Kyzylorda-news.kz. Бүгін Жаңақорған ауданындағы Түгіскен ауылындаҰлы Жеңістің 78 жылдығы қарсаңында Жаңақорған ауданы әкімдігінің тікелей қолдауымен Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Әнуар Әбутәліпұлы, Социалистік Еңбек Ерлері Нақып Ержанов, Қадір Тағаев, Сердалы Құрымбеков, ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегері Әлиасқар Сұлтановқа арналған тағзым алаңы ашылды.
Іс-шараға ел ағаларымен қатар батырлардың ұрпақтары қатысып, тұлғалар жайлы жайдары естеліктерімен бөлісті. Салтанатты іс-шараны ашқан Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тлеумбетов барша жиналған қауымды Жеңіс күнімен және тағзым алаңының ашылуымен құттықтап, еңбек майданында маңдай терін төккен ардагерлерге алғысын білдіріп, ел болашағы жолында еңбек еткен ерлердің есімдерінің ел жадында мәңгілік қалатындығын жеткізді. Іс-шараға қатысқан Түгіскен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Молдахмет Сүлейменұлы Ибрагимов игілікті істің бас-қасында жүрген азаматтарға тұрғындар атынан алғысын жеткізіп, жүрекжарды лебізін білдірді.
Сондай-ақ, ерлердің есімін ұлықтау мақсатында бой көтерген Тағзым алаңының ресми түрде лентасы қиылып, гүл шоқтары қойылды. Батырлардың рухына тағзым жасалып, құран бағышталды. Тағзым алаңының ашылу салтанаты әрі қарай Кеңес Одағының Батыры Әнуар Әбутәліпұлының 100 жылдығына арналған "Ерлігі үлгі ұрпаққа" атты театрландырылған көріністер байқауымен жалғасты.
Жаңақорған ауданында жерге дән себілді
Бүгін Жаңақорған ауданына қарасты Қожакент ауылындағы "Нұрбол-И" шаруа қожалығының егістігінде "Дала күні" аталып, жерге дән себілді. Жаңақорған ауданының әкімі мен жауапты сала мамандары және ардагерлер мен диқан қауым түгел бас қосып, керемет сәттің куәсі болды.
Биыл жаңақорғандық дала еңбеккерлері егіс көлемін еселеп, мол өнім алуға ниетті. Биыл диқан қауым 37 781 гектарға егiс егу межелесе, соның 8 мың гектары күрішке бағытталмақ. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысатын 781 шаруашылық құрылымдарының 485-і егін шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде 175 шаруашылық күріш өсіргелі отыр.
Алдымен Жаңақорған аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев биылғы жоспарды баяндап, межені айқындады. Шаруашылық төрағасы Изатулла Үсенов ағамыз қожалықтағы егін-жайдың жайын жүйеледі. Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Жолкелдіұлы мен облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқарма басшысы Талғат Тұрсынұлы егіншілерге сәттілік тілеп, дала жұмысын табысты түйіндеуге тілеулестік білдірді. Қариялардың ақ батасынан кейін ас беріліп, берекелі іске Құран бағышталды.

Жастар Жеңіс лентасын таратты
9 мамыр - Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай, Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандары аудан тұрғындарын мерекелерімен құттықтап, «Жеңіс лентасын» таратты.
Жеңіс лентасы – бейбітшілік, береке және бірліктің символы. Лента мемлекеттің қуаттылығын, оның егемендігі мен тәуелсіздігін бейнелейді. Батыр аталарымыз бен апаларымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды!
