Kyzylorda-news.kz Бүгінгі тіршілікті электр энергиясынсыз елестету мүмкін емес. Барлық заманауи технологияның тетігі электр тоғына тәуелді. Ал енді осы ғылымның жетістігін жеткізуде тәулік бойы жұмыс істейтін мекеменің тыныс-тіршілігі туралы не білеміз? Биыл Қызылорда электр тарату торабы, яғни, «КРЭК» мекемесіне – 60 жыл. Мереке аясында Жаңақорған электр торабының басшысы Нұржан Ахметовпен сұхбаттасып, сала қызметкерлерінің еңбегі туралы ой түйіндедік.
Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері елге қызмет жасап келе жатқан мекеменің еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, көп бөлігі көнерген жарық бағаналарын баптап, қысы-жазы демей қызмет өтінде жүрген сала мамандарының бейнеті елдің көз алдында өтіп жатыр. Мекеменің жалпы қызмет барысы жөнінде сала басшысымен сұхбатымыз төмендегіше тарқатылды.
– Асқаралы алпыс жылдық мерейтой аясында атқарылып жатқан іс-шаралар өте көп. Облыс бойынша мамандық аясында және спорттық жарыстар, байқаулар ұйымдастырылуда. Алдымен іс-шарамызды ауданды көгалдандырумен бастадық. Үлкен жолдың бойына тал егіп, кішігірім аймақты жасыл желекке айналдыруға тырысып бағуда-мыз. Бильборд ілініп, шағын футболдан қызметкер¬лер арасында облыстық жарыс, монтерлардың біліктілігін тексеру тесті өтеді. Ауданаралық басқа да жарыстар жоспарлануда. Сондай-ақ экскурсия ұйымдастырылады. Яғни, жарық өндіруші қос мекеме, «СКЗ-U» және «СЭС» мекемесіне саяхат жасаймыз. Онда күннен энергия қалай алынады, қалай тарқатылады деген сауалдарға жауап табамыз. Қазіргі күні аудандағы аға буын сала ардагерлеріне құрмет көрсетіп, тақтайшасын ілуді бастадық.
– Сэс демекші, бұл электр өндіруші станцияның ауданға тиімділігі бар ма?
– Бұл жоба «Жасыл экономика» деген бағдарлама аясында жүзеге асты. Негізінен электр энергиясын өндіруде қуаттылығы өте керемет. Бұл құрылғы күннің бағытына қарай бой түзеп, батқанша өзіне керекті энергияны тартады. Осыдан шыққан энергия Шалқияның екі желісіне тікелей жалғаулы тұр. Шалқиядан артылғаны «KEGOC-тың» желісіне келіп қосылып, өндіріске еніп кетеді. Күндіз пайдасы өте зор. Түнде өз жүйесінде тұра береді. Осындай энергия өндіретін жүйе аймақ бойынша үш-ақ жерде бар. Облыс орталығында, Жалағашта және біздің ауданда. Жалпы алғанда, тиімділігі бар, алдағы уақытта да қажетімізге жаратамыз.
– Мерейтой аясында басқа қандай жоспарлар бар? Мекемедегі тіршілікті тарқата кетсеңіз.
– Қыркүйек айында облыстық монтерлардың жарысы болады. Оның ішінде өзіндің ережелері бар, мәселен, трансформаторларды, бағаналарды қауіпсіз жағдайда ауыстыру, тексеру және өзге де мамандыққа қатысты міндеттемелер кіреді. Жалпы мекемеде 72 қызметкер жұмыс жасайды, тағы 5 орын бос тұр. Оның ішінде, Қандөз бен Бесарық, Сунақата, Еңбек сынды ауылдарда кадр тапшы. Оның бір себебі, жалақы мәселесі. Бұйырса, жақын арада айлық көтеріледі деген жоспар бар. Қазір біздегі мамандардың көбі Жаңақорған аграрлы техникалық колледжінде білім алған жастар. Сонымен қатар өзге өңірлерде білім алған жоғары білікті мамандар да бар. Бізден мол тәжірибе алған мамандар өндіріс орындарына ауысып жатады. Мамандардың біліктілігін арттырып, дайын кадрлар шығатын тәжірибе алаңына айналғандаймыз.
Аудан бойынша 13 қосалқы станция болса, бір 32-6 деп аталатын құрылғы бар. Кәдімгі электр желісін тарату құрылғысының 228 данасы бар, одан кейін 35 киловаттық электр желісінің 404 шақырымына, 10 киловаттық электр желісінің 476 шақырымына біздің ұжымның қызметкерлері қарайды. Күтімі, жай жөндеуі мен күрделі жөндеуі барлығы біздің құзырымызда. Техникалар жеткілікті, биыл жаңа бір көлікті сыйға алдық.
– Аудан бойынша барлық электр желілері ескірген. Трансформаторы, бағаналары мен сымдары істен шығудың алдында. Осы бойын¬ша тарқата кетсеңіз.
– Жаңақорған ауданында 1960 жылдан бері электр желісі жұмыс жасап, халықты жарықпен қамтамасыз етіп келеді. Әйтсе де кенттегі және елді мекендердегі бағаналар ескірген. Біздің тарапымыздан жылына 2 рет техникалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жіті бақылануда. Оқшаулағыштарын тазалау, май құю, әуе желілерін ағаш бұтақтарынан тазалау және т.б жұмыстар үздіксіз жүргізіледі. 2022 жылдан бастап облыс әкімінің қолдауымен кенттің модернизация¬сы жүргізілуде. Бұл аудан орталығындағы электр желілері толықтай жаңарады деген сөз. Айта кететіні, аудан және аймақ басшысының ықпалымен елді мекендердегі желілер де жаңғыртылуда. Мәселен, былтырдан бері Еңбек, Келінтөбе, Қожакент ауылы жаңа желіге ауысуда. Биылғы жылы 9 ауылдың 4-еуі іске қосылады деген жоспар бар. Жалпы аудан бойынша барлық жарық жүйесі алдағы 2-3 жыл¬дың ішінде толықтай жаңартылады деген негізгі жоспары¬мыз бар. Тағы бір мәселе, біздің теңгерімімізде жоқ, бірақ біз қызмет жасайтын Шалқия кенті бар. Енді Шалқияның ішіндегі жарық жүйесін өзіміздің теңгерімімізге алуды жоспарлап отырмыз.
– Соңғы сауал болсын, мекеменің міндетін жүйелей кетсеңіз.
– Біздің негізгі міндетіміз – сапалы электр энергиясын жеткізу және сол жеткізген энергияның киловатын халықтан жинап, «Шиелі жарығы» мекемесіне өткізу. Жылдан-жылға аудан халқының саны өсіп, энергияны көбірек өндіруді талап етеді. Қазірдің өзінде 17 250 абонент бар. Оның ішінде, кәсіпкерлік нысандар да бар. Бір айда 9 млн 600 киловатт энергияны тұтынады екенбіз. Қорыта айтқанда, бюджеттік мекеме болсын, жеке кәсіпкерлік нысандар болсын, біз тек сапалы қызмет көрсетуіміз керек. Олардан арыз-шағым түспейтіндей, осыған күні-түні қызмет жасап келеміз.
Қысқаша өзім туралы айта кететін болсам, мен бұл қызметке 1995 жылы келдім. 30 жылға жуық уақыт осы салада маңдай терімді төгіп келемін. 2013 жылы басшылыққа келіп, 2018 жылға дейін жұмыс жасадым. 3 жылға жуық уақыт Шиелі ауданында еңбек етіп, қайта ауданға келдім, – дейді ол.
Міне, күннің суығы мен аптап ыстығына қарамай табанынан тік тұрып еңбек ететін энергетиктер¬дің жолы осылай жалғасып келеді. Самаладай жарқыраған жарықшамдардың артында жүздеген, мыңдаған энергетиктердiң еңбегi тұр. Сол еңбек еленіп, елден алғыс алып жатса құба-құп дейміз. Сөз соңында айтарымыз, барша мекеме ұжымының еңбегі жемісті болсын дейміз.
Аудандық электр жүйелері мекемесінде отыз бес жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Тұрсымат Әбдіәшімұлын ұжымдастары жоғары бағалайды. Қажырлылық пен тиянақтылықты серік еткен оның төл кәсібіне деген сүйіспеншілігі қандай қиындықты болса да еңсеруге ерік пен жігерін еселеп келе жатқанының дәлелі, еңбек адамы күн-түнмен санаспайтын жауапты қызметте үнемі әріптестеріне үлгі болып келеді.
Тұрсымат Әбдіәшімұлы еңбек жолы туралы былай дейді:
– Онжылдық мектепті бітірген соң электромонтер мамандығы бойынша арнайы білім алып, одан әрі әскер қатарында болдым. Алғашқы еңбек жолымды аудан орталығындағы ХРСУ мекемесінде бастадым. 1989 жылдан бастап сол кезде Өтеген Әлімбетов басқаратын Жаңақорған электр жүйелері мекемесіне жұмысқа тұрдым. Алдымен Серік Мұхтаровтың жетекшілігіндегі №1 бригадада жұмыс істедім. Ол кезде аудан орталығы және 23 партсьезд, қазіргі Қожакент ауылынынан бері қарай аумақтағы подстанция жұмысына жауапты болдық. 1999 жылдан бастап ВЛ 35 киловольтты линиясына қарайтын 3-інші учаскеге ауыстым. 2010 жылы кезекші монтер болдым. Одан кейінгі жылдары диспетчер қызметін атқардым. Оперативті диспетчер ретінде ауылда қай жерде жарық жоқ, соны дер кезінде хабарлап, әріптестерімді бағыттап отыруым керек. 35 жылдық еңбек жолымда ең қиын кезең болып саналған тоқсан үштің қысында тірек бағаналар құлап, сымдарға мұздақ қатып, жарық беру өте ауырлаған сәттерді бастан кештік. Қазірде жағдайымыз нақты жүйеленіп келеді. Жетпіс бес пайызы тозығы жеткен бағаналар мен электр сымдары жаңартылып, жұмыс сапасы көп артты.
Жалпы алпыс жетінші жылдары аудан көлемі толық электрлендіріліп біткені белгілі. Ендігі мақсат осы техникалық жабдықтың игілігін өз дәрежесінде пайдалану – мамандарға үлкен міндет жүктейді.
Тәжірибелі маманның жолын қуған шәкірттері аз емес. Өзінің ұлы Асылбек те әке жолын қуған, мамандығы электромонтер.
Барлық заманауи технологияның тетігі электр тоғына тәуелді. Ал, сол тоқтың бізге сапалы жету жолында жүйелі жұмыс жасап жүрген мамандар бар. Шын мәнінде электр желісін жүргізіп, тоқ қуатын қадағалау үлкен табандылықты талап етеді. Міне, осындай жауапкершілік жүгін тізгіндеген маманның бірі – Мақсат Айымбетов.
Бүгінде ол Жаңақорған аудандық электр торабының есепке алу бөлімінің орынбасары қызметін атқарып жүр. Ауданда электр шығынын азайту мақсатындағы жұмыстарды үйлестіруде көп еңбегі бар білікті маманының өмір жолына қысқаша тоқталсақ.
Ол Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтының «электр энергетикасы» мамандығын тәмамдаған соң, еңбек жолын «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының» қалалық электр торабының ТТ электромонтеры болып бастады. Одан әрі осы мекемеде кабель желілерін жөндеу және монтаждау жөніндегі электромонтер қызметін атқарды. Одан әрі «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының» Жаңақорған АЭТ бастығының есепке алу жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.
– Жаңақорған ауданына жұмысқа келгеніме 3 жылдан асып барады. Келгендегі басты мақсатым электр шығынын азайту болатын. Аудан бойынша 1 айда 10 миллион киловаттан аса электр энергиясы жұмсалады. Біз соның балансын шығарамыз. Қазір ауданда есептегіш құралын орнатқан 17248 абонент бар, – дейді Мақсат Шералыұлы.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта ауданның электр шығыны бір жүйеге түскен, қарызы жоқ. Дегенмен, тұрғындар тарапынан жаққан жарығын уақтылы төлемейтіндер азаймай отыр. Аудан бойынша 1000-ға жуық абонент электр жарығының ақысын уақытында төлемеген. Оның салдары мамандардың жүйелі жұмыс жасауына кедергі келтіретіні мәлім.
– Электр шығынын азайту дегеніміз, жалпақ тілмен айтқанда жағылған жарық пен оған төленетін ақының сәйкес келуі. Адамдардың заңсыз жарық жағуына жол бермеу. Яғни, есептегіш қондырғысыз жарықты пайдаланбауын қадағалау. Мәселен, бір көшенің бойындағы трансформаторда орналасқан көрсеткіш пен сол көше бойындағы үйлердің көрсеткішін алып салыстырамыз. Екеуінің шығыны сәйкес келген жағдайда ол көшелерде электр шығыны жоқ деген сөз, – дейді ол.
Маман пікірінің жаны бар, тұтынған электр жарығы үшін төлемді уақытылы төлеуді кейде ұмытып кететініміз рас. Әйтсе де, тұтынған қарызды төлеу бір басқа, жасырын жарық жағу бір басқа. Өкінішке қарай, тұрғындар арасынан заңсыз тоқ көздерін пайдалану аз кездеспейді.
– Заңсыз тоқты пайдаланатындар арамызда бар. Соңғы жылдары көгілдір отын келгелі олардың саны азайды. Десе де от жағатын ауылдардан бірен-саран шығып жатады. Егер азаматтар осындай олқылықпен ұсталса, әкімшілік хаттама толтырылып, қайта есептеу салып береміз. Жаққан жарығын төлейтін болады, – дейді ол.
Айта кетейік, Жаңақорған электр торабының негізгі қызметіне сапалы жарық жеткізу мен нысандарға есептегіш құралын орнату және өртенген сымдарды қалыпқа келтіру жатады. Ай сайынға тоққа төлейтін ақының бұл мекемеге байланысы жоқ. Дегенмен, электр төлемін бірнеше ай қатарынан төлемей, қарызыңыз көбейіп кетсе, нақ осы мекеменің қызметкерлері тоғыңызды ажыратады. Бірақ оның да өз заңдылығы бар. Аталмыш мекемеге белгілі бір абоненттің қарызы жайындағы мәліметті «Шиелі жарығы» ЖШС-і ұсынады. Сіздің үйге жарықтың қарызын төлеу туралы ескерту келгеннен кейін 1 айдың ішінде төленбеген жағдайда ғана үйіңіздің жарығы ажыратылады.
– Тұрғындар біздің мекемені «Шиелі жарығымен» шатастырып жатады. Біз ешқантай төлем қабылдамаймыз. Тек қарызы бар тұрғындардың ғана тоғын қиамыз. Онда да оны заңды жолмен жасаймыз. Егер тұрғын жарық ақысын төлеу туралы ескертуді өз қолымен қол қойып алса, содан кейін 30 күн ішінде төлем жасалмаса ғана тоқтан ажыратылады. Сол берілген күндердің өзі төлем жасау үшін мүмкіндік деп ойлаймын, – дейді маман.
Иә, титтей де қателікті кешірмейтін, жұмыс барысында өмірін тәуекелге тігетін маман иесінің жұмысы да ескерусіз қалған емес. Ол Қызылорда облысы әкімінің және Қызылорда облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталған.