Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетовтің халықпен кезекті есепті кездесуі жалғасуда. Кестеге сай кездесу Сыр беткейдегі ауылдардан басталды. 5 ауылдың тыныс-тіршілігін түгендеп, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап қайтты.
Алдымен Жаңақорған ауданының басшысы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, меже мен міндетті айқындап, нақты тапсырмаларды түгендеді. Елдің ұсыныс-пікірлерін ескеріп, осыдан 3 ай бұрынғы кездесудегі көтерілген мәселелерге жауап берді. Жалпы Сыр беткейдегі ағайынның негізгі күнкөріс көзі ауылшаруашылығы саласы. Ерте көктемнен қара күзге дейін егін басында болып, қыс бойы төрт түлігін төлдетіп, тіршілігін жасайтын шаруалардың айтары көп емес. Басым көбі аяқ суды қозғайды. Ал, инфрақұрылым, оның ішінде жол, ауыз су, жарық және газ мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Әсіресе, жарық мәселесі ғаламат жоба болғалы тұр.
Көктөбеде тірлік көп
Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетов пен аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков бастаған делегат алдымен шалғайдағы ауыл Көктөбеге жол жүрді. Тарымен танымал аядай ауылда шаруа аз емес. Бұл жолы сұралған сауал ауылдағы әкімшілік ғимараты, кітапхана мен клуб үйінің мәселесі болды. Бұл бойынша аудан басшысы апатты деп тану керек, нақты құжат болса қаражатын қарастыруға жұмыс жасауға уағдаласты. Өйткені, үш бірдей нысанның жағдайы расында мәз емес. Сондай-ақ, бұл ауылға ойын алаңқайы мен ағаш отырғызу аймағын қоршалауға қаржы қаралған. Мектептегі балалар тамағына қатысты да мәселелер қозғалды.
Қандөзге дәрігер келетін болды
Шыны керек, биыл ауданға қарасты Қандөз ауылында жұмыс жетерлік. Кіре беріс көше реттелуде, жарық жүйесі жақында жаңғыратын болады, спорт кешенге және Қалғансырға барар жол да реттеледі. Сондай-ақ, Нәзір Төреқұлов атына арнайы аллея салу идеясы да мақұлдануда, инвестиция да құйылуда. Ең бастысы, ауыл халқы қаншама жыл асыға күткен дәрігер табылды. Енді тек жұмысқа ресми қабылданса болғаны, бұл да шешілген бір мәселе. Басқа да мәселелер рет-ретімен шешімін таба береді.
Қаратөбеге амбулатория салынады
Биыл Қаратөбе ауылына амбулатория салынып, ел игілігіне беріледі. Сондай-ақ, жарық, полигонның қоршауы, жаяу жүргіншілер жолын салу да жоспарда бар. Қазыналы қариялар жер сұрап, одан қала елге еңбегі сіңген ардагерге көше атын сұрай келіпті. Өзге де мәселелер қағазға түртілді. Ең бастысы, биыл ауыл әкімін сайлау болады. Осы науқанға ауыл белсенді болуы керек дейді мамандар.
«Биыл Жаңақорған ауданының бюджеті 20 миллиардқа жетті. Бұл өте үлкен қаржы, жасалынып жатқан және жоспарланған жобамыз жетіп жатыр. Барлығын кезең-кезеңімен шешудеміз. Көптің тілеуі болған көгілдір отын биыл екі ауылға қосылса, жыл соңына дейін тағы 5 ауылдың газ құрылысын бітіреміз. Келер жылға тағы бес ауыл, осылай айналдырған 3-4 жылдың аудандағы барлық ауылға газ жеткізуді мақсат етудеміз. Сондықтан барлығын сабырмен, шүкіршілікпен күтуіміз керек. Құдай қаласа барлық мәселенің де шешімі бар, тек уақыт есебіне түйіндейік», – деді аудан әкімі.
Келінтөбе көшелері реттеледі
Биыл Келінтөбе ауылдық округінде 6 бірдей көше жөнделетін болды. Тротуар салынады, жарық мәселесі жөнделеді. Көпірдің жай-күйі мен аяқ су мәселесі қозғалды. Одан бөлек, ұсақ-түйек мәселелер көтерілді.
Апанғаққа аяқ су жеткізілсе
Аққорғандық ағайын Апанғақ елді мекеніне егін егу үшін аяқ су жеткізіп берсе деген тілегін жеткізді. Одан кейін, канал қазу мәселесін қозғады. Бұл мәселелер де алдағы уақытта кезеңімен шешімін табады деп жоспарлануда.
Елді мекендерде бірінші кезектегі мәселелер шешімін табуда
Ауылдағы ағайынға Жаңақорған ауданы әкімінің есеп беру кездесуі жалғасуда. Бүгін аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов және аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбекұлы Сопбеков Сыр беткейдегі тағы 5 ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, ұсыныс-пікірін тыңдады
Алғашқы кездесу Қожакент ауылынан басталды. Биыл Исатай Әбдікәрімовтың туғанына 100 жыл, осыған орай мектеп салынуды өтінді. Қожакент ауылы аудандағы тіректі ауылдардың бірі, ауылдың ажары айшықталған, азаматтардың инвесторлығымен салынып жатқан жұмыс аз емес. Келесі ауыл Өзгентке жол жүріп, жаңадан бой көтерген клуб үйінің құрылыс барысын көрді. Жалпы бұл ауылда да атқарылып жатқан тірлік аз емес. Жарық, жол және ауыз су мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Ауылдағы маңызды мәселелерді ауыл әкімі өзі тізбектеп, керек инфрақұрылымды жүйелеп берді.
Одан кейін М.Нәлібаев ауылына барып, ағайынның айтарын тыңдады. Бұл ауылда да тындырымды тірлік көп. Жаңадан спорт кешені салынуда. Жақын күндері пайдалануға беріледі. Ауылға кіреберіс көпір салынып, ауылдың ажары кірген. Ауылдық клуб үйі де ретке келтірілуде. Жалпы жұмыс жоқ емес, тек тұрғындар екі су қашыртқысын салуды және жұмыссыздықты азайтуды сұрауда. Ол уақыт еншісіндегі шаруа.
Жаңарықта биыл ең үлкен жаңалық "Жайлы мектеп" құрылысы басталуға жақын. Бұл мектеп арнайы бағдарлама аясында салынуда. Қысқасын айтқанда Жаңарықтағы жаңа мектеп зияткерлік білім ошағына айналуы тиіс деген мақсат қойылған. Облыс бойынша 20-дан астам мектеп арнайы жобамен салынса, соның бірі осы білім беру ордасы. Жаңақорған ауданының әкімі ауыл жастарының ұсынысымен алдағы уақытта жеке келіп, тағы бір жиын өткізуге уағдаласты. Қыркеңседегі клуб үйінің тозығы жетіп, ауыл тұрғындарының басты мәселесіне айналған еді. Биыл күрделі жөндеу көріп, мәдениет сарайы жаңғырып жатыр. Құрылыс жұмысымен танысып, сапасына мән беріп, мердігер мекемеге нақты міндеттер жүктеді. Айта кететіні, бұл ауылда да 3 көше асфальттанады, ауыл қақпасы бой көтерді. Аудан басшысы әлі де жұмысты жүйелеуді тапсырды.
Жалпы Сыр беткейдегі ауылдардың негізгі мәселесі, жарық, көше жолы, газ және аяқ су. Жарық пен жол мәселесі шешілуде. Алдағы 2-3 жылдың ішінде Жаңақорған ауданы бойынша 21 ауылдың электр жарығы жаңғырады. Көшелер асфальттануда, сол секілді аяқ су да қатаң бақылауда. Енді газ мәселесі қалды, болжам бойынша бүгінгі төрт ауылға 2025 жылы көгілдір отын тарту жұмысы басталады.