Kyzylorda-news.kz.  Жаңақорған ауданының «Бірлік» және «Қыраш» елді мекендеріне газ құбырын қосу рәсімі өтті. Алдағы уақытта тағы да 5 ауылға «көгілдір отын» кіргізілмек.

Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деген болатын. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Өткен жылы 14 газдандыру жобасын жүзеге асыруға 8,7 млрд.теңге бөлініп, игерілді. Нәтижесінде 6 ауылды газға қостық. Осылайша өңірдің газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Бұл – 26 елді мекен, 583 мыңға жуық тұрғын табиғи газбен қамтылды деген сөз. Биылға республикалық бюджеттен 7,4 млрд. теңге бөлініп, 2022 жылы басталған 7 жоба жалғасты және 12 жаңа жобаның құрылысы басталады. Оның ішінде, Жаңақорған ауданынының «Жайылма», «Шалқия», «Құттықожа», «Төменарық», «Кейден» ауылдарына «көгілдір отын» кіргізу жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, өткен жылы құны 3,4 млрд. теңгені құрайтын Жаңақорған кентіндегі 10/0,4 кВ электржелілік жүйені жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Соның арқасында кенттегі 70 шақырымға жуық электр желісі жаңарып, қосымша жаңадан 23 трансформатор орнатылады», – деді аймақ басшысы.

Ауыл тұрғындарын қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов құттықтады, «Ақүйік» ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәулебек Бейсенбаев алғыс білдіріп, бата берді. Айта кетейік, «Ақүйік» ауылдық округіндегі «Бірлік» ауылына газ құбырын «Gas Energy Construction» ЖШС жүргізді. Жоба республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылды, оны іске асыру нәтижесінде 440 тұрғын үй мен 5 әлеуметтік нысан газдандырылды. Мұнан әрі облыс әкімі «Қыраш» ауылын газға қосу рәсіміне қатысты. Бұл елді мекенде 124 тұрғын үй мен 6 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» қосылды.

Салтанатты іс-шарада аймақ басшысы ауыл тұрғындарын құттықтады. Қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев сөз сөйлеп, ауылдық округтің қоғамдық кеңес төрағасы Сұлтанхан Ақылбеков бата берді. Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы «Қыраш» ауылының имамы Әбдімәлік Шахановтың үйіне барып, газ тұтынған тұрғындардың қуанышына куә болды.

Еске салсақ, биыл Мемлекет басшысының қолдауымен ауылдық жерлерде әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүруде. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда облыста 15 100 орынға арналған құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Оның 2-уі Жаңақорған ауданы орталығынан салынады.

Жалпы егемендік алған жылдан бері ауданның әлеуметтік саласында үлкен серпіліс қалыптасты. Әлеуметтік нысандардан бөлек, ауданның инфрақұрылым жүйесі жаңғырып, жаңа бастамалар жүзеге аса бастады. Соның негізгісі – газдандыру. Бұл да біздің аудан үшін тәуелсіздіктің тағы бір тамаша тартуы. Ғасырдың ғаламат жобасына баланған көгілдір отынның келуі үлкен жетістіктің жарқын жемісі. 2015 жылы газдың алғашқы жылуын жаңақорғандықтар сезінсе, енді міне араға 8 жыл салып, ауылдардағы ағайын игілігін көре бастады.

 Газдандыру жұмысы әлеуметтік тұрмыс-тіршілікті жеңілдетті. Қазір қай үйге бас сұқсаңыз да газ, су, бәрі үйдің ішінде. Бұрынғыдай шелектеп су тасып күйелеш-күйелеш болып көмір жағып жүргендер сирек. Газдандыру жұмысы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан тарту арқылы жүргізді. Жалпы, Жаңақорған кентін газдандыру құрылысына 3 млрд. 48 млн. 465 мың теңге қарастырылды. Кенттегі 5300 үйді газдандыру үшін ұзындығы 283 шақырымға құбыр қазылды. Сондай-ақ, кентішілік екі дана газ тарату пункті мен 27 шкафтік газ тарату пункті орнатылды.

Жаңақорған кентінің тұрғындары газ келгенде сенбеген еді, бірақ кейіннен бөркін аспанға лақтырды. Аудан орталығынан басқа да елді мекендердегі халықтың өмір мен тұрмыс жағдайын, сондай-ақ, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға және газдандыру саясатын жүргізу мақсатында жобалар әзірленді. Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовтың бастамасымен биыл Қыраш пен Бірлік ауылына газ қосылатын болады. Толықтай құрылыс жұмысы аяқталып қалды, бірер күнде ауыл тұрғындары газдың игілігін көреді.

– Әрине, қуаныштымыз. Бұл үлкен жаңалық болды, ауылдар арасынан бірінші болып газ тұтынамыз деп еш ойламаппыз. Бүгінгі өркениет пен ілгерілеу заманы осыны талап етуде. Осы үдерістен шығып, ел игілігі жолында жұмылып жүрген аудан басшысы бастаған азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді Батырхан ақсақал.

Жалпы, табиғи газ – ең экологиялық таза отын түрі. Оған тек экономиканың дамуы ғана емес, еліміздің тұрғындарының тұрмыстіршілігі, өмір сүру сапасы, жайлылық деңгейі де тәуелді. Осы тұрғыда газбен жабдықтау желісін кеңейту елеулі әлеуметтік және экономикалық маңызға ие, сондайақ, газдандырылған елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артады.

Жаңақорған кентінің тұрғындарының көгілдір отынның игілігін көріп отырғанына жетінші жыл. Енді Ақүйік пен Қыраш ауылдық округінің тұрғындары да отын шауып, көмір түсіріп, күл шығару машақатынан құтылды. Келер жылы бұйырса Шалқия, Құттықожа, Жайылма, Кейден және Төменарық елді мекеніне газдандыру үшін 3,5 млрд теңге қаржы бөлініп тұр.

– Біз келер жылы Шиеліден Төменарыққа газ құбырын тартамыз. Оның қаржысы қомақты, сондықтан сапалы жұмысты жүйелейміз. Сол арқылы жол бойындағы Екпінді, Еңбек, Сунақата, Сүттіқұдық және Қожамберді ауылдары да газға қосылуға мүмкіндік алады. Содан кейін, Қыркеңсе, Жаңарық, М.Нәлібаев және Өзгент ауылына бет бұрамыз. Айналып келгенде 2-3 жылдың ішінде Төменарық аймағын толықтай, тау беткейі мен Сырдың бойын бойлаған ауылдардың тең жартысын газдандырамыз. Егер мүмкіндік болып жатса, қалған ауылдарға да газ мәселесін шешуге тырысамыз. Ол уақыттың еншісінде, – деді аудан әкімі.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Биыл дәрігерлік амбулаторияның құрылысы «Қаратөбе» ауылында, келесі жылы «Талап», Әбдіғаппар ауылдарында басталады. Ал, 2025 жылға қарай Жаңақорған ауданаралық ауруханасын «көпбейінді аурухана» деңгейіне жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек, «Жайылма», «Өзгент» ауылдарында 150 орындық клуб, «Ақжол» ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Нысандар биыл шілде айында пайдалануға берілмек.

Тағы да оқыңыз: