Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетов Жаңарық, Қыркеңсе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алдыңғы кездесуде айтылған мәселелерді қорытындылады. Аудан басшысы осыдан үш ай бұрын көтерілген мәселелерге тоқталды. Алдағы уақытта елді мекендерді дамытуға арналған жоспармен бөлісті.
Жаңарық ауылдық округі халқымен өткен кездесуде қамтылған мәселелерге тоқталып, ауылға қажет жаңа мектепке бюджеттен қаржы бөлінгенін жеткізді. Яғни, 2023 жылға республикалық бюджеттен жаңа 300 орындық мектептің құрылысы басталады. Сондай ақ, елді мекенді дамытуға арналған жоспарда Жаңарық елді мекеніне газ жүйесін жүргізу жұмыстары жоспарланған. Дегенмен ауыл тұрғындары егін және мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан аяқ су, жайылым мәселелері өзекті.
Қыркеңсе ауылы тұрғындарына аудан әкімі 2023 жылы елді мекеннің мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінгені жөнінде жағымды жаңалығымен бөлісті. Ауыл тұрғыны Марат Мантаев елді мекендегі медициналық емдеу мекемесінің ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл жөнінде ауыл әкімі Тәттімбет Әбдреймов алдағы жылдары елді мекенге жаңа медициналық нысанның құрылысы жоспарланып отырғанын жеткізді.
Әкімнің халықпен кездесуінде аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Жарқынбекұлы, аудан прокуроры Берік Смайлұлы, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ғани Асанұлы, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов және тиісті бөлім басшылары болды.
Тұрғындар тарапынан да бірнеше сауал қойылып, көтерілген мәселелер бойынша жауап алынды. Аудан әкімі көтерілген мәселенің барлығы да бүге-шігесіне дейін талқыланып, шешімін табатындығын алға тартты.
Кездесу соңында аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовке ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, жұмысына табыс тіледі.


