Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданы Сыр өңірінде сәулеттік-архитектуралық келбеттенуі болсын, инвестицияның тартылуы, қаражаттың игерілуі, жалпы макроэкономикалық көрсеткіштердің көлемі жөнінен алдыңғы орыннан көрінуі, сайып келгенде елдің ынтымақты бірлігі мен тірлігінің арқасында екенін айтқан аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы бұл басқосуда ортақ жауапкершілік жолында қапталдаса қатар жүрген қалың қол – әріптестеріне алғаусыз алғысын жеткізуді де ұмытпады. Жаңа келіп кірген жылдың жағымды жаңалығы бұдан да ауқымды, бұдан да биік болғалы тұр.
Бұл туралы аудан басшысы былай жеткізді: – Аллаға шүкір, 2022 жыл ауданда өте жоғары көрсеткішпен қорытындыланды. 2023 жылдың бюджеті қалыптастырылу үстінде. Былтыр республикалық және облыстық трансферттен келетін қаржы 6 жарым миллиардтан аспаған, бүгінгі таңда бұл аталған қаржы 15 миллиардқа, яғни екі жарым есеге артып отыр. Бұған іс басындағы азаматтардың талапқа сай жұмыс жасап, құжаттарды дер кезінде ұсынуы нәтижесінде қол жетті, бұйырса, жемісін де көретін боламыз, – деді ол. Аудан бюджеті былтыр сәуір айында 2,6 млрд еді, жыл бойы зерттеп-зерделеп, ықтимал көздіктерді тауып, жыл соңына дейін 3,1 млрд теңгеге жеткізіліпті, енді 4 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр екен. Сонда барлығын есептегенде ауданға 20 миллиардқа жуық қаржы келетін болады. Аудан әкімі бірінші кезекте кентте атқарылған жемісті жұмыстарға тоқталды. Осындай әлеуетті жағдайды аудандағы қалған 24 ауылдық округ бойынша табысты іске асыру қолға алынатынын жеткізді. Яғни жыл соңына дейін көп елді мекеннің көркі ажарлана түсетіні, атап айтқанда, кіре беріс көшелерін жаңарту, жарықтандыру, асфальттау, мектепке, балабақшаға баратын жолдарға тротуар салу жұмыстары бойынша өз бюджетімізден қаржы бөлдіруге бекініп отырғанын жеткіізді. Ауылдық жерлерде де саябақ, аллея, демалатын орындар салу ойда бар. Осы жағдайларды жасау арқылы ауыл баласының да өркениеттен кем емес өрісті мекенде өсіп-өніп, жан-жақты жетілуіне жол аша білсек елге жасаған ең үлкен қамқорлығымыз осы болғалы отыр. Әкім биылғы жылы кентке бөлінген қаржыға атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Соның бірі – Тәуелсіздік көшесінің қоршаулары жаңартылып, тал егіліп, ортасына тротуар салынады, анығында аталмыш даңғыл көпшілік үшін еркін сейілдейтін ерекше орынға айналғалы отыр. Транспорт қозғалысы кемдеу әрі кең Бекмахан Дүйсенбаев көшесінің екі жағына да тротуар салынып, жарықтандырылатынын, мешіт жақ беттегі кеңістікте тұрғындарға демалатын жағдай жасалып, көлеңкелі бастырмалар, орындықтар қойылса, осы аумақтағы мөлтек ауданның үлкен-кішісі осында келіп уақыт өткізген болар еді. Аудан басшысының Мұсаханов көшесінің жиегін кеңейту, көлдің жағажайын ретке келтіру аоқылы балық аулауға жайлылық орнатуға тапсырма беруі тұрғындарға теңдей жағдай жасаудың жарасымды үлгісін көз алдымызға әкеліп, «Қалауын тапса қар жанар» деген мәтелдің мәнісін тірілткендей болды. Соңғы кездері аудан орталығындағы жаңадан ашылған №169 орта мектебінде балалары оқитын атаананы қауіпсіздік мәселесі қатты алаңдатып жүргені белгілі. Біріншіден мектепке Манап Көкенов, Ақмешіт, Амангелді көшелері жағынан қатынайтын оқушылар көлдің ортасынан түскен автожол арқылы қатынауға мәжбүр. Біреулері базарды кесіп өтіп стадионның жанынан өтіп барып жүр. Бұл екі тарапта да оқушыларға қауіптілік басым. Осы мәселені жылдам шешуге пәрмен берген аудан әкімінің тапсырмасына сай кент әкімі Асқар Ибрагимов бұл жұмыстардың шет жағасы басталып та кеткенін айтып, көпшілікті қуантып қойды. №169 мектеп алдында көлік кептелісін жою үшін білім ошаағының артынан автожол жасалынбақ.
Аудан басшысы одан әрі кент орталығында кезекте тұрған кісілерге Саяжайдан 300 гектар жер аршылып, қазір ол жерге инфрақұрылымға 6,5 млрд теңгенің жобасы жасалып, республикаға жіберілгенін, таяу уақытта шешілетінін айтты. Мөлтек ауданның жарығы, суы, жолы шешілсе 1,5 мың адамға жер беріледі. Саяжайға 600 орындық мектеп салынады. Аймақ басшысының арқасында өңірімізде 22 мектеп салынатын болса, соның екеуі Жаңақорғанның еншісінде. Бірі Жаңарықта, екіншісі Саяжайға салынады. Содан соң Байкенжеге 150 орындық мектеп салынады. Кент орталығынан келесі оқу жылына дейін тағы бір мектеп МАИ бекетінде беріледі. Міне, осы кезде бүгінге дейін қиындық көріп келе жатқан Ипподром, Май бекеті, Саяжай оқушылары өз аудандарында білім алатын болады. Кенттің ішінде әлі де жарықтандырылу жалғасады. Биыл 4 көшеге жарық жұргізіледі. Алдағы уақытта көркейту-көгалдандыру бағытында жұмыстар атқарыла береді. Қорасан ата көшесінде Неке сарайының құрылысы жақын уақытта басталатынын білдік. Парк ішіне жаңадан аттракцион орнатылып, ойын балаларына тамақтанатын орын ашылатыны да кент тұрғындары үшін тосын жаңалық болды. Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы облыста өткен «Отбасы – тәрбие бесігі» атты кеңесте талқыланған мәселелердің біздің ауданымыз үшін де өте өзекті екенін айтып, бұл жөнінде тиісті салалар ғана емес, елдің жанашыр ағалары мен қоғамдық ұйымдарды бірлесе отырып, жұмыс жасауға үндеді. Жиында сөз алған Серік Мұсабаев кент тұрғындары атынан аудан әкімінің жұмысына жоғары баға беретіндіктерін айтты. Ол өзі Саяжай мөлтек ауданы тұрғыны. «Көше шамы жарқырап жанып тұр. Ауыз су шешілді. Бәрінен бұрын жол салынып, мектепте оқитын балапандарымыздың бәтеңкесі балшықтан ажырады» деді ел ағасы. Сол төңіректегі атаананың жылдар бойы көтеріп келе жатқан мәселесін осы бір жылда таптұйнақтай еткен аудан басшысына шын пейілді ризашылығын жеткізді. Одан әрі ауыл шаруашылығының майталман мамандары Жұмабек Қосдәуіров, Алмас Нәлібаевтардың көтерген мәселелері бойынша аудан басшыысы қолға алынған нәтижелі бастамалардың жай-күйін тарқатып берді. Қандай мәселеде болмасын көргені көп, көшелі кеңесін айтуды үлкендік міндеті санайтын ардагер аға Алшынбай Тұртановтың ұрпақ тәрбиесі төңірегіндегі талапты насихаты саналы кеуделерге салмақты міндет арқалатты деуге болады.
Жаңақорған жәннатым, өз мекенім, Білемін бар бақытым сенде екенін». Қазақстанның халық ақыны Манап Көкеновтың жүрегін жарып шыққан осы бір жыр жолдары Қаратаудың етегін қоныс еткен жаймашуақ халықтың қайсыбірінің де көңіліне жып-жылы әсерімен қымбат. Төскейі кенге бай, баурайында егіні жайқалып, жайлауында төрт түлік малы өрген оңтүстіктегі шеткі ауданның орталығы – Жаңақорған кентінің қазіргі бейнесі соңғы кезде көп жаңарып, үлкен-кіші тамсана қарайтындай заманауи келбетімен көз тартады.
Расымен де, соңғы уақыттары облыстағы ең іргелі саналатын ауданымыздың орталығы Жаңақорған кентіне әкім тұрақтауы күрделеніп, бұл бағытта қыруар жұмыстардың бір бағытқа түсуіне қиындықтар туып келгені рас. Жаңа Қазақстанның үміт күткен жас кадрлары арасында жұлқынып, жұмысты ілгері алып кететін сайыпқыранның болмауы бұл жерде жеті өлшеп, бір кескен талаптың толғағын пісіре түскені кәміл.
Ақырғы тоқтам жасы алпысты алқымдаса да арыдағыны көрген аңғарымпаз болмысымен әу бастағы тұғырынан түспей келе жатқан туған жердің түлегі, кәсіпкер азамат – Әбдірәсіл Ысқақұлына келіп тоқтады. Ауданымызға жаңадан келген әкім Мұрат Тілеуімбетовтің өтінішін жерге қалдыра алмаған елгезек тұлға бір кездері отына күйіп, жалынына шарпылған, көптің қызметінде тіпті ел игілігіне деп ниеттенген енапат жобаларының кейбірі өзіне таяқ боп тиіп, көңіл жаралаған жағымсыз жағдайларын да жүректен сызып, нартәуекелге тастүйін бекініп, Жаңақорған кентіне әкім болып сайланғанына да бір жылдың жүзі болып қалыпты.
Бұл мерзім істің көзін білетін, нешеме жылдық жинаған тәжірибесі бар азамат үшін өз-өзін танытуға толық жеткілікті сынды. Оның үстіне, барлық салада жыл қорытындыланып, нақты көрсеткіштері сараланар тұста Жаңақорған кентінде іске асқан осы жылдың нәтижелеріне тоқталғымыз келді.Кентте атқарылған оңды жұмыстарды ойға алғанда жаңашыл іс-қимылдардың тетігі басқаруға, ұйымдастыра білуге байланысты екенін баса айтқан жөн. Кезінде одаққа белгілі шипажайымен аты шыққан шырайлы мекеніміздің кескін-келбеті, мәдениет мәнері, ажар-көркінің архитектуралық үлгілі моделін қалыптастыру үшін мінсіз интеллектуалдылық та қажет. Осы талаптың биігінен танылуда табандылық танытқан кент басшысы Асқар Ибрагиовтың азғантай уақытта атқарған ауқымды жұмыстарынан біз осыны анық аңғардық.
Біздің кент әкімімен арнайы сұхбатымыздың мазмұны осы бағытта өрбіді.
– Іс тетігі – ұйымдастыруға байланысты, десек те, қарыс қадам бассаң қаржы мәселесі шыға келетін мойынға алған міндеттерді еңсеру де оңай болмаған шығар?
– Әрине. Бірақ елге болсын деген пейілмен еңбек ететін ерлердің мақсаты бір арнаға түйіскенде алынбайтын қамал болмайтынына менің осы жасымда, осындай жауапты да, сынға толы қызметте жүріп анық көзім жетті дей аламын. Рас, аз ғана уақытта кентте атқарылған тірліктер аз емес. Осының барлығы жақсылыққа ұмтылған жандардың жұмыла атқарған еңбегінің арқасында еңсерілді. Бұл ретте ісімізді әрдайым қолдап, дем беріп отырған аудан басшысына, қандай бастаманы қолға алсақ та, өзіндік инициативаларымен қанаттандырып, шынайы іске асыруда қажыр-қайратымен қуат болған ауданның жалынды жастарына алғысым шексіз.
– Енді нақты атқарылған жұмыстарға тоқталсақ.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың меценаттарға «Туған жерге туыңды тік, оның көркеюіне, өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қос» деген салмақты міндеті барлығымыздың мақсатымызға дем берді. Өзім бұған дейін аудан әкімі орынбасары, 2012-2017 жылдарда кент әкімі ретінде ел экономикасына етене араластым. Елге қызмет етуде жеке кәсіпкерліктің де салмағы жеңіл емес екен. 2018 жылдан бастап бес жыл бұл төңіректе де біраз тәжірибе жинақтадым. Атамекенге инвестиция құюда қауқарлылық аз, елжанды болмыс та керек. Біздің Жаңақорған кентінде де бюджеттен тыс атқарылып жатқан ауқымды жобалар осының айғағы.
Соның бастыларына тоқталсам, алдымен аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовтің демеушілігімен тау беткей жақтан ауданға кіреберіс жолдың бойына әсем безендірілген зәулім қақпа орнатылды.Қорасан Ата, Аманкелді, Алтынсарин, Қорғантоғай көшелерінің бойына орналасқан жарықшамдар Жаңақорғанның келбетін көріктендіре түсті. Әсіресе, кеш мезгілінде қайта жаңғырған Жаңақорғанның әсем бейнесі үлкен жол бойынан өтіп бара жатқан жолаушыларға айрықша әсер беретіні анық.
Жерлесіміз, белгілі кәсіпкер, «Азимут-М» ЖШС-нің директоры Марлен Ысқақов биыл «Балалар жылына» орай Жаңақорған ауданына үлкен тарту жасады. Жалпы құны 790 млн теңгені құрайтын заманауи үлгіде «PRIME PARK» демалыс саябағы кәсіпкердің жеке қаржысы есебінен бой көтерді. Кәсіпкердің айтуынша, алдағы жылы демалыс саябағының ішіне балаларға арналған кафе және жастар неке сарайы салынбақ. Сондай-ақ кент орталығынан өз демеушілігімізбен ені 5,5 метр және биіктігі 14 метр құрайтын алып Құмсағат бой көтеріп, осы жерден жастар аллеясы пайдалануға берілді. Онан бөлек Тәуелсіздік және Қорасан Ата көшелерінің қиылысына айналма жол салынды. Осы жұмыстарда «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарған ізгі ниеттестік көп мәселенің күрмеуін шешкенін айтып кетуіміз керек. Мәселен, осы жұмыстарды қысқа уақытта аяқтауда «Жаңарған Жаңақорған жастары» бірі техникасымен, тіпті біреулері қол күшімен көмектесіп, кент ішін жаңартып, сәулеттендірудегі жарқын жобаларымызды жылдамдатты.
– Бюджет есебінен атқарылған жұмыстар туралы не айтасыз?
– Наурыз айындағы сессияда аудандық бюджетке берілген 638 млн теңге өтінімнің 200 млн теңгесі қолдау тапты. Бұл қаржыны алдыңғы кезекте жолдарға тас төсеуге бұрдық. Ауданда соңғы жылдар түзілген инфрақұрылым базасында еңсе тіктеген жаңа көшелер санатында Саяжай, МАИ бекеті, Алтыкрант көшелері сынды 20 көшеге тас төсеуге басымдық берілді. Өйткені жаңадан түскен бұл көшелердің тұрғындарына лай-батпақты жолда жүру мүмкін емес, осы қиындық қанша жылдан бері айтылып, шешімін таппай келеді екен. Әсіресе екі көшеде – Сүлеймен Мұстафаев және Қодас Жүнісбеков көшесімен көлік жүре алмайтын. Бірінші кезекте тас төсеуге осы көшелер және Май бекеті мен Саяжайдың қиылыстары қоса қамтылды. Жаңақорған кентіндегі Бостандық, Алдамжар көшелеріне де неше жылдан бері тас төселмей, халық тұрмысына қиындық туғызып келгені анық. Осы жұмыстардың барлығы тамыз айының соңына дейін толық аяқталды. Бұдан өзге «Балалар жылы» аясында Саяжай, Алтыкрант аймағында балалар ойын алаңқайы пайдалануға берілді.Халық көп баратын жұмыспен қамту орталығы мекемесінің орналасқан жері ескі аурухана үйі, айналасы қар-жаңбыр күндері батпаққа малшынып жататын. Осы аймаққа да наурыз айында қаржы бөлініп, тас төселіп, асфальттанып, жақсы жағдайға келтірілді.
Аудан орталығындағы №125 мектеп үйі мен осы мектептің жаңа ғимараты арасында темір жолды жағалап жүретін тротуар бар болатын. Қожанов, Шонабаев, Мұсахан Жапаров көшелерінің оқушылары осы арқылы мектепке қатынайтын. Қысқы мезгілде осы тротуарға жарық бағаналары керек деген халық өтінішіне орай тиісті қаржысы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары негізінде жарық бағаналары қойылды.
– Бұған әсіресе ата-аналар қатты разылық білдіріп отырған болар?
– Әрине, балаға жағдай жасау бірінші кезектегі мәселе болуы керек. Сондықтан бұл біткен тірлік үшін бәріміз де арқамыздан жүк түскендей болып едік. Өкініштісі, бір-бір жарым ай ішінде қойылған жарықшамдардың бірнешеуін қиратып үлгірген қаскүнемдерді әлі де қолға түсіре алмай отырмыз. Бұл кімнің тіірлігі болуы мүмкін? Сана деңгейінің осыншалықты төмендігіне кімді, нені кінәларыңды да білмей дал болады екенсің.
– Кенттің толықтай жарықтандырылуы тунгі кезде жүргіншілердің тынысын ашып, қауіпсздікті де бекемдей түсті. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Кентті жарықтандыруға орай маусым айында берілген қаржыға аудан әкімі тарапынан Алтынсарин мөлтек¬ауданына басым бағыт беріліп, жобада тұрған Ғафур Мұхамеджанов, Шоқыбаев көшелеріне жарықшамдар орнатылып, көп қабатты үйлердің аралығына дейін жарық барды. Талғат Бикелдиноов көшесі де келесі аптада толық жарыққа қосылады.
Сонымен қатар, маусым айында 8 балалар ойын алаңына қаржы бөлінді. Таяуда толық пайдалануға берілгелі отыр.
Балаларға жағдай жасау – басты міндет. Бұл орайда орталықтағы №110 және №51 орта мектептері алдында адам, көлік қозғалысы көп, балалар жүруге арналған тротуар жоқ болатын. Осы екі жерге де қаржы бөлініп, тротуар салынып, біілімгерлерге қолайлы жағдай жасалды. Енді алдағы жылға 14 көшені орташа жөндеуден өткізу және 4 көшені жарықтандыру жоспарда тұр, - дейді кент әкімі.
Жалпы айтқанда, 2022 жылға басты жобаларға облыстық бюджеттен 330 млн меңге қаржы қаралса, 2023 жылға 1 млрд-қа жуық қаржы бөлінеді.Кент орталығында жаңадан салынып жатқан 2 мектеп жаңа тоқсаннан бастап білімгерлер игілігіне берілгелі отыр. Осы білім ордаларына балалардың қатынауына жол қауіпсіздік мәселесі атаананы толғандырып отырғаны заңды. Мәселені шешуді күн тәртібіне қойған аудан басшылығының қолдауымен екі мектепке де барар жолда тротуар және жарықшамдарын орнатуға жобасы әзірленіп, қаржысы шешілсе бітті жұмыс басталғалы тұр екен.Кенттегі атқарылған жұмыс, біткен істің барлығы бір күннің шаруасы емес. Елдің сәулетінен тұрғындарының дәулеті де хабар беріп тұратыны айқын. Жаңақорған ауданында көрші өңірлерге қарағанда халыққа қызмет көрсету нысандары немесе жеке тұрғын жайлар болсын, құрылыстың жоғары қарқын алуы, сайып келгенде, ел азаматтарының әлеуетіне де байланысты. Мұның өзі ортақ мекеніміздің ажар-көркінің артуына сеп. Тек, кенттің бас жоспарын назарда жіті ұстап, архитектурасына мін түсірмеуде міндеттерін мейлінше адал атқарған Зейнулла Әшірбеков, Орман Ахметов, Қайрат Сапарбаев сынды азаматтардың ұстанып келген принципінен жаңылмай, әлі де әрбір көше тақтайдай түзілген тәртібімізден жаңылмағанымыз дұрыс.Ауданның айнасы болып саналатын кенттің тазалығын жолға қоюда қоғамдық қызметкерлердің үлесі айрықша. Соңғы 4-5 айда қарқын алған жаңа құрылыстардың басы-қасынан да осы азаматтар табылып, уақытпен санаспай жұмыс жасауы туған жердің қызметіне жараған жанашырлықтарының дәлелі. Осындай еңбектеріне орай кент әкімдігі қоғамдық қызметкерлердің басын қосып, жаңажылдық сый-сияпаттар ұсынып, құрмет көрсетуі ортақ мүдде жолындағы өзара ілтипат пен жарасымдылықты танытып тұрғандай.
Бір аңғарғанымыз, кент басшылығының өркениетті мемлекеттердегідей кадр таңдауда меритократиялық қағиданы ұстануы, яғни елдің нақты сенімінен шыға алған азаматтарды арқа тұтып, жауапты міндеттерді тапсыруы өз кәсібіне шын берілген жандардың қызметте жоғарылауына, тынысы кеңіп, халықпен одан сайын етене жұмыс жасауына мүмкіндік тудырып отыр.
Ақ тілекті қадір тұтқан халықтық қасиетіміздің жоралғысымен Махмұдұлы Мұзарап ақсақал батасын беріп, барлығымызды алғы күнге бір мақсатқа бас қосуға үндеді. Ал бауырдай бірігіп, жақсылыққа ниеттенгеннің несібесі ешуақытта кем болмайды.