Kyzylorda-news.kz Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздік – ел дамуының негізгі тіректерінің бірі. Құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың заңға деген құрметін арттыру – мемлекеттің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі түрде түрлі профилактикалық және түсіндіру шаралары ұйымдастырылып келеді. Соның ішінде, құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасының маңызы ерекше.

Аталған жоба аясында Жаңақорған ауданы прокуратурасының үйлестіруімен құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар маңызды профилактикалық және түсіндіру іс-шаралары өткізілді. Шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындар арасында заң талаптарын кеңінен түсіндіру, қоғамдық тәртіпті нығайту, тұрмыстық және өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді арттыру болды.

Өткізілген кездесулерге аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ жергілікті учаскелік полиция қызметкерлері қатысып, тұрғындармен тікелей байланыс орнатты. Бұл өз кезегінде халықтың көкейіндегі мәселелерді ашық айтуына, ұсыныс-пікірлерін білдіруіне мүмкіндік берді.

Атап айтқанда, түсіндіру жұмыстары Жаңарық, Машбек, Көктөбе ауылдық округтерінде кең көлемде ұйымдастырылды. Әрбір елді мекенде кездесулер ашық диалог форматында өтіп, тұрғындармен еркін әңгіме жүргізілді. Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, ұсақ және тұрмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу, жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы қылмыссыз қоғам қалыптастыруда әрбір азаматтың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті. Ол қоғамдық тәртіпті сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық тұрғындардың ортақ ісі екенін, бірлік пен өзара түсіністік болған жағдайда ғана қауіпсіз әрі тыныш орта қалыптасатынын жеткізді.

Сонымен қатар ауылдық округ әкімдері мен учаскелік полиция қызметкерлері өз сөздерінде заң талаптары, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік мәселелері бойынша нақты түсіндірмелер берді. Тұрғындарға құқықбұзушылық жасаған жағдайда қолданылатын шаралар, азаматтардың өз құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат ұсынылды. Бұл түсіндірулер тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталды.

Жиын аясында ауыл ақсақалдарымен және жеке кәсіпкерлермен бөлек кездесулер ұйымдастырылды. Ақсақалдар қоғамдық тәртіпті сақтауда өздерінің өмірлік тәжірибесі мен беделінің маңызын атап өтіп, жастар тәрбиесіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде ауылдағы әлеуметтік ахуал, жұмыс орындарын ашу, жастарды еңбекке тарту арқылы құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде ұсыныстарын білдірді.

Тұрғындар тарапынан «ішімдіксіз ауылдар» бастамасын кеңейту мәселесі де көтерілді. Бұл бастаманың ауыл өміріне оң әсер етіп отырғаны айтылып, қоғамдық тәртіптің нығайғаны, ұсақ құқықбұзушылықтардың азайғаны атап өтілді. Көпшілік бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажеттігін қолдап, өз ұсыныстарын жеткізді.

Жиындар барысында тұрмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарласу, даулы мәселелерді заң аясында шешу жолдары бойынша нақты түсіндірулер берілді. Сонымен бірге, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара байланысты күшейтудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Қорытындылай келе, «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасы аясында өткізілген бұл түсіндіру жұмыстары тұрғындар үшін пайдалы әрі өзекті болды. Мұндай кездесулер қоғамда заңға деген құрметті арттырып, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, өңірде қауіпсіз әрі қолайлы орта құруға оң ықпал етеді. Алдағы уақытта да жоба аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, қылмыссыз қоғам құру жолындағы ортақ мақсатқа қызмет ететініне сенім мол. 

Тағы да оқыңыз: