maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздегі жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге жұмыссыз жүрген мамандарды тартып, нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

 Осыдан кейін оңтүстіктен солтүстікке қарай көш жүре бастады. Айталық, жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарлама аясында 412 отбасы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударды. Осы мақсатта, Успен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Салтанат Арынова ауданға арнайы келіп, мамандар тарту жөнінде кездесулер жүргізді. Екі жақты келісім нәтижесінде, 32 адам, 6 отбасы көшті. Биыл Успен ауданы бойынша 40-тан астам бос жұмыс орны бар. Білім беру саласында – 22, медицина саласында – 4, ауыл шаруашылығына – 10.

Қазақтың ұлан-ғайыр даласы бос қалмасын! Мақаланы осылай ұрандатып бастауымыздың өз себебі бар. Соңғы жылдары солтүстік өңірлерде тұтас ауылдар жойылып, жер иесіз қалуда. Статистиканы сөйлетер болсақ, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысының 38 ауылы санаттан шығарылған екен. Енді осы қарқынмен жалғаса берсе 118 ауылдың болашағы бұлыңғыр. Ал, соңғы жылдары оңтүстік өңірлерде демографиялық көрсеткіш жоғары. Халық санының көптігі әлеуметтік өткір мәселелерге алып келуде. Яғни, тұрғын үй салатын жер кезегінің жылжымауы, жайылымды жерлердің азаюы және т.б алдымыздан шықты. Енді не істемек керек? Әрине, солтүстікті иегеру керек. Үкімет осы бағытта «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, қоныс аударған азаматтарға әлеуметтік жеңілдіктер қарастыруда. 

2021-2025 жылдары оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың жәрдемақысы екі есеге өседі. Ең бастысы, қоныс аударушыларды жұмыспен қамтуға, жаңа жерге бейімдеуге жағдай жасау үшін көшуге берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін 35 АЕК-тен (102 095 теңгеден) 70 АЕК-ке (204 190 теңгеге) дейін көбейту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында қоныс аударушылардың еңбекақысының бір бөлігін субсидиялау, оқыту шығындарын өтеуге қатысты шаралар қабылданады. Қоныс аударушылардың жалақысының 35 пайыз бір жылға дейін субсидиялау көзделуде.

Айта өтейік, бос жұмыс орындары туралы мәлімет алу, қоныс аударуға өтінім беру және қабылданған шешімдермен танысу электронды еңбек биржасы арқылы жүзеге асады. 2021-2025 жылдар аралығында өңірге 10 мыңнан астам жұмыс күшін көшіру, жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін азайту көзделіп отыр. Бұл туралы аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Әбілхайыр Бегманов түсіндірді.

«Жаңақорған ауданыннан жыл сайын көшу көрсеткіші өсіп келеді. Биыл да көптеген отбасыға тұрақты жұмыс тауып, үйлі-жайлы болуына күш саламыз», – деді.

Жаңақорғанға солтүстік өңірлерден жобамен 1236 маманға ұсыныс бар. Бірақ, бірде-бір жерлесіміз солтүстікке көшуге ниет танытпай отыр. Неге? Алты айды артқа салсақ та, солтүстікке көшуге ниеттілер неге жоқ? Мұның себебін аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Әбілхайыр Бегманов:

«Ниетті азаматтар жоқ емес. Жұмыссыздық тізіміндегі көптеген мамандардың солтүстік өңірлердің ұсынып отырған мамандығына сәйкес келе бермейді. Бірлі-жарымы ғана сәйкес келгенімен орыс тілін білмеуі басты кедергі. Осы кедергілерді жою үшін тіл меңгеруге мүмкіндік беру де керек секілді», – деді.

Расында, қос тілді меңгерген мамандар болса құба-құп. Мұны біздің ауданға арнайы іс-сапармен келген Успен ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медет Тауасқан да жасырмады.

Успен ауданына биыл жоспар бойынша 210 адам, 54 отбасы көшіп келеді деп жоспарлануда. Ресми мәліметтерге жүгінсек, 1-ші маусымға дейін 84 адам 17 отбасы қоныстанған. Екінші жарты жылдықта Кызылорда облысынан биыл 45 адам, 11 отбасын көшіру жоспарлануда.

Осы секілді Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданы, оңтүстік облыстарынан ниет білдірген азаматтарды қабылдауға дайын. Бұл ауданда қазақтар саны басқа ауданға қарағанда басымдырақ болған соң, қазақ тілде оқытылатын мектептер, мемлекеттік тілде қызмет көрсететін орталықтар басым. Бізге ұсынып отырған мамандықтардың көбі ауылшаруашылығына қажетті мамандар екен. Яғни ұсыныс көп. Бірақ, өтініш білдірушілер тым аз. Әлеуметтанушылар оның себебін әлеуметтік пакеттердің тиімділігін әлі арттыру керектігімен байланыстырады.

