Kyzylorda-news.kz. Мұрат Жолкелдіұлы ауданға әкім болып келгелі жастармен жиі жүздесіп, еркін форматта келелі кездесулер өткізуді назарға алып келеді. Былтыр жастар слетінде “Тау самалы” тынығу лагерінде бас қосса, биыл да қарт Қаратаудың етегінде жас толқынмен бас қосты. Ауыл жастарын қандай мәселелер толғандырары, қандай жаңашыл идеялары бар? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде ой-пікір ұсыныстарын тыңдады.

Жаңақорғанның Швейцариясы атанған Жаманбай батыр ауылынан тауға қарай бірнеше шақырым жерде, тамаша табиғат аясында кешқұрым керемет кездесуге куә болдық. Алдымен «Инновациялық технология бойынша ауыл шаруашылығын әртараптандыру» тақырыбында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының төрағасы Самалбек Қосанов дәріс өткізді. Қазіргі егін шаруашылығына байланысты мәселелерді қозғап, әртараптандыру, суды үнемді пайдалану арқылы мол өнім алу сынды тақырыптар талқыланды. Одан соң «Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдетілген несиелер» мен «Контент және медиа» атты екі тақырып бойынша «Aslan films» киностудиясының директоры Жасұлан Алдабергенов қысқа түсіндірме жұмысын жүргізді. Әсіресе, жастардың бизнес бастауға деген және жаңа контенттерді меңгеруге құлшынысы жоғары екені көрініп-ақ тұрды. Осы күннің құрметіне жағылған алау айналасы емін-еркін сұхбатқа жалғасты.

«Мемлекет басшысы жастар жиынында өздеріңіз сияқты озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар еліміз үшін өте қажет екенін алға тартып, жаңа Қазақстанның дамуына аянбай үлес қосады деп үлкен сенім білдірді. Сондықтан, мемлекеттік жастар саясатын жоғары деңгейде іске асыру – қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Жастарымыздың жан-жақты жетілуіне, жаңа кәсіп көздерін толық игеруіне мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Осындай жүздесуден соң ой қорытып, мақсат бекемдеу айқындалса игі. Өйткені, сіздер бүгіннен бастап ашық ойлы, елдің ертеңіне байыппен қарайтын тұлға болып қалыптасуларыңыз керек, – деп аудан жастарға қарата. Сөз соңында былтыр қойылған сауалдардың жауабын қысқаша жүйелей кетті. Биылғы жастарға берілетін 2,5 пайыз жеңілдетілген несие мен инновациялық жобаларға берілетін қайтарымсыз грант алуда аудан жастарының үлесін арттыруға тыңғылықты жұмыс жүргізілуде. Жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесіне айрықша назар аударылып, жаңадан ашылатын жұмыс орындары мен тұрақты жұмыстарға 161 жас қамтылды. Былтырғы жиында Қыраш елді мекеніне жаңа спорттық ойын алаңы керек деген ұсыныс айтылса, биыл оны салуға 10 млн 401 мың теңге қаражат бөлінген. Бұл жөнінде Қыраш ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі маманы Әбдуәлі Бауыржан айтып, ауыл жастары атынан алғыс білдірді. «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының белсенді мүшесі Бекзат Балтақожаевтың: Біз келешекте еріктілер қозғалысын одан ары дамыту үшін барлық кент, ауылдық округтердегі белсенді жастардың басын қосып, «Еріктілер форумы» ұйымдастырылса дейміз», – деген тілегіне жауап ретінде аудан басшысы ағымдағы жылдың тамыз айында «Еріктілер форумы» мен тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылатынын ашық айтты. 

Ал, №7 спорт мектебінің үстел теннисі жаттықтырушысы Алдиярхан Нышан жаттығуда ДСП столдарында дайындалып, жарысқа шығатынын айтып, ұсынысын жеткізді. Осыған орай, Мұрат Тілеуімбетов жаңа теннисін алуға уәде берді. Сұхбат арасында әннен шашу шашылып, ескі әуендер дала төсін тербеді. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес те ыстық ықыласын білдіріп, келер жылы бұдан да ауқымды етіп өтуге жұмыс жасайтынын жеткізді.

