Kyzylorda-news.kz. Электронды сауда – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бір бағыты. Экономиканы цифрландыру арқылы қызмет көрсету сапасын арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуда. Әсіресе онлайн-сауданың ауқымы кеңейіп келеді. 2005 жылдары енген интернет сауданың тұтынушылар саны артып, экономикаға оң әсерін тигізе бастады. Қазір 15 млн-ға жуық Қазақстандық интернет игілігін көріп жүр. Соңғы жылдарда онлайн-сауда қарқынды дамып келеді.
Жаңақорған аудан халқының 70 пайызы электронды сауданың көрігін қыздырып, игілігін пайдаланып жүр десек артық емес. Тіпті, базар немесе арнайы сауда орындары бар кәсіп иелері де электронды саудаға басымдық беріп, өзінің парақшаларын ашып, арнайы маманды жұмысқа да алып жатыр. Өйткені, аудан халқының көпшілігі бұрынғыдай базар аралап жүрмейді. Үйде отырып, ұялы телефонның көмегімен қажетті тауарын электронды түрде тапсырыс беріп отыра бергенді жөн көреді екен.
Әлемнің экономикасы дамыған елдерінде электронды сауда дәстүрлі дүкендердің орнын алмастырып, басым әлеумет онлайн сауда жасауға көшкен. Бұл көшті Қытай бастап тұр.Қазақстанда екі мыңға жуық дербес интернет дүкендер халық игілігіне жұмыс жасайды. Соның ішінде AliExpress, Satu.kz, технодом сияқты ірі дүкендер сауда саласында танымал. Тұтынушылардың басым бөлігінің сұранысына киім-кешек, жиһаз, косметика, тұрмыстық техника, кітап, көлік бөлшектері тауарлары ие. Онлайн сауданың басым бөлігін әйелдер қауымы жасайды. Сонымен қатар әуебилеттерінің 99 пайызы онлайн жүйеде сатылады. Теміржол билеттері мен мәдени іс-шараларға билеттер және коммуналдық төлемдер жасау бағытында төлемнің осы түрі анағұрлым артық сұранысқа ие.
Электронды сауданың тиімділігі – уақыт пен қаржы үмендеп, фото, бейнелер арқылы үйде отырып-ақ қалаған затымызды таңдап, сауда жасай аламыз. Тұтынушылардың сұранысы мен талғамының өсуі – интернеттегі тауарлар сапасы мен қызмет түрлерінің көбеюіне септігін тигізуде, тіпті дәрі-дәрмек пен азық-түлікті де онлайн дүкендерден таба аламыз.Электронды саудада шекара жоқ. Тұтынушылар әлемнің кез-келген жерінен сауда жасаса, тауар өндірушілер жаһандық нарыққа шығып тұтынушыларына қызмет көрсете алады. Онлайн дүкендердің артықшылығы ешқандай сауда нүктесін, қоймаларды қажет етпейді, 24 сағат жұмыс жасауға ыңғайлы, тауарлар қоймаларда қалып бүлініп, бұзылады деген қауіп болмайды.
Елімізде электронды сауда жүйесінің шағын кәсіп иелері үшін тиімділігі жоғары, олардың шаруасын одан әрі дамытуға, сондай-ақ ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлердің аяқтан тұрып кәсіптерін дөңгелетуіне ықпалын тигізуде.
Бұл сауда түрі ауыл шаруашылығы үшін көптеген мүмкіндіктер берері анық, бірақ ауылдарымыз электронды сауда ұғымынан әлі де тысқары қалып отыр. Өздері өндірген өнімін әлеуметтік желіге шығарып, жарнамалау арқылы табысын арттыруға болады. Әзірше бұл болашақтың еншісінде.
Жаңақорған тұрғындары да электронды саудадан кенде қалған жоқ. Елдің әр аймағындағы брендтік дүкендерден электронды сауда арқылы киім және аяқ киім, тұрмыстық техника, қолөнер бұйымдары, косметика сатып алу біртіндеп дамып келеді. Мерекелер мен туған күн кештеріне тәтті дәмділерге интернетпен тапсырыс беру үрдіске айналуда. Осындай тәттілерімен Жанақорған халқының алғысын алып жүрген Жазира ханыммен тілдескен болатынбыз:
– Мен өзімнің жан құрбым Бекзададан уйреніп тәттілерді пісіруді он жыл бұрын бастағанмын. Уақыт өте қызығушылығым артып, әлеуметтік желілерден қарап қайта пісіре бастадым, әрине бірінші жолдасымның қолдауымен қажетті құрал-жабдықтарымды алдым. Кондитерлік өнімдерді пісіріп кәсіп еткеніме алты айдан астам уакыт болды. Өзім мұғалім, бес баланың анасымын, қазіргі уақытта бала күтімімен отырмын, үйде қол қусырып отырмай балаларымның көмегімен осы кәсіпті жаныма серік етіп жүрмін. Аллаға шүкір тапсырыс артып келеді, тұтынушыларымнан әрдайым алғыс естіп келемін, бұл мен үшін жетістік, – деп өз сөзін аяқтады.
Қолөнер бұйымдары қай заманда болмасын әйел затына көрік берері анық. Казірде aksaule_handmade деген есіммен танылып келе жатқан қолөнерші Ақсауле Құтыбаймен сұхбат өрбіттік:
– Қолөнер бұйымдарына деген қызығушылығым 2019 жылдары студент кезімнен басталды. Уақытымды тиімді өткізіп жатақханадағы құрбыларыма есімдері жазылған білезіктер,тастармен безендірілген ободоктар, түрлі әшекей бұйымдарын жасап бизнес көзіне айналдыра бастадым. Қазіргі уақытта жасаған бұйымдарымды интернет арқылы басқа қалаларға да сатып кәсіп етіп жүрмін. Тек әшекей бұйымдармен шектелмей балаларға есімі жазылған бас киімдер, қалыңдық гүлдері, мұсылман заттарын тігуге де тапсырыстар қабылдап шеберлігімді шыңдап келемін. Мен шабытты жасаған бұйымымды тапсырыс иесіне жеткізіп, олардың алғысын аламын. Әрине бұл менің алты жылдық еңбегімнің жемісі деп білемін, – дейді ол.
Әлеуметтік желінің игілігін көріп жүрген тағы бір жан Маржан ханымның әңгімесін тыңдап қайттық.
– Өзім қыздарыма басқа қалалардан интернет дүкендерден киім алып жүрдім, неге мен де балалар киімі дүкенін ашпасқа деген ой келді. Басында қалай болады, біздің ауданымызда мұндай сауда қарқынды дамымаған деген қорқыныштың болғанын жасырмаймын. Уақыт өте халық үйренісе бастады. @kids.style.kzo балалар киімі дүкенімді ашқаныма бір жыл уақыт болды, маусымдық жеңілдіктер жасап тұрамын. Көп тапсырыстарымды әлеуметтік желі арқылы алып, жеткізіп беру қызметімен қамтып отырмын. Сонымен қатар @lady_style_janakorgan кыз-келіншектерге арналған киім дүкенін аштым. Аллаға шүкір, электронды сауданың игілігін көріп кәсібімді дөңгелетіп жүрген жайым бар, – дейді Маржан.
Бүгінде әлемдегі төрт үлкен трендтің бірі – интернетте сауда жасау тәсілі. Дамыған елдерде қара базардың күні өтіп бара жатыр. Бір ғана, АҚШ жастарының 80 пайызға жуығы интернет арқылы сауда жасап, әрі осы онлайн-бизнес өзінің кәсібін дөңгелетіп жүр. Ал, елімізде ғаламтор арқылы сауда жасау, бизнес ашу ұғымы енді қалыптасу үстінде. Ал, Жаңақорғанда сауда алаңы бар бірде-бір сайт жоқ. Есесіне, «Инстаграм» желісін игілігіне икемдеген жастар көп. 2000 жылдары үйде отырып, пиццаға тапсырыс берушілерді шетелдік кинолардан көретінбіз.
Ал, қазір жаһандық үдеріс ауылға да жетті. Қазір кент орталығында «Инстаграм» парақшасы арқылы италяндық пицца мен сушидің сан түрі, қуырылған тауық етін, дөнерді ыстықтай тапсырыс беруге мүмкіндік мол. Мұндай орталықтары саны оннан асады. Тапсырыс көлемі 2000 теңгеден асса үйіңе дейін жеткізу тегін. Бұдан бөлек, жаңақорғандық жас кәсіпкерлер желіден; балалар киімі, компьютерлік қызмет, фотомозайка, киімге ерекше есімдер жазу қызметі, кондитерлік тәтті өнімдер, қолөнер бұйымдары, косметикалық өнімдер саудалайтын 30-дан астам парақша тіркелген. Мұның барлығын электронды сауда деп айта алмаймыз. Өйткені, есептесу тәсілі қолма-қол ақшамен, яғни, онлайн жүйе арқылы банктік картаға аудармайды. Десе де, келешегі сайт нұсқасына қадам басып, қалыптасары сөзсіз. Бір жағынан, ІТ-технологияны меңгерген smm-ші маман тапшы ауданда. Соданда болар, интернеттен сайт ашудан бөлек, оны жүргізіп отырудың өзі үлкен қызмет.
Осы тұста, Қазақстан Республикасының жаңа салық кодексіне сай, электронды сауда жасайтын кәсіпкерлер үшін бірқатар жеңілдік қарастырды. Жаңа кодекстің жай-жапсарын білмек мақсатта Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Аида Әмірбекованы сөзге тарттық. Оның айтуынша, жаңа өзгеріске сай интернет-дүкендер мен интернет-алаң арқылы сауда жүргізетін заңды тұлғалар корпоративті табыс салығынан, ал дара кәсіпкерлер жеке табыс салығынан босатылады.
– Елімізде интернет сауда арқылы табыс тауып отырғандардың саны күн артып келеді. Бұл өз кезегінде қаржы және уақыт үнемділігіне тиімді. Ендігі кезекте мемлекетте осы салаға үлкен қолдау көрсетуді қолға алды. Ол үшін электронды алаңда сауда жасайтындар табыс салығынан жеңілдік алу үшін үш шартты сақтайды. Бірінші, есеп айырысу қолма-қол төлемсіз жүргізіледі. Екінші, сатып алушымен келісім онлайн тәртіпте жасалуы керек. Үшіншіден, кәсіпкердің тауарды тасымалдауға, салып жіберуге және жеткізіп беруге құзыретті өз қызметі болуы керек. Немесе осындай қызметті жүзеге асыратын тұлғамен келісім шарты болуы тиіс. Бұл талаптар кәсіпкерге интернет алаңында өз бизнесін заңды жүргізуге мүмкіндік бере отырып, сатып алушының да мүддесін қорғауды көздейді – дейді басқарманың бас маманы.
Сондай-ақ ол жеке тұлғалармен жасалған электрондық саудада тапқан табысы жылдық жиынтық табыстың 90 пайызынан кем болмауы тиіс екенін жеткізді. Оған қоса, Аида Әмірбекова электронды саудамен шұғылданатын кәсіпкер аталмыш жеңілдіктерді пайдалану үшін жеке кәсіпкер не заңды тұлға ретіде тіркеуде тұруы керектігін мәлімдеді.Электронды сауданың әлемдік нарықтағы әлеуетіне тоқталсақ. Дамыған елдерде бұл үдеріс келешекте дәстүрлі сауда саласын түбегейлі өзгертеді деп күтілуде. «Атамекен» ҚР ҰКП сарапшыларының мәліметінше, «Alibabа Group» компаниясының жылдық табысы 15 млрд АҚШ долларын құраса, «eBay» табысы 8,5 млрд АҚШ доллар, «Amazon» сауда айналымы 107 млрд долларға тең екен. Ал, Қазақстанда электронды сауда дегенде банктік транзакциясыз жүзеге асырылатын тауарлар мен қызметтер түсінігі қалыптасқан. Негізі әлемдік тәжірибеде онлайн саудада электронды қаражат айналымы, ақпарат алмасу, сақтандыру қызметі, банкинг, маркетинг жүйесі кіреді. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде 10000-нан астам интернет дүкен бар. Жаңашыл жүйені игілігіне пайдаланушылар арасында Алматы қаласы көш бастап тұр. Екінші Астана, үштікті Қарағанды қорытындылаған. Осылайша, интернеттің мүмкіндігін пайдаланған тұтынушылар уақытын үнемдеп, ауылда отырып сауда жасауда. Белгілісі, Қазақстанда электрондық коммерция өнімдерін жеткізу көлемінің 70 процентін «Қазпошта» АҚ-ның үлесі құрайды. Онлайн сатып алушылар 18-34 жастағы азаматтар болып табылады екен.
Осы орайда, жаңақорғандық тұрғындар интернет арқылы қандай заттарға жиі тапсырыс беретінін білдік. Аудандық пошта байланысы торабының, жылжымалы почта байланысы бөлімшесі мамандарының айтуынша, көбіне косметикалық өнімдер, киім-кешек, тұрмыстық заттар жиі келеді екен. Негізі интернет арқылы тапсырыс берушінің заты пошта торабына түсісімен, мамандар тапсырыс берушінің телефонына хабарлама қалдырады. Соңыра, сол хабарламадағы анықтама бойынша пошта бөлімінен алып кетеді.
Түйіндей айтқанда, жаһандану үдерісінде ғаламтор игілігін пайдаланып, бизнесті бәсекеге бейімдесек әлемдік нарыққа шығатында мүмкіндік туады. Яғни, электронды сауда-саттық – бүгінгі күннің белесі. Бағындыра білсеңіз, бұл кең жолақты интернет сіздің де кәсібіңізге жарап қалады.
Интернет – казіргі сауданың көркін келтіріп қана қоймай кемел елдердің қатарына кірігуімізге игілікті бір қадам болып отыр.
