Kyzylorda-news.kz Жаңақорған ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғау мақсатында кезекті "AMANAT" партиясының Жаңақорған аудандық филиалының ұйымдастыруымен "Таза бейсенбі" акциясы өтті.
Бұл жолғы акция Қазақстан халқының бірлігі күніне орай "Бірлік ағашы" атауымен ұйымдастырылып, онда аудан тұрғындары мен партия мүшелері Шалхия трассасының бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар жол бойындағы қоқыстарды жинап, айналаны ретке келтіруге, көше бойын көгалдандыру жұмыстарына атсалысты. Акцияға «Жастар Рухы» ЖҚ мен еріктілер де белсене қатысты.
Іс-шара аясында қатысушылар экологиялық сана мен жауапкершілікке үндейтін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаға жанашырлық таныту — әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті.
"Ата-бабадан аманат қалған жерімізді таза ұстау – баршамыздың міндетіміз. Бұл акция жастардың белсенділігін арттырып, қоғамдық жауапкершілікті нығайтады", – деді аудандық партия филиалының төрағасы Арман Мажитов.
Айта кетейік, "Таза бейсенбі" – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "Таза Қазақстан" ұлттық жобасы аясындағы тұрақты экологиялық шаралардың бірі. Алдағы уақытта да мұндай акциялар Жаңақорған өңірінде жүйелі түрде жалғасатын болады.