Kyzylorda-news.kz Манап Көкенов атындағы Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде сөз өнерін қадірлейтін жырсүйер қауым бас қосқан тағылымды мәдени іс-шара өтті. Ақын Ерсұлтан Мұстафаевтың «Туған жердің перзентімін» атты шығармашылық кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменге рухани әсер сыйлады. Кеш барысында ақынның әр жылдары жазылған және кейінгі кезеңде қаламынан туындаған өлеңдері оқылып, авторлық әндері орындалды. Әдебиет пен өнерді серік еткен оқырман қауым ақынның жүрек сүзгісінен өткен жырларымен қауышып, кештен ерекше әсер алды.
Кеш барысында поэзия мен әсем ән үндесіп, көрермен қауымға рухани азық сыйлады. Ақын шығармаларынан ұлттық болмыс, туған жерге деген сағыныш пен махаббат, өмірлік толғаныс айқын сезілді. Ерсұлтан Мұстафаевтың поэзиясы – жас буынға өнеге боларлық терең ойымен, көркем тілімен және ұлттық рухты асқақтататын мазмұнымен ерекшеленетін тағылымды туындылар.
Ерсұлтан Мұстафаев – поэзия мен өнерді өмірінің мәніне айналдырған қаламгер. Ол 1985 жылы 7 желтоқсанда Жаңақорған ауданына қарасты Бесарық ауылында дүниеге келген. Туған ауылындағы Жүсіп Қыдыров атындағы орта мектепті тәмамдап, 2003 жылы Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өнер факультетіне оқуға түсіп, театр мамандығы бойынша білім алған. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Түркістан қаласындағы «Сазды» драма театрында актер ретінде қызмет атқарып, сахна өнерінде тәжірибе жинақтады. Кейін Жаңақорған ауданындағы Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде еңбек етті. 2010 жылдан бері Бесарық ауылындағы «Бесарық» балалар өнер мектебінде драма үйірмесінің жетекшісі болып жұмыс істеп, жасөспірімдердің өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлес қосып келеді.
Ақынның шығармашылық жолының қалыптасуына қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Адырбек Сопыбековтің ықпалы зор. Ерсұлтан Мұстафаев бала кезінен бастап ұстазын өзіне рухани бағдар тұтып, поэзия әлеміне сол кісінің жетелеуімен келген. Ол 2015 жылы туған жері Бесарық ауылында «Қаратаудан таңдайыма тамған жыр» атты алғашқы шығармашылық кешін өткізген.
– Шығармашылық кешіме «Туған жердің перзентімін» деген тақырыпты плуды жөн көрдім. Бұл іс-шараны ұйымдастыруға өзім қызмет етіп жүрген «Бесарық» балалар өнер мектебі ұйытқы болды. Осы кеш арқылы халыққа не бере алдым... Бүгінде эстрадада орындалып жүрген авторлығымдағы бірнеше ән бар. Олардың қатарында 2005–2006 жылдары жазылған «Махаббат арман», «Сағынамын», «Іздеймін», «Қыздар-ай» секілді әндер сол кезеңде тыңдарман тарапынан жақсы қабылданды. Бұл әндердің сазын менімен бірге оқыған Бақытжан Мұстафаев жазды. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданының 90 жылдығына арналған «Жаңарған Жаңақорған» атты әніміз бар. Оның сазын Мейрамбек Мырзахметов жазған. Міне осы әндер кешімізде орындалды. Поэзия адамды рухани тұрғыдан өсіреді, ой көкжиегін кеңейтеді. Әрбір қаламгер уақыт өте келе кемелдену кезеңіне жетеді деп ойлаймын. Бұл кеш – 40 жасқа қадам басқан шағымда өмір жолымда қалатын бір естелік. Кеш барысында соңғы жылдары жазылған өлеңдерім оқылып, жаңа әндер орындалды. Оқырмандарым мен тыңдармандарымның жылы лебізі мен ыстық ықыласы – мен үшін үлкен шабыт. Осы уақытқа дейін жасаған дүниелерімді халыққа шынайы ықыласпен ұсына алдым деп есептеймін, – дейді ақын.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов қатысып, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Ерсұлтан Мұстафаевтың ауданның әдеби-мәдени өміріне қосып жүрген үлесін атап өтіп, шығармашылық жолына тоқталды. Сондай-ақ, ақынға аудан әкімінің Алғыс хаты мен арнайы сый-сияпаты табысталып, алдағы шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
Аружан МАРАТҚЫЗЫ
Фото: автордан
