Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында жас түлектерді жұмысқа орналастыру және жастарды жұмыспен қамту бойынша республика көлемінде бірыңғай «Tulga Bol» жылжымалы жәрмеңкесі өтуде.
Осыған орай өңірімізде Қызылорда қаласынан бастау алған жәрмеңке Жаңақорған ауданында жалғасты. Жастарға арналған жәрмеңке Жаңақорған кенті Прайм Парк саябағында аудан әкімінің орынбасары Б.Нуридиновтың қатысуымен өтті. Шараға аудандық жұмыспен қамту орталығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, қаржы және экономика бөлімі, аудандық қорғаныс істері бөлімі, аудандық аурухана, жастар денсаулық орталығы, аудандық аграрлы-техникалық колледжі, А. Сопыбеков атындағы аудандық кітапхана мамандары қатысып, жастардың көкейіндегі сауалдарды тыңдап, мемлекеттік бағдарламалар мен мүмкіндіктер жайлы кеңінен баяндады.
Әлеуметтік мәселелердің негізі жұмыссыздық екені белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысының өзі де халықты жұмыспен қамту және тұрақты табыс табатындардың санын арттыруды міндеттеп отыр. Аудан басшылары да бұл мәселені оңтайлы шешудің жолын тапқан. Соның ішінде аудандық прокуратураның бастамасымен халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді.Бұл жолы 17 жұмыс беруші түрлі салада 46 бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың қатарында көлік жүргізушісі, тәрбиеші көмекшісі, азпаз, электромонтер, микроқаржы ұйымдарына менеджер, ішкі саясат бөлімінің тілдер дамыту орталығына орыс және ағылшын тілі мамандарына сұраныс жоғары болды.
Осы күні жәрмеңкеге жұмыс іздеп, 70-тен аса адам келді. Солардың жартысынан астамы арнайы дипломы бар, алайда жұмысқа орналаса алмай жүрген жандар. Олардың көбі жұмыссыздар есебінде тұрғандар ғана емес, дәстүрлі түрде өтетін акция туралы хабарламаны түрлі ақпарат көздерінен естіп қатысып жатқандар. Жалпы осы ретте мұндай науқанның дәнекерлік пәрмені уақыт өткен сайын артып келе жатқанын атай кеткен абзал.Жәрмеңкеге келген жұмыс іздеушілердің бірі кент тұрғыны Ермек деген азамат тұрақты жұмыс таппай қиналып жүргенін жеткізді. Денсаулығына байланысты ұзақ отырып, тез қимылдауға шамасы келмейді. Сондықтан өзіне жұмыс кестесі ыңғайлы жұмыс іздеп келіпті.
– Талаптанған адамға «екі қолға бір күрек» табылады. Тек денсаулығым жарамай қиналып жүрмін. Жұмыссыздықта тіркеуде тұрмын. Таңнан бері әртүрлі жұмыс берушінің талаптарымен танысып, еңбекақысын салыстырып жүрмін. 4-5 жұмыс беруші мекеменің өкілдерінен кеңес алдым. Уақыт жағынан тиімді жұмыс түрін ұсынғандар да болды, – дейді ол.Жәрмеңкеде бірнеше сала бойынша түрлі айлық көлемі белгіленген. Жұмыс уақыты да келушілердің көңілінен шығуда. Сондай-ақ жалақы мөлшері жұмыс берушінің саласы мен жұмысшылардың тәжірибесіне қарай белгіленген. Тіпті жұмыс ұсынушылар қызмет-керлердің қабілетіне қарай айлық көлемін көтеруге де әзір екендіктерін айтты. Ол үшін келушілерге жоғары білім болсын деген шектеу де жоқ. Орта білім алғандарға да әртүрлі жұмыс түрінен бағыт-бағдар беруде.Атап өту керек, бұл күні жәрмеңкеге аудандық пробация қызметінің есебінде тіркеуде тұрған істі болған азаматтар мен алимент бойынша берешектері бар жұмыссыз азаматтар тартылды. Нәтижесінде пробация қызметінде есепте тұрған 9 адамның 2-еуі тұрақты жұ-мыспен қамтамасыз етілді. Алимент бойынша да берешектері бар жұмыссыз борышкерлерден 9 адам қатыстырылып, 2 адам жұмыспен қамтылды. Олардың бірі «Электр тораптарын тарату меке¬месі» АҚ-на көлік жүргізуші болып ор¬наласса, келесісі №163 орта мектебіне уақытша жұмысқа қабылданды.
– Мен аудандық пробация қызметінің есебіне тұрғаныма көп уақыт болмады. Әрине, өзімнің қателігімді түсі¬немін. Пробация қызметіне тіркеуге тұрған күні инспекторым Жұмыспен қамту орталығына тіркеуге тұрғызды. Міне бүгін «Tulga bol» жастарды әлеуметтендіруге бағытталған жәрмеңкесінде мамандардан кеңес алып, жұмысқа жолданып отырмын. Адал еңбегіммен отбасымды асырауыма мүмкіндік берген пробация қызметінің қызметкерлеріне алғыс айтамын, – деді пробация қызметінің есебінде тұрған Мұхтар есімді азамат.Соңғы жылдары аудан экономикасында айтарлықтай өзгерістер болуда. Атап айтқанда, еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі және жұмыспен қамтылған халықтың тұрақты өсуі байқалады. Жәрмеңке өткізудің мақсаты да жұмыс берушілердің қажетті мамандарды таңдауына, ал жұмыс іздеушілерге жұмысқа орналасуларына ықпал жасау болатын.
Бір қуаныштысы, бүгінгі жәрмеңкеде барлығы 46 адам өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Мұндай жәрмеңке алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.Жаңақорған ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы қызметіне жаңадан кіріскен Жарасхан Мырзалиев игі шараға сәттілік тілеп, өткен жылға шолу жасауды да ұмытпады.– 2023 жылдың 6 ай ішінде 9 рет жәрмеңке өткізілген. 216 жұмыс беруші 481 бос жұмыс орындарын ұсынып, 137 азаматқа жолдама берілді. Сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 1933 адам қатысты. Оның ішінде 653-іне 279,3 млн теңге қайтарымсыз грант берілді. Бұл жылы 10 рет жәрмеңке өткізу жоспарда бар. Бүгінгі шараға 20 жұмыс беруші қатысып, 134 бос жұмыс орындарын ұсынып отыр, – деді.
Еңбек жәрмеңкесіне ауданымыздан 20 жұмыс беруші 64 мамандық бойынша 134 бос жұмыс орындарын ұсынды. Олардың ішінде «Жаңақорған Жібек Жолы» ЖШС, «Сарман-Тастақ-Жаңақорған» ЖШС, «Қызылорда Электростейшн» сияқты ірі серіктестіктер түрлі сала бойынша 30-ға тарта жұмыс орнын ұсынды. Осы қарқын төмендемесе жыл аяғына дейін 10 жәрмеңкеде бес жүзден астам жұмыс орындары иесін табады деген сөз. Ол жағын уақыт көрсетер.Жәрмеңкеге қатысушылар жұмыс беруші мекеме мамандарымен сұхбат құрып, түйіндемелерін тапсырды. Байқағанымыз, жұмыс іздеушілердің басым бөлігі орта жастағылар, арнайы дипломы жоқ, бала-шаға қамымен жүрген жандар. Солардың бірі, кент тұрғыны Талғат деген жігіт ағасы қандай жұмыстан да бас тартпайтынын жеткізді. Алайда ағамыздың жасына лайықты жұмыс таппағанын кейін білдік. Әйтсе де ол жігерін жасытпай бүгін болмаса келесі жәрмеңкеден жұмыс тауып аларына сенімді.
Сертификатын қолына алып мемлекеттен берілер қайтарымсыз оқу грантын күтіп жүрген Әсел есімді қызымыздың өтініш һәм реніші былай арна тапты: «Өткен жылы 3 айлық курс оқыдым. Кондитер өнімдерін өндіретін кішігірім цех ашсам деген ниетім бар еді. Алайда қазір екінің бірі тәтті пісірумен айналысуда. Қандай да бір істі бастағанда қиындықтар туындайтыны белгілі. Қайтарымсыз грантты алу үшін жұмыс істемеу керектігі міндеттелген. Менің кәсібім дөңгеленіп кеткенше отбасын кім бағады? Осы мені қынжылтатыны». Иә, жерлесіміздің айтқаны жөн-ақ. Кәсіптің алға басып кетуіне кемі 2-3 ай уақыт қажет. Осы жағын ескеру қажет секілді.
Жұмыс ұсынғандар арасында кафе, мейрамхана иелері көп болды. Біздегі бұл салада өзбек бауырлар икемділігі жоғары. Бірақ оларды жалдау құнынан гөрі үй-жайы өзімізден тұрғылықты адамдарымызды алған тиімді. Бірақ, бір әттеген-айы, кәсіптің көзін біле тұра қазекемдердің жүйелі тәртіпке қаперсіздігі көп кедергі. Сөйтіп қолдан келер тіршілікті тұралатып, лаж жоқ жатын жай, ас-ауқатын қамтамасыз етіп, көрші елдердің жұмыс қолына күндері түсетінін қынжыла айтады ірі кәсіпкерлер.Жәрмеңкеге оралсақ. «Жаңақорған Шипажайы» АҚ мекемесіне бірнеше жұмысшы мамандарына қажеттілік бар екен.
– Айлығы уақытылы, тұрақты. Ішкі талаптарымызға сай тұрақты 20-30 жыл жұмыс жасап жүрген жұмысшыларымыз бар. Жазғы демалыстарда студент жастар көбіне жұмысқа келетін. Бүгін даяшы, ыдыс жуушы, аспазшы мамандарын қабылдауға 10-нан аса жан жазылды. Ертеңнен бастап саралау бастаймыз, – дейді шипажай мамандары.Таңғы 7-ден кешкі 9-ға дейін созылатын алты күндік жұмысқа жастардан гөрі ересек тартқандардың тәуекелі басым түсті.Жәрмеңке қорытындысында аудандық жұмыспен қамту орталығы мемлекеттік мекемесінің директоры Жаңабек Тұрлыбеков қазірге дейін 152 адам тіркелгенін айтып өтті.Айтпақшы, жәрмеңкеге келген тұрғындардың басым көбі жастар. Бірі орта біліммен, енді бірі арнайы жоғары оқуды тәмамдаған дипломымен келіпті.
– 2021 жылы ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша бітіріп, бүгінгі күнге дейін қалаған мамандық иесі бола алмай жүргенім рас. Әрине, дипломсыз болса да қызметте жүрмін, дегенмен қалаған мамандыққа жұмыс болмай тұрғаны қынжылтады. Менің мамандығым базалық жүйелерде, яғни компьютерлік қызмет көрсету, – деді Әйгерім Ерімше.Информатика мамандығы бойынша жұмыс іздеген жас маман Айсана Тұрсынбаева да кәсіби салада жұмыс істегісі келеді. Алайда, әзірге жұмыс табу қиын болып тұр. Кейде жұмыс берушілер де мамандардың жетіспеуін алға тартады. Сондықтан, олардың арасында көп қызмет түрін ұсынған мекемелер де жоқ емес. «Жаңақорған Жібек Жолы» ЖШС, «Сарман-Тастақ» сынды мекемелер әр түрлі сала бойынша жұмысшылар іздейді.– Қазір бізге бір электросварщик, екі тракторшы мен тоғыз жұмысшы қажет. Айлығы уақытылы, жұмыс тұрақты, тек ниет болса болғаны, – деп түсіндірді «Сарман-Тастақ» ЖШС басшысы Таңат Ағманұлы. Сондай-ақ, «Жұмабай» жиһаз орталығынан келген Салтанат Жұмабаева ағаш ұстасы мен дизайнер керек екенін тілге тиек етіп, сұранысқа сай мамандар жоқтығын растады.
Айта кететіні, мекеменің мәліметі бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 1162 бос жұмыс орны бар. Сондай-ақ, Қостанайда – 642, Павлодарда – 628. Егер барушылар болса, онда тұрғын үй мен бір реттік қаржылай қолдауға ие болады. Сондықтан, өзге өңірді жатсынбай жұмыс жасауға ниетті жандарға мүмкіншілік мол. Сонымен, бүгінгі жәрмеңке қорытындысына келсек. Іздеген мамандық бойынша жұмыс тапқандар да жоқ емес. 16 жұмыссыз тиісті саласы бойынша мекемелерге жолдама алыпты. Соның бірі «Альбина» балабақшасына жолдама алған Әйгерім Байтілеева.
– Әрине, жәрмеңке арқылы жұмыс тапқаныма өте қуаныштымын. Мамандық бойынша балабақшаға тәрбиеші көмекшісі қызметіне орналасуға дайынмын. Алайда, денсаулығыма байланысты аздап кідіріс болайын деп тұр, – деді кент тұрғыны.Қорыта айтқанда, халыққа тегін кеңес беріп, жұмыссыздықтың азаюына жәрмеңкенің тигізер үлесі мол. Әсіресе дипломы жоқ тұрғындарға, жұмысшы мамандарына сұраныстың көптігі қуантты.Жәрмеңкеге қатысу арқылы жастар сала мамандарынан жұмысқа орналасу, жастар кәсіпкерлігі, білім, денсаулық салалары, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар және т.б. бағыттар бойынша кеңес алды. Жәрмеңке аясында жастар арасындағы спорттық шаралар өтіп, жеңімпаз жастар диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Кеш соңында М. Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің дайындаған концерттік бағдарламасы ұсынылды.