Kyzylorda-news.kz Бүгінгі таңда Жаңақоған ауданының әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда біршама жұмыстар атқарылып келеді. Осы орайда Жаңақорған аудандық мәслихатының жетінші шақырылымында бас қосқан депутаттар кезектен тыс ХХVIII сессияда күн тәртібіне жеті мәселені бекітіп, талқыға салды. Сессияға аудан әкімінің орынбасары Бекболат Шәріпбеков, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жаңақорған аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Жарқынбекұлының төрағалығымен өткен кезектен тыс сессия барысы мәслихат депутаты, аудандық жұмыспен қамту бөлімі басшысының орынбасары Мәжит Балқожаевты құрметті зейнет жасына шығуымен құттықтаудан басталды. Хатшы өз кезегінде барша депутаттар атынан шынайы ықыласын білдіріп, иығына шапан жапты. Құрметті демалысқа шыққан қуанышты күнімен құттықтаған әріптестері Мәжит Байқожаевты еткен еңбегі мен төккен теріңінің аз еместігін, алдағы уақытта сол еңбектің зейнетін көріп, еңбек демалысының әр күні шалқыған шаттыққа толы болуын тіледі.
Күн тәртібіне енген бірінші мәселе «2022-2024 жылға арналған аудандық бюджет туралы» 2021 жылғы 27 желтоқсандағы №148 Жаңақорған ауданы мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу» туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Семсер Әсенов хабарлама жасады.
«Биылғы жылдың 14 қарашасында облыстық мәслихаттың кезектен тыс 21 сессиясында облыстық мәслихат депутаты Жангелді Ысқақ Жаңақорған ауданы орталығындағы «Саяжай-1» учаскесіндегі 300 гектар аумаққа инженерлік-инфрақұрылымдық желілер орнату және музей мәселесі бойынша сауалдары мен ұсыныс-пікірлерін басқарма басшыларына жеткізіп, оған қаражат бөлуін сұраған болатын. Осы ұсыныстың бірі қолдау тауып, «Саяжай-1» учаскесінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес ауданы 300 гектар аумақта инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізуге 21 878,2 мың теңге қаржы бөлінді», – деді ол.
Сондай-ақ, Жаңақорған ауданы жер комиссиясының дербес құрамын және комиссия туралы ережені бекіту туралы Әбілғазы Төлегенов баяндама оқыса, «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидаларын бекіту туралы» 2020 жылғы 2 қазандағы №495 Жаңақорған ауданы мәслихатының шешіміне өзгеріс енгізу туралы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Аягөз Нұржанқызы хабарлама жасады. Ал аудан бойынша 2022 жылға арналған кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшерін бекіту туралы аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев, Әбдіғаппар елді мекенінің даму сызбасына өзгеріс енгізу туралы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Орман Ахметов баяндама оқыса, аудандық мәслихат аппараты құқықтық жұмыстар бөлімшесінің басшысы Ербол Сүйіндіков «Жаңақорған ауданы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту және Жаңақорған ауданы мәслихаты шешімінің күші жойылды деп тану туралы хабарламасын көпшілікке таныстырды.
Сонымен қатар, сессия төрағасы Ғалымжан Жарқынбекұлы алдағы уақытта 2023-2025 жылдарға арналған аудан бюджетіне ұсынылатын жобаларды, аудандық мәслихат пен қоғамдық кеңес бірігіп талқылап, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Күн тәртібіне ұсынылған өзге де мәселелер бойынша хабарламалар тыңдалып, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныс пікірлерге хабарламашылар тарапынан тиісті жауаптар беріліп, шешім қабылданды. Барлық мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданғаннан кейін мәслихат хатшысы Ғалымжан Жарқынбекұлы сөз сөйлеп, жылдың аяқталуға жақын қалғанын негізге алып, басым бағыттар мен маңызды жоспарлар жөнінде пікір білдірді.

