Kyzylorda-news.kz. 21 ғасыр ғылым мен білімнің, жаңа технологиялардың, оның ішінде робототехниканың қарышты дамыған заманы. Қазірде бұл бағыт әлем экономикасы мен әлеуметін ілгерілетуші салаға айналған. Себебі барлық салада жаңаша көзқарас қалыптасып, тиімді технология қолданысқа енуде. Сондықтан да бүгінде IT саласы мамандарына сұраныс өте жоғары. Болашақта да бұл сала мамандарына сұраныс артпаса, кемімесі анық. Өйткені жаңа технологияларға қажеттілік туындаған сайын, оны оны басқаруда білікті мамандарды қажет ететін болады. Осы бағытта елімізде жаңа технологияларды игеруде жаңашыл жас буындарды дайындау үшін біраз жұмыстар атқарылуда. Соның бірі Жаңақорған аудандық оқушылар орталығында Дастан Қадыров жетекшілік ететін робототехника үйірмесі.
IT технопаркі орталығында 2017 жылдан бастап робототехника үйірмесі ретінде жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда үйірме заманауи жабдықтармен толықтай жабдықталған. Робототехника кабинетіне LEGO mindstorms EV 3 жинақтары қойылған. Оның ішіндегі бөлшектер мен майда детальдары түгел бар. Бұл құрылғылар балалардың ойлау қабілетін, қолдын моторикасын дамытады екен.
Жалпы, IT технопаркінде 3 үйірме жұмыс істейді. Олар Smartlab, 3D әлемі, робототехника. Smartlab үйірмесінде балалар IT программалық тілдерді үйренсе, 3D әлемі 3 өлшемді сызба сызады. Жасаған сызба жұмыстарын 3D принтерімен шығарады.
Дастан Қадыровтың айтуынша, күн өткен сайын балалардың қызығушылығы осы салаға артып келеді екен. Бүгінде тек аудан орталығында емес, ауылдағы мектептерде де робототехника үйірмелері ашылуда. Бұрын қаланың білім ордаларында мұндай сабақтар жүргізілсе, енді ауыл балалары инновациялық игіліктерді меңгеруіне мүмкіндігі мол көрінеді. Қазіргі таңда аудан орталығындағы мектептерден робототехника үйірмесіне 36 оқушы келіп дәріс алады.
«Техника құрастыру оңай емес. Оған уақыт, білім, күш-жігер қажет. Робототехника үйірмесінен қатысушылар математика, информатика, физика, ағылшын геометрия, пәніндегі формулалармен жан-жақты зерделі жұмыс істейді. Мәселен, олар математика пәнінен бір формула үйренсе, үйірмеде сол формуланы пайдаланып тәжірибе жүзінде шындайды. Физикалық күш арқылы роботты, оның қимылын жасайды. Программалары көбіне ағылшын тілінде. Робот жасау арқылы балалардың ойлау қабілеті дамиды, теориялық ілімді тәжірибе жүзінде жүзеге асырады. Оқушылар 3 топқа бөлініп әр топта 12 оқушыдан болады. Олар роботты құрастыруды және бағдарламалау негіздерін үйренеді. Үйірмеге жас ерекшеліктеріне қарай 9 жастан жоғары жеткіншектерді, ал кейде ынтасы жақсы оқушыларды да қабылдаймыз. Мұнда олар роботтардың жеңілінен бастап күрделісіне дейін жасап шығады, – дейді үйірме жетекшісі.
Үйірме тәрбиленушілері түрлі деңгейде робототехника бойынша облыстық, республикалық жарыстарда көзге түсіп, жүлделі орындарды алып жүр. Әр бала өз қиялындағы еркін тақырыпта роботын қағазға түсіріп, оның бөлшектерін құрап, әрі бағдарламасын әзірлеуге толықтай бейімделген. Сондай-ақ, оқушылар тек құрастырып қана қоймай, компьютермен бағдарлама жазуды да меңгерген.
Оқушылардың осы салаға қызығушылығын арттыруда түрлі аудандық, облыстық, республикалық жарыс түрлері ұйымдастырылып отырады екен. Мысалы, аудандық іріктеуден облыстық жарысқа жолдама алған «Дарын» облыстық қосымша білім білім беру орталығының 5-11 сынып оқушылары арасында «Robo FestORDA» облыстық фестивалінен робо арқан тартыстан 4 команда қатысып жүлделі орындар алған. Заңғар мектебінің 4 сынып оқушылары Арнат Әбдірасіл, Нұрәлем Әнуарбек, №169 мектеп оқушысы Жарқын Сайпиров қатысып, 1 орынды қанжығасына байлаған. Қыз қуу сайысы бойынша №125 мектептің 9 сынып оқушысы Заңғар Әлиасқар 2 орыннан көрінді. Ернар Ильяс, Нұрмұхаммед Ерланұлы, Азамат Әбламитов, Мұхамедәлі Ырыскелді жеңіс тұғырынан көрініпті.
Бір қуантарлығы, үйірме жаңа технологияларды игеріп қана қоймай, сол жаңашылдықты қазақтың ой-танымына ұштастырып, бала бойына сіңіруді мақсат етіпті. Мәселен, Robo Fest-ORDA» облыстық фестивалі қазақтың ұлттық ойындарын қазіргі заманауи технологииялармен ұштастырып, ұйымдастырылады екен. Қазақы нақыштағы робо арқан тартыс мұнда құрастыру жағынан баланы дамытса, ал қыз қууда робот жігіт робот қызды ережесіне сай күрделі жолмен қуып жету керек. Сондай-ақ, ақсүйекті өзінің арнайы алаңында роботтар іздеп жүріп табуы керек, тапқан робот жеңіске жетеді. Асық ату шеңбердің ішіне асықтар тізбектеліп қойылады. Роботтар белгілі қашықтықтан асықтарға тигізуі керек, сөйтіп тигізген әр асыққа ұпай беріледі. Міне, әртүрлі дәстүрлі ойындар арқылы, жаңа технологияны меңгеру тәсілін үйірме жолға қойып, сол бойынша жетістіктерге де жетіпті.
Жалпы, жаңа технологиялар, оның ішінде робототехника саласын меңгеру баланың ойлау қабілетін жақсартып, өмірге деген қадамына сенімділік білдіреді. Өйткені, бұл салада әлі де ашылмаған жаңалықтар жетерлік. Ал осындай қызығушылықтың нәтижесінде жас буынмен бірге еліміздің робототехника саласы да алға басары сөзсіз.