«Сыр үміті – 2023» жастар сыйлығының иегері, №286 мектептің оқытушысы Ханзада Дошан тілеулестігін білдіріп, жалынды жастармен жұмыла жұмыс жасауды жалғастыратынын жеткізді. «Жаңақорған – жалынды жастар мекені» аудандық жастар слетінде сөзінде аудан әкімі шараны ұйымдастырып, жастардың басын бір арнаға тоғыстырған аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Орынбасаровқа өз атынан, алғысын жеткізді. 

– Жастар – болашақтың бастауы, келешектің көкжиегін қалыптастырушы, қоғамның қозғаушы күші. Ақыл – жастан дейді, олардың тың идеялары, бастамалары мен жобалары ел үшін, мемлекеттің ертеңі үшін үлкен инвестиция. Жастар қашанда жігерлі, ашық, еркін өсуі тиіс. Айтарын ашық, бүкпесіз жеткізуі керек. Ауданның кемелденуі, болашағының баянды болуы осы жастардың қолында. Сондықтан жастармен кездесуді осылай еркін түрде өткізуді ұсынған болатынмын, – деген аудан басшысы жастардың қойған сауалдарына жауап беріп, өмірлік өнегесі, қызметтік тәжірибесімен бөлісті.

Кездесу кешінің тізгінін Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінің қызметкері, жас талант Айжарқын Найманбай ұстады. Мұрат Жолкелдіұлы өзінің жүріп өткен жолы, ауданға келгендегі негізгі миссиясы, алдағы атқарылар жұмысына қысқаша тоқталды. Алғашқы сауалды білім бөлімінің әдіскері Ақниет Ераханқызы қойды.

– Ауданға келген қадамыңыз құтты болсын, аудан жастарымен осындай кездесуге келгеніңізге рахмет. Сара жолдан дара жолға демекші, жалпы өзіңіздің отбасыңыз туралы айта кетсеңіз. Балаларыңызға қандай салаға баруға бағыт-бағдар бердіңіз?

– Бала – бауыр етің, қандай ата-ана болсын өз перзентінің биік шыңнан көрінгенін қалайды. Олардың биігі әке-шешенің тәрбиесі мен тәлімі, білімі деп қарауымыз керек. Менің 2 қыз 1 ұлым бар. Шынын айтқанда, мен балаларыма мамандық таңдауда тек бағдар беріп отырдым. Үлкен қызым Елордада кәсіппен айналысуда. Бала кезден компьютерге құмартып, кейіннен осы техниканың тілін терең түсініп, кәсібін жолға қойды. Ұлым заңгерлікті таңдап, бүгінде құқық қорғау саласында қызметте. Кенжеміз әкімдікте жұмыс жасайды. Қазір Алла берген 10 немерем бар, – деді ол.

Аудан әкімі сөз басында бұл кездесуді 1 мамыр күні ұйымдастыруды жоспарлағанда бірлік пен ынтымақ мерекесінің жастарға жарқын тәлімін таңдаса керек. Бауырмал болуға, бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешіп, елдің дамуына өз үлестерін қосуға үндеген әкім сөзі кездесуге жиналған өзге ұлт өкілі жастарына да әсер етті.

«Мұрат Жолкелдіұлы, жалпы Жаңақорғанда қанша ұлт тұрса да ана тілге, салт-дәстүрге деген құрметі жоғары. Осы бірлік пен ауызбіршілікті қайткенде нығайта аламыз?» – деді Д.Романов атындағы №53 орта мектептің мұғалімі Каюмжан Отабеков.

– Қазақта «Бөлінгенді бөрі жейді» деген тәмсіл бар. Иә, қазақ кеңпейіл, дархан көңілді халық. Осы бір асыл қасиетімізден айырылмау үшін ұлтқа қызмет ету жолында жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Қазір біздің ауданда 600-ден аса түрлі ұлт өкілдері ғұмыр кешуде, олардың тыныс-тіршілігімен танысып келемін. Ең бастысы, бәріміз бір Отан, бір мүдде, бір болашақ жолында еңбегімізді еселей беруіміз тиіс. Сонда ғана еліміз одан әрі гүлдене бермек, – деді әкім.

