Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде дуалды білім беру жүйесіне көшкен бұл колледждің келешегі кемел. Болашағы баянды. Бұл жөнінде колледж басшысының міндетін атқарушы Т.Шарап баяндады.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2023 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасына сәйкес «Жас маман» жобасының операторы болып «Кәсіпкер» холдингі КЕАҚ белгіленді. Жоба аясында облыс бойынша 8 колледж таңдалып алынды. Ендігі кезекте, келесі жылы «Жас маман» жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен 260 миллион теңге бөліну жоспарлануда. Бұл қаржыға біз колледждегі автомеханика және дәнекерлеу шеберханасын материалдық техникамен жабдықтауды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Сонда студенттердің алысқа бармай-ақ колледж ішінде тәжірибеден өтуге тынысы ашыла түседі. Әрине, колледж директоры мемлекет қашан қолдау көрсетеді деп қарап отырмай, қолда бар дүниелерді үйлестіріп, дуалды білім жүйесіне іс жүзінде кірісіп жатқанының куәсі болдық. Колледждің жаңашыл бағыттағы жұмыстарымен бізге директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Қуаныш Абилбашаров таныстырды. Бірінші кезекте, жаңадан жаңғыртылып жатқан асхананың құрылысына табан тіредік. Асхана деген атауы болмаса, жақын уақытта кең сарайдай мейрамханаға айналады.

Қуаныш Абилбашаровтың айтуынша, 150 орындық асханада қосымша наубайхана пеші де орналасады. Мұнда аспазшы мамандығының студенттері түрлі тоқаш, нан өнімдерін пісіру процесіне тікелей араласатын болады. Әрі асханада сапалы қызмет көрсетіп, талғамға сай тағам әзірлеудің қыр-сырына тәжірибе жүзінде қанығады. Міне, нағыз дуалды оқыту процесі. Бұл бір деп бас бармағыңызды бүгіп қойыңыз. Енді екіншіден, тігін тігу шеберханасы да ат шаптырым аумақта орналасқан. Ішкі мүмкіндігімен танысып, студенттермен тілдестік. 25 тігін машинасы сақадай сай болып тізіліп тұр. Мұнда да тігінші болуға бар мүмкіндік жасалған. Тек, әріптесіміз Ханзада Дошан барғалы насихат жағы қолға алынып, тігін шеберханасының өнімдері ел арасына әлеуметтік ролик ретінде насихаттала бастағанын білдік. Расында Жаңақорғанда 2000-ға жуық ақ халатты абзал жандар бар десек, олардың жұмыс уақытысында киіп жүрген ақ халаттары қайда тігілген. Әрине, Түркістан не өзгеде шаһардан келген жұмыс формасы. Бірақ біз көрген колледждің ақ халаттары ешқайсысынан кем емес. Оған қоса, арқасында «Охрана» деген жазуы бар формалар мен түрлі мәдени-рухани бағыттағы шараларда киюге ыңғайлы ұлттық киімдер менмұндалап тұр. Егер бұл жергілікті өнімдер мекемелер тарапынан сұраныс тудырса, онда колледждің қазынасын толтырып, ол қаржыға материалдық базасын нығайтуға жол ашылары айқын.

Сондай-ақ Қуаныш Абилбашаровқа еріп, темір жонатын, ағаш тілетін, дәнекерлеуші һәм автомеханика шеберханаларының жұмысымен таныстық. Станоктары «советский» демесеңіз, сапасы сыр бермейтіні көзге көрініп тұр. Жоғарыда айттық келер жылы осы автомеханика және денекерлеу кабинеттері материалдық техникамен толық жабдықталып, студенттердің білім көкжиегі кеңейе түседі.

Дуалды білім беру жүйесінің шетелдік тәжірибесін сөз етсек. АҚШ, Австрия, Германия, Швейцария, Оңтүстік Корея және тағы басқа мемлекеттерде кеңінен қолданыста жүрген дуалды білім беру бойынша білім алатын студенттер уақытының көп бөлігін мамандығына сай кәсіпорын қабырғасында жүреді. Мәселен, немістерде жұмыс күшінің нарығы дуальды оқыту түлектері арқылы қалыптасады екен. Германияда колледждерде екі күн оқыса, қалған бес күніне кәсіпорында өткізеді. Яғни, оқушының жұмыс істеуіне де, кәсібі бойынша білім алуына да жағдай жасаған. Әрі бұл мемлекетте дуалды оқыту бағдарламалары 340 кәсіп бойынша оқытылады. Мұнда студенттер өздері кәсіпорын не фирмаға барып келісімшартқа отырады. Жұмыс беруші тарап оның оқу ақысын төлеп береді. Бұдан бөлек, студенттің медициналық сақтандыруы мен қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру жайын өз мойнына алады. Ең бастысы – өз қабілетімен көзге түскен шәкірттерді оқу бітіргесін жұмысқа қабылдайды.

Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту-заман талабы. Баршаңызға белгілі, осыдан 20-30 жыл бұрын екінің бірі тракторист, дәнекерлеуші, диқаншы, наубайханашы яғни кәсіпті меңгерген мамандар көп болды. Яғни, керісінше цифрландыру және ақпараттық техникалық құралдармен жұмыс жасай білетін мамандар өндіріске жетпей жататын. Ал, қазіргі заман талабы мүлдем басқаша. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан экономикасы едәуір алға жылжыды. Заман талабына сәйкес түрлі мамандық иегерлерін, білікті мамандарды кез-келген жерден табуға болады. 

Қарапайым кәсіпті меңгерген кәсіптің иелері азайып кетті. Мұның негізгі себебі, ата-ананың талабы өз перзентін талапқа сай етіп «Заңгер, мұғалім, дәрігер болуға үгіттейді.Аталмыш мамандықтарға кадрлардың тым көптігінен жұмыссыздық мәселесі туындауда.Енді нарық сұранысына тоқталсақ, тау-кен, мұнай, газ, электроника, техника, заманауи гаджеттерді меңгерген нағыз іскер мамандар бойынша бос жұмыс орындарын табу оңайға соғады.Тек кәсіби, өз ісін жетік меңгерген мамандар қажет. Сондықтан, әрбір ата-ана мамандық таңдарда баласын «Заман сұранысына сай, ертеңгі күні сол нәпақасын тауып жей алатын мамандықтарға» үгіттегені абзал. Әрине, мұндай іскерлікке баулитын мамандықтарды кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарынан дәріс ала алады.Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде де жұмыссыздық мәселесіне сай, ертеңгі күні жастардың жұмысқа тұруына оңай болуы үшін біршама өзгерістер енгізілуде. Білім беру процесінің жаңа технологияға бейімделуінен бөлек, «Жас Маман» жобасы бойынша 2021 жылы «Дәнекерлеу ісі» мамандығы және «Автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары бойынша оқу-техникалық база, заман талабына сәйкес қажетті құрал-жабдықтар түбегейлі жаңартылу жұмыстары жүргізілуде.Қазіргі уақытта «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша заман талабына сәйкес оқу-техникалық база құрал жабдықтармен толығымен жабдықталды. Ал, «Автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары бойынша қажетті құрал-жабдықтар алдағы уақытта жеткізіліп, оқу техникалық база толығымен жабдықталатын болады.Студенттерді нағыз іскер етіп шыңдау үшін практикаға баса мән беріліп, қажеттіліктер толықтырылуда. Алдағы уақытта «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатында колледжіміздің білім алушылары жүлделі орын алады деген сеніміміз мол. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында «Кәсіпті меңгерген мамандар өндірісте өте тапшы екенін, осы мамандықтар аясында жастарды тереңнен оқыту қажеттілігін, бүгінгі заман талабы – кәсіпті және техниканы меңгерген мамандар болуы тиіс делінген.Белгілі бір напахамен күнелтіп отырған мемлекеттік қызметкердің жалақысынан, тәуелсіз, өз алдына жұмыс жасайтын электр жабдықтарын жөндеу мамандарының табысы жоғары. Бұл – бүгінгі күннің басты шындығы. Токарь, дәнекерлеуші, электрик, мал дәрігері сынды мамандарды іздеп тауып, жұмысымызды ұсынатын күнге жеттік.Сондықтан, өндіріс пен техникаға бейімделген мамандықтар аясында жастарды тәрбиелесек, кәсіп саласы ауданымызда едәуір дамитыны ақиқат.Сөз соңында, барша бітіруші түлектерді, келешек маман иелерін Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінен білім алуға, арнайы шәкіртақы алып, студент атануға шақырамыз. Аудан айнасы саналған кәсіптік колледж Сіздерді жан-жақты маманданып шығу үшін әрқашан дәріс беруге дайын!

Тағы да оқыңыз: