Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде ерлік пен елдiктiң салтанатты ic-шарасы өтті.
Биыл Жеңіс туының желбірегеніне 78 жыл толып отыр. Осы бір сұрапыл соғыста қаншама боздақ майдан даласында қалды. Аталған шара соғыстан оралмаған жауынгерлерге тағзым етіліп, Отан үшін от кешкен ардагерлерді еске алып, жас жеткіншектерге ерлікті дәріптейтін тағылымды сипатта өтті.
«Сұрапыл жылдарда елге адал қызмет етудiң үлгiciн көрсеткен аталарымыз бен әжелеріміздiң еңбегі қашанда ел есінде. Аға буынның ардақты iciн кейінгi буын абыроймен жалғастырады деген нық сенім бар. Осы тұрғыда Жеңicтiң қадip-қасиеті күннен-күнге артып, құны тереңдей түспек», дедi аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов.
Сондай-ақ, аудан басшысы әскери салада еңбек етіп жүрген бірқатар сала қызметкерлерiн марапаттады.
1418 күн, 34 сағатқа созылған қан майданның қасіретін ұмыту мүмкін емес. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батырларды дәріптеу де, Отан қорғаушыларға да құрметiмiз жалғаса бермек. Шарада өнерпаздар түрлі қойылымдар қойып, әннен шашу шашты.
Ел мен ердің тарихи жеңісі
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына Қызылорда облысы Жаңақорған ауданынан 5000-ға жуық жауынгер аттанып, оның 2200-ге жуығы елге қайтып оралмаған. Жаңақорғандық жауынгерлер майдандастарымен бірге Мәскеуді қорғап, Сталинград пен Курск шайқастарында, Украина мен Белорус майдандарында, партизан жорықтарында болды. Еуропа елдерін неміс басқыншыларынан азат етіп, Берлинге дейін барды. Ауданымыздың екі азаматына Әнуар Әбутәліпов пен Александр Романовқа ерен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Аудан еңбекшілері майдан даласында да, тылда да ерен ерліктер жасады. Осы орайда Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» және «9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні» мерекелерінің құрметіне орай ұйымдастырылған «Отан алдындағы борыш» атты аудандық мәдени шарада Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі «Ел мен ердің тарихи жеңісі» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды.Көрмені аудан әкімі М.Тілеуімбетов, ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, аудан жұртшылығы тамашалады.
Аталмыш көрмеге 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына елден аттанған ардагерлердің куәліктері, суреттері, соғыста киген киімдері, тұтынған заттары жинақталып, қойылды. Сондай-ақ,сұрапыл соғыс жылдарында майдан алаңындағы жауынгерлер мен шалғайда қалған туған-туыстың арасын жалғаған үшбума хаттар да көрермен назарына ұсынылды. Майдан даласынан жазылған үшбума хаттар коллекциясында барлығы 64 дана хат жинақталған.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді
Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандары халық көп шоғырланатын орындарда «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен жастарға арналған 2,5 процент жеңілдетілген несие бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды.