Бүгінгі жастардың дені спортқа бет бұрды. Әсіресе, елді мекендерде кешқұрым жастар бір сәт денешынықтырумен, әсіресе, футбол, волейболмен шұғылдануға әуес. Алайда, кейбір ауылдарда жағдай жасалынбаған. Мәселен, Қыраш ауылынан келген Бауыржан Әбдуәлі шағын алаңдардың тым ескіргенін алға тартса, Қазақбай Нұрғазы Сунақатадағы спорт кешеніне кіре алмаймыз деп ренішін білдірді.

«Менің ауданға келгенде алдыға қойған ең басты мақсатым – әлеуметтік мәселелерді шешу. Ардагерлер мен аналардың мәселесіне, жастарға қолдау білдіру еді. Қыраш елді мекеніндегі жасыл алаңдар екі ай көлемінде жөнделетін болады. Мүмкіндік болса, спорт кешенін салуға жұмыс жасаймыз. Ал, Сунақатадағы спорт ғимараты кешкі сағат 7-ден бастап жастардың игілігіне берілуі тиіс. Бұл мәселе өзге де ауылдарда бар, оны да кезең-кезеңімен шешетін боламыз», – деді аудан басшысы.

Праймериз кезінде кандидатурасын ұсынған ең жас үміткер Айсана есімді ару балалар жылына жоспар-межені сұрады. Аудан әкімі жоспар көп екенін алға тартты. Ең бірінші, кенттегі болашақ балалар паркін күзде бітіруге жұмыс жасайтынын айтты. Заманға сай, барлық спортпен шұғылдана алатын, балалардың аттракционы болатынын сызбадан көрдік. 2,6 гектар аумаққа салынатын инвестицияның әлеуеті расында көз тартады. Жастар орталығын салуға жұмыс жасайтынын, биыл уақытша болса да басқа ғимаратты әрлеп, сәнін келтіріп жастарға беру ойында бар екенін айтты. Жастар бұдан да басқа ойларын ортаға салып, идеяларымен бөлісті.

Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен кездесу соңы әнмен өріліп, түнгі дала төрін түрлі аспаптардың әуені тербеді. Мұрат Жолкелдіұлы жастарға естелік ретінде орталық директоры Наурызбай Орынбасаровқа ноутбук табыс етті.

– Бүгінгі шараның мақсаты – жастардың аудан әкімімен емін-еркін дидарласу арқылы ойда жүрген сауалдарын, түйінді мәселелерін қозғасын едік. Мүмкіндік болса әлі аудан әкімі өзі жастармен жиі кездесіп, бірге жұмыс жасауды көздеп отыр. Ол уақыттың еншісінде, дегенмен, жастар мәселесіне байланысты қыруар шаруа бар, Мұрат Жолкелдіұлы жастарға қай кезде болмасын есік ашық екенін жеткізді. Бұл да біздерге күш беріп, демеу болады, – деді Наурызбай Ерікұлы.

Бүгінгі тағылымды кездесуде ойын ашық айта алатын, креативті, жігерлі, отансүйгіш, патриот, қоғамшыл, өнерлі, ең бастысы, қазақы қасиетті бойына сіңірген, өр-рухты жастардың сан саланың жүгін көтеріп, елдік жолда қызмет етіп жүргенін көрдік. Сондықтан осындай жігерлі жастарға қолдау білдіріп, олардың биік мұрат-мақсатына жол салуда аға буын ақылман болып, жөн көрсетсе нұр үстіне нұр.

Түйіндей айтқанда, биылғы жастар жиыны қоғамдық өмірдің оңсолын енді жүйелеп келе жатқан жас буынға үлкен сабақты кездесу болды десек болады. Бұл бастамасы дейміз, өйткені, аудан жастарының әр салаға серпін беріп, бүгіннен биікке қадам басуында осындай еркін форматтағы кездесулер аса маңызды мәнге ие.

Тағы да оқыңыз: