Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында тіркелген көлік саны – 14802. Оның ішінде нақты салық төлеуші саны – 10571. Бұл тіркелген көлік саны, ал ауада жүрген, яғни, еш жерде тіркелмеген, тіпті сақтандандырылмаған қаншама техника бар. Олардың көбі шет елдік нөмірлі көліктер. Осы көліктер төңірегіндегі дау шешілгенімен, мәселе әлі де жетерлік. Десе де, бұдан былай заңды белден басып жүргендерге жаза қатаңдатылды.
Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүрген қырғыз, армян, ресейлік көліктердің тіркелуі туралы бірқатар тапсырмалар берді. Бұл бағыт бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру туралы шешім қабылданды. Жақында ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев 23 қаңтардан бастап қазақстандықтар көліктерін заңдастыруын бастайды деген болатын. Біз оған қанша қаржы кететінін, қандай құжат керектігін зерделеп көрген едік.
Көлік құралын тіркеу үшін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 200 мың теңге көлемінде бір реттік төлем жасалады. Заңдастырылған автокөлік иелері утиль алымнан босатылады. Сондай-ақ техпаспорт алу үшін 4 313 теңге мемлекеттік баж төлейді. Көлік иесі мемлекеттік нөмір үшін 9 660 теңге мөлшерінде алым төлейді. Барлық құжат тексеріліп, төлем жасалғаннан кейін автомобиль иесіне ҚР тіркеу құжаты мен мемлекеттік нөмірі беріледі. Айта кету керек, шетелдік есепке алынған автокөліктерді заңдастыру – бұл бір реттік акция. Заңдастыру туралы шешім екі күн ішінде қабылданады. Екі күн ішінде полиция автокөліктің заң талаптарына сәйкестігін тексереді. Егер базада автокөлікті әкелу туралы мәліметтер болмаса, күні сақтандыру полисін ең бірінші рәсімдеу күні бойынша айқындалатын болады. Сондай-ақ, автокөлік Интерпол, ЕАЭО және тағы басқа базалары бойынша тексеріледі. Егер автокөлік тексеруден өтсе, өтініш берушінің телефонына оң нәтиже туралы хабарлама келеді.
Жалпы көлікті заңдастыру үшін алдымен арнайы бекітілген форма бойынша өтініш, өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат, транспорт құралының паспорты немесе құралын тіркеу туралы куә¬лік, транспорт құралына меншік құқығын растайтын құжаттарды өзімен бірге алып баруы шарт. Бұл құжаттар қабылданғаннан кейін көлік тексеруге жіберіледі. Тексеру нәтижесі арнайы базаға тіркеледі. Көлікті заңдастыру туралы өтінім екі жұмыс күні ішінде қарастырылады. Шешім шығарылғаннан кейін өтінім қабылданады немесе заңдастырылудан бас тартылады. Көлік иесін хабардар етуі үшін оның ұялы телефонына ХҚКО тарапынан 1414 нөмірі арқылы хат жіберіледі. Хабарлама мәтінінде қабылданған шешім, транспорт құралының бірегей нөмірі, моделі мен маркасы көрсетіледі.
Көрсетілген ережелерде автокөліктерді заңдастырудың нақты критерийлері белгіленген. Біріншісі – автокөлік елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінуі тиіс, екіншісі – іздеуде болмауы, үшіншісі – басқа мемлекетте есептен шығарылуы, төртіншісі – кедендік тазартудан өтуі керек. Ережелер 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін қолданылады. Ережелер салмағы 5 тоннаға дейінгі автокөліктерге, 3,5 тоннаға дейінгі шағын жүк автокөліктеріне, оның ішінде басқару органдары оң жақта орналасқан автокөліктерге қатысты.
Біздің елде нақтыжүрген шетелдік автокөліктердің нақты саны туралы деректер белгісіз. Сонымен қатар 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін шетелдік автокөліктерге 300 мыңнан астам автосақтандыру полисі ресімделгені анықталған. Автосақтандырулардың басым көпшілігі Ресейден келген автокөліктерге берілген, олар шамамен 260 мыңға жуық, Қырғызстаннан келген автокөліктер саны – 25,5 мың болса, Армения көліктері – 18 мың. Айта кетейік өткен жылы шетелдік тіркеуі бар көлікті жүргізушілердің кінәсінен 1800-ге жуық жол апаты орын алып, 500-ге жуық адам көз жұмған. Сондай-ақ жол қозғалысын 700 мыңнан астам рет бұзған.
Біздің ауданда соңғы жылдары көлік саны бірнеше есеге артты. Оның бір ғана дәлелі – аудан басшылары халықпен кез¬десу кезіңде елді мекен көшелерін орташа жөндеу мәселесі өткір айтыла бастады. Республикалық, облыстық, аудандық бюджет есебінен 63 шақырым құрайтын 61 автомобиль жолы орташа жөндеуден өтуге бас¬тамашыл болды. Аудан қазынасынан 42 көшені (36 шақырым) асфальттауға қаржы бағыттады. Неге? Себебі, көлік саны көбейіп келеді. Енді олардың инфрақұлымын жетілдіру маңызды...
Аудандық Мемлекеттік кірістер бас¬қармасында бүгінгі таңда 15 638 көлік тіркеуде тұр. 2019 жылы «Жол апаты жиіледі» деген мақала жазғанымызда: «Ел бойынша 12 314 көлік болса, оның 9 113-і жеңіл автокөлік. Оған Ресей, Армения және Қырғызстаннан келген 500-ден аса көлікті қосыңыз» деген дерек беріппіз. Енді қарапайым арифметикаға салып, екі-үш жылда көлік саны екі есеге артқанын көруге болады.
Бізде бір жаңсақ пікір бар, жол ережесін көбіне ресейлік көліктер бұзады деген. Аудандық полиция бөлімі жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтау мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Жүргізушілерге құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, айыппұлдар төленген соң, көліктері айып алаңынан шығарылады. Рейдтік шаралар жүргізу кезінде тек ресейлік тіркеудегі көліктер ғана емес, барлық автокөлік иелерінің жол ережесін (оның ішінде қауіпсіздік белдігін тақпау, автокөлік жарығы жоқ) бұзу әрекеттері тіркелген.
Жалпы алғанда, ешкімнің атында жоқ көліктерді басқаруға тыйым салынған талап Жол жүрісі туралы Заңының 63-бабында көрсетілген. Яғни елге әкелінген автотехникалық құралдар міндетті мемлекеттік тіркеуге алынуы тиіс, ал халықаралық қозғалысқа қатысты мемлекеттердің құзырлы органдарында тіркелген көліктерге 1 жыл көлемінде жүруге рұқсат етілген. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экспорттық бақылау басқармасының басшысы Қайырбек Дүрменбаевтың айтуынша, мемлекеттік көліктерді алғаш тіркеу құны 729 теңге, 2 жылдан 3 жыл аралығындағы көліктер үшін 145 850 теңге, 3 жылдан жоғары жеңіл көліктерді тіркеу 1 458 500 теңге.
Көлік нарығында тұрғындардың талабымен талғамынан туған міндеттерді саралай келе шектеу шараларының мән-маңызын ашуға мән бердік. Біздің бір білеріміз, халықтың көлікті тұтынушылық талабы өсе береді. Енді отандық көлік құрастырушылар халықтың күнкөріс деңгейіне жететіндей автокөліктерді шығаруды ойластыратын кезі келді. Ең болмағанда, Өзбекстанның тәжірибесіне сүйену керек секілді. Өйткені, елдегі көлік салондарында ең көп сатылған өзбекстандық көліктер екен.