Неге десеңіз, оңтүстіктің жылымық ауа-райына бейімделген азаматтар қысы алты айға созылатын аймаққа жерсінуі қиын. Сондықтан жылы жақтан барған азаматтарды буын аурулары жиі мазалайды. Көш бағдарламасының әлеуметтік пакеттеріне денсаулығына қосымша сыйақы төлеуді қарастырған дұрыс. Бастысы, онда көшіп барушылардың жалақысы мен жәрдемақы көлемін арттыру маңызды. Бүгінде Қандөз, Көктөбе, Қаратөбе ауылдық округінің жастары Ресейде жұмыс істейді. Бірнешеуі емес. Тіпті ауыл жастары тұтастай көрші елге көшіп кеткендей әсер қалдырады. Олар сырт елде неге жұмыс істейді? Себебі біреу ғана – жалақы жоғары. Онда теңгеге айналдырғанда 500-700 мыңға дейін табыс табады. Егер Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысында сондай көлемде жалақы төленсе, жастар тұрақтап, өз елінде қызмет етер еді.

Бұдан аңғаратынымыз, көш-қон бағдарламасында біздің азаматтарды нақты қызық-тыратын ұсыныс аз.Екінші жағы, солтүстікке көшіп барған отбасылар бірнеше жылдан кейін қайта көшіп келуде. Оларды сөзге тартқанымызда, әлеуметтік жағдайы толық шешілмегенін алға тартады. Оның үстіне, ұрпағы орыс тілді ортаға сіңіп кетуден үрейленетінін жасырмады. Демек, көш бағдарламасына әулетімен немесе ауылдастарды қатар көшіруді ойластыру керек. Қалай болғанда да, солтүстіктегі шұрайлы жерлерді игеріп, елдігімізді, тұтастығымызды сақтау маңызды. Мұның астарында үлкен идеологиялық мән жатыр.

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысына қатысып, солтүстік өңірлерді жастар үшін мейлінше тартымды аймаққа айналдыру қажеттілігін айтты. Тіпті оңтүстіктен солтүстікке бағыт алған отбасыларға жәрдемақы белгілеудің ретін қарастыруды ұсынды.

Президенттің ішкі миграция мәселесіне алаңдауына негіз бар. Біріншіден социолог мамандар солтүстіктегі аза¬маттар Ресейге көптеп қоныс аударып жатқандықтан, өндірісті аймақта халық саны едәуір азайып, жұмыс күшіне сұраныс артқанын алға тартады. Екінші жағынан, оңтүстікте халық саны артып, жұмыссыздар үлесі көбейіп келеді. Алдын ала болжам бойынша, 2040-2050 жылдарға қарай солтүстіктегі халық саны 1 миллионға дейін азайса, ал оңтүстік тұрғындарының саны күрт өсуі ықтимал. Осы тұста, мемлекет қабылдаған бағдарламаның маңызы түсінікті болар.

Айта кететіні, оңтүстік пен солтүстік өңірдің әлеуметтік-эканомикалық деңгейі екі түрлі. Яғни солтістікте халық аз болғанымен, жұмыс орындары жетерлік. Әсіресе ірі-ірі өндіріс орындарында техникалық мамандар қажет. Содан болар ел арасында жұмыссыз жүргендерге, «Неге солтүстікке көшіп бармайсың? Үй аласын, жұмыс табасын. Сөйтіп жағдайың оңалады» деп айтып жатады. Расымен солтүстік өңірлер қазақтың құйқалы жері. Онда қоныс аударғандардың әлеуметтік жағдайы қалыпты. Оны сонда көшкен жерлестен білдік. Сондай отбасының бірі – Сүттіқұдық ауылының тумасы, бүгінде Риддер қаласының тұрғыны Шолпан Ақжолова (аты-жөні өзінің сұрауы бойынша өзгертілді).

«2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласына көштік. Әне-міне дегенше алты жыл өтіпті. Туған жерден, ағайын-туыстан кімнің алыстап кеткісі келеді дейсіз? Жұмыстың жоқтығы жанға батты. Содан Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, осы бағдарлама жайында білдік. Дереу сауалнама толтырып, өтініш қалдырдық. Көп ұзамай кері байланысқа шығып, мән-жайды түсіндірді. Бізде еш кідірместен көшуді ұйғардық. Барған кезде жергілікті билік өкілдері өздері күтіп алып, арнайы тұрғын үйге орналастырды. Бізді мұнда жақсы қабылдады. Бір байқағаным, мұнда жұмыс орны өте көп, таңдау мүмкіндігі де жоғары. Одан бөлек жеке кәсіпкерлерге кеңінен жол ашық. Мемлекеттік бағдарлама аясында несие алу да оңай. Өзім көпбалалы анамын. Бұл жақта көпбалалы отбасыларға ерекше сый-құрмет көрсетіледі. Әлеуметтік тө-лем¬дердің біршамасына жеңілдіктер қарастырылған және мерекелерде сый-сыйапаттарын жасап тұрады. Тек туған жерге деген сағыныш көкіректі кернейтіні болмаса, басқасына көңіліміз тоқ», – дейді шығысты тұрақ еткен жерлесіміз.

Жерлесімізбен әңгіме барысында біраз ой түйдік. Бізде бір мамандыққа бірнеше адам таласса, онда бір адамға бірнеше мамандық ұсынылады екен. Бір қуантарлығы, шағын ғана қалада үш бірдей тұрғын үйге оңтүстіктен келген ағайындар қоныстанып үлгеріпті. Яғни 120 отбасы көшіп барып, екі қолға бір күрек тауып, еңбек етуде. Олай болса, жұмыс таппай, ата-анасының зейнетақысына күнелтіп жүрген азаматтарға солтүстікке көш түзе деген ұсыныс білдіреміз.

Тағы да оқыңыз: