Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тлеумбетов жуырда ғана өткен "Qazaqstan дауысы" мегажобасының финалисі, жерлесіміз, болашағынан зор үміт күттіретін жас әнші Нұрислам Тілеухан мен талант иесінің өмірдегі және өнердегі ұстаздары ата-анасын қабылдап, мерейлі жеңісіне деген ыстық ілтипатын білдірді. Өнер додасында топ жарып, аудан халқының мақтанышына айналған жас әншінің өнер жолындағы еңбегіне шығармашылық табыс тілеп, алғыс хат табыстады.
Өз кезегінде еліміздегі мегажобаның ақтық кезеңіне дейін сүрінбей жеткен финалисі Нұрислам Тлеухан құрмет көрсеткені үшін аудан әкіміне алғысын жеткізіп, қазақ өнерін әлемге таныту жолында аянбай еңбек ететіндігін жеткізді.
Иа, өнер – әр адамның бойындағы құдіретті күш секілді. Кейде асау өзендей арнасынан тасып, енді бірде бастау бұлақтай мөлдіреп жанды баурайды. Мұның өзі қандай керемет дүние! Нұрислам Тілеухан жас та болса осындай жолдан өтуде. Өнер – адамның бойындағы тылсым рухани күш десек, әншілік – сол өнердің ең қастерлісінің бірі. Осы әншілік өнер дарыған, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі жас өнер Нұрислам Тілеухан мерейімізді асырып, абыройымызды асқақтатып үлгерді.
«Qazaqstan дауысы» музыкалық балалар мегажобасына қатысып, жүйріктердiң арасынан оза шауып, ақтық мәреге жетті. Бізге осының өзі үлкен жеңіс, жетістік. Төменарық ауылында өнерлі отбасында дүниеге келген талантты жас. Өңірдің мәдениет мен өнерінде біте қайнасып, нағыз шығармашыл «Асылбековтер» отбасының төл перзенті Нұрислам - ән өнерiн өзiндiк өресiмен жаңаша биiкке көтере бiлген талант иесi. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме?! Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен бойына дарыған киелі өнерді осы күні ұлдары дәріптеп келеді. Бала күніненн талай жарыстарда топ жарып, жыл сайын өтетін әлемдік мега жоба «Қазақстан дауысы. Балалар» ән сайысына да қатысып, күміс көмей әнші Толқын Забировадай тәлімгерді өзіне қаратқан бүлдіршіннің әр қадамы қуантады. Тіпті, Нұрисламның гитарамен орындаған «Аягөз, қайда барасың?» әні әлеуметтік желілерде хитқа айналып, талай жанның таңдайын қақтырды. Осы тұста талантты өреннің әкесі Бақыт Асылбековпен тілдескен едік. – Қазақ халқы «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демей ме? Үйде анасы екеуміздің ән айтып, өнер көрсетіп жүргенімізді көріп өсіп келе жатыр. Ұлым Нұрислам өнерге шынайы берілген, өте еңбекқор. Ол үнемі ізденіп жүреді. Өзіне ұнаған ән болса, дереу сол ән жайында мәліметтерді қарап, ақпараттарға қанығып отырады. Тіпті, өткен тарихымыздағы жезтаңдай әншілердің өмір жолдарын оқып, әрбір әндерін орындап көреді. Кеше ғана елімізде өткен дүбірлі додада Нұрислам өзін көрсетті деп ойлаймын. Домбыраны меңгеріп, халық әндерін репертуарына қосуда. Оның алар асуы алда деп сенемін, үміттенемін, – дейді Бақыт Асылбеков.
Міне, осылай Нұрислам отбасында ұлттық құндылықтарды көріп өскен, жоғарыда айтқан әдеби-музыкалық ортада қазақтың ән-күйіне құлағы қанып, руханиятты бойына сіңіріп өскен бала. Ол қай елде болмасын өнер көрсеткенде биік сахналар арқылы ұлттық құндылықтарды көрсетуге тырысады. Өнерге деген құштарлығымен барлық тыңдарманның сезімін бір арнаға тоғыстыра білген талантты ұл Нұрисламның бұдан да биік шыңды бағындыруына тілектеспіз.
Жаңақорғанда «Текті сөздің төресі» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы өтті
Бүгін Жаңақорған ауданының 95 жылдығы мен Қазақстанның Халық ақыны М.Көкеновтің 95 жылдығына орай аудандық мәдениет үйі мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі» атты облыстық жыршы-термешілердің байқауы өтті. Байқау барысында кәсіпкерлік бөлімі жергілікті кәсіпкерлердің қолөнер бұйымдары мен кәсіптік өнімдерінен көрме ұйымдастырды.
Байқауға аймақтың 35 жасқа дейінгі 13 өнерпазы қатысты. Үміттерін үкілеп келген жыршы-термешілер II кезең бойынша өнер көрсетті. I кезең Жаңақорған өңipiнен шыққан ақын-жыраулардың шығармаларынан бip терме орындады, ал II кезең бойынша әр қатысушы өз қалауымен кез-келген термені орындап шықты. Тамырлы тарихынан сыр шертіп, өткенінен өнегелі тағлым беретін, төл өнерін төрге оздырып, текті сөзін ұлықтаған жаңақорғандықтар терме байқауын дәстүрге айналдырғанын айту керек. Аймақтық термешілер байқауында дүлділ дарындар өнер көрсетіп, көрермендерді әуезді ән, өнеге сөзімен рухтандырды.Сахна төріне көтерілген өнерпаздарға өңірге белгілі термеші, облыстық филармония қызметкері Майра Сәрсенбаева сәттілік тіледі.
– Жер жаннаты Жаңақорған ауданының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық термешілер байқауына облыстың әр өңірінен мықты, нағыз талантты өнерпаздар келіпті. Бұл бүгінгі байқаудың биік беделін көрсетеді. Ең бастысы төл өнерімізді қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруды мақсат еттік. Барлық өнерпаздар да жүйрік, әр термеші өлеңнің мақам-сазын дұрыс қолдана алатынына куә боламыз, өйткені әр өңірдің өзіне тән мақамы бар. Сондықтан бұл жастардан келешек көп үміт күтетін боламыз, – деді Сыр еліне танымал Сәрсенбай жыраудың немересі.
Сөздің маржанын сазбен жеткізетін дала өнерпаздарының басын бір арнаға тоғыстырудағы басты мақсат – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өнерлі жастарды қазақтың төл өнерімен сусындату және ұлттық дәстүрді ел арасында кеңінен насихаттау. Асыл сөздің маржанын теріп, оны әуезді әнімен тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын жас термешілердің өнерін біз де тамашалап, көңіліміз бір сергіп қайтты. Ал, шараның аудан орталығында өтуінің бір сырын кеш барысында байқадық, өйткені ауыл ақсақалдары мен жастар әр жырауға шабыт беріп, әуезді әндеріне тербеліп отырғанын байқап, дән разы болдық.
Жаңақорғандық Нұрлыбек Қалман, Ислам Нағызхан, Түркістаннан келген Нұрбақ Анашбеков, Қызылорда қаласынан Руслан Өтегенов пен Аяжан Шымберген және успендік Ербақ Құрметжан мен Бөкен Жігер сахна төріне көтеріліп, додаға қосылды. Талапкерлер екі кезең бойынша өнер көрсетті, бірінші кезеңде Құлан Алдабергенұлының шығармашылығынан бір терме немесе арнау жыр орындаса, екінші кезеңде әр термеші еркін тақырыпта бір терме орындады.
Термешілерге арнайы ыстық ықыласын арқалай келген ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Молдахмет Ибрагимов:
– Бүгін Жаңақорған ауданының аспанын әнге бөлеп, термемен тербеген жырау-жыршыларға алғыс айтамын. Төл өнерді ел арасында осылай насихаттап, жас буынның бойына қалыптастыруға жұмылып жүрген өнер ұжымына рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Келер жылы да барша термешілерді ауыл төрінде күтетін боламыз деп үміттенемін, – деп жылы лебізін білдірді.
Асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұнығын әуезді әуенмен жеткізе отырып, тыңдаушыны ұлттық рухқа, адамгершілікке, тазалыққа, қайырым мен мейірім сияқты көптеген адами қасиеттерге тәрбиелеуімен құнды болған терме өнерін дәріптеген жырауларға аққорғандық ағайын мен көрші ауылдардан келген көрермендер ризалығын білдіріп тарқасты.Қазылар алқасының құрамында өңірімізге белгілі жыршы-термешілер Майра Сәрсенбаева мен Мұхтар Дәрібаев және Жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров болды. Қазылар алқасы термешілерді әншілік шеберлігіне, таңдаған туындысының мазмұндылығына, сахна мәдениетін ұстауына қарап баға берді. Қортындысында III орынды Көкен Өскенбай (Жаңақорған), Кеңес Әли (Қызылорда),Жәнібек Жақсан (Қызылорда) бөлісті. II орынға Руслан Өтегенов (Қармақшы), Күмісбек Айжарық (Арал) лайық деп танылды. I орын қазалыдан келген Ұлдана Нұртуғанның еншісінде. Ал, қатарынан озып шыққан жаңақорғандық Әсем Мажит Бас жүлдені жеңіп алды. Асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұнығын әуезді әуенмен жеткізе отырып, тыңдаушыны ұлттық рухқа, адамгершілікке, тазалыққа, қайырым мен мейірім сияқты көптеген адами қасиеттерге тәрбиелеуімен құнды болған терме өнерін дәріптеген жырауларға аққорғандық ағайын мен көрші ауылдардан келген көрермендер ризалығын білдіріп тарқасты.