдің есінен кете қойған жоқ. Осындай елжанды азаматтарымыздың қамқороығының арқасында тарихи-мәдени ескерткішіміз толық деңгейде күтімге алынған. Мұражай, қонақүйі, зиярат етіп келушілерге барлық жағдай бар.Бүгінгі күндері елдегі кәсіпкер азамат, аудандық мәслихаттың депутаты Әлібек бауырымыз көптеген демеушілік көмегін аямай келе жатқанына осы атаулы күні баба ұрпақтары атынан үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Осындай бірлігімізден ажырамайық. Ел аман, жұрт тыныш болсын.-, деп ақ тілекпен аяқтаса, қазақтың талантты тұлғасы Құдияр Біләлдің өлең шумақтары көптің көкейіне барып қона қалғандай.
«Күзетіп жатырсың ата,
Қазақтың сайын даласын.
Бауырыңа басып,
Үш жүзден өрбіген баласын.
Рухыңмен жебе,
Қол жайған барша қазақты,
Қоғамды жайлаған
Бөтен ойлардан
Аршып санасын.
Наурыздың бүгін
22 жұлдызы,
Келді басыңа,
Қазақтың қанша ұл-қызы.
Ағайын, әр сөзің, бағамың,
Киелі. Тиген жер табаның.
Ас берген бүгінгі әулетті,
Қолдасын рухы бабаның!
Тарихты сан жылдық қаузасақ,
Жөңкіген бұл жерде мың жасақ.
Кесене. Тұр, міне алдыңда,
Қайда оғыз, Қайда ғұн. Қайда сақ?!
Ол-менде. Ол-сенде. Жаныңда.
Өр рух тулайды қаныңда.
Қазақ боп қалайық ендеше,
Барың да, сол сенің, бағың да!»
Ақ дастархан басында ақ тілектерін бүгіп қалмаған әр қиырдан жиналған ағайын қатарында белгілі ақын, қоғам қайраткері Оразақын Бекахметов, ізгі ниетін жеткізсе, Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, дін өкілі Садулла Омаров, ауданның бас имамы Әбдіхалық Нематов кешегі күндердің естелігіне тоқталып, баба кесенесіне қамқорлық жасаған азаматтардың есімдерін көп алдында паш етуді көңіл төрінен шығармады.
Ия, жалпыға демалыс берілген мереке күнінің кеңшілігіне кенелген көпшілік Арафа күнінде артық-кем күнәларына кәппарат қылып, баба басына тәу етіп, одан әрі жамағатпен бірге елге ортақ тілектер жауған дастарханда қол жайып, рухани бір серпіліп қалды. Өйткені бір Алладан ғана үміткер әркім үшін Құдыреттің артық жаратқан, сүйген пенделерінің басында тұрып айтылған тілек, жасаған дұғасын Жаратқан Иеміз сөзсіз қабылдайды деген сенімі зор. Сондықтан елдің үлкен-кішісінің басын қосып, батасын алып,, «Бір-бірлеріңе сыйлық ұсыныңдар. Ол сендердің араларыңдағы сүйіспеншілікті арттырады» деген хадисті де қастерлеп, қарияларға хадия үлестірген ас иелерінің сый-құрметі жиналғандардың көңілін хош етті.